Міндеттемені заттай нысанда орындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 14 ақпандағы № 68 қаулысы.

Қолданыстағы

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 308-2-бабының 4-тармағына және 346-бабы 3-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Міндеттемені заттай нысанда орындау қағидалары бекітілсін.

      2. "Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың көлемін айқындау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 11 желтоқсандағы № 2080 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 58, 505-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы Үкіметінің
  2017 жылғы 14 ақпандағы
  № 68 қаулысымен
  бекітілген

Міндеттемені заттай нысанда орындау

ҚАҒИДАЛАРЫ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Міндеттемені заттай нысанда орындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар):

      1) Қазақстан Республикасының өнімді бөлу жөніндегі үлесі;

      2) роялти;

      3) экспортқа рента салығы;

      4) пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салық міндеттемесін орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушы заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың көлемдерін айқындау, оны ақшалай мәнде есептеу, сондай-ақ өткізу тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) агент – мемлекет атынан алушы пайдалы қазбаларды өткізуді жүзеге асыруға уәкілеттік берген тұлға;

      2) жер қойнауын пайдаланушы салық міндеттемелерін орындау есебіне заттай нысанда беретін пайдалы қазбалар (бұдан әрі – пайдалы қазбалар) – жер қойнауын пайдаланушы салық міндеттемелерін орындау есебіне заттай нысанда беретін мұнай, күкірт;

      3) жеткізу пункті – мемлекет атынан алушыға жер қойнауын пайдаланушыдан пайдалы қазбаларға билік ету құқықтарын беру орны;

      4) мемлекет атынан алушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында және (немесе) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 308-1-бабында көзделген өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген салық міндеттемесін орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушы заттай нысанда беретін пайдалы қазбаларды алушы ретінде мемлекет атынан әрекет ететін заңды тұлға;

      5) мемлекет атынан алушының немесе агенттің шығыстары – осы Қағидаларда айқындалған, негізделген және құжаттық және (немесе) ресми танылған ақпарат көздерімен расталған пайдалы қазбаларды жеткізу және өткізу үшін қажетті шығыстар;

      6) сату пункті – пайдалы қазбаларға меншік құқығы немесе залалдар қаупі мемлекет атынан алушыдан немесе агенттен сатып алушыға өтетін орын;

      7) сатудың орташа өлшемді бағасы – осы Қағидалардың 19-тармағына сәйкес айқындалатын, соған қатысты пайдалы қазбаларды беру жүргізілетін салық кезеңі ішінде пайдалы қазбалардың көлем бірлігін өткізудің орташа өлшемді бағасы;

      8) пайдалы қазбалардың шартты бағасы – жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерді заттай нысанда орындау есебіне Қазақстан Республикасына беретін пайдалы қазбалар көлемдерінің ақшалай мәнін айқындау үшін пайдаланылатын пайдалы қазбалар көлемі бірлігінің бағасы;

      9) тасымалдау жөніндегі шығыстар – осы Қағидалардың 19-тармағына сәйкес айқындалатын, теміржол, магистральдық құбыр жолмен және (немесе) теңіз жолы арқылы тасымалдау кезіндегі көліктік тарифке ақы төлеуді, төгу және құю (сұйық заттар үшін) жөніндегі шығыстарды, тиеу және түсіру (қатты заттар үшін) жөніндегі шығыстарды, пайдаланылған теміржол цистерналарының жалға алу ақысын, кедендік төлемдерді, жүктің технологиялық көлік ысырабын, жүкті жолда сақтау мен сақтандыру жөніндегі шығыстарды, теміржол арқылы тасымалдауға байланысты теміржол цистерналарының бос тұрып қалғанына ақы төлеу, теңіз жолы арқылы тасымалдауға байланысты демередж жөніндегі және дифференциалға қосылмаған шығыстарды, тасымалдаумен тікелей байланысты қаржыландыру мен банктік қызмет көрсетуге жұмсалатын шығыстарды, жүктің мөлшері мен сапасын бақылау бойынша тексеру жүргізу жөніндегі шығыстарды және тасымалдауға тікелей байланысты өзге де шығыстарды қамтитын, пайдалы қазбалардың көлемі бірлігін ұңғыманың сағасынан (егер Салық кодексінің 308-1-бабында көрсетілген өнімді бөлу жөніндегі келісімдерде (келісімшарттарда) және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда өзгеше көзделмесе) сату (жөнелту) пунктіне дейін тасымалдау жөніндегі шығыстар.

