Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәселелері" туралы 2005 жылғы 22 маусымдағы № 607 және "Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы" 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 21 қазандағы № 667 қаулысы.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 маусымдағы № 607 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 69-70, 636-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі туралы ережеде:

      "2. Министрліктің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері" деген бөлімде:

      16-тармақта:

      орталық аппараттың функцияларында:

      33) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "33) біліктілік комиссиясын қалыптастыру және оның қызметін жүзеге асыру қағидаларын, көлік құралдары жүргізушілерін даярлау бойынша оқытушыға кандидаттарды, өндірістік оқыту шеберін және білім беру процесі кезінде жүргізуге оқыту шеберін аттестаттаудан өткізу тәртібін, кәсіптік бірлестіктердің өз қызметі туралы есептілігінің нысаны мен оны ұсыну мерзімділігін әзірлейді және бекітеді;";

      34) және 36) тармақшалар алып тасталсын;

      ведомстволардың функцияларында:

      24) және 25) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "24 көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарын мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      25) мемлекеттік бақылау мақсатында тәуекелдерді бағалау жүйесін және тексеру парақтарын әзірлейді;";

      2) "Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 69-70, 636-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларында:

      "1. Жалпы ережелер" деген бөлімде:

      2-тармақта:

      1), 3), 10) және 12) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) автомагистраль – көлік құралдарының жүруі үшін жобаға сәйкес арнайы салынған немесе реконструкцияланған, жол бойындағы иеліктерге қызмет көрсетпейтін жол. Оған тек басқа жолдардан ғана әртүрлі деңгейлердегі жол айрықтары арқылы өтуге болады. Бұл жолдың:

      бір-бірінен жүруге арналмаған бөлу жолағымен бөлінген, әртүрлі бағытта жүру үшін бөлек жүру бөліктері бар;

      басқа жолдармен, теміржолдармен және трамвай жолдарымен және жаяу жүргінші жолдарымен бір деңгейде қиылыстары жоқ;

      автомагистральға кіру кезінде 5.1 белгісімен және шығу кезінде 5.2 белгісімен автомагистраль ретінде арнайы белгіленген (осында және бұдан әрі жол белгілерінің нөмірленуі осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес келтіріледі);";

      "3) автомобиль – адамдар мен жүктерді тасымалдау олар үшін қосымша функция болып табылатын ауыл шаруашылығы тракторларын немесе механикалық көлік құралдарын қоспағанда, жолдарда жүруге және олармен адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты тасымалдауға немесе адамдарды, жүктерді немесе үстіне орнатылған жабдықты тасымалдауға арналған көлік құралдарын сүйретуге арналған, оның ішінде троллейбустарды қоса алғандағы механикалық көлік құралы. Бұл ұғым тракторлар мен өздігінен жүретін машиналарға қолданылмайды;";

      "10) басып озу – жүріп келе жатқан жолағынан шығумен және кейіннен бұрын жүріп келе жатқан жолағына қайта түсумен байланысты алдында жүріп келе жатқан бір немесе бірнеше көлік құралынан озып кету;";

      12) тармақшада орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      мынадай мазмұндағы 12-1), 12-2) және 12-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "12-1) велосипедші – велосипедті басқаратын адам;

      12-2) велосипед жолы – велосипедтердің жүруіне арналған және тиісті белгімен белгіленген жеке жол немесе жолдың бір бөлігі. Велосипед жолы басқа жолдардан немесе нақ сол жолдың басқа элементтерінен конструктивтік түрде бөлінеді;

      12-3) велосипед жүретін жолақ – жолдың жүру бөлігінің велосипедтер жүруге арналған жолағы. Велосипед жүретін жолақ жолдың басқа жүру бөлігінен ұзына бойындағы жол таңбасы және арнайы белгілер арқылы бөлінеді;";

      16), 21), 23), 30) және 46) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      16) тармақшада орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      "21) жол – "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен көлік құралдары мен жаяу жүргіншілердің жүруі үшін жайғастырылған немесе ыңғайластырылған және пайдаланылатын жердің барлық бөлінген жолағы не жасанды құрылыстың үсті. Жол бір немесе бірнеше жолдың жүру бөліктерін, сондай-ақ трамвай жолдарын, тротуарларды, жол жиектерін және олар болған кезде бөлу жолақтарын қамтиды;";

      "23) жол жиегі – жолдың жүру бөлігімен тікелей қосылатын және жер қыртысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің қозғалысын ұйымдастыруға, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде пайдалануға арналған жолдың элементі;";

      "30) жол қиылысы – жол қиылысы ортасынан неғұрлым алыс, тиісінше қарама-қарсы жолдың жүру бөлігінің дөңгелене бастайтын жерлерін жалғап тұратын жорамалданған сызықтармен шектелген жолдардың бір деңгейде қиылысу, қосылу немесе тармақталу орны. Іргелес аумақтардан шығу, сондай-ақ олардың алдынан басымдық белгілері қойылмаған дала, орман, тұрғын аймақтарынан шығу және басқа да қосымша жолдармен қиылысу (қосылатын) орындары жол қиылысы болып саналмайды;";

      "46) мопед – цилиндрінің көлемі елу текше сантиметрден аспайтын іштен жану қозғалтқышымен не электр қозғалтқышпен жабдықталған және ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден аспайтын екі немесе үш дөңгелекті көлік құралы. Мопедтерге аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер, мокиктер, скутерлер және осыған ұқсас сипаттамалары бар басқа да көлік құралдары теңестіріледі;";

      мынадай мазмұндағы 47-1), 49-1), 57-1) және 57-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "47-1) озып шығу – көлік құралының бір бағытта, көрші жолақпен жүріп келе жатқан көлік құралының жүріс жылдамдығынан жоғары жылдамдықпен жүруі;";

      "49-1) такси – Автомобиль көлiгiмен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына сәйкес жабдықталған жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауға арналған жеңiл автомобиль;";

      "57-1) шектеулі көріну – жүргізушіге жергілікті жердің бедерімен, жолдың геометриялық параметрлерімен, өсімдіктермен, салынған үйлермен, құрылыстармен немесе өзге де объектілермен, оның ішінде көлік құралдарымен шектелген жүріс бағытындағы жолдың 100 метрден кем көрінуі;

      57-2) іргелес аумақ – жолға тікелей іргелес және көлік құралдарының тура жүруіне арналмаған аумақ. Іргелес аумақ бойымен жүру осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады;";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Көлік құралын тоқтатқан жағдайда көлік құралы жүргізушісінің құжаттарын тексеруге немесе көлік құралын пайдалануға құқығы бар адамдар көлік құралына кідірмей жақын келеді, көлік құралын тоқтату себептерін түсіндіреді және жүргізушінің талап етуі бойынша танысу және тегі мен лауазымын анықтау үшін қызметтік куәлігін жүргізушіге берместен, егер көлік құралы жүргізушісінің "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын және (немесе) осы Қағидаларды бұзуы сертификатталған арнайы техникалық құралдармен және аспаптармен тіркелсе, жүргізушіге тиісті материалдарды танысу үшін оны көрсетеді.";

      "2. Жүргізушілердің жалпы міндеттері" деген бөлімде:

      1-тармақтың жиырма бесінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мотоциклді басқару кезінде жүргізушілер түймеленген мотошлемде болады және түймеленген мотошлем кимеген жолаушыларды тасымалдамайды.";

      4-тармақта:

      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) масаң күйдегі, реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препараттардың әсеріндегі, сырқат немесе шаршаңқы күйдегі адамдарға, сондай-ақ жүргізуге оқып-үйренушілерден басқа, өзімен бірге осы санаттағы көлік құралын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігі (жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлігі және жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты) жоқ немесе жол (маршрут) парағында көрсетілмеген адамдарға не көлік құралын басқару құқығы жоқ немесе басқару құқығынан айырылған адамдарға көлік құралын басқаруға беруге;";

      "4. Жолаушылардың міндеттері" деген бөлімде:

      1-тармақта:

      1) тармақша алып тасталсын;

      "Бағдаршамның және реттеушінің сигналдары" деген 5-бөлімде:

      1-тармақта:

      төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бағдаршам сигналдары мақсатына байланысты дөңгелек, бағыттаушы (бағыттаушылар) түрінде, жаяу жүргінші немесе велосипед кескінінде, "Х" және "+" тәрізді болуы мүмкін.";

      мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:

      "9-1. Қызыл "+" тәрізді сигнал қарсы бағыттағы көлік құралдары үшін бағдаршамның тыйым салатын қызыл сигналының жанғаны туралы хабарландырады.

      Сөніп тұрған қызыл "+" тәрізді сигнал қарсы бағыттағы көлік құралдары үшін бағдаршамның рұқсат беретін жасыл сигналының жанғаны туралы хабарландырады.";

      "Арнаулы сигналдарды қолдану" деген 6-бөлімде:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Құрылыс, жөндеу немесе жинау жұмыстарын орындау кезінде іске қосылған қызғылт сары немесе сары түсті жарқылдауық маягі бар жеке меншік күзет ұйымдары жедел ден қою ұтқыр топтарының, жолдағы көліктік бақылау органдары жылжымалы бақылау-өткізу пункттерінің, инкассация қызметтері мамандандырылған көлік құралдарының, ұйымдасқан велосипедшілер топтарымен бірге жүретін көлік құралдарының жүргізушілері жол жүрісі қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда жол белгілері (2.2, 2.4-2.6, 3.11-3.14, 3.17.2, 3.20 белгілерінен басқа) мен таңбаларының, сондай-ақ Қағидалардың 9-бөлімі 4 - 8-тармақтарының және 16-бөлімі 1-тармағының талаптарын орындамауы мүмкін. Басқа көлік құралдарының жүргізушілері олардың жұмысына кедергі жасамауға тиіс.";

      "Маневр жасау" деген 8-бөлімде:

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Көлік құралының артқы жүріспен қозғалуына маневр қауіпсіз болған және қозғалысқа басқа да қатысушыларға кедергі жасамаған жағдайда рұқсат етіледі. Көше қиылыстарында және осы бөлімнің 12-тармағына сәйкес кері бұрылуға тыйым салынған жерлерде артқа жүруге тыйым салынады.";

      "Көлік құралдарын жолдың жүру бөліктерінде орналастыру" деген 9-бөлімде:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Төрт немесе одан да көп жолағы бар екіжақты жүру жолдарында жолдың қарсы жүруге арналған жағына шығуға тыйым салынады. Мұндай жолдарда солға бұрылуды немесе кері бұрылуды көше қиылыстарында және бұған Қағидалармен, белгілермен және (немесе) таңбамен тыйым салынбаған жерлерде орындауға болады.";

      "Жол қиылысынан жүріп өту" деген 13-бөлімде:

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Жүру қосымша секциясы бар бағдаршаммен реттелетін жол қиылысында бұрылыс жасайтын жолақта тұрған жүргізуші, егер оның тоқтауы осы жолақ бойымен оның артынан келе жатқан көлік құралына (көлік құралдарына) кедергі тудыратын болса, іске қосылған бағыттаушы көрсеткен бағытта жүрісін жалғастырады.";

      "Тұрғын аймақтарда жүру" деген 17-бөлімде:

      2-тармақта:

      7) тармақшада орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      "Маршруттық көлік құралдарының басымдығы" деген 18-бөлімде:

      2-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. 5.9, 5.10.1 5.10.3 белгілерімен белгіленген маршруттық көлік құралдарына арналған жолағы бар жолдарда осы жолақпен қоғамдық көліктерден басқа көлік құралдарының жүруі жүзеге асырылмайды және аялдауына болмайды (Қағидалардың 24-бөлімінің 2 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда).";

      "Сыртқы жарық беру аспаптарын және дыбыстық сигналдарды пайдалану" деген 19-бөлімде:

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Қызғылт сары немесе сары түсті жарқылдауық маяк жолдарды салу, жөндеу немесе күтіп ұстау, зақымданған, бұзылған және өзге де көлік құралдарын тиеу және тасымалдау жөніндегі жұмыстарды орындау кезінде көлік құралдарында; ауыр салмақты, ірі габаритті жүктерді тасымалдауды жүзеге асырған кезде көлік құралдарында; ауыр салмақты, ірі габаритті және қауіпті жүктерді тасымалдауда бірге жүретін көлік құралдарында; ұйымдастырылған балалар топтарын тасымалдауға арналған автобустарда; күзетілетін объектілерге рұқсатсыз кірген кезде жеке меншік ұйымдары жедел ден қою ұтқыр топтарының көлік құралдарында; жолдарда қызмет өткеру кезінде көліктік бақылау органдары жылжымалы көліктік-бақылау пункттерінің көлік құралдарында; бағалы заттарды инкассациялау үшін маршрутқа шыққан кезде инкассация қызметтерінің мамандандырылған көлік құралдарында; ұйымдасқан велосипедшілер топтарымен бірге жүретін көлік құралдарында іске қосылады.";

      "Жолаушыларды тасымалдау" деген 22-бөлімде:

      6-тармақта:

      5) тармақша алып тасталсын;

      "Велосипедтердің, мопедтердің, көлік арбалардың жүруіне, сондай-ақ мал айдауға қойылатын қосымша талаптар" деген 24-бөлім мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Велосипедтердің, мопедтердің, ат-арба көліктерінің жүруіне, сондай-ақ мал айдауға қойылатын қосымша талаптар

      1. Мопедті басқару құқығы он алты жасқа толған адамдарға беріледі.

      2. Велосипедшілер велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, ал олар болмаған кезде – жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен не жолдың жиектерімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілерге жүру үшін қауіп төндірмей жаяу жүргінші жолымен жүреді.

      Он төрт жасқа толмаған велосипедшілерге жүру бөлігінің оң жақ шетімен, маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен, жолдың жиектерімен жүруге жол берілмейді.

      7.14 тақтасы бар 4.5 белгісімен белгіленген велосипед жүретін жолағы бар жолдарда осы жолақпен мопедтен басқа, басқа көлік құралдарының жүруі жүзеге асырылмайды және аялдауына болмайды.

      Егер 7.14 тақтасы бар 4.5 белгісімен белгіленген жолақ қалған жолдың жүру бөліктерінен үзік-үзік таңбалау сызықтарымен бөлінген болса, онда бұрылу кезінде көлік құралдары соған орын ауыстырады. Мұндай жерлерде сонымен қатар жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетінен жолға кірер кезде және жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін кіруге де рұқсат етіледі.

      3. Велосипедшілер жолда бір қатармен жүреді.

      4. Мопедтер велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, ал олар болмаған кезде – жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен бір қатармен жүреді.

      5. Ат-арба көліктері (шаналар), жүк артылған, жегілген немесе мініс малдары шеткі оң жолақпен бір қатармен немесе егер бұл жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмесе, жолдың жиегімен жүреді.

      6. Велосипедшілер, ат-арба көліктері (шаналар), жүк артылған, жегілген немесе мініс малдар колонналары жолдың жүру бөлігімен жүрген кезде велосипедшілер, мініс және жүк артылған малдар он-оннан және арбалар (шаналар) бес-бестен топтарға бөлінуге тиіс. Басып озуды жеңілдету үшін топтардың арақашықтығы сексен – жүз метр болуға тиіс.

      7. Велосипед және мопед жүргізушілеріне:

      1) ең болмағанда бір қолымен рульден ұстамай жүргізуге;

      2) жолаушылар тасымалдауға;

      3) ұзындығы немесе ені бойынша габаритінен елу сантиметрден астам шығып тұратын жүкті немесе басқаруға кедергі келтіретін жүкті тасымалдауға;

      4) жанында велосипед жолы болған кезде жолмен жүруге;

      5) трамвай жүретін жолдарда және осы бағытта жүруге арналған біреуден астам жолағы бар жолдарда солға бұрылуға немесе кері бұрылуға;

      6) велосипедпен немесе мопедпен пайдалануға арналған тіркемені сүйретуден басқа, мопедтер мен велосипедтерді, сондай-ақ мопедтермен және велосипедтермен сүйретуге;

      7) жаяу жүргінші өтпесімен жүруге тыйым салынады.

      8. Велосипед жолының көше қиылысынан тыс орналасқан жолмен реттелмейтін қиылысында велосипедтердің және мопедтердің жүргізушілері осы жолмен жүріп келе жатқан көлік құралдарына жол беруге тиіс.

      Ат-арба көлігі (шана) жүргізушісі көрінуі шектеулі жерлерде қосымша жолдан жолға шығу кезінде малды жүгенінен ұстап жетектеп жүреді.

      9. Малдарды, әдетте, тәуліктің жарық уақытында айдап өту керек. Мал айдаушылар малдарды мүмкіндігінше жолдың оң жақ шетіне жақын бағыттауға тиіс.

      10. Тәуліктің қараңғы уақытында және жеткіліксіз көріну жағдайларында бір топ малды жол бойымен немесе ол арқылы айдаған кезде мал айдаушылар жолда малдың бар екенін ескерту үшін жүргізушілерге сигнал береді.

      Ескертпе. Шырақпен немесе фонарьмен қолды шеңбер жасап қозғау сигнал болып табылады, бұл ретте сигнал беруші бір топ мал жақындап келе жатқан көлік құралдары жағынан он-он бес метр арақашықтықта болады.

      11. Малдарды теміржолдар арқылы айдаған кезде мал табыны мал айдаушылардың санын ескере отырып, әрбір топты қауіпсіз айдап өтуді қамтамасыз ететіндей топтарға бөлінуге тиіс.

      12. Ат-арба көліктерінің (шаналардың) жүргізушілеріне, мал айдаушылар мен жүк артылған, жегілген және мініс малдарының және малдардың иелеріне:

      1) малдың жабыны қатты жолдарға шығып кетуі мүмкін жағдайларда оларды қадағалаусыз қалдыруға;

      2) малдарды теміржолдар арқылы және арнайы бөлінген жерлерден тыс, сондай-ақ тәуліктің қараңғы уақытында және жеткіліксіз көріну жағдайларында (әртүрлі деңгейлердегі мал айдаудан басқа) айдап өтуге;

      3) өзге жолдар болған кезде малдарды жабын асфальт және цемент-бетон жолдармен жетектеп жүруге жол берілмейді.";

      Жол жүрісі қағидаларына 1-қосымшада:

      "Ескерту белгілері" деген 1-бөлімде:

      1.1-тармақтың ескертпесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ескертпе. Жол белгілерін нөмірлеу ҚР СТ 1125-ке сәйкес келеді. Жол белгілерінің атаулары мен суреттері 2-суретте келтірілген. 4.1.2 және 4.1.3 жол белгілерінің суреттері ҚР СТ 1125-ке сәйкес өзгертілді, осы жол белгілерінің алдыңғы суреттері олар ауыстырылғанға дейін қолданыста болады.";

      мынадай мазмұндағы 1.33 және 1.34-тармақтармен толықтырылсын:

      "1.33 "Қауіпті жол жиегі";

      "1.34 "Кептеліс";

      "Тыйым салатын белгілер" деген 3-бөлімде:

      3.7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3.7. Тіркемесі бар көлік құралдарының жүруіне тыйым салынады". Тіркемесі бар көлік құралдарының жүруіне және механикалық көлік құралдарын сүйретуге тыйым салынады.";

      мынадай редакциядағы 3.17.3-тармақпен толықтырылсын:

      "3.17.3 "Бақылау". Бақылау пункттері арқылы аялдаусыз жүруге тыйым салынады.";

      3.24-тармақ мынадай мазмұндағы ескертпемен толықтырылсын:

      "Ескертпе.

      Егер жолдың осы учаскесіне енгізілетін ең жоғары жылдамдықты шектеу алдыңғы учаскедегі қозғалыстың жол берілген жылдамдығынан 20 км/сағ. аса өзгеше болатын болса, бір-бірінен 100 метрден 150 метрге дейінгі арақашықтыққа алшақтатылған 3.24 белгілерін жүйелі орнату арқылы 20 км/сағ. аспайтын қадаммен жылдамдықты сатылап шектеу қолданылады.

      Жылдамдықты сатылап шектеу, егер белгілердің көрінуі кемінде 150 м құраса, 5.22 белгісімен белгіленген елді мекендер алдында қолданылмайды.";

      "Нұсқайтын белгілер" деген 4-бөлімде:

      4.1.1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4.1.1 "Тура жүру", 4.1.2 "Оңға жүру", 4.1.3 "Солға жүру", 4.1.4 "Тура немесе оңға жүру", 4.1.5 "Тура немесе солға жүру", 4.1.6 "Оңға немесе солға жүру". Белгілерде бағыттауыштармен көрсетілген бағыттарда ғана жүруге рұқсат етіледі. Солға бұрылуға рұқсат ететін белгілер кері бұрылуға да рұқсат береді (нақты қиылыста қажетті жүру бағыттарына сәйкес келетін бағыттаушы кескіндері бар 4.1.1 - 4.1.6 белгілері қолданылуы мүмкін).

      4.1.1 4.1.6 белгілері маршруттық көлік құралдарына қолданылмайды.

      4.1.1 4.1.6 белгілері алдына белгі қойылған жүру бөліктерінің қиылыстарына қолданылады.

      Жол учаскесінің басында орнатылған 4.1.1 белгісі жақын жол қиылысына дейін қолданылады. Белгі іргелес аумақтарға оңға бұрылуға тыйым салмайды.";

      4.5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4.5 "Велосипед жолы немесе велосипед жүретін жолақ". Велосипедпен және мопедпен ғана жүруге рұқсат етіледі.";

      мынадай мазмұндағы 4.5.1-тармақпен толықтырылсын:

      "4.5.1 Велосипед жолының немесе велосипед жүретін жолақтың аяқталуы.";

      "Ақпараттық-нұсқағыш белгілер" деген 5-бөлімде:

      мынадай мазмұндағы 5.8.2а, 5.8.3а, 5.8.4а, 5.8.8а, 5.8.9, 5.9.1, 5.22а, 5.23а, 5.40, 5.41, 5.42-тармақтармен толықтырылсын:

      "5.8.2а "Жолақтар бойынша жүру бағыты";

      5.8.3а "Әртүрлі жүру жолақтарындағы міндетті ең төменгі жылдамдық";

      5.8.4а "Жолақтың басталуы";

      5.8.8а "Жолақтар бойынша жүру бағыттары";

      5.8.9 "Әртүрлі жүру жолақтарында қолданылатын жылдамдықты шектеу";

      5.9.1 "Маршруттық көлік құралдарына арналған жолақтардың аяқталуы". Маршруттық көлік құралдары мен көлік құралдарының жалпы ағынымен жүріп келе жатқан басқа да қоғамдық көліктің ғана жүруіне арналған жолақтың аяқталуы.";

      5.22а "Елді мекеннің басталуы";

      5.23а "Елді мекеннің аяқталуы";

      5.40 "Ең жоғары жылдамдықты жалпы шектеулер";

      5.41 "Авариялық тоқтауға арналған алаң";

      5.42 "Фотобейнетіркеу". Қағидаларды бұзуларды стационарлық сертификатталған арнайы техникалық құралмен және аспаппен тіркеу жүзеге асырылады.";

      "Сервис белгілері" деген 6-бөлімде:

      мынадай мазмұндағы 6.3.а, 6.3.б, 6.14, 6.15, 6.16, 6.17, 6.18-тармақтармен толықтырылсын:

      "6.3.а "Сұйытылған мұнай газындағы (СМГ) автожанармай құю станциясы";

      6.3.б "Сығымдалған табиғи газдағы (СТГ) автожанармай құю станциясы";

      6.14 "Полиция";

      6.15 "Жол жүрісі туралы ақпаратты беретін радиостанцияны қабылдау аймағы";

      6.16 "Авариялық қызметтермен радиобайланыс аймағы";

      6.17 "Бассейн немесе жағажай";

      6.18 "Дәретхана";

      "Қосымша ақпарат белгілері (тақтайшалар)" деген 7-бөлімде:

      мынадай мазмұндағы 7.4.8а-тармақпен толықтырылсын:

      "7.4.8а "Маршруттық көлік құралының түрі";

      "Қауіпті жол жиегі" деген 7.12-тармақ алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 7.21.1-тармақпен толықтырылсын:

      "7.21.1 "Маршруттық көлік құралының түрі, 6, 19";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерде:

      9-тармақта:

      бірінші және төртінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Көлік құралдарында таным белгілері орнатылады:";

      жүргізушінің қалауы бойынша "Бұдырлар" – қызыл түсті жиегі бар, ұшы жоғары қараған, ішіне қара түсті "Ш" әрпі жазылған ақ түсті жақтары тең үшбұрыш (үшбұрыштың жақтары кемінде екі жүз миллиметр, жиектің ені – жақтың 10/1) түрінде бұдырланған шиналары бар механикалық көлік құралдарының артында;";

      14-тармақтың 8) тармақшасы алып тасталсын;

      Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерге қосымшада:

      "Конструкцияның басқа да элементтері" деген 7-бөлімде:

      4, 17 және 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Жүргізуші орнынан көруді шектейтін (артқы көру айналарын, әйнек тазалағыштардың бөлшектерін, сыртқы және орнатылған немесе әйнекке салынған радиоантенналарды, желқағар әйнекті еріту және кептіру құрылғыларының қыздыру элементтерін қоспағанда) жол жүрісіне қатысушылардың жарақат алу қаупіне әкеп соғатын қосымша заттар орнатылған.

      Механикалық көлік құралы кабинасының (салонының) алдыңғы және (немесе) алдыңғы бүйіріндегі әйнектеріне жабын жағылған не түрлі-түсті мөлдір пленкалар жапсырылған.

      Ескертпе. Алдыңғы әйнектің жоғары бөлігіне ені 140 мм аспайтын, ал М3, N2, N3 санаттарындағы автокөлік құралдарына ені алдыңғы әйнектің жоғары шегі мен оның әйнек тазалағышпен тазалау аймағының жоғары шекарасы арасындағы ең аз аралықтан аспайтын түрлі-түсті мөлдір пленка жолағын пайдалануға жол беріледі. Автобустардың терезелеріне пердешелер, сондай-ақ жеңіл автомобильдердің артқы әйнектеріне жалюздер және пердешелер қолдануға жол беріледі.";

      "17. Техникалық реттеу саласында көзделген талаптарды бұзумен, көлік құралдарын қайта жабдықтау жүргізілген.

      М1, М2, М3 санатындағы көлік құралдарын орындықтар орнатумен (бөлшектеумен), жатын орындарын және жүк бөліктермен ұйымдастыруға байланысты қайта жабдықтау жүргізілген.

      N1, N2, NЗ санатындағы көлік құралдарын М2 және МЗ санатына ауыстыруға байланысты қайта жабдықтау жүргізілген.

      М1 санаты үшін отыратын орындар санының азайтуға байланысты қайта жабдықтауға жол беріледі.

      М1, М2 санаты үшін оларды N1, N2 санатына ауыстыруға байланысты қайта жабдықтауға жол беріледі.

      Ескертпе: көлік құралдарын қайта жабдықтау (конструкциясын өзгерту) көлік құралының конструкциясында көзделген жол жүрісінің қауіпсіздігіне әсер ететін құрамдас бөліктер мен жабдықтау заттарын алып тастау немесе көзделмегендерін орнату.";

      "18. Мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерінде мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерінің әріптік және цифрлық белгілерін жасыруға мүмкіндік беретін элементтер (құрылғылар) орнатылған.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесінде:

      мынадай мазмұндағы 11, 12, 13, 14 және 15-тармақтармен толықтырылсын:

      "11. Экономикалық тергеу қызметінің жедел бөлімшелері.

      12. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел қызметтері.

      13. Инкассация қызметтері.

      14. Ұйымдасқан велосипедшілер топтарымен бірге жүретін көлік құралдары.

      15. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фельдъегерлік қызметі.";

      Ескертпеде:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Мемлекеттік күзет қызметінің, ұлттық қауіпсіздік органдарының, ішкі істер органдарының жедел қызметтерінің, экономикалық тергеу қызметінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар департаментінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің көлік құралдарында арнайы түсті-графикалық бояулар, таным белгілері мен жазулары болмауы да мүмкін.";

      мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Велосипедшілердің ұйымдасқан тобына ілесіп жүруді жүзеге асыратын көлік құралдарына арнайы жарық және дыбыс сигналдарын орнатуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша бояуға рұқсат беруді ішкі істер органдары көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктің "Ерекше белгiлер" деген бағанында тиісті жазбаны енгізу жолымен жүргізеді.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев