"Ұлттық ғылыми кеңестер туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 16 мамырдағы № 519 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 5 сәуірдегі № 171 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 27 қазандағы № 950 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 27.10.2023 № 950 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Ұлттық ғылыми кеңестер туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 16 мамырдағы № 519 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 38, 468-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереже осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2017 жылғы 5 сәуірдегі
№ 171 қаулысына
  қосымша
 
  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2011 жылғы 16 мамырдағы
  № 519 қаулысымен
  бекітілген

Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Ғылым туралы" 2011 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және ұлттық ғылыми кеңестер (бұдан әрі – кеңестер) қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.

      2. Кеңестер ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің даму бағыттары бойынша алқалы органдар болып табылады.

      3. Кеңестер Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының мемлекеттік басымдықтарына сәйкес ғылым бағыттары бойынша құрылады.

      4. Кеңестердің жұмысын ұйымдастыратын Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығы (бұдан әрі – сараптама орталығы) кеңестердің жұмыс органы болып табылады.

2. Кеңестердің құрамы

      5. Кеңестердің құрамы үш жыл мерзімге бекітіледі және мүшелердің тақ санынан құралуы тиіс.

      6. Кеңестердің құрамдарын ғылым саласындағы уәкілетті орган салалық уәкілетті органдардың, ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми-қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстары мен ұсынымдары бойынша қазақстандық және шетелдік құзыретті ғалымдар, мемлекеттік органдардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық даму институттарының, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері қатарынан қалыптастырады және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Кеңестер құрамына кандидаттар тізімдері ғылым саласындағы уәкілетті органның және сараптама орталығының интернет-ресурстарында жарияланады.

      7. Кеңестердің құрамдарына сайланатын қазақстандық ғалымдардың мамандығы бойынша кемінде 5 жыл жұмыс өтілі және соңғы 5 жылда кемінде 2 Хирша индексі бар болуы тиіс.

      Гуманитарлық, қоғамдық, саяси және әлеуметтік ғылымдар саласында мамандандырылған ғалымдар үшін Хирша индексінің орнына соңғы 5 жылда халықаралық рецензияланатын журналдарда кемінде 2 жарияланымның болуы талап етіледі.

      8. Қазақстандық ғалымдарды кеңестердің құрамдарына іріктеу ғылым саласындағы уәкілетті орган жасаған, соңғы бес жылдағы ғалымдардың Хирша индексі бойынша ранжирленген жарияланымдары тізімінің негізінде жүргізіледі. Бұл ретте кеңестердің құрамдарына осы тізімге сәйкес көбірек Хирша индексі бар ғалымдар іріктеледі. Гуманитарлық, қоғамдық, саяси және әлеуметтік ғылымдар саласында мамандандырылған ғалымдарды іріктеу халықаралық рецензияланатын журналдардағы жарияланымдар негізінде жүргізіледі.

      9. Кеңестер құрамының жиырма пайызынан асырылмай, бірақ әрбір кеңесте кемінде бір мүшесі әлемдік жетекші ғылыми немесе ғылыми-білім беру ұйымдарының өкілдері болып табылатын, ағылшын тілін еркін меңгерген және соңғы 5 жылда кемінде 10 Хирша индексі бар шетелдік ғалымдар қатарынан қалыптасады.

      10. Әрбір кеңес құрамының кемінде елу пайызы ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық даму институттарының, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, Қазақстан Республикасы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынымы бойынша ірі өндірістік компаниялар мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің ғылыми құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерінен қалыптасады.

      11. Кеңестердің құрамдарына ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілерінің басшылары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ бір ұйымнан бір қызметкерден артық кірмейді.

      12. Әрбір кеңесте қазақстандық ғалымдар арасынан төраға және төрағаның орынбасары сайланады.

      13. Кеңес төрағасы оның қызметін басқарады, кеңестердің отырыстарында төрағалық етеді, кеңестің жұмысын жоспарлайды және өз қызметі шеңберінде мемлекеттік органдармен, сондай-ақ басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде кеңестің атынан өкілдік етеді.

      14. Төраға болмаған жағдайда, оның функцияларын орынбасары атқарады.

      15. Төраға кеңес мүшелерінің арасынан хаттаманы ресімдеуге жауап беретін кеңестің хатшысын айқындайды. Кеңес хатшысы кеңес шешімдер қабылдаған кезде дауыс беру құқығына ие.

      16. Кеңес мүшелері ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстарына жобаның (бағдарламаның) ғылыми жетекшісі ретінде қатыса алады, бірақ өздері қатысатын немесе үлестес адамдар қатысатын жобалар (бағдарламалар) бойынша шешімдер қабылдамайды.

      17. Кеңес мүшелері үш реттен артық кеңес отырыстарына дәлелсіз себеппен қатыспаған, құпия ақпаратты жариялаған, шешім қабылдаудан негізсіз бас тартқан, ғылыми этиканы бұзу фактілері (плагиат, бұрмалау, жалған мәліметтерді қосу, жалған қоса авторлық, өтінімдерден бөтен нәтижелерді иемдену, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама (бұдан әрі – МҒТС) объектісін қайталау) болған, сондай-ақ осы Ереженің 43 және 44-тармақтарында көзделген талаптарды бұзған жағдайларда, оның құрамынан шығарылады.

3. Кеңестердің міндеттері, функциялары және құқықтары

      18. Кеңестердің негізгі міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия (бұдан әрі – ЖҒТК) айқындаған басымдықтарға сәйкес мамандандырылған ғылыми бағыттарды қалыптастыру;

      2) ғылыми зерттеулер жүргізу үшін бөлінетін қаржыландырудың нысандары мен көлемдерін айқындау;

      3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру көлемдерін айқындау;

      4) ұсынылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың ғылыми жаңашылдығын, ғылыми-техникалық деңгейін, перспективалылығын, әзірлену дәрежесін, сұралып отырған қаржыландыру көлемінің экономикалық негізділігін бағалау;

      5) Қазақстан Республикасының жаңа ғылыми бағыттарға қажеттіліктерін бағалау;

      6) республикалық бюджеттен қаржыландыру ұсынылатын іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға конкурстық іріктеуді жүзеге асыру;

      7) жүргізілетін ғылыми зерттеулердің іске асырылу барысын, оның ішінде жергілікті жерге бара отырып мониторингтеу;

      8) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру шеңберінде конкурстық өтінімдерді іріктеуге қатысу болып табылады.

      19. Кеңестердің негізгі функциялары:

      1) гранттық қаржыландыру көлемін айқындау бойынша бағыттың атауын, бағытты таңдаудың негіздемесін, таңдалған бағытты іске асыру көлемін, экономикалық және әлеуметтік әсерін қамтитын ұсынымдар әзірлеу;

      2) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру көлемін айқындау бойынша ұсынымдар әзірлеу;

      3) ғылым саласындағы уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті органдар бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға ұсынған нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағыттың даму стратегиясын және (немесе) бағдарламасын, стратегиялық міндеттерді шешу үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу тақырыптарын, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың негізгі нәтижесін, стратегиялық міндеттерді іске асыру үшін ресурстарды, экономикалық және әлеуметтік әсерлер болжамын қамтитын ЖҒТК-ге ұсынымдар әзірлеу;

      4) ғылым саласындағы уәкілетті органның немесе салалық уәкілетті органдардың гранттық қаржыландыруға ұсынған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобалары бойынша ЖҒТК-ге ұсынымдар әзірлеу;

      5) республикалық бюджет есебінен гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (қаржыландыруды тоқтату) туралы шешімдерді қабылдау;

      6) ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің тиісті бағыттары бойынша орындалатын ғылыми зерттеулер жөнінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы аралық және қорытынды есептерді қабылдау;

      7) жүргізілетін ғылыми зерттеулердің, оның ішінде жергілікті жерлерге бара отырып жүргізілетін ғылыми зерттеулердің іске асырылу барысын мониторингтеуді, сондай-ақ ғылым саласындағы уәкілетті орган бекітетін ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың іске асырылу барысын және нәтижелілігін мониторингтеу туралы ережеге сәйкес олар қабылдаған шешімдердің орындауын мониторингтеуді (бұдан әрі – ғылыми зерттеулердің мониторингі) жүзеге асыру болып табылады.

      20. Кеңестер өз қызметін жүзеге асыру кезінде:

      1) өз қызметін Қазақстан Республикасының салалық уәкілетті органдарымен, ғылыми ұйымдарымен және жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимылда жүзеге асыруға;

      2) мемлекеттік органдардан өз қызметін жүзеге асыру үшін ақпараттық-талдамалық және анықтамалық деректер алуға;

      3) кадрларды даярлауды, қаржылық қамтамасыз етуді және ғылымның материалдық-техникалық базасын дамытуды қоса алғанда, ғылыми-техникалық даму жөніндегі ұсыныстарды ғылым саласындағы уәкілетті органға, салалық уәкілетті органдарға, ұлттық және салалық ғылым академияларына енгізуге;

      4) ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді өзгерту және жетілдіру жөнінде ұсыныстарды әзірлеуге және белгіленген тәртіппен енгізуге;

      5) гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға жататын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы қаралып жатқан есептер бойынша отырыстарға қосымша түсініктемелер беру үшін ғылыми жетекшілерді шақыруға;

      6) заңды тұлға таратылған/қайта құрылған немесе дара кәсіпкердің қызметі тоқтатылған, сондай-ақ жобаның ғылыми жетекшісі жаңа жұмыс орнына ауысқан жағдайда, гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған шарт бойынша жұмыстарды орындаушыны ауыстыруға (жобаның немесе бағдарламаның ғылыми жетекшісінің ғылым саласындағы уәкілетті органға өтінішхаты болған жағдайда) рұқсат беруге;

      7) ғылыми жетекші жұмыс орнын ауыстырған жағдайда, оны гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың шарты бойынша ғылыми жетекші ретінде қалдыруға (ғылыми жетекшінің ғылым саласындағы уәкілетті органға өтінішхаты болған жағдайда);

      8) ғылым саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша кеңеске ұсынылған материалдарды жан-жақты, толық және объективті қарауды қамтамасыз ету мақсатында консультациялар мен түсініктемелер алу үшін нақты ғылым саласы бойынша сарапшылар мен мамандарды тарту арқылы мамандандырылған секцияларды құруға құқылы.


4. Кеңестер қызметін ұйымдастыру

      21. Кеңестер қызметінің негізгі нысаны олар қабылдайтын шешімдердің жариялылығы мен объективтілігін қамтамасыз ететін кеңестің ашық отырысы болып табылады.

      22. Кеңестердің отырысы кеңестердің мүшелерін тікелей шақыру не нақты уақыт режимінде интернет-конференция өткізу арқылы өткізіледі.

      Отырысқа жеке қатысу мүмкіндігі болмаған жағдайда, кеңес мүшесі кеңес отырысына нақты уақыт режимінде интернет-ресурстарды пайдалану және хатшыға хаттаманы ресімдеу үшін отырыс мәселелері бойынша дауыс беру нәтижелері бар бюллетеньді тапсыру арқылы қатысады.

      Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпаздары туралы шешім қабылдау және гранттық қаржыландырудың көлемін айқындау үшін кеңестердің отырыстарына өтінім берілген жобаларды таныстыру үшін грантқа өтінім берушілер міндетті түрде қатысуы тиіс.

      23. Кеңестердің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде екі рет өткізіледі.

      24. Жыл сайын бірінші отырыста кеңестер жылдық жұмыс жоспарын және отырыстарының кестесін ғылым саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.

      Кеңестердің жылдық жұмыс жоспарына және отырыстарының кестесіне өзгерістер ғылым саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жылына екі реттен асырылмай енгізіле алады.

      25. Кеңестер отырысының күн тәртібін сараптама орталығы қалыптастырады және ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалармен және бағдарламалармен (бұдан әрі – объектілер), МҒТС және (немесе) мониторинг нәтижелерімен, секцияның ұсынымдарымен (болған жағдайда) бірге отырыстың басталуына дейін жеті жұмыс күнінен кешіктірмей кеңестер мүшелеріне жібереді.

      26. Барлық қаралатын мәселелер бойынша кеңестер отырыстары күнтізбелік отыз күннен аспай мерзімде өткізіледі.

      27. Егер отырыста кеңес мүшелерінің, оның ішінде интернет-конференция режимінде қатысқан кеңес мүшелерінің кемінде үштен екісі болса, кеңес отырысы заңды болып табылады.

      28. Қажет болған жағдайларда, объектілер бойынша толық мәліметтер болмаған кезде кеңестер сараптама орталығынан МҒТС нәтижелері бойынша қосымша түсініктемелер, негіздемелер мен ақпаратты сұратады. Сараптама орталығы жауапты екі жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жібереді.

      29. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды конкурстық іріктеу мәселесі бойынша отырыс барысында кеңестер объектілерді Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 мамырдағы № 575 қаулысымен бекітілген Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржылан-дыру қағидасында белгіленген тәртіппен қарайды.

      30. Кеңестердің шешімі жасырын дауыс беру арқылы қабылданады және оған кеңес мүшелерінің отырысына қатысушылардың жалпы санынан кемінде үштен екісі дауыс берсе, заңды деп саналады және хаттамамен ресімделеді.

      31. Кеңес отырыстарының хаттамалары ресімделеді және оған кеңестің отырысына қатысқан барлық мүшелер отырысты өткізу аяқталған күннен бастап жеті жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қол қояды және ол мыналарды қамтуы тиіс:

      1) кеңестің толық атауы және құрамы;

      2) отырысты өткізуді бастау және аяқтау күндері;

      3) отырысқа қатысқан тұлғалар туралы мәліметтер;

      4) отырыстың күн тәртібі;

      5) отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер бойынша барлық талқылаулар;

      6) дауыс беруге қойылған мәселелер және кеңес отырысының күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша дауыс беру нәтижелері көрсетілген олар бойынша дауыс беру қорытындылары;

      7) қабылдаған шешімдер және олардың бағалау парақтары қоса берілген (бар болғанда) негіздемелері;

      8) кеңестер шешімі бойынша өзге де мәліметтер. Дауыс беруге шығарылған мәселе бойынша кеңес мүшесінің ерекше пікірі болса, кеңестердің хатшылары хаттамаға тиісті жазба енгізеді.

      32. Кеңес отырыстарын сараптама орталығы аудио және бейнежазбаға түсіруі тиіc. Кеңестердің хаттамалары, дауыс беру бойынша аудио және бейне жазбалары сараптама орталығында сақталады.

      33. Кеңес мүшелері, кеңестердің жылдық жұмыс жоспары және жұмыс кестесі туралы ақпарат ғылым саласындағы уәкілетті органның және сараптама орталығының интернет-ресурстарында орналастырылады.

      34. Бір жылдық жұмыс нәтижелері бойынша кеңестер өз қызметі туралы есеп береді, ол сараптама орталығының интернет-ресурсында жарияланады.

5. Кеңестердің шешімдері

      35. Кеңестер республикалық бюджет қаражаты есебінен:

      1) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстардың жобалары мен бағдарламаларын;

      2) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстар бөлігіндегі басқа да бағдарламаларды;

      3) Қазақстан Республикасы ғылыми мекемелерінің, ұйымдары мен кәсіпорындарының қатысуымен іске асырылатын мемлекетаралық ғылыми-техникалық бағдарламалардың жобаларын;

      4) инновациялық жобаларды;

      5) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (қаржыландыруды тоқтату) туралы шешімдерді ғана қабылдайды.

      36. Кеңестер қабылдаған шешімдерді сараптама орталығы хаттамадан үзінділер түрінде ғылым саласындағы уәкілетті органға және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған гранттарды ұсыну бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша мемлекеттік тапсырманың орындалуына жауапты заңды тұлғаға және қажет болған жағдайда, салалық уәкілетті органға шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні мерзімінен кешіктірмей береді.

      37. Кеңестердің шешімдерін ғылым саласындағы уәкілетті орган және салалық уәкілетті органдар міндетті түрде орындауы тиіс.

      38. Кеңестер өздері қабылдаған шешімдердің орындалуына мониторингті жүзеге асырады.

      39. Әрбір мақұлданған объектіге бөлінген қаражат көлемі туралы мәліметтер сараптама орталығының интернет-ресурсында жариялануға тиіс.

      40. Кеңестер қабылдаған барлық шешімдер шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні мерзімінен кешіктірілмей ғылым саласындағы уәкілетті органның және сараптама орталығының интернет-ресурстарында орналастырылады.

6. Кеңестер мүшелеріне сыйақылар беру

      41. Нақты жобаға, бағдарламаға (олар бойынша есепке) сараптама, ғылыми жұмыстардың орындалуына мониторинг жүргізгені үшін сыйақыны, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік ғалымдардың іссапар шығыстарын қоса алғанда, кеңестердің қызметін қамтамасыз етуді сараптама орталығы республикалық бюджет қаражатынан жүргізеді.

7. Кеңестер мүшелерінің жауапкершілігі

      42. Кеңестердің мүшелері кеңестерді нақты мәселелерді қарау кезінде өздеріне мәлім болған мүдделер қақтығысы туралы хабардар етеді және кеңестер қабылдайтын әрбір белгіленген бағалау өлшемшарты бойынша шешімдердің объективтілігі мен негізділігіне жауапты болады.

      43. Кеңестердің мүшелері:

      1) өзінің міндеттерін тиісінше орындайды және ұсынылған материалдарды уақтылы және сапалы қарау үшін барлық қажетті шараларды қолданады;

      2) қабылданған шешімге қатысты дәлелді негіздемені ұсынады;

      3) өздеріне толық және дәйекті ақпарат беруді талап етеді, өз құзыретіне жататын мәселелерді шешуге қатысты деректерді жасыруға және бұрмалауға жол бермейді;

      4) ғылыми этиканың бұзылу фактілеріне әрекет етеді;

      5) шешімдер қабылдаған кезде қоғамдық пікірдің ықпалынан, тараптардың біріне немесе үшінші тұлғаға бейілділіктен аулақ болады;

      6) мүдделер қақтығысының алдын алу және реттеу бойынша шаралар қабылдайды;

      7) қызмет процесінде кеңестің басқа мүшелерінің, өтініш берушілердің, сарапшылардың ар-намысына нұқсан келтіретін дөрекі, ғайбат сөздерді, айыптауларды қолданбайды;

      8) басқа тұлғалардың зияткерлік меншік құқығын бұзуға немесе басқа адамдардың ғылыми-зерттеу қызметіне зиян келтіретін іс-әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасамайды.

      44. Кеңес мүшелері нақты ғылыми жобаны және (немесе) бағдарламаны қараудан мынадай:

      1) объектінің мақұлдануы немесе қабылданбауы нәтижесіне жеке немесе қаржылық жағынан мүдделі болған;

      2) соңғы үш жылда бірлескен авторлықты қоса алғанда, жоба авторымен бірлескен жарияланымдары бар болған, өтінім дайындауға тікелей қатысқан, зерттеулердің нәтижелері және осы нәтижелерді қолдану бойынша бірлескен жарияланымдарды жоспарлаған;

      3) соңғы үш жыл ішінде ғылыми жобаның және (немесе) бағдарлама орындаушысының тікелей жетекшісі болған, оның қарамағында болған немесе оған консультациялық қызмет көрсеткен;

      4) ғылыми жобаның және (немесе) бағдарламаның орындаушысы жұмыс істейтін ұйымда жұмыс істеген;

      5) ғылыми жобаның және (немесе) бағдарламаның орындаушысымен некеде (ерлі-зайыптылықта) немесе жақын туыстық қатынаста болған;

      6) ғылыми жобаның және (немесе) бағдарламаның орындаушысы оның ата-анасымен, жұбайымен (зайыбымен) жақын туыстық қатынаста болған жағдайларда бас тартады.