"Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 шілдедегі № 454 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 41, 532-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі туралы ережеде:

      "1. Жалпы ережелер" деген тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      1, 2, 3, 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) өз құзыреті шегінде мемлекет қызметінің құқықтық қамтамасыз етілуін жүзеге асыратын, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режиміне қолдау көрсететін, азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Министрліктің облыстарда, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, аудандарда, қалаларда және қалалардағы аудандарда аумақтық органдары бар.

      3. Министрлік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Министрлік мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өзінің атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Министрліктің орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, 8-үй.";

      13-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер Министрлікке кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, мұндай қызметтен түсетін түсімдер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.";

      "2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері" деген тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Министрліктің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері";

      15-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) заңды тұлғаларды, жылжымайтын мүлікке құқықтарды, орталық мемлекеттiк органдардың және олардың ведомстволарының, мәслихаттардың, әкімдіктердің, әкімдердің, сондай-ақ тексеру комиссияларының нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру, Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк есепке алуды қамтамасыз ету;";

      16-тармақта:

      15) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "15) орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу, мәслихаттардың, әкімдіктердің, әкімдердің, сондай-ақ тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу, Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізуді қамтамасыз ету;";

      44) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "44) орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, әкімдердің өздері қолданатын, Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес жариялануға міндетті, бірақ белгіленген тәртіппен жарияланбаған нормативтік құқықтық актілеріне қатысты заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар енгізу;";

      48) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "48) әділет органдары көрсететін мемлекеттік қызметтер сапасының сақталуын қамтамасыз ету;";

      мынадай мазмұндағы 140-1), 140-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "140-1) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының талдау және әлеуметтік зерттеулерінің, оның ішінде Қазақстан Республикасының Әділет министрі айқындайтын тәртіппен халықаралық ұйымдармен бірлескен зерттеулерінің бірыңғай дерекқорын жүргізу;

      140-2) Министрлiк қабылдаған және (немесе) әзірлеушi болған не өздерінің құзыретiне жататын нормативтiк құқықтық актiлердiң мониторингiн жүргізу және оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе олардың күші жойылды деп тану жөніндегі шараларды уақтылы қабылдау;";

      "3. Министрлiктің қызметiн ұйымдастыру" деген тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Министрлiктің қызметiн ұйымдастыру";

      21 және 22-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Министрліктің бірінші басшының өкілеттігі:

      1) заңнамаға сәйкес еңбек қатынастарының мәселелері өзінің құзыретіне жатқызылған Министрлік қызметкерлерін лауазымдарға тағайындайды және босатады;

      2) заңнамада белгіленген тәртіппен Министрлік қызметкерлерін тәртіптік жазаға тартады және көтермелеу бойынша шаралар қолданады, өзінің құзыретіне жатқызылған еңбек қатынастарын шешеді;

      3) бұйрықтарға қол қояды;

      4) барлық мемлекеттік органдарда және өзге ұйымдарда Министрліктің атынан өкілдік етеді;

      5) Министрліктің жұмыс регламентін бекітеді;

      6) Министрлікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданған шаралар үшін дербес жауапты болады.

      Бірінші басшы болмаған кезде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      22. Бірінші басшы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз орынбасарларының (вице-министрлерінің) өкілеттіктерін айқындайды.";

      "4. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мүлкі" деген тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Министрліктің мүлкі";

      24-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Заңнамада көзделген жағдайларда Министрліктің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.";

      26-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;

      "5. Министрлiктi қайта ұйымдастыру және тарату" деген тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-тарау. Министрлікті қайта ұйымдастыру және тарату";

      Министрліктің қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны".";

      2-тармақ алып тасталсын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев