Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің кейбір республикалық мемлекеттік мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 мамырдағы № 321 қаулысы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Археография және деректану ұлттық орталығы" республикалық мемлекеттік мекемесі оған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Мемлекеттік архивтердегі деректі материалдардың микрофотокөшірмелерін жасау және қалпына келтіру орталық зертханасы" республикалық мемлекеттік мекемесін және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Құжаттану және архив ісі жөніндегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығы" республикалық мемлекеттік мекемесін қосу жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Археография және деректану ұлттық орталығы" республикалық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мекеме) болып қайта аталсын.

      3. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) мекеменің жарғысын бекітуді және оның әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасы Үкiметiнің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1) "Министрліктер мен өзге де орталық атқарушы органдардың олардың аумақтық органдарындағы және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердегі адам санын ескере отырып, штат санының лимиттерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 сәуірдегі № 339 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген министрліктер мен өзге де орталық атқарушы органдардың олардың аумақтық органдарындағы және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелеріндегі адам санын ескере отырып, штат санының лимиттерінде:

      "Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, оған ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерді ескере отырып, оның ішінде:" деген 3-бөлімде:

      16), 17) және 18) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "

16)

"Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві" РММ

27

17)

"Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалары архиві" РММ

27

18)

"Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы" РММ

25

      ";

      19) және 20) тармақшалар алып тасталсын;

      2) Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 04.10.2023 № 865 қаулысымен.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.10.2023 № 865 қаулысымен.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев