"KazAID" қазақстандық халықаралық даму агенттігі" коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 861 қаулысы.

Қолданыстағы

      "Дамуға ресми көмек туралы" 2014 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 6-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "KazAID" қазақстандық халықаралық даму агенттігі" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – қоғам) құрылсын.

      2. Қоғам дамуға ресми көмек саласындағы оператор ретінде айқындасын, оның негізгі қызмет түрі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген дамуға ресми көмек көрсетуге жәрдемдесу болып табылады.

      3. Қоғамның жарғылық капиталы осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) теңгеріміндегі республикалық мүліктің акцияларын төлеуге беру есебінен қалыптастырылсын.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Министрлікпен бірлесіп Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) қоғам жарғысын бекітуді;

      2) мемлекеттік тіркеу үшін қоғамның атынан құжаттарға қол қоюға, қаржылық-шаруашылық қызметті жүзеге асыруға және қоғам органдары құрылғанға дейін үшінші тараптардың алдында оның мүддесін білдіруге уәкілетті тұлғаны сайлауды;

      3) қоғамды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;

      4) Министрлікке қоғам акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқықтарын беруді;

      5) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар бекітілсін.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 15 желтоқсандағы
№ 861 қаулысына
қосымша

"KazAID" қазақстандық халықаралық даму агенттігі" коммерциялық емес акционерлік қоғамының жарғылық капиталын төлеуге берілетін "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі" мемлекеттік мекемесінің теңгеріміндегі республикалық мүліктің тізбесі

Р/с № Мүліктің атауы Орналасқан жері Өлшем бірлігі Алаңы Кадастрлық нөмірі
1 2 3 4 5 6

1

Дипломатиялық өкілдіктер кеңсесі ғимараты
3-блогының
4-кіреберісі

Нұр-Сұлтан қ., Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 28

шаршы метр

941,3

21:320:072:509:28/А

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2020 жылғы 15 желтоқсандағы
  № 861 қаулысымен
  бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., №13, 124-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Нұр-Сұлтан қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-200-жолмен толықтырылсын:

      "21-200. "KazAID" қазақстандық халықаралық даму агенттігі" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 239-5-жолмен толықтырылсын:

      "239-5. "KazAID" қазақстандық халықаралық даму агенттігі" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".

      3. "Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1118 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 41, 530-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі туралы ережеде:

      16-тармақта:

      орталық аппараттың функциялары мынадай мазмұндағы 61-28), 61-29), 61-30), 61-31), 61-32), 61-33), 61-34), 61-35), 61-36) және 61-37) тармақшалармен толықтырсын:

      "61-28) Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында дамуға ресми көмек іс-шараларының жоспарын әзірлейді және бекітеді;

      61-29) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың дамуға ресми көмек саласындағы өзара іс-қимылының тәртібін бекітеді;

      61-30) Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы қызметін ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;

      61-31) дамуға ресми көмектің жобалық ұсынысының нысанын әзірлейді және бекітеді;

      61-32) мемлекеттік органдардың, оператордың және өзге де ұйымдардың дамуға ресми көмек саласындағы қызметін үйлестіреді;

      61-33) дамуға ресми көмекті есепке алуды және талдауды жүзеге асырады;

      61-34) халықаралық ұйымдарға дамуға ресми көмекке арналған ерікті жарналарды төлеу жоспарын бекітеді және оны іске асыруды жүзеге асырады;

      61-35) Қазақстан Республикасының Үкіметіне дамуға ресми көмектің іске асырылу барысы туралы жыл сайынғы есепті ұсынады;

      61-36) оператордың дамуға ресми көмек үшін бөлінген бюджет қаражатын пайдалану саласындағы қызметіне мониторингті жүзеге асырады;

      61-37) дамуға ресми көмек жобаларының іске асырылу тиімділігін бағалауды жүзеге асырады;";

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қарамағындағы ұйымдар тізбесі мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 5-жолмен толықтырылсын:

      "5. "KazAID" қазақстандық халықаралық даму агенттігі" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".