Бұлтартпау шараларын санкциялаудың кейбір мәселелері туралы

2020 жылғы 24 қаңтардағы № 1 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы

Жаңартылған

      Ескерту. Нормативтік қаулының деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Бұлтартпау шараларын санкциялаудың сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.

      1. Қылмыстық істер бойынша іс жүргізу кезінде соттың санкциялауына күзетпен ұстау, үйқамақ, кепіл түріндегі бұлтартпау шаралары жатады.

      Бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхаттарды қарау сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында тергеу судьяларының құзыретіне жатады. Тараптар шағым және (немесе) өтінішхат берген жағдайда тергеу судьясының бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулыларын қайта қарауды тиісті облыстық немесе оған теңестірілген соттың судьясы жүзеге асырады.

      Сот сатыларында бұлтартпау шарасын таңдау, оның күшін жою, өзгерту, ұзарту мәселелері қылмыстық істі қарайтын соттың құзыретіне жатады.

      2. Бұлтартпау шарасын санкциялау, сондай-ақ оның мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдау кезінде тергеу судьясы күдіктінің, айыпталушының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 16-бабында кепілдік берілген, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы № 91 Заңымен ратификацияланған, Қазақстан Республикасы үшін 2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енген) 9-бабында жарияланған және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) нормаларында көзделген құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуі қажет.

      3. Тергеу судьясы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы шешімді сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу орны немесе күдіктіні ұстау орны бойынша, ал ҚПК-нің 57-тарауында көзделген жағдайларда сотқа өтінішхатты жіберген органның орналасқан жері бойынша қабылдайды.

      Тергеу судьясы күзетпен ұстау мерзімін одан әрі ұзартуды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу орны бойынша қарауға тиіс.

      4. Күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты қарау қорытындылары бойынша тергеу судьясы ҚПК-нің 148-бабының жетінші бөлігінде көзделген қаулылардың бірін шығарады.

      ҚПК-нің 148-бабы жетінші бөлігінің 3) тармағына сәйкес күзетпен ұстауды санкциялаудан бас тартылған жағдайда тергеу судьясы ҚПК-нің 137-бабының бірінші бөлігінде көзделген өзге де бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы. Өзге бұлтартпау шарасын таңдау үшін негіздер болмаған кезде тергеу судьясы күзетпен ұстауды санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.

      5. ҚПК-нің 136-бабының бірінші бөлігінде санамаланған әрекеттерді күдіктінің, айыпталушының іс жүзінде жасауы мүмкіндігін куәландыратын нақты мән-жайлар бұлтартпау шарасын қолдану үшін негіз болып табылады. Мұндай негіздер болмаған кезде бұлтартпау шарасы таңдалмауы тиіс.

      Бұдан басқа бұлтартпау шарасы ҚПК-нің 138-бабының бірінші бөлігінде көзделген мән-жайлар ескеріле отырып таңдалады.

      ҚПК-нің 138-бабының екінші бөлігіне сәйкес жасалған қылмыстың ауырлығы тізбесі, ҚПК-нің 136-бабының екінші бөлігінде келтірілген қылмыстарды қоспағанда, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін жалғыз негіз бола алмайтынын соттардың ескергені жөн.

      6. ҚПК-нің 136-бабының үшінші бөлігінде санамаланған қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деп күдік келтірілген, айыпталған адам ұйымдасқан топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның) құрамында қылмыс жасады деп күдік келтірілген не қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынуға әрекеттенген немесе жасырынған жағдайларды қоспағанда, осы адамға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға жол берілмейді.

      Егер адамға экономикалық қызмет саласындағы қылмысты ғана емес, күзетпен ұстауды қолдануды жоққа шығармайтын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) Ерекше бөлігінде көзделген басқа да қылмысты жасады деп күдік келтірілсе, айып тағылса, судья оған негіздер болған кезде бұлтартпау шарасының осы түрін таңдауға құқылы.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      7. ҚПК-нің 147-бабының бірінші бөлігіне сәйкес заңда бес жылдан аз мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарды жасады деген күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны күзетпен ұстау ҚПК-нің 147-бабы бірінші бөлігінің 1)-ден бастап 7)-ші қоса алғандағы тармақтарында көрсетілген мән-жайлар болған кезде ерекше жағдайларда қолданылуы мүмкін.

      Бұл ретте мыналарды ескеру қажет:

      қылмыс жасалған жерден өзге әкімшілік-аумақтық бірлікте тұрақты тұратын жерінің болуын Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жерінің болмауы деп бағалауға болмайды;

      жеке тұлғаның анықталмауы деп тізбесі ҚПК-нің 300-бабына ескертпеде келтірілген құжаттардың болмауы түсініледі;

      сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы бұрын таңдалған бұлтартпау шарасының немесе процестік мәжбүрлеу шарасының бұзылғанын, мысалы, ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхатпен жүрген күдіктінің, айыпталушының қылмыстық процесті жүргізуші органның шақыруы бойынша дәлелді себептерсіз келмегендігін, тұрғылықты жерін сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына хабарламай өзгерткендігін және т.б. куәландыратын мәліметтерді ұсынуға тиіс;

      адамның қылмыстық қудалау органынан немесе соттан жасырынуы мүмкіндігі туралы, мысалы, өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлікті сатудың, тұрғылықты жерінен және елден тысқары жерлерге шығу мақсатында жол жүру билеттерін сатып алудың, тұрғылықты жері бойынша тіркеу есебінен шығудың, әскери есептен шығудың, шет мемлекет азаматтығы болуының, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері, жұмысы, отбасы болмауының, шетелде табыс көзі, қаржылық (мүліктік) ресурстар болуының және т.б. расталған фактілері куәландыруы мүмкін;

      адамға қылмыстық топтың немесе қылмыстық қоғамдастықтың құрамында қылмыс жасады деп күдік келтіру (айыптау) ҚК-нің 3-бабының тиісті тармақтарында және "Соттардың бандитизм және қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатыса отырып, басқа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 21 маусымдағы № 2 нормативтік қаулысының 11-тармағында белгіленген осы қылмыстардың барлық белгілері нақты дәлелдермен расталуға тиіс;

      бұрын жасалған ауыр немесе аса ауыр қылмыс үшін соттылығы бар деп Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметтерімен расталған заңда белгіленген тәртіппен алынбаған және өтелмеген соттылығы бар адамдарды есептеген жөн;

      күдіктінің, айыпталушының қылмыстық іс-әрекетті жалғастыруын куәландыратын деректер жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында алынған, адамның қылмыстық іс-әрекетпен айналысуын жалғастыратынын, қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушыларға, қылмысқа сыбайлас қатысушыларға қауіп төндіретінін, сондай-ақ жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға бейімділігін куәландыратын жеке адамның ерекшеліктерін көрсететін мәліметтер болып табылады.

      ҚПК-нің 147-бабы бірінші бөлігінің 1)-ден бастап 7)-ші қоса алғандағы тармақтарында көзделген мән-жайлар күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау мүмкін болатын жағдайлар ғана болып табылады.

      Бұлтартпау шарасын таңдау және санкциялау кезінде электрондық бақылау құралдарының болуы ескеріле отырып, онша қатаң емес бұлтартпау шарасын қолдану мүмкіндігін қарау қажет.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      8. Қылмыстық процесті жүргізуші орган ҚПК-нің 136-дан бастап 140-ті қоса алғандағы баптарының талаптарына сәйкес ҚПК-нің 137-бабының бірінші бөлігінде санамаланған бұлтартпау шараларының бірін қолдану туралы шешім қабылдайды.

      ҚПК-нің 140-бабы екінші бөлігінің, 147-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес қылмыстық процесті жүргізуші орган бұлтартпау шарасын қолдану туралы және тергеу сотының алдында таңдалған бұлтартпау шарасын қолдануға санкция беру туралы өтінішхат қозғау туралы қаулы шығарады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының қаулысында күзетпен ұстау, үйқамақ мерзімі көрсетілуге тиіс.

      ҚПК-нің 131-бабының төртінші бөлігінде, 151-бабында көзделген ұстау және күзетпен ұстау мерзімдері аяқталған жағдайда, күдікті, айыпталушы ҚПК-нің 133-бабы екінші бөлігінің және 151-бабы бесінші бөлігінің талаптарына сәйкес дереу босатылуға жатады.

      9. Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялауға сот адамға қылмыс жасады деп күдік келтіру негізділігін тексергеннен кейін жол беріледі. Осыған байланысты қылмыстық қудалау органының өтінішхатында және оған қоса тіркелген материалдарда дәл осы адамның қылмыс жасады деген күдікті көрсететін мәліметтер болуға тиіс.

      Негізді күдік деп нақты адамның қылмыс жасауы мүмкін екендігін куәландыратын нақты деректер жиынтығын түсіну керек.

      Мұндай нақты деректерге: адам қылмыс жасаған кезде немесе тікелей оны жасағаннан кейін ұсталған; жәбірленуші немесе куәгерлер осы адамды қылмыс жасады деп көрсеткен; осы адамда немесе оның киімінде, онда немесе оның тұрғынжайында қылмыс іздері және т. б. табылған деректер жатады.

      Адамға қылмыс жасады деген күдік келтірудің негізділігін тексеру кезінде тергеу судьялары қылмыс оқиғасының шын мәнінде орын алғанын, қылмыстық құқық бұзушылық құрамы белгілерінің бар-жоғын және оны осы адамның жасау ықтималдығын көрсететін жеткілікті деректердің бар-жоғын ескеруі қажет.

      10. Адамға қылмыс жасады деген күдік келтірудің негізділігін тексере отырып, сот адамның кінәлілігі мен дәлелдемелерді бағалау туралы мәселені талқылау құқылы емес. Сот күдіктің негізділігін тексеру кезінде дәлелдерді және қорғау тарапы ұсынған материалдарды ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы ұсынған дәлелдемелердің дұрыстығын және адамға қатысты күдік келтіру үшін олардың жеткілікті екендігін анықтайды. Күдік келтірудің негізділігін тексеру іс материалындағы қылмыс оқиғасы сипатталуының және оны саралау кезінде ҚК-нің Ерекше бөлігінің қолданылған бабына сәйкестігін тексеруді де қамтиды.

      Судьяның адамға қылмыс жасады деген күдік келтірудің негізділігін тексермей қалдыруы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулының күшін жоюға әкеп соғатын қылмыстық-процестік заңды елеулі түрде бұзу ретінде бағалануға тиіс.

      Тергеу судьясы адамға қылмыс жасады деген күдік келтірудің негізділігін, оны іс материалдарымен таныстыру кезеңіндегі мерзімді ұзартуды қоспағанда, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің барлық кезеңінде, оның ішінде күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы мәселені шешу кезінде де тексереді.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      11. Тергеу судьясының күдіктінің, айыпталушының қатысуынсыз күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты қарауына оларға іздеу жарияланған немесе Қазақстан Республикасынан тысқары жерде болған және сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген кезде қылмыстық процесті жүргізуші органға келуден жалтарған жағдайларда ғана жол беріледі.

      Қылмыстық қудалау органы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа берілетін материалдармен бірге қылмыстық қудалау органына келуден жалтарған дәлелдемелерді (мысалы, күдіктінің, айыпталушының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтуі туралы деректер, тұрғылықты жері бойынша ұзақ уақыт бойы болмауы және т.б.) бере отырып, адамға іздеу жариялау туралы қаулы шығаруға міндетті.

      Қылмыстық процесті жүргізуші орган күдіктіні, айыпталушыны, сондай-ақ оның қорғаушысын күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты қарау жөніндегі сот отырысының уақыты мен орны туралы оның соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша тиісінше және уақтылы хабардар етуге міндетті.

      Тергеу судьясы күдіктінің, айыпталушының қатысуынсыз күзетпен ұстауды санкциялау туралы өтінішхатты қараған кезде қорғаушының сот отырысына қатысуы міндетті болып табылады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      12. Тергеу судьясы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялау туралы қаулыда ұсталған адамды мекемеге жеткізген жағдайда күзетпен ұстау орнының бастығы бұл туралы қылмыстық істі жүргізіп отырған органды немесе адамды және қадағалаушы прокурорды дереу хабардар етуге тиіс екенін көрсетуге тиіс.

      Тергеу судьясы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялаған адам ұсталғаннан кейін күзетпен ұстауды қолданудың негізділігі туралы мәселені қарау үшін ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілетін жердегі тергеу судьясына дереу жеткізіледі.

      Күдіктіні, айыпталушыны қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемеге және тергеу судьясына жеткізу кезеңі күзетпен ұстау мерзіміне қосылады.

      Егер ұсталған адамды сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу орны бойынша тергеу судьясына дереу жеткізу қиын болса немесе ұзақ уақытты талап етсе, онда сырттай санкцияланған күзетпен ұстауды қолданудың негізділігін тексеру туралы мәселені тергеу судьясы адамды ұстау орны бойынша қарауы мүмкін.

      Тергеу судьясы сырттай санкциялаған күзетпен ұстаудың негізділігі туралы мәселе ҚПК-нің 148-бабының қағидалары бойынша прокурордың, күдіктінің, қорғаушының қатысуымен өтінішхат келіп түскен сәттен бастап сегіз сағат ішінде сот отырысында қаралады.

      13. ҚПК-нің 48-бабы бесінші бөлігінің талаптарына сәйкес күзетпен ұстау мерзімі нақты ұсталған кезден бастап есептеледі, осыған байланысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы қаулыда: осы мерзімді есептеудің басталуы минутына дейінгі дәлдікпен; осы бұлтартпау шарасы санкцияланатын мерзім; осы мерзімнің аяқталу уақыты бір минутқа дейінгі дәлдікпен көрсетілуі тиіс.

      Ұстау мерзімімен қатар күзетпен ұстау мерзіміне:

      ҚПК-нің 152-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес сот шешімі бойынша психиатриялық немесе өзге де медициналық ұйымда стационарлық жағдайда мәжбүрлеп болу;

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап ҚПК-нің 584-бабына сәйкес Қазақстан Республикасына берілген (экстрадицияланған) адамды күзетпен ұстау және оны этаппен апару мерзімі есепке алынады.

      Қазақстан Республикасына берілетін адамды шет мемлекеттің аумағында ұстау және күзетпен ұстау, сондай-ақ оны этаппен апару мерзімін сот ҚПК-нің 584-бабы екінші бөлігінің талаптарын негізге ала отырып, жаза тағайындау кезінде оны күзетпен ұстаудың жалпы мерзіміне есептейді.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      13-1. Сотта іс жүргізу кезінде сотталушыны күзетпен ұстау мерзімін есептеу іс сотқа келіп түскен мерзімнен бастап ҚПК-нің 342-бабының екінші бөлігіне сәйкес жүзеге асырылады. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға, сот талқылауын кейінге қалдыруға, соттылығының өзгеруіне байланысты істі бір соттан басқа сотқа беруге қарамастан, сотталушыны сотта іс жүргізу кезінде күзетпен ұстаудың жалпы мерзімі іс сотқа бірінші келіп түскен күннен бастап және үкім шығарылғанға дейін есептеледі және ҚПК-нің 342-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген мерзімдерден аспауға тиіс.

      ҚПК-нің 342-бабының екінші және үшіні бөліктерінде көрсетілген күзетпен ұстау мерзімдері өткеннен кейін сот сотталушыға бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе өзге бұлтартпау шарасына өзгертуі тиіс.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      14. ҚПК-нің 541-бабының бірінші, үшінші бөліктеріне орай кәмелетке толмаған күдіктіге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау тек ерекше жағдайларда ғана оған ауыр немесе аса ауыр қылмысқа күдік келтірген кезде ғана қолданылуы мүмкін. Кәмелетке толмаған адамды сотқа дейінгі іс жүргізу барысында күзетпен ұстау мерзімі алты айдан аспауға тиіс.

      Тергеу судьясы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты қараған кезде кәмелетке толмаған күдіктіні, айыпталушыны ҚПК-нің 144-бабында көзделген тәртіппен қарауда ұстауға беру сияқты шараны айқындау мүмкіндігін талқылауға міндетті.

      15. Тергеу судьясы күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты қараған кезде ҚПК-нің 151-бабында белгіленген мерзімдердің сақталуын ғана ескеріп қоймай, одан әрі күзетпен ұстау қажеттігін куәландыратын нақты мән-жайларды, осы бұлтартпау шарасын санкциялау үшін негіз болған мән-жайлардың жойылған-жойылмағандығын және өзгерген-өзгермегендігін анықтауы тиіс.

      Тергеу судьясы қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу қажеттілігінің себебі бойынша күзетпен ұстау мерзімін ұзарта отырып, сотқа дейінгі тергеу органының тергеу әрекеттерін жүргізуді жалғастыру туралы дәлелдерінің негізділігін тексеруге міндетті.

      Күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы өтінішхат тергеу сотының алдында бірнеше рет қозғалған жағдайда және алдыңғы өтінішхаттарда көрсетілген тергеу әрекеттерін орындау қажеттілігінің уәждері бойынша судья олар жүргізілмеген себептерді анықтауға міндетті.

      Тергеу судьясының күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы қаулысында осы бұлтартпау шарасы ұзартылған мерзім, сондай-ақ осы мерзімнің аяқталу уақыты минутына дейінгі дәлдікпен көрсетілуге тиіс.

      Күдіктіні күзетпен ұстау мерзімінің аяқталуы оны ұзарту үшін негіз болып табылмайды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы күзетпен ұстау мерзімін ұзарту үшін негіздерді растайтын дәлелдемелерді сотқа ұсынуға міндетті.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      16. Тергеу судьясы ҚПК-нің 152-бабының жетінші бөлігіне сәйкес қылмыстық істің материалдарымен танысу кезеңінде күдіктінің күзетпен ұстау мерзімін қылмыстық істің көлемін, іске қатысушы адамдардың санын және іспен танысу мерзіміне әсер ететін өзге де мән-жайларды ескере отырып айқындайды.

      Күдіктіні және қорғаушыны қылмыстық іс материалдарымен таныстыру кезеңінде күдіктіні күзетпен ұстауға тергеу судьясы ҚПК-нің 148, 151-баптарында көзделген тәртіппен санкция береді және ұзартады.

      Тергеу судьясының күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстау мерзімін ұзарту туралы шешімі осы бұлтартпау шарасын сақтау қажеттігін растайтын нақты деректермен негізделуге тиіс. Айыпталушыны және оның қорғаушысын іс материалдарымен таныстырудың ұзаққа созылуын күзетпен ұстау мерзімін ұзарту үшін жалғыз негіз ретінде көрсетуге жол берілмейді.

      Егер тергеу судьясы тергеушінің күдіктіні, айыпталушыны және қорғаушыны қылмыстық іс материалдарымен таныстыру процесін ақылға қонымды мерзімде ұйымдастырмағанын анықтаса, онда ол күзетпен ұстау мерзімін ұзартудан бас тартуға құқылы.

      17. Үйқамақ күдіктінің, айыпталушының тиісті мінез-құлқын қамтамасыз ету, сотта істі объективті тергеп-тексеруге және талқылауға кедергі келтірудің, қылмыстық процесті жүргізуші органға және сотқа келуден жалтарудың алдын алу, қылмыстық қызметтің алдын алу мақсатында ҚПК-нің 147-бабында көзделген тәртіппен қолданылады.

      Қылмыстық процесті жүргізуші орган осы бұлтартпау шарасын таңдаған кезде үйқамақты таңдауға мүмкіндік беретін шарттардың болуын тексереді, ол кезде адамның жасы, денсаулық жағдайы, отбасы жағдайы, жас балаларының болуы және басқа да мән-жайлар ескеріліп, оны толық оқшаулау қажеттігі туындамайды немесе орынсыз болып табылады.

      18. Тергеу судьясы үйқамаққа санкция беру туралы қаулыда ҚПК-нің 146-бабының екінші бөлігінде көзделген күдіктіге, айыпталушыға қолданылатын нақты шектеулерді, сондай-ақ қадағалауды жүзеге асыратын органды немесе лауазымды адамды көрсетуге тиіс.

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94 Заңының 2-бабының 28) тармағына сәйкес тұрғынжай деп тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, белгіленген құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сай келетін жеке тұрғын үй бірлігі (жеке тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме) түсініледі.

      Үйқамақта ұстау орны өзгерген жағдайда күдікті (айыпталушы) бұл туралы белгіленген шектеулердің сақталуын қадағалауды жүзеге асыратын органға хабарлауға міндетті.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      19. Үйқамаққа санкция беру туралы қаулыда ҚПК-нің 146-бабының екінші бөлігінде санамаланған шектеулердің жалпы тұжырымдары көрсетілмеуге тиіс. Әрбір жағдайда ҚПК-нің 146-бабының екінші бөлігінде көзделген шектеулер мен тыйымдарды үйқамақтағы адамдардың конституциялық құқықтарын сақтай отырып ақылға қонымды шектерде белгілеу қажет.

      Шектеулер адамның тергеу әрекеттеріне және сот отырыстарына қатысуына, отбасы мүшелерімен байланыс жасауына, өзінің қорғаушысымен қарым-қатынас жасауына, өмірлік қажетті әрекеттерді жүзеге асыруына, мысалы, медициналық көмек алуға және т. б. кедергі келтірмеуге тиіс.

      Үйқамақ қылмыс жасау немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу орны болып табылмайтын Қазақстанның басқа өңірінде күдіктінің, айыпталушының нақты тұратын жері бойынша қолданылуы мүмкін.

      Үйқамақ мерзімі сот санкциялау туралы қаулы шығарған сәттен бастап есептеледі.

      Адам ҚПК-нің 128-бабының тәртібімен ұсталған жағдайда бұл мерзім үйқамақ мерзіміне есептеледі.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 29.11.2024 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      20. ҚПК-нің 145-бабының екінші бөлігіне сәйкес кепіл тек тергеу судьясының санкциясымен немесе соттың қаулысы бойынша қолданылады.

      Кепіл ҚПК-нің 107-бабының тәртібімен шағымды қарау нәтижелері бойынша облыстық немесе оған теңестірілген соттың судьясының қаулысымен, сондай-ақ ҚПК-нің 342-бабының бірінші бөлігінің тәртібімен жүргізіліп отырған қылмыстық іс бойынша соттың қаулысымен қолданылуы мүмкін.

      21. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатын қанағаттандыру үшін негіздер болмаған кезде, тергеу судьясы кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы, оның нысанасы ақша қаражаты, құндылықтар, жылжымалы және жылжымайтын мүлік болуы мүмкін.

      Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты қанағаттандырған кезде сот қаулыда, ҚПК-нің 148-бабының тоғызыншы бөлігінде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, кепіл мөлшерін бір мезгілде айқындауға міндетті.

      Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам ҚПК-нің 148-бабы сегізінші бөлігінің тәртібімен тергеу судьясының шығарған қаулысының негізінде кепілдің енгізілгені туралы күзетпен ұстау орнының бастығына дереу хабарлайды. Күзетпен ұстау орнының бастығы кепіл енгізілгені туралы құжатты алғаннан кейін күдіктіні, айыпталушыны күзетпен ұстаудан босату шараларын дереу қабылдауға міндетті, бұл туралы ҚПК-нің 145-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, тергеу судьясына және қадағалаушы прокурорға міндетті түрде хабарлайды.

      Күдікті (айыпталушы) сот ісін жүргізуге кедергі келтіреді немесе тергеуден және соттан бой тасалайды не қылмыстық әрекетті жалғастырады деген тұжырымдар жеткілікті дәлелдемелермен тіркелуі және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өтінішхатында, сонымен қатар ҚПК-нің 148-бабы тоғызыншы бөлігінің 3) немесе 4) тармақтарында көзделген негіздер бойынша күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы тергеу судьясының қаулысында тиісті түрде уәжделуі тиіс.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 22.12.2022 № 10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      22. Кепілдің мөлшерін сот күдіктің ауырлығын, күдіктінің, айыпталушының жеке басын, қылмыстық іс-әрекеттің сипатын, кепіл берушінің мүліктік жағдайын ескере отырып айқындайды және ол ҚПК-нің 145-бабының үшінші бөлігінде белгіленген шектерден кем болмауға тиіс.

      Құны қылмыстың тиісті санаты бойынша кепілдің ең жоғары мөлшерінен асатын өзге де мүлік кепіл берушінің келісімімен кепіл ретінде берілуі мүмкін.

      ҚПК-нің 145-бабы екінші бөлігіндегі тәртіппен кепіл түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілген жағдайда, сондай-ақ бұрын таңдалған бұлтартпау шарасы кепілге өзгертілген кезде тергеу судьясы ҚПК-нің 145-бабының төртінші бөлігінде көзделген мөлшері мен оны енгізу мерзімін белгілеуге міндетті.

      Егер қаулымен белгіленген мерзімде кепіл енгізілмесе не тергеу судьясы анықтағаннан аз мөлшерде енгізілсе, онда ҚПК-нің 145-бабының төртінші бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өтінішхаты бойынша тергеу судьясы кепілді өзге бұлтартпау шарасына өзгерту туралы мәселені қарайды.

      23. Егер күдікті, айыпталушы өзіне жүктелген міндеттерді бұзбаса немесе дәлелді себеппен бұзса, бірақ оған қатысты неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылса, үкім немесе қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарылса, онда кепіл заты кепіл берушіге дереу қайтарылады.

      Неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылған кезде енгізілген кепілді қайтару туралы шешімді қылмыстық процесті жүргізуші орган прокурордың келісімімен қабылдайды.

      Егер кепіл берушілер күдікті, айыпталушы болса, үкімді щығарғанда сот кепілдің тағдырын қарай отырып, азаматтық талап қою, процестік шығындар мен өзге де мүліктік өндіріп алулар болған кезде прокурордың өтінішхаты бойынша кепіл нысанасына немесе оның бір бөлігіне өндіріп алуды қолдану туралы шешім қабылдауға құқылы.

      24. Күдікті, айыпталушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерді дәлелді себептерсіз орындамаған жағдайда, прокурор тергеу судьясына кепілді мемлекет кірісіне айналдыру туралы өтінішхат жібереді, онда осы фактінің дәлелдемелері келтірілуге тиіс.

      Тергеу судьясы прокурордың өтінішхатын ҚПК-нің 56-бабында көзделген тәртіппен қарайды.

      Сотталушы мұндай міндеттемелерді орындамаса, онда кепілді мемлекет кірісіне айналдыру туралы мәселені сот үкім шығарған кезде шешеді.

      Егер күдікті немесе айыпталушы дәлелсіз себептермен тергеушінің, анықтаушының немесе соттың шақыруы бойынша келуден жалтарса не кез келген басқа тәсілмен қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге кедергі келтірсе немесе жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, енгізілген кепілге байланысты міндеттемелер бұзылды деп санаған жөн.

      Тергеу судьясы енгізілген кепілмен байланысты міндеттемелердің бұзылғаны туралы мәселені қараған кезде күдіктінің, айыпталушының, сотталушының сотқа дейінгі тергеу органына және сотқа келуден жалтару себептерін тексеруі қажет.

      25. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Ж. Асанов
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г. Әлмағамбетова