"Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Атырау облысы мұражай қорығы "Хан Ордалы – Сарайшық" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын коммуналдық меншіктен республикалық меншікке қабылдау туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 4 сәуірдегі № 162 қаулысы.

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлiктi мемлекеттік меншiктiң бір түрінен екіншісіне беру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметiнiң 2011 жылғы 1 маусымдағы № 616 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Атырау облысы мұражай қорығы "Хан Ордалы – Сарайшық" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны мүліктік кешен ретінде заңнамада белгіленген тәртіппен коммуналдық меншіктен республикалық меншікке қабылдансын және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiнің қарамағына берілсін.

      2. "Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Атырау облысы мұражай қорығы "Хан Ордалы – Сарайшық" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiнің "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі – кәсіпорын) болып қайта аталсын.

      3. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлiгi тиісті салаға басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган болып айқындалсын.

      4. Кәсіпорын қызметінің негізгі нысанасы мәдениет саласындағы қызмет болып айқындалсын.

      5. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлiгi заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне кәсіпорынның жарғысын бекітуге енгізсін;

      2) кәсіпорынның әділет органдарында мемлекеттік қайта тіркелуін қамтамасыз етсін;

      3) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен, сондай-ақ Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп, осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      6. "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 1003 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 58, 550-құжат) толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі туралы ережеде:

      "Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 71-жолмен толықтырылсын:

      "71. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Сарайшық" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.".

      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев