Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 127 қаулысы

Қолданыстағы

      "Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығының 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен (келісу бойынша), орталық мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
  2020 жылғы 20 наурыздағы
№ 127 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі (бұдан әрі – Тәртіп) "Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығының 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік сатып алуды арнайы тәртіпті қолдана отырып жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      Осы Тәртіпте реттелмейтін өзге қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі.

      2. Осы Тәртіпте қолданылатын ұғымдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына және өзге де қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

      3. Арнайы тәртіпті қолдана отырып мемлекеттік сатып алу дағдарыстық жағдайлар кезеңінде:

      1) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен құрылған Мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) айқындаған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде мемлекеттік материалдық резерв тауарларын сатып алу;

      2) Комиссия айқындаған әлеуетті өнім берушілерден, оның ішінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жүзеге асырылады.

      4. Осы Тәртіптің 3-бөлімінде көзделген мемлекеттік сатып алуларды қоспағанда, арнайы тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алуды жоспарлау мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Арнайы тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алу мынадай:

      1) баға ұсыныстарын сұрату;

      2) бір көзден алу тәсілдерінің бірімен жүзеге асырылады.

      Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін осы Тәртіпке сәйкес айқындайды.

      6. Комиссия баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін жергілікті қамтуды дамыту саласындағы уәкілетті органның мәліметтері негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін тауарлар мен осындай тауарларды өндіретін әлеуетті өнім берушілер тізбесін айқындайды.

      7. Комиссия, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары бойынша:

      1) сатып алу бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін;

      2) тапсырыс берушілер тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді бір көзден алу тәсілімен, оның ішінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде сатып алатын әлеуетті өнім берушілерді айқындайды.

      Бұл ретте сомасы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жеті жүз елу мың еселенген мөлшерінен асатын Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде мемлекеттік сатып алу бойынша әлеуетті өнім берушілерді айқындауды комиссия Қазақстан Республикасының Президентімен және Премьер-Министрімен келісім бойынша жүзеге асырады.

      8. Осы Тәртіптің 6 және 7-тармағында көзделген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі мемлекеттік сатып алу веб-порталында (бұдан әрі – веб-портал) жарияланады.

      9. "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабында көзделген шектеулер болған жағдайда әлеуетті өнім берушінің өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқығы жоқ.

2. Мемлекеттік сатып алуды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен ұйымдастыру және өткізу

      10. Осы Тәртіптің 6-тармағында көзделген тауарларды мемлекеттік сатып алу осындай тауарларды шығаратын және Комиссия айқындаған әлеуетті өнім берушілер арасында баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жүзеге асырылады.

      11. Тапсырыс беруші баға ұсыныстарын табыс ету мерзімі аяқталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей өткізілетін мемлекеттік сатып алу туралы мынадай мәліметтерді веб-порталда қазақ және орыс тілдерінде орналастырады:

      1) бөлінген сомаларды көрсете отырып, өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауардың саны туралы;

      2) сатып алынатын тауардың қысқаша сипаттамасы;

      3) тауарды жеткізу орны;

      4) тауарды жеткізудің талап етілетін мерзімдері;

      5) әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстарын табыс етуді бастау және аяқтау мерзімі туралы;

      6) техникалық ерекшелік көрсетілген мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасы.

      12. Әлеуетті өнім беруші осы Тәртіпте көзделген мәліметтерді қамтитын бір ғана баға ұсынысын береді, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге жол берілмейді.

      Берілген баға ұсыныстарын оны табыс ету мерзімі өткенге дейін әлеуетті өнім берушілердің кері қайтарып алуына жол беріледі. Бұл ретте, баға ұсыныстарын табыс ету мерзімі аяқталғанға дейін оны енгізілген өзгерістермен бірге қайта ұсынуға жол беріледі.

      13. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысын табыс етуі оның мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасында көзделген талаптарды сақтай отырып, тауарды жеткізуді жүзеге асыруға келісім білдіру нысаны болып табылады.

      14. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысына тауарларды жеткізуге байланысты барлық шығыстар енгізіледі.

      15. Әлеуетті өнім беруші баға ұсынысын тапсырыс берушіге веб-портал арқылы мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган бекітетін Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына (бұдан әрі – Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидалары) 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хабарландыруда көрсетілген баға ұсыныстарын қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 9-00-ден 18-00-ге дейін береді.

      16. Веб-портал баға ұсынысын берген әлеуетті өнім берушіге тиісті хабарламаны автоматты түрде жібергеннен кейін баға ұсынысы қабылданды деп есептеледі.

      17. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысын:

      1) егер ол тауар сатып алу үшін бөлінген сомадан асып түскен;

      2) Заңның 6-бабы 1-тармағының 1), 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда веб-портал автоматты түрде қабылдамайды.

      Баға ұсыныстарын өзге негіздер бойынша автоматты түрде қабылдамауға жол берілмейді.

      18. Баға ұсыныстарын табыс ету мерзімі өткеннен кейін веб-портал баға ұсыныстарын автоматты түрде салыстыруды және баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындыларын шығаруды жүргізеді.

      19. Ең төмен баға ұсынысын ұсынған әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады.

      20. Екінші орын алған әлеуетті өнім беруші ең төмен баға ұсынысынан кейінгі баға негізінде айқындалады.

      21. Егер ең төмен баға ұсынысын бірнеше әлеуетті өнім беруші ұсынған жағдайда, баға ұсынысы басқа әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстарынан бұрын түскен әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады.

      22. Заңның 45-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші мен әлеуетті өнім беруші арасында оның баға ұсынысына қатысты веб-портал арқылы не веб-порталды қолданбай өзге де тәсілдермен келіссөздер жүргізуге жол берілмейді.

      23. Егер баға ұсыныстарын беру мерзімі ішінде әлеуетті өнім берушінің бір ғана баға ұсынысы, оның ішінде осы Тәртіптің 17-тармағында көзделген негіздер бойынша баға ұсыныстарын веб-портал автоматты түрде қабылдамағаннан кейін берілсе, мұндай мемлекеттік сатып алуды веб-портал автоматты түрде өткізілмеді деп таниды және тапсырыс беруші осы баға ұсынысын берген әлеуетті өнім берушіден бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады. Бұл ретте жасалған шарттың бағасы әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысынан аспауға тиіс.

      24. Егер баға ұсыныстарын беру мерзімі ішінде, оның ішінде осы Тәртіптің 17-тармағында көзделген негіздер бойынша баға ұсыныстарын веб-портал автоматты түрде қабылдамағаннан кейін әлеуетті өнім берушілердің бірде-бір баға ұсынысы ұсынылмаса, мұндай мемлекеттік сатып алуды веб-портал автоматты түрде өткізілмеді деп таниды және тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада көзделген тәсілмен жүзеге асырады.

      25. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттама олар өткізілгеннен кейін Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша автоматты түрде веб-порталда орналастырылады.

      26. Мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасу және орындау, сондай-ақ баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырылады.

      Бұл ретте, мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау кезінде шетелде өндірілген тауарларды жеткізуге жол берілмейді.

3. Мемлекеттік бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру

      27. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай:

      1) Комиссия айқындаған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      2) Комиссия айқындаған әлеуетті өнім берушілерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу, оның ішінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде;

      3) Комиссия айқындаған мемлекеттік материалдық резерв тауарларын сатып алу жағдайларында жүзеге асырылады.

      28. Осы Тәртіптің 6 және 7-тармақтарында көзделген тізбелерде бір мезгілде болатын тауарларды мемлекеттік сатып алу осы Тәртіптің 6-тармағында көзделген әлеуетті өнім берушілер арасында бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылады.

      29. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу веб-порталда орнатылған форматтық-логикалық бақылау ескеріліп жүзеге асырылады.

      30. Осы Тәртіптің 27-тармағы 1) тармақшасында көзделген жағдайда бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс беруші Заңның 4-бабының 1) және 7) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттарын сақтай отырып, өнім берушіні айқындайды және онымен веб-портал арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасады.

      31. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу мақсатында әлеуетті өнім берушіге веб-портал арқылы қол қойылған (электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған) мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасын жібереді.

      32. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасына әлеуетті өнім беруші оны веб-портал арқылы алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды (электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырады).

      33. Егер әлеуетті өнім беруші осы Тәртіптің 31-тармағында белгіленген мерзім ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына қол қоймаған (электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырмаған) жағдайда, тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын басқа әлеуетті өнім берушіге жіберуге құқылы.

      34. Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай операторы растаған веб-порталда техникалық іркілістер туындаған жағдайда, веб-портал арқылы бір көзден мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жөніндегі талаптар қолданылмайды.

      35. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      36. Осы бөлімнің веб-порталды пайдалану бөлігіндегі талабы Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.