Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы № 821 қаулысы.

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Оқулық" республикалық ғылыми-практикалық орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны заңнамада белгіленген тәртіппен қайта құру жолымен "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің "Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – кәсіпорын) болып қайта ұйымдастырылсын.

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган;

      2) кәсіпорын қызметінің негізгі нысаны білім беру деңгейлері бойынша оқулықтарға, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарға сараптама жүргізуді ұйымдастыру болып айқындалсын.

      3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулының 1-тармағында көрсетілген кәсіпорынның жарғысын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне бекітуге енгізуді;

      2) кәсіпорынды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамында мемлекеттік тіркеуді;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      4. "Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлігінiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1111 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 40, 522-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі туралы ережеде:

      Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қарамағындағы ұйымдардың тiзбесiнде:

      реттік нөмірі 58-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "58. "Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.".

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин