2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 180-бабының 2-тармағына және "2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2016 жылғы 29 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды беру мақсатында "ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамына кредит беру үшін кейіннен "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамын кредиттей отырып "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 25.08.2018 № 523 қаулысымен.2. Қазақстан Республикасының Қаржы, Инвестициялар және даму министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамымен кредиттік шарт жасасуды;
2) кредит берудің негізгі және қосымша шарттарының орындалуын бақылауды;
3) бюджеттік кредиттің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингтеуді қамтамасыз етсін.
3. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы тоқсан
сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Қаржы, Инвестициялар және даму министрліктеріне кредиттің игерілуі туралы ақпарат берсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігіне жүктелсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 24 наурыздағы № 131 қаулысымен бекітілген |
"Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды беру мақсатында "ҚДБ-Лизинг" акционерлік қоғамына кредит беру үшін кейіннен "ҚДБ-Лизинг" "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына бюджеттік кредит берудің негізгі шарттары
Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 25.08.2018 № 523 қаулысымен.
1. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қарыз алушы) кредит беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:
1) кредит ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 220 "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ға кредит беру" бюджеттік бағдарламасы бойынша "2017 – 2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" 2016 жылғы 29 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен көзделген
17 500 000 000 (он жеті миллиард бес жүз миллион) теңге сомасында беріледі;
2) кредит қарыз алушыға мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында 10 (он) жыл мерзімге жылдық 0,1%-ға тең сыйақы мөлшерлемесі бойынша теңгемен беріледі;
3) республикалық бюджеттен кредитті бөлу қарыз алушының шотына кредиттің барлық сомасын біржолғы аудару жолымен жүзеге асырылады;
4) игеру кезеңі қарыз алушының шотына кредит аударылған күнінен бастап 2 (екі) жылды құрайды;
5) кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жылына 2 (екі) рет жүзеге асырылады (есептелген сыйақының алғашқы төлемі қарыз алушының шотына кредит қаражаты аударылған күнінен бастап 6 (алты) ай өткен соң жүргізіледі);
6) кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы 3 (үш) жылды құрайтын жеңілдік кезеңі өткен соң 2020 жылдан бастап тең бөліктермен жүзеге асырады;
7) бюджеттік кредитті берудің мақсаты қарыз алушының "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ұзақ мерзімді лизингтік қаржыландыруды ұсыну үшін 10 (он) жыл мерзімге жылдық 0,2 % сыйақы мөлшерлемесімен "Қазақстанның Даму Банкі-Лизинг" АҚ-ға кейіннен кредит беру үшін жылдық 0,15 % сыйақы мөлшерлемесімен "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамына кейіннен кредит беруі болып табылады.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 25.08.2018 № 523 қаулысымен.2. Кредиттерді беру, өтеу және қызмет көрсету бойынша қосымша шарттар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес кредиттік шарттарда белгіленеді.