Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздарды тартуын келісу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі № 601 қаулысы.

Қолданыстағы

      2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 199-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Квазимемлекеттік сектор субьектілерінің сыртқы қарыздарды тартуын келісу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 601 қаулысымен
бекітілген

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздарды тартуын келісу қағидалары

      1. Осы Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздарды тартуын келісу қағидалары 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 199-бабына сәйкес әзірленді және топішілік қаржыландыру және мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес қарыздар жөніндегі мәмілелерді қоспағанда, Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасы мен Жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасында белгіленген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарызды тартуын келісу тәртібін айқындайды.

      2. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің (бұдан әрі – қарыз алушы) сыртқы қарыздарды тартуын келісу бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қарыз алушының сыртқы борышының шекті көлемін анықтау арқылы жүзеге асырылады.

      3. Оларға қатысты сыртқы борыштың шекті көлемі айқындалатын қарыз алушылардың тізбесін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітеді.

      4. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қарыз алушының жоспарланатын қаржы жылына арналған сыртқы борышының шекті көлемін бекітеді.

      5. Қарыз алушының түзетілген қарыз алу жоспарлары негізінде бюджет параметрлерін өзгерткен жағдайда қарыз алушының сыртқы борышының бекітілген шекті көлемін түзетуге жол беріледі.

      6. Қарыз алушылар өз міндеттемелерін орындауды дербес сыртқы қарыз алу шеңберінде қамтамасыз етеді.