Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институты" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – КеАҚ) құрылсын.
2. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласының (бұдан әрі – бағдарлама) жылжыту стратегиясын әзірлеуді және іске асыруды, бағдарламаны іске асыруға қатысатын барлық құрылымдарды талдамалық және әдістемелік қамтамасыз етуді, оның ішінде әлеуметтік-саяси ахуалды мониторингтеуді және талдауды қамтамасыз ету, дін саласындағы ахуалды зерттеу, азаматтық қоғамдағы процестерді болжау, ғылыми-зерттеулер жүргізу және мемлекеттік жастар мен отбасы саясатын іске асыруды әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру КеАҚ қызметінің негізгі нысанасы болып айқындалсын.
3. КеАҚ жарғылық капиталы 123850000 (бір жүз жиырма үш миллион сегіз жүз елу мың) теңге мөлшерінде Республикалық бюджет қаражаты есебінен және 100 (бір жүз) пайыз мөлшерінде "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық капиталына қатысудың мемлекеттік үлесін беру есебінен қалыптастырылсын.
4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) КеАҚ жарғысының бекітілуін;
2) мемлекеттік тіркеу үшін КеАҚ атынан құжаттарға қол қоюға, қаржы-шаруашылық қызметті жүзеге асыруға және басқару органдары құрылғанға дейін үшінші тұлғалардың алдында олардың мүддесін білдіруге уәкілетті адамды сайлауды;
3) КеАҚ-тың Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
4) КеАҚ акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқығын Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне беруді;
5) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 23 сәуірдегі № 225 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар
1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
"Астана қаласы" деген бөлімде:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Нұр-Сұлтан қаласы";
реттік нөмірі 21-183-жол алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-191-жолмен толықтырылсын:
"21-191. "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институты" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".
2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:
"Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне" деген бөлімде:
мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 375-9-1-жолмен толықтырылсын:
"375-9-1. "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институты" коммерциялық емес акционерлік қоғамы.";
"Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті" деген кіші бөлімде:
реттік нөмірі 375-10-жол алып тасталсын.
3. "Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 наурыздағы № 142 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі туралы ережеде:
Министрліктің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
"Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі" деген жол алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
"Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институты" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".