"Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет кепілгерлігімен берілетін қарыздарды, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін тіркеу және есепке алу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 шілдедегі № 739 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 14 наурыздағы № 107 қаулысы.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 702 Жарлығын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет кепілгерлігімен берілетін қарыздарды, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін тіркеу және есепке алу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 шілдедегі № 739 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 44, 398-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет кепілгерлігімен берілетін қарыздарды, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін тіркеу және есепке алу ережесінде:

      5-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) мына:

      Қазақстан Республикасының Үкіметі;

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк);

      Қазақстан Республикасы облыстарының, республикалық маңызы бар қалаларының, астанасының жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар) тартатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қарыздары (бұдан әрі – мемлекеттік қарыздар);";

      17 және 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Мынадай нысанда жергілікті атқарушы органдар тартқан қарыздарды тіркеу мен есепке алу:

      қарыз шартын жасасу – қарыз шартының түпнұсқасы немесе қарыз шартының нотариалды расталған көшірмесі негізінде жүзеге асырылады;

      ішкі нарықта республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарын шығару – мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды бастапқы орналастырудың нәтижелері және "Қазақстан қор биржасы" акционерлік қоғамының оның көлемі туралы растауы негізінде жүзеге асырылады.

      18. Республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару нысанында тартқан қарыздарды тіркеу қарызға реттік нөмірін беру және оны мемлекеттік қарыздардың дерекқор тізіліміне енгізу жолымен жасалады.";

      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Жергілікті атқарушы органдар өздері тартқан қарыздарды тіркеу үшін осы Ереженің 17-тармағында көрсетілген құжаттарды қарыз шартына қол қойылғаннан кейін немесе республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастырғаннан кейін он бес жұмыс күні ішінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин