"Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 9-бабының 5-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі бекітілсін.
2. Мемлекеттік органдар осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі (бұдан әрі – Мемлекеттік жоспарлау жүйесі) – елдің ұзақ мерзімді (5 жылдан астам), орта мерзімді (бір жылдан 5 жылды қоса алғанға дейін) кезеңдерге арналған дамуын қамтамасыз ететін, мемлекеттік жоспарлау қағидаттарынан, құжаттарынан, процестерінен және оған қатысушылардан тұратын өзара байланысты элементтер кешені.
2. Мемлекеттік жоспарлау мемлекеттік билік органдарының және елді дамыту процесіне өзге де қатысушылардың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын өсіруге және ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған қызметін қамтиды.
1.1. Негізгі ұғымдар
3. Осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) нысаналы индикатор – мақсатқа қол жеткізу деңгейін өлшеуге мүмкіндік беретін оның санмен берілетін мәні;
2) нәтиже көрсеткіші – міндеттің шешілу деңгейін айқындауға мүмкіндік беретін санмен өлшенетін көрсеткіш;
3) көрсеткіштердің базалық тізбесі – аумақтарды дамытудың түйінді бағыттарының деңгейлерін көрсететін және жергілікті атқарушы органдар қызметі тиімділігінің көрсеткіштері болып табылатын аумақтарды дамыту бағдарламаларының біріздендірілген нысаналы индикаторларының жиынтығы;
4) жоспарлы кезең – Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің тиісті құжаты әзірленетін кезең.
2. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қағидаттары
4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) бірыңғайлық пен біртұтастық – мемлекеттік жоспарлау саласындағы заңнаманың, Мемлекеттік жоспарлау жүйесін ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаттарының бірыңғайлығы, мемлекеттік жоспарлау процесін жүзеге асыру тәртібінің бірыңғайлығы;
2) ішкі теңгерімділік – мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының даму мақсаттары, міндеттері және нәтижелер көрсеткіштері бойынша өзара келісілуі;
3) нәтижелілік және тиімділік – мақсаттарды, міндеттерді және нәтижелер көрсеткіштерін таңдау барынша дұрыс (нәтижелі) болуға, ағымдағы ахуалды терең талдауға және қойылған нәтижелерге ресурстарды барынша аз жұмсай отырып қол жеткізу қажеттігіне негізделуі тиіс;
4) міндеттерді шешу жолдарын таңдау дербестігі – мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысушылардың өз құзыреті шегінде мақсаттарға қол жеткізу және елдің даму міндеттерін шешу жолдары мен әдістерін таңдаудағы дербестігі;
5) мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысушылардың жауапкершілігі – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде міндеттерді шешудің тиімсіздігі және күтілетін нәтижелерге қол жеткізілмегені үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету;
6) айқындық (ашықтық) – мемлекеттік құпияларға жататын ақпаратты қамтитын ережелерді қоспағанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын міндетті түрде жариялау;
7) анықтық және шынайылық – Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында белгіленген даму мақсаттарына қол жеткізудің негізделген мүмкіндігі, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау процесінде пайдаланылатын нәтижелер көрсеткіштерінің негізділігі;
8) үздіксіздік, сабақтастық және дәйектілік – Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің сатылы сипаты, яғни жоғары тұрған құжаттардың мақсаттарына, міндеттеріне, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізудің табысты болуы төмен тұрған құжаттарды жоспарлау мен олардың мақсаттарына, міндеттеріне, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізудің сапасына және уақтылығына байланысты, сондай-ақ оның жұмыс істеуінің үздіксіз тетігі;
9) ресурстық қамтамасыз етілу – қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының негізгі бағыттары бойынша қаржыландыру көздері мен көлемін, еңбек, басқа да материалдық және материалдық емес ресурстарды айқындау.
3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары
5. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына мыналар жатады:
1) Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы;
2) Қазақстан Республикасының 10 жылды қоса алғанға дейінгі стратегиялық даму жоспары, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздігінің 5 жылға немесе 5 жылдан астам мерзімге арналған стратегиясы;
4) 5 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы;
5) мемлекеттік бағдарламалар (5 жылдан кем емес);
6) мемлекеттік органдардың 5 жылға арналған стратегиялық жоспарлары;
7) аумақтарды дамытудың 5 жылға арналған бағдарламалары;
8) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және жарғылық капиталына мемлекет қатысатын ұлттық компаниялардың (бұдан әрі – ұлттық компаниялар) 10 жылға арналған даму стратегиялары.
6. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары төмен тұрған деңгейдегі құжаттарды әзірлеу қажеттігі мен заңдылығы жоғары деңгейде тұрған құжаттардан туындайтын, ал жоғары деңгейде тұрған құжаттарды әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу, бағалау және бақылау төмен тұрған деңгейдегі құжаттар негізінде жүзеге асырылатын біртұтас жүйені білдіреді.
7. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары үш деңгейге бөлінеді.
Елдің ұзақ мерзімді даму пайымын айқындайтын түйінді басымдықтары мен бағдарлары бар құжаттар – Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы, Қазақстан Республикасының 10 жылды қоса алғанға дейінгі стратегиялық даму жоспары, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы бірінші деңгейдегі құжаттарға жатады.
Қазақстан Республикасының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың экономикалық даму параметрлерін және мемлекеттің бес жылдық кезеңге арналған экономикалық саясатын айқындайтын, сондай-ақ салааралық және ведомствоаралық сипаттағы 5 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, кемінде 5 жыл кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламалар екінші деңгейдегі құжаттарға жатады.
Декомпозициялау негізінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші және екінші деңгейдегі құжаттарына қол жеткізу жолдарын айқындайтын құжаттар – мемлекеттік органдардың 5 жылға арналған стратегиялық жоспарлары, аумақтарды дамытудың 5 жылға арналған бағдарламалары, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың 10 жылға арналған даму стратегиялары үшінші деңгейдегі құжаттарға жатады.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының нысаналы индикаторлары мен нәтижелер көрсеткіштері осы иерархияға сүйене отырып айқындалуы тиіс.
Бірінші деңгейдегі құжаттарда елдің ұзақ мерзімді кезеңдегі дамуын айқындайтын ұлттық түйінді индикаторлар мен көрсеткіштер көрсетіледі.
Екінші деңгейдегі құжаттар ұлттық түйінді индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған салалар мен аялардың нысаналы индикаторлары мен даму көрсеткіштерін қамтиды.
Үшінші деңгейдегі құжаттар өңірлер дамуының, орталық мемлекеттік органдар, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар қызметінің нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерін қамтиды.
8. Қазақстан Республикасының Президенті елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын (бұдан әрі – Жолдау) арнайды. Жолдаудың ережелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу мен түзету кезінде, оның ішінде алдағы жоспарлы кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру кезінде ескеріледі.
Жолдаудың жобасын әзірлеу, келісу, Жолдауды іске асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
9. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша тұжырымдамалар мен доктриналар әзірленеді.
Тұжырымдама идеологиялық сипаттағы құжат болып табылады, ұзақ мерзімді кезеңге қоғамдық өмір салаларында (әлеуметтік, саяси, рухани) әзірленеді және тиісті саланы дамытудың пайымын, сондай-ақ тиісті мемлекеттік саясаттың негіздемесін, негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдерін қамтиды.
Тұжырымдаманы Қазақстан Республикасының Президенті не Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Доктрина – белгілі бір мәселе бойынша көзқарастар жүйесін, саяси қағидаттардың жиынтығын айқындайтын құжат.
Доктринаны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді немесе мақұлдайды.
Тұжырымдамалар мен доктриналар Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы, мемлекеттік бағдарламалар, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары мен заңдар арқылы іске асырылады.
Тұжырымдамалар мен доктриналарды әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган (бұдан әрі – мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган) айқындайды.
3.1. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы
10. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы Қазақстан Республикасы дамуының жаһандық пайымы мен стратегиясын, елдің экономикалық, саяси, қоғамдық дамуының ұзақ мерзімді бағыттары мен басымдықтарын айқындайды, оны іске асыру мақсатында Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары әзірленеді.
3.2. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары
11. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру мақсатында жылжымалы негізде 10 жылдан аспайтын кезеңге әр бес жыл сайын әзірленеді, тиісті кезеңдегі елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму стратегиясын, мақсаттарын, олардың көрсеткіштерін, кезең-кезеңдік нысаналы бағдарларын көрсете отырып, күтілетін нәтижелерін нақтылайды.
12. Жоспарлы кезеңге арналған Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының жобасын әзірлеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
13. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының іске асырылуын мониторингілеуді және бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі қорытындысының негізінде Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары мониторингілеу және іске асырылуын бағалау нәтижелері бойынша түзетілуі мүмкін.
14. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыруды бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
15. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган тиісті кезеңге арналған Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын әзірлейді. Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы – бұл елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін өңірлер бөлінісінде өндірістік күштерді, өндірістік, әлеуметтік және басқа инфрақұрылымды оңтайлы орналастыру, ел халқын қоныстандыру жүйесі.
Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Іске асыру процесінде макроэкономикалық жағдай өзгерген кезде Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын түзету жүзеге асырылуы мүмкін.
Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасының іске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
3.3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы
16. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын, Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында әзірленеді және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы негізгі проблемалар мен қауіп-қатерлерді, стратегиялық мақсаттар мен нысаналы индикаторларды, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерін, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өлшемшарттарын айқындайды.
17. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган орта мерзімді (5 жылға) немесе ұзақ мерзімді (5 жылдан астам) кезеңдерге әзірлейді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы алдыңғы Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асырудың соңғы жылынан кешіктірілмей әзірленеді.
18. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының құрылымын, базалық тәсілдері мен негізгі мазмұнын Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі мақұлдайды. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
19. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
20. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының ажырамас бөлігі болып табылатын, оны іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспары әзірленеді.
21. Іс-шаралар жоспарын іске асыру қорытындыларын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізеді.
3.4. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы
22. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы, мемлекеттік бағдарламалар және Қазақстан Республикасы Президентінің елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауы ескеріле отырып, жылжымалы негiзде бес жылдық кезеңге арналып жыл сайын әзiрленедi және мыналарды:
1) мемлекеттік басқарудың республикалық деңгейінде:
экономиканы дамытудың сыртқы және ішкі жағдайларын;
бес жылдық кезеңге арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салық-бюджет саясатының мақсаттары мен міндеттерін;
бес жылдық кезеңге арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салық-бюджет саясатының негізгі бағыттары мен шараларын;
бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамын;
шоғырландырылған, мемлекеттік және республикалық бюджеттердің түсімдері мен шығыстарының болжамын, тиісті бюджет тапшылығын қамтитын жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік параметрлердің болжамын;
әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын;
кезекті қаржы жылына арналған шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың тізбесін;
2) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде:
облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму үрдістерін, басымдықтарын, нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерін;
облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамын;
мыналарды:
облыс, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің түсімдері мен шығыстарының болжамын қамтитын, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттік параметрлерінің болжамын;
облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын;
облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың басым бюджеттік инвестицияларының тізбесін қамтуға тиіс облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік параметрлерін қамтиды.
Нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштер сандық және сапалық нәтижелерді айқындау үшін түйінді бағыттар (салалар) бойынша белгіленеді, бес жылдық кезең ішіндегі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясаты осы нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуға тиіс.
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджеттік өлшемдері аудандарға (облыстық маңызы бар қалаларға) және аудандық маңызы бар қалаларға, ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге бөліне отырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының құрамында көрсетіледі.
23. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын тиісінше мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мақұлдайды және ол бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
24. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын мониторингілеу, бағалау және бақылау жүзеге асырылмайды.
25. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеудің тәртібі мен мерзімдерін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
3.5. Мемлекеттік бағдарламалар
26. Ел дамуының басым стратегиялық бағыттары жөніндегі мақсаттарды, міндеттер мен күтілетін нәтижелерді айқындайтын аяаралық, салааралық және ведомствоаралық сипаттағы құжаттар мемлекеттік бағдарламалар болып табылады және Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарын іске асыру мақсатында олар кемінде 5 жыл кезеңге әзірленеді.
Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу кезеңі Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының кезеңімен үйлесімді болуы тиіс.
27. Мемлекеттік бағдарламаларды тиісті мемлекеттік орган әзірлейді және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі.
28. Мемлекеттік бағдарламаларды Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
29. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін іс-шаралар жоспары әзірленеді, ол мемлекеттік бағдарламаның ажырамас бөлігі болып табылады.
30. Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын мониторингілеуді әзірлеуші мемлекеттік орган жүргізеді.
Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізеді.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бекітетін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау объектілерінің тізбесіне сәйкес мемлекеттік тиімділік аудитін және сараптамалық-талдамалық іс-шараларды жүргізу шеңберінде республикалық бюджетті атқару мен мемлекет активтерін пайдалану бөлігінде, ал Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де бағыттар бойынша жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі қорытындысының негізінде мемлекеттік бағдарлама мониторингілеу және іске асырылуын бағалау нәтижелері бойынша түзетілуі мүмкін.
31. Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
3.6. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары
32. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспары Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы, мемлекеттік бағдарламалар, әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде әр үш жыл сайын бес жылдық кезеңге әзірленеді.
33. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспары мемлекеттік орган қызметінің стратегиялық бағыттарын, мақсаттарын, нысаналы индикаторларын айқындайды.
34. Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған мемлекеттік органдар стратегиялық жоспарлар әзірлемейді.
35. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітіледі.
36. Стратегиялық жоспарды іске асыру үшін мемлекеттік орган жыл сайын операциялық жоспар әзірлейді.
Операциялық жоспар мемлекеттік органның ағымдағы қаржы жылындағы стратегиялық жоспардың мақсаттарына және нысаналы индикаторларына, сондай-ақ мемлекеттік органның ережесінде айқындалған басқа да міндеттерге қол жеткізу жөніндегі іс-шаралардың ресурстары, жауапты орындаушылары және жүзеге асыру мерзімдері бойынша байланыстырылған нақты іс-қимылдарды қамтитын құжатты білдіреді.
37. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының іске асырылуын мониторингілеуді әзірлеуші мемлекеттік орган жүзеге асырады.
38. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізетін бағалаудан басқа, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
39. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бекітетін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау объектілерінің тізбесіне сәйкес мемлекеттік тиімділік аудитін және сараптамалық-талдамалық іс-шараларды жүргізу шеңберінде республикалық бюджетті атқару мен мемлекет активтерін пайдалану бөлігінде, ал Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де бағыттар бойынша жүзеге асырады.
40. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуын бақылауды мемлекеттік органдардың өздері жүзеге асырады.
3.7 Аумақтарды дамыту бағдарламасы
41. Аумақтарды дамыту бағдарламасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 5-тармағының 1) – 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттары негізінде бес жылдық кезеңге арналып әзірленеді.
Аумақтарды дамыту бағдарламасы негізгі бағыттарды, мақсаттарды, нысаналы индикаторларды, қажетті ресурстарды қамтиды.
42. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасын тиісінше орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің қатысуымен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы әзірлейді және ол мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен, өзге де мүдделі орталық мемлекеттік органдармен келісіледі.
Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің қатысуымен әзірлейді және ол облыстың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органымен, облыстың өзге де мүдделі атқарушы органдарымен келісіледі.
43. Аумақтарды дамыту бағдарламасын жергілікті өкілді орган бекітеді.
44. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы, ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын іске асыру үшін жергілікті атқарушы орган оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді.
45. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасын іске асыруды мониторингілеуді тиісті аумақтың бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарымен бірлесіп, тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы жүргізеді.
Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын іске асыруды мониторингілеуді тиісті аумақтың бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарымен бірлесіп, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдары жүргізеді.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы жүргізетін бағалаудан басқа, облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламаларының іске асырылуын бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
46. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы аумақтарды дамыту бағдарламаларының іске асырылуын бағалауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы бекітетін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау объектілерінің тізбесіне сәйкес мемлекеттік тиімділік аудитін және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар жүргізу шеңберінде республикалық бюджетті атқару мен мемлекет активтерін пайдалану бөлігінде, ал Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де бағыттар бойынша жүзеге асырады.
47. Аумақтарды дамыту бағдарламаларын мониторингілеу мен іске асырылуын бағалау нәтижелері бойынша және оларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары түзетілуі тиіс.
48. Аумақтарды дамыту бағдарламасының іске асырылуын бақылауды тиісті жергілікті өкілді орган жүзеге асырады.
3.8 Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары
49. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттары ескеріле отырып 10 жылға әзірленеді.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың алдыңғы даму стратегиясын іске асырудың соңғы жылынан кешіктірілмей әзірленеді.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары олардың стратегиялық бағыттарын, мақсаттары мен қызметі нәтижелерінің көрсеткіштерін айқындайды және акциялары (қатысу үлестері) ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға осы заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқық беретін заңды тұлғалардың даму стратегиялары ескеріле отырып әзірленеді.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында баяндалған мақсаттарға, міндеттерге және бюджеттік параметрлерге сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Ұлттық әл-ауқат қорының даму стратегиясын Ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесі мақұлдағаннан кейін Ұлттық әл-ауқат қорының жалғыз акционері бекітеді.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларын іске асыру мақсатында ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың
5 жыл мерзімге арналған даму жоспарлары әзірленеді.
Ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға арналған даму стратегияларын әзірлеу мен бекіту тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
50. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының іске асырылуын мониторингілеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган (жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган) жүзеге асырады.
51. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бекітетін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау объектілерінің тізбесіне сәйкес мемлекеттік тиімділік аудитін және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар жүргізу шеңберінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізетін бағалауды қоспағанда, Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының іске асырылуын бағалауды аудиттелген қаржылық есептілік бекітілгеннен кейін 3 жыл өткен соң мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
52. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бекітетін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау объектілерінің тізбесіне сәйкес мемлекеттік тиімділік аудитін және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар шеңберінде ұлттық компаниялардың даму стратегияларының іске асырылуын бағалауды Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүзеге асырады.
53. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган (жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының мониторингі мен оларды бағалау нәтижелерін веб-порталда (құпия сипаттағы және қызмет бабында пайдалануға арналған ақпаратты қоспағанда) орналастырады.
54. Тиісті саланың уәкілетті органы Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының тиісті салада орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
Ұлттық әл-ауқат қорының даму стратегиясын бақылауды оның директорлар кеңесі жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процесі және процеске қатысушылар
55. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процестері оның құжаттарын әзірлеу, бекіту, іске асыру, оларды мониторингілеу, бағалау, түзету және іске асырылуын бақылау болып табылады.
Мониторинг – бұл Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылу барысы туралы ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау және жалпылау.
Бағалау – бұл Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асырудың нәтижелілігі мен тиімділігіне қол жеткізілу дәрежесін айқындау құралы.
Түзету – Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуына жүргізілген мониторинг пен бағалау нәтижесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жолдауларының ережелерін, жекелеген тапсырмаларын іске асыру үшін аталған құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу.
Бақылау – Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының толықтығын және уақтылы орындалуына талдауды жүзеге асыру.
56. Мемлекеттік билік органдары, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар, қоғамдық, ғылыми және жекеменшік ұйымдардың өкілдері, жеке тұлғалар мемлекеттік жоспарлау жүйесінің процестеріне қатысушылар болып табылады.
5. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын,
Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын әзірлеу
5.1. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын әзірлеудің негізгі ережелері
57. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын талдау, модельдеу, пайымын қалыптастыру және басымдықтарын, нысаналы индикаторларын, стратегиялық мақсаттарын, міндеттері мен оларға қол жеткізу, ресурстық қамтамасыз ету жолдарын айқындау процесі әзірлеу болып табылады.
58. Әзірлеу кезеңінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасының, мемлекеттік бағдарламалардың, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, аумақтарды дамыту бағдарламаларының келісуге ұсынылған жобаларын мынадай бағыттар бойынша қарайды:
1) құжат әзірлеудің негізділігі;
2) таңдап алынған мақсаттардың, нысаналы индикаторлардың, міндеттердің, (аралық және түпкілікті) нәтижелер көрсеткіштерінің негізділігі мен шынайылығы;
3) ұсынылып отырған қол жеткізу жолдарының құжаттың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігі;
4) іске асыру мақсатында әзірленіп келісуге ұсынылған құжат жобасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған деңгейдегі құжатында белгіленген стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге сәйкестігі;
5) құжаттың мақсаттарының, нысаналы индикаторларының, міндеттерінің, (аралық және түпкілікті) нәтижелер көрсеткіштерінің оны іске асырудың жоспарланған мерзіміне сәйкестігі;
6) құжатты іске асыру үшін қаржы-экономикалық, материалдық-техникалық, еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілуі;
7) құжаттың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге кедергі келтіруі мүмкін сыртқы және ішкі ықтимал тәуекелдер мен мән-жайларды анықтау, сондай-ақ олардың туындауының алдын алу үшін, ал туындаған жағдайда оларды еңсеру үшін не құжатты түзету үшін қабылдануға тиіс шараларды айқындау.
59. Реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізу немесе жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды жүзеге асыру жағдайларын көздейтін Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын әзірлеу кезінде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен реттеушілік әсерді талдау рәсімі алдын ала жүргізіледі.
Реттеушілік әсерді талдау нәтижелері реттеуші мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастырылады.
60. Мемлекеттік бағдарламалар, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары, аумақтарды дамыту бағдарламалары, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму стратегиялары Қазақстан Республикасы Стратегиялық даму жоспарының ұлттық түйінді индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс.
Жоғарыда көрсетілген құжаттарды әзірлеу кезінде олардың нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштері Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының ұлттық түйінді индикаторларымен жылдары және мәндері бойынша синхрондалған және өзара байланыстырылған болуы тиіс.
61. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын әзірлеу бойынша әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
5.2. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын әзірлеу
62. Қазақстан Республикасының кезекті жоспарлы кезеңге арналған стратегиялық даму жоспарының жобасы елдің алдыңғы стратегиялық даму жоспарын іске асырудың бесінші жылынан кешіктірілмей әзірленеді.
Әзірленген Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының жобасы мынадай талаптарға сәйкес келуі:
1) Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының ұзақ мерзімді басымдықтарынан туындайтын ел дамуының басым бағыттарын қамтуы;
2) ел дамуының алдағы жоспарлы кезеңге арналған басым бағыттары арасындағы қисынды өзара байланысты қамтамасыз етуі;
3) ел дамуындағы күшті және осал жақтарды, мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлерді талдауға, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамудың ұзақ мерзімді болжамына негізделуі;
63. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары:
1) кіріспені;
2) ағымдағы ахуалды және жаһандық үрдістерді талдауды;
3) Қазақстан Республикасының пайымы, даму мақсаттарын және түйінді ұлттық индикаторларын;
4) жүйелі реформаларды;
5) Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асырудың басым бағыттарын;
6) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру тәсілдерін қамтуға тиіс.
64. Кіріспеде алдағы кезеңге арналған Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын әзірлеудің негіздемесі, қажеттігі және қысқаша түйіндемесі көрсетіледі.
65. Ағымдағы ахуалды және жаһандық үрдістерді талдау әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамудың ағымдағы жай-күйін талдау мен қол жеткізілген деңгейін бағалауды, жаһандық трендерді талдауды, елдің дамуындағы ықтимал сценарийлерді қамтиды.
66. Қазақстан Республикасының пайымы, даму мақсаттары және түйінді ұлттық индикаторлары Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру кезеңінің соңына қарай елдің даму параметрлерін айқындайды.
Қол жеткізілуі Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыруды қамтамасыз ететін кезеңнің соңына қарай елдің қалаулы болашақ жай-күйі дамудың мақсаты болып айқындалады.
Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясына қол жеткізуде жалпы ел прогресін өлшейтін ұлттық түйінді индикаторларды құрайды.
Ұлттық түйінді индикаторлар бірінші және екінші деңгейдегі индикаторларға бөлінеді.
Бірінші деңгейдегі индикаторлар барынша дамыған елдерге тән индикаторлармен салыстырмалы болуы тиіс.
Екінші деңгейдегі индикаторлар бірінші деңгейдегі индикаторларды жекелендіреді және/немесе жоспарлы кезеңге арналған барынша өзекті міндеттерді шешуге бағытталған.
67. Жүйелі реформалар Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру кезеңінің соңына дейін іске асырылуы қажет басымдықтарды, міндеттерді, бастамаларды қамтиды.
68. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асырудың басым бағыттарында Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру мақсатында мемлекеттік органдар жүзеге асыратын саясат көрсетіледі.
69. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру тәсілдерінде құжатты іске асырудың негізгі тетіктері келтіріледі.
70. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары бекітілгеннен кейін алты ай мерзімде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісу бойынша Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында түйінді ұлттық индикаторлар декомпозициясын қамтитын Стратегиялық карта бекітіледі.
Стратегиялық картаның индикаторлары мәндері, жылдары, қол жеткізу мерзімдері, құжаттардың деңгейлері бойынша теңестірілген және өзара байланыстырылған болуы, салалар, аялар және өңірлер бойынша (бөлу мүмкін болған жағдайда) бөлуді, сондай-ақ қол жеткізуге жауапты орталық мемлекеттік және жергілікті орындаушы органдарға, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға бекітуді қамтуы тиіс.
5.3. Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын әзірлеу
71. Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасының жобасын әзірлеуді, сондай-ақ оны түзетуді орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, қоғамдық және ғылыми-зерттеу ұйымдарының қатысуымен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
72. Қазақстан Республикасының Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасының жобасы алдыңғы Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын іске асырудың тоғызыншы жылынан кешіктірілмей алдағы жоспарлы кезеңге әзірленеді.
Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасының әзірленген жобасы:
1) алдағы онжылдық кезеңге арналған Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру мақсатында әзірленуі;
2) елді перспективалық аумақтық ұйымдастыру мәселелерін ашып көрсетуі;
3) экономикалық ресурстарды оңтайлы пайдалану, өндіргіш күштерді ұйымдастырудың жаңа жүйелерін пайдалану мәселелерін ашып көрсетуі;
4) аумақтарды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету мәселелерін қамту сияқты талаптарға сәйкес келуге тиіс.
73. Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасының құрылымы мынадай бөлімдерді қамтиды:
1) аумақтардың экономикалық әлеуетін талдау және бағалау;
2) аумақтық кеңістікте дамытудың бағыттары;
3) елді дамытудың болжамды параметрлері;
4) өңірлерді перспективалық дамыту схемалары.
74. "Аумақтардың экономикалық әлеуетін талдау және бағалау" деген бөлім ел өңірлерінің ресурстық әлеуетін талдауды, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу мәселелерін, өңірлерді экономикалық мамандану, қоныстандыру және нарықтық байланыстардың сипаты бойынша жіктеу мен талдауды, елдің аумақтық даму ерекшеліктерін, өңірлердің экологиялық дамуын талдауды қамтуға тиіс.
75. "Аумақтық кеңістікте дамыту бағыттары" деген бөлім Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың мақсаттарынан, міндеттерінен және негізгі тәсілдерінен, макроөңірлердің стратегиялық даму бағыттарынан тұрады.
76. "Елді дамытудың болжамды өлшемдері" деген бөлім алдағы онжылдық кезеңге арналған елді және өңірлерді дамытудың негізгі болжамды көрсеткіштерін қамтиды.
77. "Өңірлерді перспективалық дамыту схемалары" деген бөлім өңірлердің перспективалық экономикалық мамандануының, перспективалық қоныстандырудың, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды перспективалық дамыту схемаларын қамтиды.
5.4. Мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу
78. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының жүйелік реформалары мен міндеттерін, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының бағыттарын іске асыру үшін мүдделі мемлекеттік орган мемлекеттік бағдарлама әзірлейді.
79. Мемлекеттік бағдарламалар әзірленгенге дейін мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге бастамашылық етуші мемлекеттік орган мемлекеттік бағдарламаны әзірлеудің орындылығын мақұлдау үшін Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының қатысуымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында мемлекеттік бағдарлама жобасы тұжырымдамасының таныстырылымын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік бағдарлама жобасының тұжырымдамасында бағдарламаның негізгі бенефициарлары, күтілетін әлеуметтік-экономикалық әсер туралы ақпарат қамтылуға тиіс. Мемлекеттік бағдарламаның жобасы қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаны жалғастыру үшін әзірленген жағдайда, мемлекеттік бағдарлама жобасының тұжырымдамасы аяқталатын мемлекеттік бағдарламаның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізілу дәрежесі, оның іске асырудан болатын әлеуметтік-экономикалық әсер мен жұмсалған қаражаттың тиімділігі туралы ақпаратты да қамтуға тиіс.
80. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен қажет болған жағдайда ғылыми-зерттеу ұйымдары, ғалымдар мен әртүрлі білім салаларының мамандарын тарта отырып, мемлекеттік органдардың, қоғамдық кеңестердің өкілдерінен және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан құралған мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу жөніндегі комиссия (жұмыс тобы) құрылады.
81. Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге бастамашылық мемлекеттік орган жария талқылау үшін мемлекеттік бағдарламаның жобасын (құпия сипаттағы және қызмет бабында пайдалануға арналған ақпаратты қоспағанда) мемлекеттік органның интернет-ресурсында және ашық деректердің интернет-порталында орналастырады және келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып пысықтайды.
82. Әзірлеуші мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне барлық мүдделі мемлекеттік органдармен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен келісілген мемлекеттік бағдарламаның жобасын енгізеді.
83. Қажет болған жағдайда әзірлеуші мемлекеттік орган пысықтаған мемлекеттік бағдарламаның жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президентіне келісуге енгізеді.
84. Мемлекеттік бағдарламаның әзірленген жобасы:
1) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарын іске асыру мақсатында әзірленуі;
2) салааралық, аяаралық және ведомствоаралық сипаттағы міндеттерді шешуге, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге бағдарлануы;
3) игілік алушылардың нысаналы тобының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағдарлануы;
4) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін мақсаттардың, нысаналы индикаторлардың, міндеттер мен шаралардың мерзімдері, ресурстары мен орындаушылары бойынша келісілген жүйені қамтуы;
5) шаралардың атаулылығын, оларды іске асыру мерзімдері мен реттілігінің нақты айқындалуын, орындаушылар қызметінің бағдарламалық мақсаттарға қол жеткізуге қатаң бағдарлануын қамтамасыз етуі;
6) қаржы, еңбек және материалдық ресурстар мен оларды қамтамасыз ету көздерінің теңгерімділігінің қамтамасыз етілуі;
7) қысқа әрі нақты, тезистік форматта баяндалуы сияқты талаптарға сәйкес келуге тиіс.
85. Мыналарға:
1) жеке саланың немесе нақты өңірдің (қаланың, аумақтың) проблемаларын шешуге;
2) мемлекеттік органдардың ведомствоішілік мәселелерін шешуге;
3) қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың, сондай-ақ осы бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралардың мақсаттары мен міндеттерінің қайталануына бағытталған мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге жол берілмейді.
86. Мемлекеттік бағдарламаның құрылымы мынадай бөлімдерден тұрады:
1) паспорт (негізгі параметрлер);
2) кіріспе;
3) ағымдағы ахуалды талдау;
4) бағдарламаның мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары мен іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері;
5) бағдарламаның негізгі бағыттары, қойылған мақсаттарына қол жеткізу жолдары және тиісті шаралар;
6) қажетті ресурстар.
87. "Паспорт (негізгі параметрлер)" бөлімінде бағдарламалық құжаттың мыналарды қамтитын негізгі параметрлері жазылады:
1) атауы;
2) әзірлеу үшін негіздеме;
3) бағдарламалық құжатты әзірлеуге жауапты мемлекеттік органды, сондай-ақ іске асыруға жауапты мемлекеттік органдарды көрсету;
4) мақсаттары;
5) міндеттері;
6) іске асыру мерзімдері;
7) нысаналы индикаторлары;
8) қаржыландыру көздері мен көлемдері.
88. "Кіріспе" деген бөлімде ұсынылып отырған мемлекеттік бағдарламаның қажеттігінің негіздемесі жазылады.
89. "Ағымдағы жағдайды талдау" деген бөлімде:
1) қызмет саласының жай-күйінің ағымдағы ахуалын, сондай-ақ бұл саланың елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына әсерін бағалау (бұл ретте күшті және осал жақтарын, осы қызмет саласы үшін мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлерді алдын ала талдау негізінде негізгі проблемаларды, үрдістер мен алғышарттарды бөліп көрсету қажет);
2) қызмет саласын дамытуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды іске асырудың қолданыстағы нормативтік құкықтық базасын, қолданыстағы практикасы мен нәтижелерінің сипаттамасын қоса алғанда, қызмет саласын дамытуды мемлекеттік реттеудің қолданыстағы саясатын талдау жазылады.
90. "Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары мен іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері" деген бөлімде бағдарламаның Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарын негізге ала отырып қалыптастырылған мақсаттары көрсетіледі.
91. Мемлекеттік бағдарламаның барлық мақсаттары бағдарламаның мақсаттарына қол жеткізілу дәрежесін айқындауға мүмкіндік беретін аралық және түпкілікті мәндері бар нысаналы индикаторларды қамтуға тиіс.
92. Ахуалды талдау негізінде қалыптасатын және жоспарлы кезеңнің соңына қарай қызмет салаларындағы түйінді өзгерістерді көруге мүмкіндік беретін бағдарламаның тиісті мақсатына қол жеткізу үшін орындалуы қажет негізгі шарттар бағдарламаның міндеттері болып табылады.
93. Әрбір міндет бағдарлама міндеттерінің шешілу дәрежесін сипаттайтын нәтижелер көрсеткіштерінің аралық және түпкілікті мәндерін (санмен өлшенетін) қамтуға тиіс.
94. Мемлекеттік бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері анық, нақты, бақыланатын, тексерілетін және бағаланатын болуы тиіс. Нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштері кешенділігімен сипатталуға, аяаралық, салааралық және ведомствоаралық сипаттағы мәселелердің шешілу деңгейін, дәрежесін көрсетуге тиіс.
95. Бағдарламаның мақсаттары, нысаналы индикаторлары, міндеттері мен іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері оларға қол жеткізуге жауапты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар көрсетіле отырып келтіріледі.
96. "Бағдарламаның негізгі бағыттары мен қойылған мақсаттарына қол жеткізу жолдары мен тиісті шаралар" деген бөлімде мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қойылған мақсаттарға қол жеткізу мен алда тұрған міндеттерді шешу жолдары, сондай-ақ әрбір мақсатқа қол жеткізуді және әрбір міндетті шешуді толық көлемде әрі қажет мерзімде қамтамасыз ететін шаралар жүйесі келтіріледі.
97. "Қажетті ресурстар" деген бөлімде мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға арналған ресурстарға (қаржы-экономикалық, материалдық-техникалық, еңбек) қажеттіліктер жазылады.
98. Бағдарламаны қаржыландыру көздері: республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, мемлекеттік қарыздар, мемлекеттің кепілдігімен тартылатын мемлекеттік емес қарыздар, тікелей шетелдік және отандық инвестициялар, халықаралық қаржы-экономикалық ұйымдардың немесе донор елдердің гранттары, екінші деңгейдегі банктердің кредиттері, ұйымдардың меншікті қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер бола алады.
99. Қаржыландырудың болжамды көлемдері әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, республикалық және жергілікті бюджеттердің жоспарлы кезеңге арналған параметрлері, халықаралық шарттар мен басқа да құжаттар ескеріле отырып айқындалады.
5.5. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеу
100. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспары:
1) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы, мемлекеттік бағдарламалар мақсаттарына, көрсеткіштеріне қол жеткізу және міндеттерін шешудің жолдары мен тәсілдері жазыла отырып, Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға, сондай-ақ мемлекеттік органның мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді тиімді орындауына және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсетуге бағдарлануы;
2) игілік алушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағдарлануы;
3) мемлекеттік органның алдыңғы жоспарлы кезеңге арналған стратегиялық жоспарының мақсаттары, нысаналы индикаторлары ескеріле отырып әзірленуі;
4) мемлекеттік органның меморандумында айқындалған орталық мемлекеттік органның бірінші басшысының түйінді нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз ету ескеріле отырып әзірленуі;
5) тезистік форматта қысқа әрі нақты жазылуы сияқты талаптарға сәйкес келуге тиіс.
101. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының құрылымы мынадай бөлімдерден тұрады:
1) миссиясы және пайымы;
2) ағымдағы ахуалды талдау және тәуекелдерді басқару;
3) аяны/саланы дамытудың басым бағыттары;
4) стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысының архитектурасы;
5) стратегиялық бағыттар, мақсаттар, нысаналы индикаторлар;
6) ресурстар.
102. "Миссиясы және пайымы" деген бөлімде мемлекеттік органның миссиясы және пайымы жазылады.
103. Мемлекеттік басқару субъектісі ретінде тиісті салада немесе қызмет аясында мемлекеттік саясатты іске асырудағы оның рөлін айқындауды білдіретін мемлекеттік органның негізгі мақсаты мемлекеттік органның миссиясы болып табылады.
104. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын іске асыру нәтижесінде жетекшілік ететін салалардың немесе қызмет аяларының перспективалы жай-күйі мемлекеттік органның пайымы болып табылады.
105. "Ағымдағы ахуалды талдау және тәуекелдерді басқару" деген бөлім "Ағымдағы ахуалды талдау" және "Тәуекелдерді басқару" деген кіші бөлімдерден тұрады.
"Ағымдағы ахуалды талдау" деген кіші бөлімде:
1) статистикалық деректер не қызмет саласының немесе аясының жай-күйін сипаттайтын басқа да көрсеткіштер келтіріле отырып, оның ішінде басқа елдермен салыстырылып мемлекеттік орган қызметінің реттелетін саласын немесе аясын дамытудың негізгі параметрлері;
2) экономика мен қоғамның алдында тұрған, шешілуіне мемлекеттік органның стратегиялық жоспары бағытталған негізгі проблемаларды талдау көрсетіледі.
"Тәуекелдерді басқару" деген кіші бөлімде:
1) мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге әсер ететін ықтимал тәуекелдер тізбесі;
2) мемлекеттік органның объективті немесе субъективті сипаттағы сыртқы немесе ішкі себептер бойынша жоспарланған мақсаттарына қол жеткізбеу тәуекелі күшейген жағдайда, оны болдырмаудың негізгі жолдары көрсетіледі.
Толық қаржыландырылмау тәуекелі мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізбеудің ықтимал тәуекелі ретінде бола алмайды.
106. Ағымдағы ахуалды талдау мемлекеттік орган қызметінің негізгі бағыттары бөлінісінде жүргізіледі.
107. Ағымдағы ахуалды талдау негізінде мемлекеттік орган жақсартуға, сондай-ақ айқындалған жалпыұлттық мақсаттарға қол жеткізуді маңызды деп есептейтін тиісті салаларды немесе қызмет аясын дамыту бағыттары қалыптастырылады.
108. Ағымдағы ахуалды талдауды жазудың реттілігі стратегиялық бағыттарды жазу реттілігімен сәйкес келуге тиіс.
109. "Аяны/саланы дамытудың басым бағыттары" деген бөлім:
1) осы бағыттарды Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы жолдауларына, елдегі әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты басым бағыттар қатарына қосудың негіздемелерін көрсете отырып, аяны/саланы дамытудың басым бағыттарының қысқаша сипаттамасын;
2) аяны/саланы дамытудың басым бағыттарын іске асырудың негізгі жолдарын қамтиды.
Аяны/саланы дамытудың басым бағыттары мемлекеттік орган қызметінің қолданыстағы стратегиялық бағыттарына ықпалдастырылады немесе мемлекеттік орган қызметінің жаңа стратегиялық бағыттары қалыптастырылады.
110. "Стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысының архитектурасы" деген бөлімде схема түрінде мемлекеттік органдардың стратегиялық бағыттары бөлінісінде мемлекеттік органның іске асырылуына елдің тиісті жалпыұлттық көрсеткіштеріне қол жеткізу тәуелді болатын бюджеттік бағдарламалармен өзара байланыстырылған мақсаттары көрсетіледі.
111. "Стратегиялық бағыттар, мақсаттар, нысаналы индикаторлар" деген бөлімде мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының стратегиялық бағыттары, мақсаттары, нысаналы индикаторлары жазылады.
Стратегиялық бағыттар өзгерістері Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарында, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасында, мемлекеттік бағдарламаларда белгіленген мақсаттар мен басымдықтарға қол жеткізу үшін неғұрлым маңызды болып табылатын экономиканың реттелетін салаларын, секторларын немесе қызмет аяларын талдау негізінде қалыптастырылады.
112. Мемлекеттік органның мақсаты осы мемлекеттік органның қызметінде не ол реттейтін аяда нысаналы индикаторларда көрініс тапқан белгілі бір нақты өзгеріске қол жеткізу болып табылады.
Мақсаттарды айқындау кезінде мемлекеттік орган мынадай талаптарды ұстануы қажет:
1) мақсаттың белгіленген проблемалармен нақты себеп-салдарлық байланысының болуы;
2) мақсатқа қол жеткізуді сандық көрсеткіштердің көмегімен көрсету мүмкіндігі;
3) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасының, мемлекеттік бағдарламалардың мақсаттарына сәйкестігі;
4) мақсаттардың қысқа әрі нақты баяндалуы, оларды тұжырымдау кезінде мыналарға:
ауызекі немесе әртүрлі түсінуге болатын терминдерді, ұғымдар мен сөздерді пайдалануға;
мақсаттың өзіне қол жеткізу салдары болып табылатын өзге де мақсаттарды, міндеттерді немесе нәтижелерді көрсетуге жол берілмейді.
113. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында әрбір мақсат үшін нысаналы индикаторлар айқындалады.
114. Әрбір нысаналы индикатор бойынша есепті және бесжылдық кезеңнің жылдары бойынша нысаналы индикатордың аралық мәндерін айқындай отырып, оның жоспарланған мәніне қол жеткізудің түпкілікті мерзімі (кезеңі) айқындалады.
115. "Ресурстар" деген бөлімде есепті және жоспарлы кезеңнің жылдарына бөле отырып, бюджеттік бағдарламаларға бөлінген бюджет шығыстарының жиынтығы және стратегиялық жоспарды іске асыруға тартылған штат саны көрсетілген адами ресурстар келтіріледі.
116. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының форматын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
5.6. Аумақты дамыту бағдарламасын әзірлеу
117. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті атқарушы органы әзірлеген облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасының жобасын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган, өзге де мүдделі мемлекеттік органдар келіп түскен күнінен бастап бір айдан аспайтын мерзімде қарайды.
118. Алдағы онжылдық кезеңге арналған елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын іске асырудың бірінші бесжылдық кезеңіне әзірленген облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасы алдағы онжылдық кезеңге арналған Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы бекітілгеннен кейін екі ай мерзімде белгіленген тәртіппен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихатына бекітуге беріледі.
Алдағы онжылдық кезеңге арналған елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын іске асырудың екінші бесжылдық кезеңіне әзірленген облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасы Алдағы онжылдық кезеңге арналған елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын іске асырудың екінші бесжылдығы басталғанға дейін екі ай мерзімнен кешіктірмей белгіленген тәртіппен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихатына бекітуге беріледі.
119. Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасы облысты дамыту бағдарламасы бекітілгеннен кейін бір ай мерзімде белгіленген тәртіппен ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихатына бекітуге беріледі.
120. Аумақты дамыту бағдарламасының әзірленген жобасы:
1) аумақты дамытудың басым бағыттарының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында белгіленген бағыттармен өзара байланыста айқындалуы;
2) нақты аумақта Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу, ондағы міндеттердің шешілу жолдарының баяндалуы;
3) аумақты дамытудың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін бағалаудың баяндалуы;
4) нысаналы индикаторларды көрсете отырып, бесжылдық кезеңнің соңына қарай аумақты дамытудың түпкілікті мақсаттарының айқындалуы;
5) күшті және осал жақтарын, мүмкіндіктері мен қауіп-қатерлерді ескере отырып, қойылған мақсаттарға қол жеткізудің ықтимал жолдары мен тәсілдерінің айқындалуы;
6) мақсаттар мен нысаналы индикаторлардың қисынды өзара байланысының сақталуы;
7) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының меморандумында айқындалған облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің түйінді нысаналы индикаторларға қол жеткізуінің қамтамасыз етілуі;
8) игілік алушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға және өңірдің меншікті экономикалық әлеуетін дамытуға бағдарлануы;
9) қаржыландыру көздері мен іске асыру кезеңдері бойынша бөле отырып, бағдарламаны іске асыруға арналған шығыстардың абсолютті мәніндегі көлемі туралы ақпаратты қамтуы;
10) орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар іс-шараларының келісілетіндігінің, сондай-ақ мақсаттар мен ресурстар бойынша құжаттың теңгерімділігінің сақталуы;
11) тезистік форматта, қысқа әрі нақты баяндалуы сияқты талаптарға сәйкес келуге тиіс.
121. Мемлекеттік органдардың ведомствоішілік мәселелерін шешуге бағытталған аумақты дамыту бағдарламасын әзірлеуге жол берілмейді.
122. Аумақты дамыту бағдарламасының құрылымы мынадай бөлімдерді қамтиды:
1) паспорт (негізгі сипаттамалары);
2) ағымдағы ахуалды талдау;
3) негізгі бағыттар, мақсаттар, нысаналы индикаторлар және оларға қол жеткізу жолдары;
4) қажетті ресурстар.
123. "Паспорт (негізгі сипаттамалары)" деген бөлімде мыналарды:
1) атауын;
2) әзірлеу үшін негіздемені;
3) осы өңірдің негізгі сипаттамаларын;
4) бағыттарын;
5) мақсаттарын;
6) нысаналы индикаторларды;
7) қажетті ресурстарды қамтитын аумақты дамыту бағдарламасының негізгі параметрлері жазылады.
124. "Ағымдағы ахуалды талдау" деген бөлімде қызмет саласының ағымдағы дамуы сипатталады:
1) өңіраралық ынтымақтастықты ескере отырып, тұтастай алғанда, өңірдің экономикасын дамыту, әлеуметтік сала, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп, инфрақұрылым, экология және жер ресурстары, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бағыттары бойынша аумақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын талдау;
2) негізгі проблемалардың, тәуекелдердің, тежеуші факторлардың, аумақтың орта мерзімді перспективада тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының бәсекелес артықшылықтары мен мүмкіндіктерінің кешенді сипаттамасы.
125. "Негізгі бағыттар, мақсаттар, нысаналы индикаторлар және оларға қол жеткізу жолдары" деген бөлімде:
1) өңіраралық ынтымақтастықты, әлеуметтік саланы, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті, инфрақұрылымды, экологияны және жер ресурстарын, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ескере отырып, тұтастай алғанда өңірдің экономикасын дамыту бөлігінде өңірді дамытудың негізгі бағыттары;
2) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында тұжырымдалған стратегиялық мақсаттар мен міндеттердің ұзақ мерзімді жүйесіне сәйкес аумақты әлеуметтік-экономикалық дамытудың әрбір бағыты бойынша нысаналы индикаторлары көрсетілген мақсаттары;
3) қойылған мақсаттарға қол жеткізу жолдары жазылады.
126. Аумақты дамыту бағдарламасының мақсаты жоспарлы кезеңнің соңына қарай өңірді дамытудың белгілі бір бағытының жай-күйінің пайымын, оны дамытудың сапалық бағдарларын білдіреді.
127. Аумақты дамыту бағдарламасының барлық мақсаттары аумақты дамыту бағдарламасының мақсаттарына қол жеткізілуі дәрежесін айқындауға мүмкіндік беретін аралық және түпкілікті мәндері бар нысаналы индикаторларды қамтуға тиіс.
128. Аумақты дамыту бағдарламасының мақсаттары, оларды іске асырудың нысаналы индикаторлары оларға қол жеткізуге жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар көрсетіле отырып келтіріледі.
Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламаларының нысаналы индикаторлары мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлеген және бекіткен көрсеткіштердің базалық тізбесінде белгіленеді.
Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасының нысаналы индикаторларын облыстың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы әзірлейді және бекітеді.
Аумақты дамыту бағдарламасына Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасының, мемлекеттік бағдарламалардың нысаналы индикаторлары мен нәтижелер көрсеткіштерін қосымша декомпозициялау қажет болған жағдайда, орталық мемлекеттік органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға көрсеткіштердің базалық тізбесіне түзетулер енгізу туралы ұсыныстарды енгізеді.
Орталық мемлекеттік органдарға көрсеткіштердің базалық тізбесінде көзделмеген индикаторларды аумақты дамыту бағдарламасына енгізуге бастама жасауларына жол берілмейді.
Көрсеткіштердің базалық тізбесінде ресми статистикалық ақпарат қалыптастырылмайтын нысаналы индикаторлар болған жағдайда, орталық мемлекеттік органдар есептеулердің әдістемелерін әзірлейді және бекітеді.
Есептеулер әдістемесінің жобасы кейіннен олар жергілікті атқарушы органдарға жеткізіле отырып, мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.
Облысты дамыту бағдарламасында нысаналы индикаторлар облысты дамыту бағдарламасына қосымша түрінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар бөлінісінде келтіріледі.
Мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар бөлінісінде қалыптастырмайтын нысаналы индикаторлар қосымшаға аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларға бөлмей, жалпы облыс бойынша қосылады.
Облысты дамыту бағдарламасына қосымшаға жалпы облыс бойынша нысаналы индикаторлар мен олардың мәндері өзгертілмей, өзгерістер енгізілген жағдайда, аталған өзгерістер орталық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілмейді.
129. "Қажетті ресурстар" деген бөлімде аумақты дамыту бағдарламасын іске асыру үшін қаржылық ресурстардың қажеттілігі мақсаттар бөлінісінде жазылады.
130. Аумақты дамыту бағдарламасын қаржыландыру көздері: республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты, мемлекеттік қарыздар, мемлекеттің кепілдігімен тартылатын мемлекеттік емес қарыздар, тікелей шетелдік және отандық инвестициялар, халықаралық қаржы-экономикалық ұйымдардың немесе донор елдердің гранттары, екінші деңгейдегі банктердің кредиттері, ұйымдардың өз қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер болуы мүмкін.
131. Қаржыландырудың болжанатын көлемдері әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, республикалық және жергілікті бюджеттердің жоспарлы кезеңге арналған параметрлері, халықаралық шарттар мен басқа да факторлар ескеріле отырып айқындалады.
6. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын,
Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру
6.1. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асырудың негізгі ережелері
132. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасының, мемлекеттік бағдарламалардың, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, аумақтарды дамыту бағдарламаларының берілген мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттерге, (аралық және түпкілікті) нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу процесі іске асыру болып табылады.
133. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру кезінде:
1) ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасаудың келісілген болуы;
2) берілген нәтижелерге ресурстардың неғұрлым аз шығындармен қол жеткізуге бағдарлану;
3) қаржы, еңбек және басқа да ресурстардың теңгерімділігі қамтамасыз етілуге тиіс.
134. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру жөніндегі әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
135. Мыналардың:
1) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасының іске асырылуының нәтижелілігі мен тиімділігі үшін жауапкершілік – Қазақстан Республикасының Үкіметіне, әзірлеуге жауапты мемлекеттік органға, бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарға;
2) мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуының нәтижелілігі мен тиімділігі үшін жауапкершілік – Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік органның, бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдардың және бірлесіп орындаушы өзге де ұйымдардың (мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтер мен ұлттық компанияларды қоса алғанда, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар) бірінші басшыларына;
3) мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуының нәтижелілігі мен тиімділігі үшін жауапкершілік – тиісті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына;
4) аумақтарды дамыту бағдарламаларының іске асырылуының нәтижелілігі мен тиімділігі үшін жауапкершілік – тиісті аумақтардың әкімдеріне, аумақты дамыту бағдарламасын әзірлеуге жауапты мемлекеттік органдардың, бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жүктеледі.
6.2. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму
жоспарын іске асыру
136. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларын іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
6.3. Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын іске асыру
137. Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын іске асыру мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларын іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
6.4. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру
138. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын, мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуші мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын, мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға қатысатын өзге де мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, сондай-ақ облыстарды, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламаларын, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларын іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
139. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары – нысаналы индикаторлардың аралық мәндерін және нәтижелер көрсеткіштерін жылдар бойынша көрсете отырып, мемлекеттік бағдарламаның мерзімдерін, орындаушыларын, аяқталу нысанын, іске асыруға арналған қажетті шығындарды айқындай отырып, мемлекеттік бағдарламаның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған нақты іс-қимылдар жиынтығы.
140. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары мемлекеттік бағдарламаның бүкіл қолданылу кезеңіне әзірленеді.
6.5. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын іске асыру
141. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын іске асыру операциялық жоспарды іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
142. Операциялық жоспарды әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу және іске асырылуын бақылау тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
6.6. Аумақты дамыту бағдарламасын іске асыру
143. Аумақты дамыту бағдарламасын іске асыру оларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау арқылы жүзеге асырылады.
144. Аумақты дамыту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары – мерзімі, орындаушылары, аяқталу нысаны, оны іске асыруға қажетті шығындар айқындалған, аумақты дамыту бағдарламасының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған нақты іс-қимылдар жиынтығы.
145. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын тиісті аумақтың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы тиісті аумақтың бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарымен бірлесіп әзірлейді және оны тиісті аумақ әкімдігінің қаулысымен аумақты дамыту бағдарламасы бекітілгеннен кейін бір ай мерзімде бекітеді.
Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы тиісті аумақтың бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарымен бірлесіп әзірлейді және тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің қаулысымен аумақты дамыту бағдарламасы бекітілгеннен кейін бір ай мерзімде бекітіледі.
7. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын,
мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын мониторингілеу
7.1. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары, мемлекеттік бағдарламалар, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары, аумақтарды дамыту бағдарламалары мониторингінің негізгі ережелері
146. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының, мемлекеттік бағдарламалардың, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, аумақтарды дамыту бағдарламаларының іске асырылу барысы туралы есептер мен басқа да ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау және жалпылау мониторинг болып табылады.
147. Құжаттар мониторингі:
1) тиісті құжатты іске асырудың ағымдағы жай-күйі туралы ақпарат алудың тұрақтылығын;
2) мемлекеттік органдардың тиісті құжатты іске асырудағы іс-қимылдарының келісілген болуын;
3) өзгеріп отыратын жағдайларды ескере отырып, тиісті құжаттың уақтылы өзектендірілуін қамтамасыз етеді.
148. Құжаттар мониторингін осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде айқындалған уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
149. Құжаттардың іске асырылуын мониторингілеу нәтижелері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын нысанда және тәртіппен құжаттарды әзірлеуші мемлекеттік органдар жасайтын іске асыру туралы есеп түрінде ресімделеді.
150. Іске асыру туралы есеп:
1) құжаттың деректемелерін;
құжаттың атауын, нөмірін, күнін;
әзірлеуші мемлекеттік орган мен бірлесіп орындаушыларды;
іске асыру, оның ішінде кезең-кезеңмен іске асыру мерзімін;
2) жоспарланған және нақты қол жеткізілген нысаналы индикаторларды және міндеттер нәтижелерінің көрсеткіштерін, сондай-ақ оларға қол жеткізілмеу себептерін қамтуға тиіс. Аумақты дамыту бағдарламаларын іске асыру туралы есептерді қалыптастыру кезінде қол жеткізуді қамтамасыз етпеген жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі;
3) қаржыландыру көздері бойынша бөле отырып, есепті кезеңде бөлінген және игерілген бюджеттік және өзге де қаржы қаражаты көрсетілген жоспарланып орындалған және орындалмаған іс-шаралар және олардың орындалмау себептері, орындалмаған іс-шаралардың өңірдің, елдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайына ықпалы туралы ақпаратты;
4) қаржыландыру көздері бойынша бөле отырып, бөлінген қаржы қаражатының игерілуі туралы ақпаратты (пайдаланылмаудың көлемі мен себептерін көрсете отырып);
5) құжатты іске асыруға қатысатын әртүрлі тараптардың өзара іс-қимыл жасауын талдауды;
6) құжаттың іске асырылу барысына ортаның сыртқы әсерін талдауды;
7) шешілуіне осы құжат бағытталған проблемалар мен міндеттердің шешілу дәрежесі туралы ақпаратты, құжатты іске асырудың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалын (осы ақпарат құжатқа бағалау жүргізілген жылғы есепке енгізілуге тиіс);
8) игілік алушылардың қанағаттану деңгейі, оның ішінде жоспарланғанға қарағанда, көрсетілген мемлекеттік қызметтердің нақты көлемінің деңгейі туралы ақпаратты (осы ақпарат құжатқа бағалау жүргізілген жылғы болған жағдайда, есепке енгізілуге тиіс);
9) жүргізілген бақылау іс-шаралары, мемлекеттік аудит, сараптамалық-талдамалық іс-шаралар туралы мәліметтерді және бақылау іс-шаралары мен мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша орындалған ұсынымдар туралы ақпаратты;
10) тұжырымдар мен ұсыныстарды, оның ішінде құжатты түзету, қаржыландыру көлемі мен көздері жөніндегі, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының өзгеруі туралы және басқа да ұсыныстарды қамтуға тиіс.
Құжаттың іске асырылуы бюджеттік инвестициялардың іске асырылуына байланысты болған жағдайларда, әзірлеуші мемлекеттік орган іске асыру туралы есепте құжатты іске асыру жөніндегі іс-шаралардың орындалу дәрежесін айқындау жөніндегі көшпелі іс-шаралардың нәтижелері туралы мәліметтерді көрсетеді.
151. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарына, мемлекеттік бағдарламаларға, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына, аумақтарды дамыту бағдарламаларына бағалау жүргізілетін жылы олардың іске асырылуы туралы есеп бүкіл бағалау кезеңіндегі осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 150-тармағында көрсетілген ақпаратты қамтиды.
152. Іске асыру туралы есептің негізінде қорытынды дайындалады. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарына, мемлекеттік бағдарламаларға бағалау жүргізілетін жылы мониторинг бойынша қорытынды қалыптастырылмайды.
153. Қорытынды:
1) деректемелерді (стратегиялық және бағдарламалық құжат бекітілген актінің атауы, нөмірі, күні, әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган, бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар және бірлесіп орындаушы өзге де ұйымдар (мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтер мен ұлттық компанияларды қоса алғанда, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестер), іске асыру, оның ішінде кезең-кезеңмен іске асыру мерзімдері);
2) есепті кезеңде қол жеткізілген нақты нәтижелерді, оның ішінде есепті кезеңдегі аралық мәндерімен қоса алғанда, нақты қол жеткізілген нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштерін (аралық немесе түпкілікті мәндерге қол жеткізілмеген жағдайда, қол жеткізілмеу себептерін көрсету);
3) нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз етпеген мемлекеттік органдарды көрсете отырып, Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысына ықпал ететін факторларды талдауды;
4) осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 150-тармағының 3), 4) және 9) тармақшаларына сәйкес ақпаратты;
7) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарына, мемлекеттік бағдарламаларға енгізілген, оның ішінде алдыңғы бағалау нәтижелері бойынша енгізілген, сондай-ақ оларды іске асыруға жауапты мемлекеттік орган енгізген өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпаратты;
6) тұжырымдар мен ұсыныстарды қамтуға тиіс.
154. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, мемлекеттік бағдарламалар мен аумақтарды дамыту бағдарламаларын түзету мониторинг нәтижелері бойынша жылына бір рет қана жүзеге асырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарына, мемлекеттік бағдарламаларға, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары мен аумақтарды дамыту бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, оларды әзірлеу кезінде осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі белгілеген талаптар сақталады.
155. Мемлекеттік бағдарламаларды олардың соңғы іске асырылу жылында түзетуге жол берілмейді.
156. Құжаттарға мониторинг жүргізу жөніндегі әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
157. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарына, мемлекеттік бағдарламаларға, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына, аумақтарды дамыту бағдарламаларына жүргізілген мониторинг нәтижелерінің анықығы мен толықтығы үшін жауапкершілік әзірлеуші мемлекеттік органдарға және осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі айқындаған тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға жүктеледі.
Бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын мониторингілеу процесінде пайдалану үшін өз құзыреті шегінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеуші мемлекеттік органдарға берілетін ақпараттың толықтығына, сапасына және анықтығына жауапты болады.
7.2. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының мониторингі
158. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының мониторингін мемлекеттік органдар ұсынатын ақпараттың негізінде іске асыру туралы есепті қалыптастыру арқылы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
159. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының мониторингі бір жылда бір рет жүзеге асырылады.
160. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының мониторингін жүргізу үшін нысаналы индикаторларға қол жеткізуге жауапты мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде есепті кезеңнен кейінгі жылдың
1 маусымына дейін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының іске асырылуы туралы ақпаратты ұсынады.
161. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік органдар ұсынатын Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру туралы ақпараттың негізінде іске асыру туралы есеп пен қорытынды жобасын қалыптастырады.
Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган есепті кезеңнен кейінгі жылдың 10 шілдесіне дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының мониторингі бойынша іске асыру туралы есепті және қорытындының жобасын ұсынады, сондай-ақ бірінші басшының қолы қойылған Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын іске асыру туралы есепті (құпия сипаттағы және қызмет бабында пайдалануға арналған ақпаратты қоспағанда) веб-порталда орналастырады.
Есеп салалар, аялар және өңірлер бөлінісінде ұлттық түйінді индикаторлардың орындалуы жөнінде ақпаратты да қамтуы тиіс (Стратегиялық картаға сәйкес).
162. Қазақстан Республикасының Үкіметі мониторинг бойынша іске асыру туралы есеп пен қорытынды жобасын қарағаннан кейін, қажет болған жағдайда, қорытындының жобасын пысықтайды және іске асыру туралы есеппен бірге қорытындыны есепті кезеңнен кейінгі жылдың 20 шілдесіне Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынады.
7.3. Мемлекеттік бағдарламалар мониторингі
163. Мемлекеттік бағдарламаның мониторингін мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар және бірлесіп орындаушы өзге де ұйымдар (мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтер мен ұлттық компанияларды қоса алғанда, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер) ұсынатын іске асырылу барысы туралы ақпарат негізінде іске асыру туралы есепті қалыптастыру арқылы жүргізеді.
164. Мемлекеттік бағдарламалардың мониторингі жыл қорытындылары бойынша жылына бір рет жүзеге асырылады.
165. Мемлекеттік бағдарламаға мониторинг жүргізу үшін:
1) осы бағдарламаны іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган және бірлесіп орындаушы өзге де ұйымдар (мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтер мен ұлттық компанияларды қоса алғанда, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер) өз құзыреті шегінде есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына дейін мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік органға іске асырылу барысы туралы ақпарат береді;
2) мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган іске асырылу барысы туралы берілген ақпарат негізінде мемлекеттік бағдарламаны іске асыру туралы есепті қалыптастырады және есепті жылдан кейінгі жылдың 10 наурызына дейін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады, сондай-ақ бірінші басшының қолы қойылған есепті (құпия сипаттағы және қызмет бабында пайдалануға арналған ақпаратты қоспағанда) веб-порталда орналастырады.
166. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру туралы есептердің негізінде олардың әрқайсысы бойынша қорытындылардың жобаларын қалыптастырады және оларды іске асыру туралы есептермен бірге есепті жылдан кейінгі жылдың 25 наурызына дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады, сондай-ақ қорытындылардың жобаларын (құпия сипаттағы және қызмет бабында пайдалануға арналған ақпаратты қоспағанда) веб-порталда орналастырады.
Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша есептер мен қорытындылардың жобалары Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшелері мен қоғамдық кеңестердің өкілдері шақырыла отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметінде тыңдалады.
167. Қазақстан Республикасының Үкіметі іске асыру туралы есептер мен мониторинг жөніндегі қорытындылардың жобаларын қарағаннан кейін, қажет болған жағдайда, қорытындылардың жобаларын пысықтайды және іске асыру туралы есептермен бірге қорытындыларды есепті кезеңнен кейінгі жылдың
10 сәуіріне дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынады.
7.4. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының мониторингі
168. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының мониторингін операциялық жоспардың іске асырылу барысын талдау негізінде әзірлеуші мемлекеттік орган жүзеге асырады.
169. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының мониторингі есепті жылдың қорытындылары бойынша жылына бір рет жүзеге асырылады.
170. Мемлекеттік органдар стратегиялық жоспарларды іске асыру туралы есептер дайындайды және бірінші басшының қолы қойылған бұл есептерді (құпия сипаттағы және қызмет бабында пайдалануға арналған ақпаратты қоспағанда) есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанынан кешіктірмей веб-порталда орналастырады.
7.5. Аумақтарды дамыту бағдарламаларының мониторингі
171. Облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасын мониторингілеуді облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасын іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар ұсынатын іске асырылу барысы туралы ақпараттың негізінде іске асыру туралы есептерді қалыптастыру арқылы тиісті аумақтың бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарымен бірлесіп, тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы жүргізеді.
172. Ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын мониторингілеуді ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар ұсынатын іске асырылу барысы туралы ақпараттың негізінде іске асыру туралы есептерді қалыптастыру арқылы тиісті аумақтың бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарымен бірлесіп, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдары жүргізеді.
173. Аумақтарды дамыту бағдарламаларын мониторингілеу жыл қорытындысы бойынша жылына бір рет жүзеге асырылады.
174. Жыл қорытындысы бойынша ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасының мониторингін жүргізу үшін:
1) ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде есепті жылдан кейінгі жылдың 1 ақпанына дейін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына іске асыру туралы ақпаратты ұсынады;
2) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар ұсынатын іске асыру туралы ақпараттың негізінде ауданды (облыстық маңызы бар қаланы) дамыту бағдарламасын іске асыру туралы есепті (құпия сипаттағы және қызмет бабында пайдалануға арналған ақпаратты қоспағанда) қалыптастырады және бірінші басшының қолы қойылған есепті есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанынан кешіктірмей веб-порталда орналастырады.
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органында веб-портал болмаған жағдайда, іске асыру туралы есеп аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігінің веб-порталында орналастырылады.
175. Жыл қорытындысы бойынша облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасының мониторингін жүргізу үшін:
1) облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасын іске асыруға қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына дейін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органына іске асыру туралы ақпаратты ұсынады;
2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органы бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар ұсынатын іске асыру туралы ақпараттың негізінде облысты, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламаларын іске асыру туралы есепті (құпия сипаттағы және қызмет бабында пайдалануға арналған ақпаратты қоспағанда) қалыптастырады және бірінші басшының қолы қойылған есепті есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызынан кешіктірмей веб-порталда орналастырады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органында веб-портал болмаған жағдайда, іске асыру туралы есеп облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің веб-порталында орналастырылады.
8. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын,
мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын бағалау
8.1. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын бағалаудың негізгі ережелері
176. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларының іске асырылуының нәтижелілігі мен тиімділігіне қол жеткізу дәрежесін айқындау құралы Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын бағалау (бұдан әрі осы бөлімде – құжаттарды бағалау) болып табылады.
177. Құжаттарды бағалау осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 149-151-тармақтарына сәйкес жасалатын бүкіл бағалау кезеңіндегі іске асыру туралы есептің, статистикалық ақпараттың; бақылау тексерістерінің; мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдамалық іс-шаралардың; үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми институттардың, халықаралық сарапшылардың және басқалардың негізінде жүргізіледі.
178. Осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 177-тармағында көрсетілген құжаттардың негізінде қорытынды дайындалады.
179. Қорытынды:
1) деректемелерді (стратегиялық және бағдарламалық құжат бекітілген актінің атауы, нөмірі, күні, әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган, бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар және өзге де бірлесіп орындаушы ұйымда (мемлекеттік кәсіпорындар, ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтер мен ұлттық компанияларды қоса алғанда, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар), іске асыру, оның ішінде кезең-кезеңмен іске асыру мерзімдері);
2) есепті кезеңде қол жеткізілген нақты нәтижелерді, оның ішінде есепті кезеңдегі аралық мәндерімен қоса, нақты қол жеткізілген нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштерін (аралық немесе түпкілікті мәндерге қол жеткізілмеген жағдайда, қол жеткізілмеу себептерін көрсету);
3) нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз етпеген мемлекеттік органдарды қөрсете отырып, Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысына ықпал еткен факторларды талдауды;
4) осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 150-тармағының 4) және 9) тармақшаларына сәйкес ақпаратты;
5) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарына, мемлекеттік бағдарламаларға енгізілген, оның ішінде алдыңғы бағалау нәтижелері бойынша енгізілген, сондай-ақ оларды іске асыруға жауапты орындаушы мемлекеттік орган енгізген өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпаратты;
6) құжаттың іске асырылу барысының нәтижелілігі мен тиімділігі туралы тұжырымдарды;
7) құжатты іске асыруды ұйымдастыру деңгейі туралы тұжырымдарды;
8) құжатты іске асырудың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету дәрежесі туралы тұжырымдарды;
9) бағалау нәтижелеріне байланысты: құжатты түзету туралы; мемлекеттік органның қызметін жақсарту жөніндегі; қаржыландыру көлемдері мен көздері жөніндегі; қолданыстағы заңнаманы өзгерту және басқалары туралы ұсынымдарды қамтуға тиіс.
180. Құжаттарға бағалау жүргізу жөніндегі әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
181. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мемлекеттік бағдарламаларға және орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына бағалау, сондай-ақ тексеру комиссиясының аумақтарды дамыту бағдарламаларына бағалау жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті айқындайды.
182. Құжаттарға жүргізілген бағалау нәтижелерінің анықтығы мен толықтығы үшін жауапкершілік құжаттарды әзірлеуші мемлекеттік органдарға және Мемлекеттік жоспарлау жүйесі айқындаған тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға жүктеледі.
8.2. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын бағалау
183. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 178-тармағында көрсетілген құжаттар негізінде бағалау жөніндегі қорытындының жобасын қалыптастыру арқылы ол іске асырылғаннан кейін бес жыл өткен соң жүргізеді.
184. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын бағалау мемлекеттік бағдарламалардың, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, аумақтарды дамыту бағдарламаларының, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының іске асырылуын бағалау ескеріле отырып жүзеге асырылады.
185. Бағалау жөніндегі қорытындының жобасын және Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын және Стратегиялық картасын іске асыру бойынша бүкіл есепті кезеңде іске асыру туралы есепті мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
Есеп салалар, аялар және өңірлер бөлінісінде ұлттық түйінді индикаторлардың орындалуы жөнінде ақпаратты да қамтуы тиіс (Стратегиялық картаға сәйкес).
186. Қазақстан Республикасының Үкіметі бүкіл есепті кезеңде іске асыру туралы есеп пен бағалау жөніндегі қорытындының жобасын қарағаннан кейін, қажет болған жағдайда, қорытындының жобасын пысықтайды және қорытындыны Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын және Стратегиялық картасын бүкіл есепті кезеңде іске асыру туралы есеппен бірге есепті кезеңнен кейінгі жылдың 15 шілдесінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынады.
8.3. Мемлекеттік бағдарламаларды бағалау
187. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бекітетін мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне сәйкес мемлекеттік тиімділік аудитін және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар жүргізу шеңберінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізетін бағалауды қоспағанда, мемлекеттік бағдарламаларды бағалау оларды іске асырудың әрбір үш жылы өткеннен кейін (аралық) және жоспарлы кезеңнің қорытындылары (түпкілікті) бойынша жүзеге асырылады.
188. Жоспарлы іске асыру кезеңі аяқталғанға дейін күшін жойған мемлекеттік бағдарлама осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 189-192-тармақтарында белгіленген тәртіппен бағалануға тиіс.
189. Мемлекеттік бағдарламаны бағалауды бағалау жөніндегі қорытындының жобасын қалыптастыру арқылы осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 177-тармағында көрсетілген құжаттар негізінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
190. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әрбір мемлекеттік бағдарламаны бағалау жөніндегі қорытындылардың жобаларын және бүкіл есепті кезең үшін іске асыру туралы есептерді есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
191. Қазақстан Республикасының Үкіметі бүкіл есепті кезеңде іске асыру туралы есептер мен бағалау жөніндегі қорытындылардың жобаларын қарағаннан кейін, қажет болған жағдайда, мемлекеттік бағдарламаларды бағалау жөніндегі қорытынды жобаларын пысықтайды және оларды бүкіл есепті кезеңде іске асыру туралы есептермен бірге есепті кезеңнен кейінгі жылдың 10 сәуіріне дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсынады.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне іске асыру туралы есептер мен мемлекеттік бағдарламаларды бағалау жөніндегі қорытындылардың жобалары енгізілгенге дейін есептер (құпия сипаттағы және қызмет бабында пайдалануға арналған ақпаратты қоспағанда) мен мемлекеттік бағдарламаларды бағалау жөніндегі қорытындылардың жобалары Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарын, қоғамдық кеңестердің өкілдерін шақыра отырып Қазақстан Республикасының Үкіметінде тындалады.
192. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бекітетін мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізетін мемлекеттік тиімділік аудиті және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар шеңберінде мемлекеттік бағдарламаға өзі жүргізген бағалау қорытындылары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мемлекеттік тиімділік аудиті және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар нәтижелері жөніндегі қаулысы қабылданғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға және мемлекеттік бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік органға жіберіледі.
8.4. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бағалау
193. Орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бағалау (Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізетін бағалаудан басқа) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
194. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бекітетін мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізетін мемлекеттік тиімділік аудиті және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар шеңберінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бағалауды жүзеге асырады.
195. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бекітетін мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізетін мемлекеттік тиімділік аудиті және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар шеңберінде жүргізген мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын бағалау қорытындылары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мемлекеттік тиімділік аудиті және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар нәтижелері жөніндегі қаулысы қабылданғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде стратегиялық жоспарларға бағалау жүргізуге уәкілетті органдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілеріне жіберіледі.
196. Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен жоспарларының іске асырылуына Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті жүргізген бағалаудың қорытындылары Қазақстан Республикасының Президентіне тоқсан сайынғы ақпаратқа енгізіледі.
8.5. Аумақтарды дамыту бағдарламаларын бағалау
197. Тексеру комиссиясы жүргізетін бағалаудан басқа, аумақтарды дамыту бағдарламаларын бағалау жыл сайын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
198. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы бекітетін мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне сәйкес өзі жүргізетін мемлекеттік тиімділік аудиті және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар шеңберінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясы жүргізген аумақты дамыту бағдарламасын бағалау қорытындылары облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясының мемлекеттік тиімділік аудиті және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар нәтижелері жөніндегі қаулысы қабылданғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органға және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.
9. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын бақылау
9.1. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын, мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын бақылаудың негізгі ережелері
199. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының толықтығын және уақтылы орындалуын талдауды жүзеге асыру бақылау болып табылады.
200. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары, Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасы, мемлекеттік бағдарламалар, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, аумақтарды дамыту бағдарламаларын бақылау (бұдан әрі осы бөлімде – құжаттарды бақылау) жүргізілген мониторинг немесе бағалау нәтижелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
201. Құжаттарды бақылауды осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде айқындалған уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
9.2. Қазақстан Республикасының стратегиялық даму жоспарын бақылау
202. Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын бақылау мемлекеттік бағдарламалардың, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, аумақтарды дамыту бағдарламаларының, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының іске асырылуы бойынша мониторингтің, бағалаудың және жүргізілген бақылау іс-шараларының, мемлекеттік тиімділік аудитінің нәтижелері негізінде Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі жүзеге асырады.
9.3. Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын бақылау
203. Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын бақылау мемлекеттік бағдарламалардың, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, аумақтарды дамыту бағдарламаларының, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының іске асырылуы бойынша мониторингтің, бағалаудың және жүргізілген бақылау іс-шараларының, мемлекеттік аудиттің нәтижелері және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар негізінде жүзеге асырылады.
9.4. Мемлекеттік бағдарламаларды бақылау
204. Мемлекеттік бағдарламаларды бақылау мемлекеттік бағдарламаны, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, облыстарды, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламаларын, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларын іске асыру бойынша мониторингтің, бағалаудың және жүргізілген бақылау іс-шараларының, мемлекеттік тиімділік аудитінің нәтижелері және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар негізінде жүзеге асырылады.
9.5. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бақылау
205. Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бақылау мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының іске асырылуы бойынша мониторингтің, бағалаудың және жүргізілген бақылау іс-шараларының, мемлекеттік тиімділік аудитінің нәтижелері және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар негізінде жүзеге асырылады.
9.6. Аумақтарды дамыту бағдарламасын бақылау
206. Аумақтарды дамыту бағдарламасын бақылау аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының іске асырылуы бойынша мониторингтің, бағалаудың және жүргізілген бақылау іс-шараларының, мемлекеттік тиімділік аудитінің нәтижелері және сараптамалық-талдамалық іс-шаралар негізінде жүзеге асырылады.
9.7. Өтпелі ережелер
207. Осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі қолданысқа енгізілгенге дейін бекітілген мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болған жағдайда мемлекеттік бағдарламаны Қазақстан Республикасының Үкіметі өткізілген мониторингілеу және (немесе) бағалау нәтижелерін ескере отырып, жоспарлы кезеңді өзгертусіз бекітеді.
208. Осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесі қолданысқа енгізілгенге дейін бекітілген, мемлекеттік бағдарлама мәртебесінде бекітілуге тиіс үкіметтік бағдарламалар өткізілген мониторингілеу және (немесе) бағалау нәтижелерін ескере отырып, жоспарлы кезеңді өзгертусіз бекітіледі.
209. Осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 208-тармағында көрсетілген үкіметтік бағдарламаларды мониторингілеуді және (немесе) бағалауды Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 7.3 және 8.3-бөлімдеріне сәйкес жүргізеді.