"Қазақстан көлік лизингтік компаниясы" акционерлік қоғамының кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 қарашадағы № 798 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан көлік лизингтік компаниясы" акционерлік қоғамы "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" акционерлік қоғамы болып қайта аталсын.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізілсін.

      3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2018 жылғы 29 қарашадағы
  № 798 қаулысына
  қосымша 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысудың мемлекеттік үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктерінің тізбесінде:

      "Астана қаласы" деген бөлімде:

      реттік нөмірі 21-112-жол мынадай редакцияда жазылсын:

       "21-112. "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне" деген бөлімде:

      реттік нөмірі 359-22-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "359-22. "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" акционерлік қоғамы".

      3. "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 995 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 57, 546-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі туралы ережеде:

      Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:

      "8. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті" деген бөлімде:

      "Акционерлік қоғамдар" деген кіші бөлімде:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" акционерлік қоғамы;";

      көрсетілген қаулыға 4-қосымшада:

      акцияларының мемлекеттік пакеттерін (қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқығы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен оның ведомстволарына берілетін заңды тұлғалардың тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетіне" деген бөлімде:

      "Акционерлік қоғамдар" деген кіші бөлімде:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" акционерлік қоғамы.".