2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 127-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2017 жылғы 24 тамыздағы № 503 қаулысымен бекітілген |
Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау және ұсыну тәртібін айқындайды.
2. Түсімдердің және төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарының, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарының атқарылуы туралы есептердің, елдің стратегиялық даму бағыттарымен өзара байланысты бюджеттің атқарылу көрсеткіштерін бюджеттік мониторингтеу және талдау нәтижелерінің деректері есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті жасау үшін негіз болып табылады.
3. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп есепті қаржы жылындағы жүргізілген республикалық бюджеттің түсімдері және шығыстарын қаржыландыру жөніндегі барлық операцияларды көрсетеді.
Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп бекітілген, нақтыланған, түзетілген бюджеттердің көрсеткіштерін көрсетеді.
Түзетілген бюджет Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары және өзге нормативтік құқықтық актілер негізінде бекітілген (нақтыланған) республикалық бюджет көрсеткіштерінің өзгеруін ескереді.
Есепті қаржы жылындағы бюджет түсімдерінің атқарылу және (немесе) республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша төленген міндеттемелер сомасының ауытқуы, пайыздық қатынасы түзетілген бюджетке есептеледі және тиісті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепте және республикалық бюджеттің атқарылуы туралы талдамалық есепте көрсетіледі.
4. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне және осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган жасайды.
5. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті қалыптастыру Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған бюджет құрылымы бойынша кассалық негізде, мың теңгемен жүзеге асырылады.
2-тарау. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің
атқарылуы туралы жылдық есепті жасау тәртібі
6. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есеп:
1) түсіндірме жазбадан;
2) тиісті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептен;
3) республикалық бюджеттің атқарылуы туралы талдамалық есептен тұрады.
2.1-параграф. Түсіндірме жазбаны жасау тәртібі
7. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепке түсіндірме жазбада елдің экономикалық ахуалы, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында айқындалған мақсаттарға қол жеткізу және басымдықтардың іске асырылуы, елде тиісті кезеңге арналған республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамында қабылданған салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң баптарының атқарылуы туралы талдамалық ақпарат көрсетіледі.
2.2-параграф. Тиісті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті жасау тәртібі
8. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп республикалық бюджет туралы заңға қосымшаларға сәйкес республикалық бюджет көрсеткіштерінің атқарылуы туралы деректерді білдіреді.
Есеп тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес жасалады және мыналар:
есепті қаржы жылына арналып бекітілген, нақтыланған, түзетілген республикалық бюджеттің сомасы;
есепті қаржы жылына қабылданған міндеттемелердің сомасы;
есепті қаржы жылында төленбеген міндеттемелердің сомасы;
есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджет түсімдерінің және (немесе) төленген міндеттемелердің атқарылу сомасы;
есепті қаржы жылындағы бюджет түсімдерінің атқарылу және (немесе) республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша төленген міндеттемелер сомасының есепті қаржы жылындағы түзетілген республикалық бюджеттің сомасынан ауытқуы;
есепті қаржы жылындағы бюджет түсімдерінің атқарылу және (немесе) республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша төленген міндеттемелер сомасының есепті қаржы жылындағы түзетілген республикалық бюджеттің сомаларына пайыздық қатынасы;
бюджеттік сомалардың игерілмеу сомасы көрсетіле отырып, бірыңғай бюджеттік сыныптаманың бюджет түсімдері сыныптамасының кодтары мен бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы бойынша қалыптастырылады.
Бюджет қаражатының үнемделуін, Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінің бөлінбеген қалдығын, шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жете пайдалануға рұқсат етілген, өткен қаржы жылы бөлінген, пайдаланылмаған нысаналы даму трансферттерінің қайтарылған сомасын қоспағанда, бюджеттік бағдарлама бойынша төленген міндеттемелерден түзетілген бюджеттің асып түсу сомасы республикалық бюджет қаражатының игерілмеу сомасы болып табылады.
2.3-параграф. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы
талдамалық есепті жасау тәртібі
9. Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы талдамалық есеп есепті қаржы жылындағы түзетілген республикалық бюджеттің атқарылуын көрсетеді және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген мемлекеттік орган жүргізген бюджеттік мониторинг нәтижелері мен нәтижелерді бағалауға негізделген республикалық бюджеттік бағдарламалардың түсімдері және оларды іске асыру жөніндегі талдамалық деректерді қамтиды және:
түсімдер жоспарының атқарылуына әсер ететін негізгі факторларды және кірістер түсімдерінің жоспарынан іс жүзіндегі атқарылудың ауытқу себептерін баяндай отырып, салықтық түсімдердің, салықтық емес түсімдердің, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдердің, трансферттер түсімдерінің атқарылуын талдауды қамтитын "Кірістер" бөлімі бойынша республикалық бюджеттің атқарылуы туралы;
бөлінген бюджет қаражатының игерілуі, бюджеттік бағдарламалардың игерілмеу сомалары мен себептері, бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу (қол жеткізбеу) және оларға қол жеткізбеу себептері, бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз атқарылуы туралы ақпаратты қамтитын "Шығындар" бөлімі бойынша республикалық бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы;
бөлінген бюджет қаражатының игерілуі, бюджеттік бағдарламалардың игерілмеу сомалары мен себептері, кредит берумен байланысты, сондай-ақ іс жүзіндегі атқарылудың бюджеттік кредиттерді өтеу бойынша қаражаттардың түсу жоспарынан ауытқуының негізгі факторлары мен себептерін көрсететін бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу (қол жеткізбеу) және оларға қол жеткізбеу себептері, бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз атқарылуы туралы ақпаратты қамтитын "Таза бюджеттік кредит беру" бөлімінің атқарылуы туралы;
бөлінген бюджет қаражатының игерілуі, бюджеттік бағдарламалардың игерілмеу сомалары мен себептері, бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу (қол жеткізбеу) және оларға қол жеткізбеу себептері, қаржы активтерін сатып алуға байланысты бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз атқарылуы, сондай-ақ мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін іс жүзіндегі түсімдердің жоспарлы сомадан ауытқу себептерін көрсете отырып, оларды сатудан түсетін түсімдер жоспарының орындалуы туралы ақпаратты қамтитын "Қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдо" бөлімінің атқарылуы туралы;
республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары бойынша тапшылықтың (профициттің) іс жүзінде қалыптасқан сомасын түсіндіретін "Бюджет тапшылығы (профициті)" бөлімінің атқарылуы туралы;
бюджет қаражатының қарызға алу және пайдаланылатын қалдықтары есебінен бюджет тапшылығын жабуды іс жүзінде қамтамасыз ету немесе бюджет профицитін, қарыз қаражатын, бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтарын қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге жұмсау жолымен бюджет профицитін пайдалану нәтижелерін қамтитын "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану)" бөлімінің атқарылуы туралы ақпаратты қамтиды.
Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен бюджеттік бағдарламалар бөлінісіндегі республикалық бюджеттік бағдарламалардың орындалуы туралы талдамалық есеп бюджет құрылымы бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен бюджеттік бағдарламаларды топтастыру арқылы стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторларымен өзара байланысын ескере отырып жасалатын бюджет шығыстарын ведомстволық сыныптау негізінде қалыптастырылады.
3-тарау. Жылдық есепті ұсыну тәртібі
10. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган осы Қағидалардың 6-9-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес есепті қаржы жылы үшін республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей ұсынады.
11. Есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын ағымдағы жылғы 20 сәуірден кешіктірмей Қазақстан Республикасының Парламентіне және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне ұсынады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Парламентінде қарау кезінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Тиісті мемлекеттік органдар есепті қаржы жылы үшін республикалық бюджетті атқару туралы жылдық есептің жобасын уақтылы дайындау мақсатында бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға мәндерді мың теңгемен көрсете отырып, мемлекеттік және орыс тілдерінде мынадай ақпаратты ұсынады:
мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган есептіден кейінгі жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей – тиісті қаржы жылына Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы және елдегі салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарын іске асыру шеңберінде елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы талдамалық ақпаратты;
республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері:
есептіден кейінгі жылдың 15 ақпанынан кешіктірмей:
мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының іске асырылуы туралы есепті, сондай-ақ, бюджеттік бағдарламалармен өзара байланыста нысаналы индикаторларға қол жеткізуі/қол жеткізбеуі, олардың қол жеткізбеу (асыра орындау) себептері туралы ақпаратты;
есепті қаржы жылы үшін бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) іске асырылуы туралы есепті, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісі басшылық ететін бюджеттік бағдарламалардың атқарылуы туралы талдамалы есепке ақпаратты;
тиісті мемлекеттік органның квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында қаражат қалдықтарының қалыптасу себептері туралы;
есептіден кейінгі жылдың 10 наурызынан кешіктірмей мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерді, сондай-ақ есепті жылы көзделген және олардың іске асырылуына пайдаланылған қаражат жоспарланған шаралардың нәтижелері және орындалу (орындалмау) себептері, олардың саланың, өңірдің, елдің дамуына ықпалы көрсетіле отырып, талдамалы ақпаратты ұсынады.
Бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган басқа қажетті ақпаратты сұратады және өз құзыреті шегінде қосымша нысандарды белгілейді.