Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Қазақстан мәдениетінің ғылыми-зерттеу институты" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 26 маусымдағы № 403 қаулысы.

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 133-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Қазақстан мәдениетінің ғылыми-зерттеу институты" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі – кәсіпорын) құрылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган болып айқындалсын.

      3. кәсіпорын қызметінің негізгі нысаны мәдениет саласында ғылыми зерттеулер жүргізу болып белгіленсін.

      4. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) кәсіпорынның жарғысын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне бекітуге ұсынуды;

      2) кәсіпорынның "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында мемлекеттік тіркелуін;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 1003 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 58, 550-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі туралы ережеде:

      Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 73-жолмен толықтырылсын:

      "73. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Қазақстан мәдениетінің ғылыми-зерттеу институты" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны".

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин