Қылмыстық іс жөніндегі іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау мәселелерін реттейтін заңнаманы сот практикасында дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 53-тарауында көзделген қылмыстық істер жөніндегі сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау бойынша іс жүргізу қылмыстық процестің сатысы болып табылып, осы мән-жайлар шешім қабылдау кезінде сотқа мәлім болмаған жағдайда, заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау үшін құқықтық негіздер мәселесінің бар-жоғы шешіледі.
Заңды күшіне енген сот үкімін, қаулысын, оның ішінде ҚПК-нің 71-тарауының тәртібімен шығарылған қаулыны да сот жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауы мүмкін. Сот актілерін қайта қарау үшін негіздер заңды күшіне енген үкімдегі, қаулыдағы сот түйіндерін теріске шығаратын мән-жайлар болып табылды. Көрсетілген негіздер ҚПК-нің 499-бабының екінші бөлігінде көрсетілген, олар түпкілікті болып табылады және кеңейтіп түсіндірілуге жатпайды.
Жаңадан ашылған мән-жайлар соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталады және жәбірленушінің, куәнің айғақтарының, сарапшы қорытындысының көрінеу жалғандығын, заттай дәлеледемелердің, тергеу және сот әрекеттері хаттамаларының, өзге құжаттардың көрінеу жалған екенін, аударманың көрінеу дұрыс аударылмағандығын, анықтаушының, тергеушінің, прокурордың, судьяның заңсыз және негізсіз үкім немесе қаулы шығаруға әкеп соққан заңсыз әрекеттерін куәландырады.
Бұл мән-жайлар үкімнен басқа, ҚПК-нің 499-бабы үшінші бөлігінде көрсетілген қылмыстық істі ақталмайтын негіздер бойынша тоқтату туралы соттың, прокурордың, тергеушінің немесе анықтаушының қаулысымен анықталуы мүмкін.
ҚПК-нің 502-бабының екінші бөлігіндегі тәртіппен тексеру немесе тергеп-тексеру нәтижесінде анықталған және прокурордың қорытындысында баяндалған өзге мән-жайлар да іс жүргізуді қайта бастау үшін негіз болып табылады. Өзге мән-жайлар деп іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу барысында анықталмаған және басты сот талқылауында мәлімделмеген мән-жайлар түсініледі, олар бұрын анықталған мән-жайлардан бөлек немесе жиынтығында сотталғанның кінәсіздігін немесе оның аса ауыр не одан жеңілірек қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын, не ақталған немесе ісі тоқтатылған адамның кінәлілігін куәландырады. Мысалы: осы қылмысты басқа адамның жасағандығы туралы деректер; өлді деп саналған жәбірленушіні тірі деп жариялау; сотталушының қылмыс жасауға қатыстылығын немесе қатысы жоқтығын анықтайтын фактілер және т.б.
ҚПК-нің 499-бабы екінші бөлігінің 7) тармағына сәйкес жаңадан ашылған мән-жайларға Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жердегі және сотқа келуден жалтарып жүрген сотталған адам өзінің қатысуынсыз қылмыстық іс қаралып, үкім шығарылғаннан кейін келіп, өзінің қатысуымен қылмыстық істі қайта қарау туралы өтінішхатты мәлімдеген жағдайлар жатқызылуға жатады.
2. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша аудандық және оған теңестірілген соттың, апелляциялық немесе кассациялық сатылардың үкімі (айыптау да, ақтау да), істі тоқтату туралы қаулысы, үкім шығарылғанға дейін заңсыз жолмен алынған мүлікті тәркілеу туралы қаулысы ғана қайта қаралуы мүмкін. Өтінішхат үкімді, қаулыны шығарған сотқа берілуі тиіс. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхат апелляциялық немесе қассациялық сатыдағы сотқа, олар сот актісін процестік шешім қабылдаумен мәні бойынша қайта қараған жағдайда беріледі. Егер сот актілері облыстық және оларға теңестірілген соттардың бұрын әрекет еткен кассациялық алқаларының қарау нысанасы болса, өтінішхатты осы соттардың апелляциялық сатылары алқалы түрде қарайды.
3. Айыптау үкімін немесе соттың үкімі шығарылғанға дейін заңсыз жолмен алынған мүлікті тәркілеу туралы айыптау үкімін немесе қаулыны қайта қарау және сотталғанның немесе ақталғанның пайдасына іс жүргізуді қайта бастау мерзімдері шектелмеген. Ақтау үкімін, істі тоқтату туралы қаулыны немесе айыптау үкімін сотталғанның жағдайын нашарлататын негіздер бойынша қайта қарауға екі негіздің жиынтығы сақталған кезде жол: егер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 71-бабында көзделген қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтпесе және жаңа мән-жайлар ашылған күннен бастап бір жыл өтпесе жол беріледі. Жаңа мән-жайлардың ашылу мерзімінің басталуын есептеу ҚПК-нің 501-бабының төртінші бөлігінде реттелген.
4. Сотталған, ақталған адамның, оған қатысты іс тоқтатылған адамның, олардың қорғаушылары мен заңды өкілдерінің, жәбірленушінің, жәбірленуші өкілінің, сонымен қатар азаматтардың, оның ішінде осы іс бойынша процеске қатысушылардың арыздарынан, ұйымдардағы лауазымды адамдардың хабарламаларынан алынған ақпараттың, басқа қылмыстық істерді тергеп-тексеру және қарау барысында алынған деректердің негізінде прокурордың іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхат беру құқығы бар.
Сотталған адамның қайтыс болуы, егер оның жақын туыстары оны ақтау мақсатында өтінішхат берсе, іс бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастауға кедергi болып табылмайды.
Іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау екі сатыдан тұрады: іс жүргізуді қозғау және өтінішхатты жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарау.
Іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхат сот отырысында процеске қатысушылармен қатар басқа адамдарды да шақыру арқылы қаралады. Қарау нәтижелеріне сәйкес сот іс бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау және сот отырысын тағайындау туралы қаулы шығарады не оны қозғаудан бас тартады.
5. Егер өтінішхатта ҚПК-нің 499-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 3) және 6) тармақтарында көзделген негіздерге сілтеме болса, сот өзінің қаулысымен іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғайды және ҚПК-де белгіленген қағидалар бойынша прокурор мен қорғаушының қатысуымен сот талқылауын өткізеді. Осыған ұқсас іс қозғау тәртібі дау айтылған сот актісін шығарған кезде қолданылған заңды немесе нормативтік актіні Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінің конституциялық емес деп тануы қайта қарау үшін негіз болған жағдайда да қолданылады.
Егер өтінішхатта тексеруді талап ететін өзге мән-жайларға сілтеме жасалған жағдайда, сот іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғап, сот отырысында процеске қатысушыларды тыңдайды және тергеп-тексеруді ұйымдастыру үшін материалдарды прокурорға жібереді.
Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 9-бабына (Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы № 91-ІІІ заңымен ратификацияланған, Қазақстан Республикасы үшін 2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енді), ҚПК-нің 192-бабы бірінші бөлігіне сәйкес сот прокурорға тексеру не тергеп-тексеру жүргізудің қисынды мерзімдерін белгілейді. Прокурордың сот актілерін қайта қарау үшін негіздердің бар-жоғы туралы тергеп-тексеру материалдарымен қорытындысы түскеннен кейін сот қарауды жалғастырады және ҚПК-нің 505-бабының бірінші бөлігінде көзделген шешімдердің бірін қабылдайды.
6. Егер арызда ҚПК-нің 499-бабының екінші бөілігінің 1)-ден бастап 7)-ншіні қоса алғандағы тармақтарында көзделмеген негіздер (мысалы, үкімде көрсетілген дәлелдемелер шағымдалса) көрсетілген жағдайда, сот іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Мұндай арыздарды хатпен қайтаруға жол берілмейді.
7. Іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхат іс бойынша іс жүргізуді қайта бастау туралы мәселені қарауға құқығы бар сотқа тікелей, сонымен қатар прокурорға берілуі мүмкін. Өтінішхат қарауына түскен прокурор іс жүргізуді қайта бастауға негіздердің бар болуын анықтап, қылмыстық істің материалдарымен және жаңадан іске қоса тігілген құжаттармен бірге сотқа өтінішхатпен жүгінеді. Прокурорға ҚПК-нің 499-бабы екінші бөлігінің 4) тармағында көзделген және тергеу әрекеттерінің іс жүргізуін талап ететін мән-жайлар көрсетілген іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы арыз, өтініш келіп түскен кезде прокурор тергеп-тексеруді ұйымдастырады.
Іс жүргізуді қозғауға негіздер анықталмаған жағдайда прокурор бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады, оның көшірмесі арыз берушіге қабылданған шешімді жоғары тұрған прокурорға шағымдау немесе осыған ұқсас өтінішхатпен сотқа өз бетінше жүгіну мүмкіндігі түсінідіріліп үш тәулік ішінде жіберіледі.
8. Іс жүргізу жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғалған жағдайда сот отырысы арыз берушінің, оның өкілінің, қорғаушының, прокурордың, процеске өзге де қатысушылардың қатысуымен өткізіледі, олардың келмеуі істі қарауға кедергі келтірмейді. Сотталған адамның сот отырысына өзінің не бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуы міндетті. Сот процеске қатысушылар болып табылмайтын өзге адамдарды сот отырысына шақыруға құқылы.
9. Бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы сотта істі қарауға қатысқан судья осы істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қарауға қатыса алмайды.
10. Сот талқылауы аяқталғаннан кейін сот өтінішхатты қанағаттандыру, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы қаулылардың бірін шығарады. Егер ҚПК-нің 499-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар анықталған және осы мән-жайлар заңсыз немесе негізсіз үкімді, қаулыны шығаруға себеп болған немесе әкеп соққан жағдайда, сот өтінішхатты қанағаттандыру туралы қаулы шығарады. Мұндай жағдайда сот актісі жойылуға, ал іс жаңадан сотқа дейінгі тергеп-тексеруге немесе көрсетілген мән-жайлар анықталған іс жүргізу сатысына қарай соттың қарауына жіберілуге жатады. Егер тергеп-тексеру немесе жаңадан сот қарауы талап етілмесе, сот негіздерді көрсете отырып, іс бойынша іс жүргізуді уәжді қаулымен тоқтатады.
11. ҚПК-нің 499-бабы екінші бөлігінің 7) тармағында көрсетілген іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау негізімен қатысуынсыз қылмыстық іс қаралған сотталғанның өз еркін білдіруі істі қайта қарау үшін сөзсіз мән-жай болып табылмайды. Сот егер қылмыстық процестің қағидаттарын бұзу сипаты мен мәнділігі шешімді заңсыз деп тануға әкеп соқса өтінішхатты қанағаттандырады.
12. Іс жүргізуді қайта бастауға негіздер болған кезде ҚПК-нің 347-бабында көзделген тәртіппен хаттаманы жасай отырып сот талқылауын жүргізу не жазбаша нысанда қысқа хаттама дайындалып, дыбыс-, бейнежазба құралдарымен оның тіркелуі ҚПК-нің 502-бабының үшінші бөлігінде бекітілген.
Егер іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау туралы өтінішхат бойынша оны қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылданса, сол бір негіздер бойынша оны қайтадан берген кезде іс жүргізу қозғалмайды.
13. Бірінші сатыдағы соттардың қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қарауды кассациялық тәртіппен қабылданған шешімге наразылық білдіру немесе оған өтінішхат келтіру құқығымен облыстық және оларға теңестірілген соттар апелляциялық қайта қарау тәртібінде жүзеге асырады.
Облыстық және оларға теңестірілген соттардың іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау туралы өтінішхат бойынша қабылданған қаулыларына прокурордың өтінішхаттарын, наразылықтарын қарауды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты ҚПК-нің 52-тарауының қағидалары бойынша, яғни судьяның жеке-дара өтінішхатты алдын ала қарауы арқылы жүзеге асырады.
14. Кассациялық сатыға берілген іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау туралы өтінішхат алқалы қаралуға тиіс, ал қабылданған қаулыға шағым берілмейді және ол жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді.
15. Үкімнің немесе қаулының күші жойылған және тергеп-тексеру жүргізілген соң кейінгі сот талқылауын алғашқы үкімді шығарған сот ҚПК-да белгіленген жалпы тәртіппен жүргізеді. Іс апелляциялық сатының іс жүргізуіне, егер бұрын осы саты үкімді өзгерткен немесе күшін жойған, сондай-ақ кассациялық саты оның күшін жойған жағдайда, қайта қарау үшін беріледі.
Жаңадан шығарылған үкімге немесе қаулыға шағым берілуі, олар прокурордың өтінішхатымен қайта қаралуы немесе оларға жалпы тәртіппен наразылық келтірілуі мүмкін.
16. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Ж.Асанов |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Г.Әлмағамбетова |