"Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және "Болашақ" халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 наурыздағы № 143 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және "Болашақ" халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы № 573 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 30, 297-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларында:

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. "Болашақ" стипендиясы тағылымдамадан өту, әрбір дәрежені (магистр, философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор) алу, резидентурада оқу үшін бір рет тағайындалады.

      Бұрын тағайындалған стипендияны пайдаланбаған және оқуға немесе тағылымдамаға кіріспеген тұлғаларға, Әкімші алдында берешегі болмаған жағдайда, "Болашақ" стипендиясын тағайындау үшін конкурсқа қатысудың бір реттік мүмкіндігі беріледі.";

      9-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) өз бетінше түскендер санаты бойынша қатысатын үміткерлер үшін:

      Тізімге енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында академиялық бағдарламаларда оқитындар – оқудың барлық кезеңіндегі үлгерімінің орташа балының Тізімге енгізілген шетелдік жетекші жоғары оқу орнында белгіленген бағалау жүйесіне сәйкес кемінде "жақсы" деген бағаға сәйкес болуы және бакалавр немесе маман дипломының орташа балының кемінде 3.0 (4.0/4.33-тен) GPA балына немесе Жұмыс органы бекітетін "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін бағалар баламалығы кестесіне (бұдан әрі – бағалар баламалығы кестесі) сәйкес оның баламасына сәйкес келуі;

      академиялық оқуға түскендер – бакалавр немесе маман дипломының орташа балының кемінде 3.0 (4.0/4.33-тен) GPA балына немесе бағалар баламалығы кестесіне сәйкес оның баламасына сәйкес келуі;";

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Республикалық комиссияның шешімінде "Болашақ" стипендиясы есебінен тағылымдама өткізуді жүзеге асыратын шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың талаптарына сәйкес конкурстың мынадай жеңімпаздары үшін:

      1) осы Қағидалардың 4-тармағының 2), 3), 4), 6), 7) тармақшаларында көрсетілген санаттар бойынша – Жұмыс органы бекітетін тілдік курстардың ұзақтығы кестесіне (бұдан әрі – кесте) сәйкес, бірақ 12 айдан аспайтын, ағылшын тілін үйрену үшін Қазақстан Республикасында – 6 айдан аспайтын және шетелде 6 айдан аспайтын мерзімде;

      2) осы Қағидалардың 4-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген санат және философия докторы (PhD), бейін бойынша доктор дәрежесін алу, резидентурада оқу үшін түскендер бойынша – Жұмыс органы бекітетін кестеге сәйкес, бірақ 12 айдан аспайтын, ағылшын тілін үйрену үшін Қазақстан Республикасында – 6 айдан аспайтын және шетелде 6 айдан аспайтын мерзімде;

      3) осы Қағидалардың 4-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген санат бойынша 6 айдан аспайтын, ағылшын тілін үйрену үшін Қазақстан Республикасында 6 айдан аспайтын мерзімде тілдік курстардан өту қажеттілігі туралы көрсетіледі.

      Конкурс жеңімпазы Қазақстан Республикасында тілдік курстардан өткеннен кейін шет тілін білудің қажетті деңгейін анықтау үшін аралық бақылау тестін тапсырады.

      Аралық бақылау тесті бойынша шет тілін білудің қажетті деңгейіне қол жеткізілмеген жағдайда, конкурс жеңімпазына оны өтпеген күннен бастап 2 (екі) ай ішінде өз қаражаты есебінен қайтадан тапсыруға бір реттік мүмкіндік беріледі.

      Аралық бақылау тестін тапсырған жағдайда конкурс жеңімпазы тілдік курстардан өту үшін шетелге жіберіледі.

      Конкурс жеңімпазы шетелде тілдік курстардан өткеннен кейін шет тілін білудің қажетті деңгейін анықтау үшін қорытынды бақылау тестін тапсырады.

      Тізімге кіретін шетелдік оқу орнына академиялық оқуға шартсыз қабылданғанын растайтын құжаты бар конкурс жеңімпазы қорытынды бақылау тестін тапсырудан босатылады.

      Қорытынды бақылау тесті бойынша шет тілін білудің қажетті деңгейіне қол жеткізілмеген жағдайда, конкурс жеңімпазына оны өтпеген күннен бастап 6 (алты) ай ішінде өз қаражаты есебінен қайтадан тапсыруға бір реттік мүмкіндік беріледі.

      Аралық және қорытынды бақылау тесті тапсырылған кезде шет тілін білудің қажетті деңгейін Жұмыс органы шетелдік әріптестердің талаптарын ескере отырып белгілейді.

      Конкурс жеңімпазы аралық немесе қорытынды бақылау тестін қайтадан тапсырмаса және шетелдік жоғары оқу орнына немесе тағылымдамадан өтуді жүзеге асыратын шетелдік ұйымға түсу үшін шет тілін білудің қажетті деңгейін осы тармаққа сәйкес белгіленген мерзімде меңгермесе, ол Республикалық комиссияның шешімі бойынша "Болашақ" стипендиясы бойынша одан әрі тілдік курстардан, академиялық оқу немесе тағылымдамадан өту құқығынан айырылады және Республикалық комиссияның "Болашақ" стипендиясын тағайындау туралы шешімі шыққан күннен бастап оған жұмсалған барлық шығыстарды өтейді.";

      27-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) конкурс жеңімпазының шетелде академиялық оқуын аяқтағаннан немесе тағылымдамадан өткеннен кейін Қазақстан Республикасына міндетті түрде оралуы және "Болашақ" стипендиясы шеңберінде алған мамандығы бойынша үздіксіз еңбек қызметін келесі мерзімдер мен өлшемшарттармен жүзеге асыруы туралы шарт:

      кемінде бес жыл – Қазақстан Республикасы шегінен тыс, астанада немесе республикалық маңызы бар қалада не үш жыл – Қазақстан Республикасының өзге де өңірлерінде:

      осы Қағидалардың 4-тармағының 1), 1-1) тармақшаларында көрсетілген адамдар үшін – Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан ұйымдарда, қазақстандық және шетелдік ұйымдардың филиалдарында, өкілдіктерінде не акциялары (жарғылық капиталға қатысу үлесі) Қазақстан Республикасына не ұлттық компанияларға тиесілі Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан ұйымдарда;

      осы Қағидалардың 4-тармағы 2) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін – өтінімге сәйкес мемлекеттік қызметте не Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық қызмет органдарында не Республикалық комиссияның шешімі бойынша, бос жұмыс орындары болған жағдайда – Қазақстан Республикасының ұйымдарында, сондай-ақ акциялары (жарғылық капиталдағы қатысу үлесі) Қазақстан Республикасына не ұлттық компанияларға тиесілі Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі ұйымдарда одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігімен өздерін жіберген мемлекеттік органда;

      осы Қағидалардың 4-тармағының 3), 4), 6), 7) тармақшаларында көрсетілген адамдар үшін – өтінімге сәйкес өздерін жіберген ұйымдарда не жұмыс берушінің келісімі болғанда Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзге ұйымдарда;

      кемінде үш жыл – осы Қағидалардың 4-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін өтінімге сәйкес өздерін жіберген ұйымдарда не жұмыс берушінің келісімі болғанда Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан өзге ұйымдарда;

      осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген санаттар үшін кемінде үш жыл – қалаларда (облыс орталықтарында) не екі жыл – облыстық, аудандық маңызы бар қалаларда және облыстың өзге де аудандарында білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын бастауыш, орта, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі деңгейдегі білім беру ұйымдарында, еңбек қызметін қоса атқармай жүзеге асыру шартымен;";

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Болашақ" халықаралық стипендиясын жұмсау бағыттарында:

      1-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) шет тілін білу деңгейін айқындау үшін аралық және қорытынды бақылау тестілеуді қоса алғанда, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімі бойынша олардан өту қажет болған жағдайда тілдік курстар;".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев