Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 және "Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 907 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 668 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

      1) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат):

      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентінде:

      39-тармақ:

      6) тармақшадағы "(СІМ растаған ноталардың көшірмелері) қоса беріледі." деген сөздер "(СІМ растаған ноталардың көшірмелері);" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) және 8) тармақшалармен толықтырылсын:

      "7) халықаралық шарттар жобаларының Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттарына сәйкестігiн анықтауды қоса алғанда, оларға қол қоюдың, оларды ратификациялаудың, бекiтудің, қабылдаудың және оларға қосылудың орындылығының негіздемесі;

      8) халықаралық шарттарды жасасудың ықтимал саяси, құқықтық, қаржы-экономикалық және өзге де салдарын бағалау қоса беріледі.";

      45-тармақтың 1-1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-1) қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға, оның ішінде карантинге байланысты уақытша шектеу іс-шараларына қатысты қаулылардың жобалары, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің және Парламентінің қарауына енгізу туралы тиісінше Президент актілерінің жобалары мен заң жобалары – 1 (бір) жұмыс күні;"

      50-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "50-1. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, Президент Әкімшілігі басшылығының, Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының, Кеңсе Басшысының тапсырмалары бар жобаларды, сондай-ақ қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға, оның ішінде карантинге байланысты уақытша шектеу іс-шараларына қатысты жобаларды қоспағанда, Үкімет қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын Кеңсеге ағымдағы жылғы 10 желтоқсанға дейін енгізеді.";

      82-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Жоспардың жобасы:

      нормативтік құқықтық актінің деңгейін, нысанын және реттеу нысанасын көрсететін атауын;

      дайындау мерзімін;

      жобаны әзірлеуге жауапты органның және ұйымның атауын қамтуға тиіс.

      Бұл ретте Қазақстан Республикасының Бюджет кодексін іске асыру үшін әзірленетін заң жобаларын қоспағанда, заң жобасын Парламентке енгізу мерзімі оны Үкіметке енгізудің белгіленген мерзімінен екі айдан кем болмауға тиіс.";

      84-тармақтың бірінші, екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "84. Жоспарда көзделген заң жобаларын ұсыну мерзімін ауыстыру туралы, сондай-ақ заң жобаларын ағымдағы жылдың Жоспарынан алып тастау немесе оған қосымша заң жобаларын қосу туралы мәселелер Үкіметтің тиісті қаулыларын қабылдау жолымен шешіледі.

      Қабылданған Жоспарға заң жобаларын қосуға және Жоспарда көзделген заң жобаларын ұсыну мерзімдерін ауыстыруға:

      1) Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының не Президент Әкімшілігінің тапсырмалары;

      2) Үкімет басшылығының тапсырмалары негіз болып табылады.

      Қабылданған Жоспардан заң жобаларын алып тастауға:

      1) Мемлекет басшысының немесе Президенті Әкімшілігінің тапсырмалары;

      2) Үкіметі басшылығының тапсырмалары;

      3) алып тастау ұсынылатын заң жобасы бойынша Республикалық бюджет комиссиясының теріс қорытындысы;

      4) реттеудің бір нысаны бойынша бірнеше заң жобасын біріктіру негіз болып табылады.

      Мұндай қаулылардың жобалары заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның қолдаухаты бойынша Ведомствоаралық комиссияның отырысында алдын ала қаралады. Бұл ретте өтінішхатқа міндетті түрде Регламенттің осы тармағының бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген құжат қоса беріледі.

      Ведомствоаралық комиссияның оң қорытындысы болған кезде әзірлеуші тиісті жобаны осы Регламентте белгіленген тәртіппен Кеңсеге енгізеді, бұл ретте жобаға түсіндірме жазбада міндетті түрде осы мәселе бойынша Ведомствоаралық комиссияның негіздемесі мен шешімі көрсетіледі.";

      84-1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "84-1. Премьер-Министрдің немесе Кеңсенің атына Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарында көзделмеген заң жобасын әзірлеу туралы ұсыныспен жүгінген жағдайда, заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган алдын ала тиісті заң жобасының тұжырымдамасы мен заң жобасының алдын ала мәтінін әзірлейді және оларды Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қарау үшін Әділет министрлігіне ұсынады.";

      85-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "85. Ағымдағы жоспардың және заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарының орындалуын жалпы бақылауды Әділет министрлігі жүзеге асырады.

      Заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган басым заң жобаларын, сондай-ақ Президенттің тапсырмаларынан туындайтын заң жобаларын дайындау, заң жобаларының Үкіметте және Парламентте өтуі туралы ақпаратты, сондай-ақ Жоспардың орындалу барысы туралы есепті әр айдың 20-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде Әділет министрлігіне береді.

      Әділет министрлігі ай сайын Үкіметтің заң жобалау қызметінің барысын қорытады және есепті айдан кейінгі айдың 1-күніне қарай Кеңсеге ағымдағы Жоспардың орындалу барысы туралы есепті, басым заң жобалары мен Президент тапсырмасы бойынша әзірленетін заң жобалары жөніндегі, жоспарланған заң жобаларының мемлекеттік органдар мен Парламентте өтуі, сондай-ақ заң жобаларын әзірлеу мерзімінің ықтимал бұзылуы туралы ақпарат береді және заң жобаларын әзірлеу мерзімінің бұзылуына кінәлі лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізеді.

      Жоспарланған заң жобаларын әзірлеу мерзімі бұзылған кезде Кеңсе Әділет министрлігі ақпаратының негізінде Премьер-Министрге заң жобаларын әзірлеу мерзімінің бұзылуына кінәлі лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізе алады.

      Заң жобаларын Үкіметке және (немесе) Парламентке ұсынудың Жоспарда көзделген мерзімдерін ауыстырудың объективті себептері туындаған жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган Үкіметке және (немесе) Парламентке заң жобасын енгізу мерзімі басталардан бір ай бұрын заң жобаларын Үкіметке және (немесе) Парламентке енгізудің Жоспарда көзделген мерзімдерін ауыстыру себептерін баяндап, Премьер-Министрдің атына негіздеме-хат жолдайды.

      Заң жобаларын Үкіметке және (немесе) Парламентке ұсынудың Жоспарда көзделген мерзімдерін ауыстыру туралы қаулы Үкімет басшылығы шешім қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде қабылдануы тиіс.

      Бұл ретте, егер заң жобасын Үкіметке және (немесе) Парламентке ұсынудың Жоспарда көзделген мерзімдері заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның кінәсінан ауыстырылса, Премьер-Министрдің атына жолданатын негіздеме-хатқа уәкілетті мемлекеттік органдағы заң жобасын әзірлеуге жауапты құрылымдық бөлімшенің басшысына тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың және Жоспарда көрсетілген заң жобаларын әзірлеуге және енгізуге жауапты лауазымды адамға жаза қолдану туралы ұсыныстың көшірмелері міндетті түрде қоса беріледі.

      Заң жобалау жұмыстарының жоспарында көзделген заң жобаларын Үкіметке және (немесе) Парламентке ұсыну мерзімдерін ауыстыру туралы мәселеге қайтадан бастама жасалған кезде әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысының жауапкершілігі туралы мәселе қаралады.

      Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Үкімет қаулыларының жобаларын Кеңсенің жинақтауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі Үкіметтің Парламенттегі өкілдігімен келіседі.";

      87-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "87. Заң жобаларының сапасын, уақтылы әзірленуі мен ұсынылуын жалпы үйлестіруді және бақылауды заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жүзеге асырады.

      Заң жобаларының сапасы, уақтылы әзірленуі мен ұсынылуы үшін Жоспарда көрсетілген лауазымды адамдар және заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдардың бірінші басшылары дербес жауапты болады.";

      91-тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "91. Әзірлеуші мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және сараптамалық кеңестерге кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобаларының, оның ішінде аталған жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылғаны туралы хабарлама жібереді.";

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және сараптамалық кеңестердің сараптамалық қорытындылары ұсынымдық сипатта болады және заң жобалары қабылданғанға дейін оларға міндетті қосымшалар болып табылады.";

      99-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Президент Әкімшілігінің онымен келісілетін заң жобалары бойынша ескертулері толық ескерілмейтін жағдайда әзірлеуші мемлекеттік орган бұл туралы Премьер-Министрдің Кеңсесіне хабарлайды, соңғысы бұл туралы Президент Әкімшілігін хабардар етеді.

      Ағымдағы жоспарда көзделген заңдардың жобалары Парламент Мәжілісіне енгізілетін мерзімге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей олар Президент Әкімшілігіне енгізілуі тиіс.";

      104-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Парламент Мәжілісіне Үкімет енгізген заң жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтінінің теңтүпнұсқалы болмағаны үшін жауапкершілік заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысына жүктеледі.";

      108-1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Парламент палаталарындағы мәжілістерге қатысу барысында уәкілетті мемлекеттік органдарға кейіннен депутаттардың Үкімет бастама жасаған заң жобаларына түзетулер түрінде (заңдық техникаға қатысты түзетулерді қоспағанда) бастама жасауы үшін олардың қарауына жазбаша немесе ауызша нысанда:

      1) бұрын қаралған және жобаларды әзірлеу сатысында Үкіметте қолдау таппаған;

      2) Үкімет басшылығымен алдын ала келісілмеген және депутаттар қарайтын нақты заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес келмейтін түзетулер енгізуге рұқсат берілмеген;

      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің ұстанымдары жоқ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын ұсыныстар енгізуге тыйым салынады.";

      109-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "109. Осы Регламенттің 108 және 108-1-тармақтарының талаптарын орындау үшін уәкілетті мемлекеттік органдар алдын ала осы түзетулер бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың ұстанымын алып, Үкімет басшылығының атына заң жобаларына енгізілетін түзетулерді келісу туралы ұсыныстар жібереді.

      Егер заң жобасына енгізілетін түзетулер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғаса, уәкілетті органдар заң жобаларына енгізілетін түзетулерді Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне ұстанымдар алу үшін алдын ала жібереді.

      Бұл ретте заң жобасын әзірлеушіге немесе мүдделі мемлекеттік органдарға Үкімет басшылығының атына заң жобасын реттеу нысанасына жатпайтын заң жобаларына түзетулерді келісу туралы ұсыныстар енгізуге тыйым салынады.

      Заң жобасын әзірлеуші немесе мүдделі мемлекеттік орган заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды әзірлеушінің алдын ала ұстанымын қамтитын қысқаша түйіндемемен бірге салыстырма кесте түрінде Кеңсеге енгізеді, оны Үкімет басшылығы Үкіметтің алдын ала ұстанымын әзірлеу үшін Әділет, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.

      Бірлесіп орындаушылар ретінде айқындалған мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері заң жобасына енгізілетін түзетулерге өз ұсыныстарын немесе қарсылықтарын, егер тапсырмада өзге мерзім көрсетілмесе, күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде әзірлеуші мемлекеттік органға жібереді.

      Егер заң жобасына түзетулер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғамаса, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің ұстанымы талап етілмейді.

      Қажет болған кезде заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган немесе мүдделі мемлекеттік орган мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымын қалыптастыру үшін тиісті өзгерістер мен толықтыруларды Республикалық бюджет комиссиясының не Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың қарауына жібереді.

      Заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган немесе мүдделі мемлекеттік орган, егер тапсырмада өзге мерзім көрсетілмесе, күнтізбелік 7 (жеті) күн ішінде заң жобасына енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар бойынша мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымын қалыптастырады және Кеңсеге енгізеді.

      Кеңсеге енгізілген мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымын Кеңсенің жауапты құрылымдық бөлімшесі 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жұмыс кеңесіне шығарады.

      Жұмыс кеңесі мүдделі мемлекеттік органдардың, жауапты құрылымдық бөлімше, Заң бөлімі және БҚҚБ меңгерушілерінің қатысуымен өткізіледі.

      Жауапты құрылымдық бөлімше жұмыс кеңесін өткізуді, ұйымдастыруды және тиісті материалдарды дайындауды қамтамасыз етеді.

      Қажет болған жағдайда жұмыс кеңесіне ғалымдар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және тиісті реттеу салаларындағы сарапшылар (келісу бойынша) шақырылуы мүмкін.

      Жұмыс кеңесінде қаралғаннан кейін мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымы Кеңсенің хатымен осы Регламентке 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Президент Әкімшілігіне келісуге жіберіледі.

      Үкіметтің құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін немесе Үкіметтің құрылымына кірмейтін орталық мемлекеттік органдар арасында келіспеушіліктер болған жағдайларды қоспағанда, Президент Әкімшілігіне мемлекеттік органдармен келісілмеген ұстанымдарды енгізуге тыйым салынады.

      Егер заң жобаларына енгізілетін түзетулер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғаған жағдайда, мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің ұстанымдары қоса беріледі.

      Президент Әкімшілігімен келісілгеннен кейін қалыптастырылған мемлекеттік органдардың бірыңғай ұстанымы осы Регламенттің ережелерінде көзделген тәртіппен таныстырылуға жатады.

      Мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымы таныстырылғаннан кейін кейіннен дауыс беру үшін Үкімет отырысына не Үкімет мүшелерінің сырттай дауыс беруіне шығарылады.

      Үкімет отырысында қаралғаннан кейін қалыптастырылған бірыңғай ұстаным Үкімет басшылығының тиісті тапсырмасымен оларды Парламентте заң жобасымен жұмыс істеу кезінде одан әрі есепке алу үшін әзірлеуші мемлекеттік органның, мүдделі мемлекеттік органның және бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдардың назарына жеткізіледі.

      Үкімет басшылығының тапсырмасын уәкілетті мемлекеттік органдар Парламент палаталарында мүлтіксіз орындауға тиіс.";

      141-1-тармақ мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Депутаттық сауалдар, сондай-ақ Парламент депутаттары бастама жасаған заң жобаларына қорытындылар және Үкімет бастама жасаған заң жобасына Парламент депутаттарының түзетулері бойынша аралық жауаптар мәселе бойынша жетекшілік ететін Премьер-Министр орынбасарының қолы қойылып, Парламент палаталарына жіберіледі.

      Егер мәселе Премьер-Министрдің құзыретіне кіретін болса, онда оның қолы қойылған аралық жауаптар Парламент палаталарына жіберіледі.";

      көрсетілген Регламент осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес 10-қосымшамен толықтырылсын;

      2) "Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 907 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 67, 462-құжат):

      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының уәкiлеттi органдарында заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларында:

      2-тармақта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) сараптамалық қорытынды алу үшін сараптамалық кеңестерге және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобаларының, оның ішінде аталған жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылғаны туралы хабарлама жіберу;";

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) заң жобасының тұжырымдамасын және заң жобасының алдын ала мәтінін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне тұжырымдаманың осы Қағидалардың 4 және 15-тармақтарына сәйкестігі туралы алдын ала қорытынды алу үшін жіберу;";

      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) сараптамалық қорытынды алу үшін сараптамалық кеңестерге және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобаларының, оның ішінде аталған жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылғаны туралы хабарлама жіберу;";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Заң жобасының дайындалған тұжырымдамасы және заң жобасының алдын ала мәтіні Комиссия мүшелеріне және мүдделі мемлекеттік органдарға жіберу үшін, сондай-ақ тұжырымдама жобасы бойынша алдын ала қорытынды алу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жіберіледі.

      Заң жобасының тұжырымдамасы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне түскен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде Комиссияның барлық мүшелеріне, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға жіберіледі.

      Комиссия мүшелері мен мүдделі мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі басшылығының тапсырмасымен түскен шұғыл мәселелерді қоспағанда, заң жобасының тұжырымдамасы Комиссия мүшелеріне келіп түскен күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде өз ескертулері мен ұсыныстары болған жағдайда, оларды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне ұсынады, ал кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы реттеушілік әсерге талдау жасау қажеттігі немесе қажет еместігі туралы қорытындыны ұсынады.".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 16 қазандағы
№ 668 қаулысына
  1-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2002 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 1300 қаулысына
10-қосымша

"________________________________________________________" Заң жобасын қарау барысында бастама жасалған түзетулер бойынша мемлекеттік органдардың келісілген ұстанымы

      1. Түзетулердің сипаттамалық бөлігі _____________________________________

      _____________________________________________________________________.

      Бұл бөлікте түзетулердің негізділігіне, орындылығына және қажеттігіне баға беріледі.

      Түзетулерді бағалау кезінде мыналар ескеріледі:

      1) түзетулер қолданыстағы заңнамада реттелген құқықтық қатынастарды реттемеуге тиіс;

      2) түзетулер құқықтың негіз қалаушы қағидаттарына қайшы келмеуге тиіс;

      3) түзетулер заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес келуге тиіс.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің түзетулеріне ұсыныстар мен ескертулер туралы мәліметтер:________________________________________________.

      3. Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе бюджеттен мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін нормалар туралы мәліметтер:

      _______________________________________________________________.

      Түзетулер бойынша мемлекеттік органдардың келісілген позициясында мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе бюджеттен мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін нормалар туралы мәліметтер қамтылуы тиіс. Егер түзетулер мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігінің ұлғаюы немесе кіріс бөлігінің қысқаруы себебінен қолдау таппаған жағдайда, Республикалық бюджет комиссиясының мұндай шығындар қолдау таппаған отырысының нөмірі мен күні көрсетіледі.

      Мемлекеттік кірістерді ықтимал қысқарту немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайту бөлігінде қаржылық-экономикалық есептер бар болса, әзірлеуші оны түзетулер бойынша келісілген позицияға қоса береді.

      4. Үкімет құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін немесе Үкімет құрылымына кірмейтін орталық мемлекеттік органдар арасындағы келіспеушіліктер (бар болған жағдайда):_________________________________________________________

      _____________________________________________________________________.