2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің 462-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Шығарылған елі бойынша акциздер салуға жатқызылатын импортталатын тауарлардың қосымша тізбесін айқындау қағидалары бекітілсін.
2. "Шығарылған елі бойынша акциздер салуға жатқызылатын импортталатын тауарлардың қосымша тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 мамырдағы № 507 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 34, 324-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 207 қаулысымен бекітілген |
Шығарылған елі бойынша акциздер салуға жатқызылатын импортталатын тауарлардың қосымша тізбесін айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Шығарылған елі бойынша акциздер салуға жатқызылатын импортталатын тауарлардың қосымша тізбесін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің 462-бабына сәйкес әзірленді және шығарылған елі бойынша акциздер салуға жатқызылатын импортталатын тауарлардың қосымша тізбесін айқындау тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – сауда қызметi саласында сауда саясатын қалыптастыратын және басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) тауар – сатуға немесе айырбастауға арналған, айналымнан алынбаған кез келген еңбек өнімі;
3) біртекті тауарлар – барлық жағынан бірдей болып табылмайтын, бірақ өздерінің бағаланатын тауарлар сияқты функцияларды орындауына және олармен бірін-бірі коммерциялық тұрғыда алмастыра алатын тауарлар болуына мүмкіндік беретін ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас құрауыштардан тұратын, дәл сондай материалдардан өндірілген тауарлар.
2-тарау. Шығарылған елі бойынша акциздер салуға жатқызылатын импортталатын тауарлардың қосымша тізбесін айқындау тәртібі
3. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасына тауарлар импортының серпіні мен құрылымын талдау деректері негізінде Еуразиялық экономикалық одақ сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының (бұдан әрі – ЕурАзЭҚ СЭҚ ТН) алты белгісі деңгейінде жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тауарлардың қосымша тізбесін қалыптастырады. Біртекті тауарларды қарастырған жағдайда статистика ЕурАзЭҚ СЭҚ ТН төрт белгісі деңгейінде қаралуы мүмкін.
4. Қосымша тізбе:
1) ЕурАзЭҚ СЭҚ ТН кодтарын алты немесе төрт белгі деңгейінде көрсете отырып, бір мезгілде мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін тауарлардан:
қарастырылып отырған кезеңде көрсетілген тауарлардың Қазақстан Республикасына импортының жалпы көлемінен 30 % немесе одан астамы белгілі бір елдің үлесіне келетін импорт құрылымындағы тауарлардан, бұл ретте көрсетілген елдерден импорттың құндық көлемі 10 мың АҚШ долларынан артуы тиіс тауарлар;
өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда қарастырылып отырған кезеңде табиғи мәндегі импорт көлемінің ұлғаюын (және/немесе қосымша өлшем бірлігінде) көрсететін тауарлардан;
2) қарастырылып отырған кезеңде көрсетілген тауарлардың Қазақстан Республикасына импортының жалпы көлемінен 30 % немесе одан астамы импорт үлесіне келетін елдердің атауларынан тұрады.
5. Қосымша тізбені қалыптастыру кезінде нақты тауар импортына қатысты акцизді қолданудың экономикалық орындылығы және/немесе Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелер ескеріледі.
6. Қосымша тізбе жобасы Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарына келісу үшін жіберіледі.
7. Қазақстан Республикасының мүдделi мемлекеттiк органдарымен келiсу нәтижелерi бойынша қосымша тiзiмнiң жобасы Қазақстан Республикасының сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрi – Ведомствоаралық комиссия) қарауына жiберiледi.
8. Уәкілетті орган ведомствоаралық комиссияның ұсынымдық шешімі болған жағдайда қосымша тізімді бекітеді.