"Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен босқын куәлігін ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 852 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 12 наурыздағы № 109 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі № 758 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 01.09.2023 № 758 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен босқын куәлігін ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 852 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 50, 696-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен босқын куәлігін ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      2-тармақтың 8) тармақшасы алып тасталсын;

      4-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін уәкілетті мемлекеттік орган құжаттандырылатын адамның тұрақты тіркелген жері, сондай-ақ нақты болатын жері бойынша паспорт және (немесе) жеке куәлік жоғалған, жарамдылық мерзімінің өтуіне, неке қию (бұзу) бойынша тегін өзгертуіне, одан әрі пайдалануға жарамсыздығына, құжаттарды әзірлеудің жаңа технологиясына сәйкес олардың түр өзгерісіне байланысты ауыстырылған, Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігі негізінде алғаш рет Қазақстан Республикасының азаматы паспортын алған, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың туу туралы куәлігі негізінде алғаш рет Қазақстан Республикасы азаматының паспортын және (немесе) жеке куәлігін алған жағдайларда береді.";

      5-тармақтың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі ресімделген күннен бастап жеделдетілген тәртіппен Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында – бір жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында – үш жұмыс күніне дейін, облыстардың аудандары мен қалаларында – жеті жұмыс күніне дейін беріледі.

      Қазақстан Республикасы азаматтарының қалауы бойынша жеке басты куәландыратын құжаттар да жеделдетілген тәртіппен ресімделген күнінен бастап үш жұмыс күніне дейін (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында) және бес жұмыс күніне дейін (облыс орталықтарында) беріледі.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен босқын куәлігін ресімдеу және беру тәртібі";

      1-параграфтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-параграф. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын ресімдеу және беру тәртібі";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Қазақстан Республикасының мына азаматтарына:

      1) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратын;

      2) шет мемлекеттердің аумағында орналасқан оқу орындарында күндізгі оқыту нысаны бойынша білім алатын;

      3) шет мемлекеттерде еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін;

      4) көрсетілген адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне;

      5) шетелдегі дипломатиялық қызмет персоналымен бірге тұратын дипломатиялық қызмет персоналының туыстарына;

      6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасауға қабілетсіз адамдарға (қарттар) және тыныс-тіршілігін шектейтін тұрақты ағза функцияларының ауытқуларымен денсаулығында бұзушылық бар адамдарға Қазақстан Республикасы азаматының паспорты Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелері арқылы ресімделеді.";

      2, 3, 4 және 5-параграфтардың тақырыптары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-параграф. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін ресімдеу және беру тәртібі";

      "3-параграф. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты ресімдеу және беру тәртібі";

      "4-параграф. Азаматтығы жоқ адамның куәлігін ресімдеу және беру тәртібі";

      "5-параграф. Босқын куәлігін ресімдеу және беру тәртібі";

      6-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен босқын куәлігін ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібі";

      30-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Қазақстан Республикасының азаматтары жеке басты куәландыратын құжаттарды жоғалтқан, олар одан әрі пайдалануға жарамсыз болған, жеке тұлғаны сәйкестендірумен байланысты өзгерістер енгізу қажеттілігі туындаған, осы Қағидалардың 29-тармағының 1), 2), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген деректерді сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайларда, сондай-ақ анықтамалық деректерінің ауысуына, өзгеруіне, құжаттарды әзірлеудің жаңа технологиясына сәйкес олардың түр өзгерісіне байланысты жаңа құжаттар алу үшін – тұрақты тіркелген жері бойынша, сондай-ақ жеке басты куәландыратын құжаттары жоғалған, олар одан әрі пайдалануға жарамсыз болған, неке қию (бұзуы) бойынша тегін өзгерткен, құжаттарды әзірлеудің жаңа технологиясына сәйкес олардың түр өзгерісіне байланысты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі негізінде алғаш рет Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алумен, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың туу туралы куәлігі негізінде Қазақстан Республикасы азаматының паспорты мен (немесе) жеке куәлігін алуына байланысты жағдайларда нақты болатын жері бойынша уәкілетті мемлекеттік органға өтініш білдіреді.";

      32-тармақтың 1) тармақшасы алып тасталсын;

      37 және 38-тармақтар алып тасталсын;

      42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "42. Босқын куәлігін ауыстыру және жаңасын алу үшін босқын мәртебесін алған адам уәкілетті мемлекеттік органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) жаңа босқын куәлігін беру туралы өтініш;

      2) босқын мәртебесін беру туралы уәкілетті мемлекеттік орган шешімінің көшірмесі;

      3) көлемі 3х4 сантиметр екі фотосурет;

      4) ауыстыруға жататын босқын куәлігі;

      5) жоғалтудың мән-жайлары көрсетілген босқын куәлігін қалпына келтіру туралы жазбаша өтініш (босқын куәлігін жоғалтқан кезде).

      Босқын куәлігінің жоғалғаны туралы өтініш келіп түскен кезде өтінішті қабылдаған уәкілетті мемлекеттік орган жоғалған босқын куәлігінің жарамсыздығы туралы ақпаратты бір мезгілде уәкілетті мемлекеттік органның облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың аумақтық бөлімшелеріне жолдайды.";

      44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "44. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шарттарда және тәртіппен жеке басты куәландыратын құжаттарды алдын ала тергеу, анықтау органдарының лауазымды адамдары, сондай-ақ әкімшілік іс жүргізу және азаматтықты жоғалтуды және одан айыруды ресімдеу барысында лауазымды адамдар алып қояды.

      Өзге органдар мен лауазымды адамдардың жеке басты куәландыратын құжаттарды алып қоюына тыйым салынады.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин