2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 225-2-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 9 шілдедегі № 489 қаулысымен бекітілген |
Экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 225-2 бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау тәртібін айқындайды.
2. Экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік беру лимитінің мөлшері мың теңгеге дейінгі дәлдікпен дөңгелектенеді.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасының экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдігі – Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдік шартының талаптарына сәйкес экспортты қолдау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұлттық компания алдындағы оның сақтандыру төлемдері бойынша берешегін толық немесе ішінара өтеу міндеттемесі;
2) салалық қорытынды – индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның саланы дамыту басымдықтарына экспортты қолдау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын тиісті ұлттық компанияның экспортын қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік берудің сәйкестігі тұрғысынан қорытындысы.
2-тарау. Экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындау тәртібі
4. Тиісті жылға арналған экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасы:
жоспарланатын үшжылдық кезеңге арналған республикалық бюджет кірісінің көлемін;
үкіметтік борышқа қызмет көрсету мен өтеуге арналған шығындарды, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ұсынған жоспарланатын үшжылдық кезеңге арналған мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындарды;
индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік беру туралы ұсынысын негізге ала отырып қалыптастырылады.
5. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 сәуіріне дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік беру туралы ұсыныс береді.
Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның ұсынысына оның оң салалық қорытындысы және экспортты қолдау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұлттық компанияның мынадай құжаттары қоса беріледі:
1) құрылтай құжаттарының көшірмелері, сондай-ақ экспортты қолдау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұлттық компанияның мәртебесін растайтын құжаттар;
2) экспортты қолдау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұлттық компанияның соңғы үш жылдағы аудиттелген қаржылық есептілігі;
3) экспортты қолдау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұлттық компанияның даму стратегиясы;
4) рейтингтік есеп.
6. Салалық қорытынды:
1) шикізаттық емес экспортқа мемлекеттік қолдау көрсетудің осындай мүмкіндігі мен орындылығын;
2) саланың жай-күйі мен оның дамуына әсер ететін проблемаларды;
3) экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдікті ұсыну мақсаттарының салада бар проблемаларды шешуге сәйкес келуін;
4) экспортты қолдау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұлттық компанияның экспортын қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік берудің негізділігін және жетекшілік ететін саладағы және экономиканың аралас салаларындағы (аяларындағы) болжамды әсерді (негізгі қатысушылар, олардың өзара іс-қимыл схемасы, экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражатты пайдалану және қайтару схемасы);
5) экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындауын талап етуі мүмкін болжамды тәуекелдерді (сақтандыру, саяси, қаржылық тұрақтылық тәуекелдері ) және оларды азайту жөніндегі іс-шараларын;
6) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысына сәйкес ұлттық компанияның жүзеге асыратын қызметтің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының мақсаттарына сәйкестігін, оның ішінде тиісті салада көрсетілетін қызметтердің қажеттілігінің болуын көрсетумен, сондай-ақ экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік ұсынудан күтілетін болжамды түпкілікті нәтиженің болуын, оны ұсынудың Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмаларына не актілеріне сәйкестігін;
7) экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдіктің мөлшері мен қолданылу мерзімінің негізділігін;
8) экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдікті қолданудан түсетін пайданың бөлінуін;
9) экономиканың аралас салаларына (аяларына) экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдікті қолданудан күтілетін болжамды мультипликаторлық әсерді бағалауды қамтиды.
Салалық қорытындыға индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысы не оны алмастыратын тұлға қол қояды және ресми құжаттар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделеді.
7. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 мамырына дейінгі мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жоспарланатын үшжылдық кезеңге арналған үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және өтеуге арналған шығындар, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындар туралы ақпаратты ұсынады.
8. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган мынадай формула бойынша тиісті қаржы жылына арналған экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын айқындайды және тиісті қаржы жылына арналған экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасы бойынша тиісті ұсыныстарды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді:
В2 < (ІnGВ * 0,15) - В1, мұнда
В2 - жоспарланатын үшжылдық кезеңге арналған мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктері бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты шығындардың көлемі;
ІnGВ - жоспарланатын үшжылдық кезеңге арналған республикалық бюджет кірістерінің көлемі;
В1 - жоспарланатын үшжылдық кезеңге арналған үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге арналған шығындардың көлемі.
9. Қазақстан Республикасы заңнамасының белгіленген тәртіппен ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде бюджет параметрлерінің өзгеруі жағдайында, экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдік беру лимитінің сомасын нақтылауға рұқсат етіледі.
Бұл ретте, осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген ақпарат ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Республикалық бюджет комиссиясының шешімі қабылданған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде беріледі.