      3. Осы Қағидаларда көрсетілген барлық шамалар соған байланысты пайдалы қазбаларды беру жүргізілетін салықтың әрбір түріне Салық кодексіне сәйкес айқындалған салық кезеңі үшін есептеледі.

      4. Осы Қағидалармен реттелетін құқықтық қатынастар Салық кодексінде көзделген салық салу қағидаттарына негізделеді.

2-тарау. Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесі және роялти жөніндегі міндеттемелерді орындау

      5. Салықтық әкімшілік ету мақсатында жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесін және роялтиді төлеу есебіне беретін пайдалы қазбалар көлемінің ақшалай мәні Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесін және роялтиді төлеу есебіне беруге жататын пайдалы қазбалар көлемінің және осы тармақта көзделген шартты бағаның көбейтіндісі ретінде айқындалады.

      Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесін және роялтиді төлеу есебіне мемлекет атынан алушыға берілетін пайдалы қазбалардың көлемін айқындау Салық кодексінің 308-1-бабында көрсетілген өнімді бөлу жөніндегі келісімдердің (келісімшарттардың) және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың шарттарын ескере отырып, мыналар:

      Қазақстан Республикасының өнімді бөлу жөніндегі үлесі бойынша – жер қойнауын пайдаланушыға тиесілі пайдалы қазбалар көлемін шегере отырып, пайдалы қазбалардың бөлуге жататын көлемі ретінде;

      роялти бойынша – өндірілген пайдалы қазбалар көлемі мен роялтидің белгіленген мөлшерлемесінің көбейтіндісі ретінде жүзеге асырылады.

      Салық кезеңінде берілуге жататын пайдалы қазбалар көлемін азайтуға (ұлғайтуға) жол берілмейді.

      Шартты бағаны жер қойнауын пайдаланушы Салық кодексінің 308-1-бабында көрсетілген өнімді бөлу жөніндегі келісімдердің (келісімшарттардың) және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың ережелеріне сәйкес есептейді, соларды орындау үшін міндеттемелерді орындау заттай нысанда жүргізіледі және берілетін әрбір пайдалы қазбаның бөлінісінде осындай келісім (келісімшарт) бойынша бірыңғай шартты баға ретінде қолданылады.

      Салық кодексінің 308-1-бабында көрсетілген өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда) және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда шартты бағаны айқындау тәртібі болмаған жағдайда, мұндай шартты баға орташа арифметикалық баға ретінде айқындалады:

      мұнай бойынша – уақыт аралығындағы белгіленім кезеңі бойынша:

      тауарды теңіз көлігімен өткізген кезде тауарға меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күнге дейін бес белгіленім күнінен аспауға және тауарға меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күннен кейін бес белгіленім күнінен аспауға;

      тауарды теңіз көлігімен өткізуді қоспағанда, магистральдық құбыржол көлігімен және көліктің өзге түрімен өткізу кезінде тауарға меншік құқығы сатып алушыға ауысқан айдың бірінші күнінен бастап соңғы күніне дейін;

      күкірт бойынша – ішкі нарықтағы орташа айлық бағаны негізге ала отырып және экспорт кезінде Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасына сәйкес ақпарат көзінен.

      6. Мемлекет атынан алушы Салық кодексінің 308-1-бабында көрсетілген өнімді бөлу жөніндегі келісімдердің (келісімшарттардың) және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың ережелеріне сәйкес жер қойнауын пайдаланушы тиісті салық кезеңі үшін міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда беретін көлемге тең көлемде осындай салық кезеңінде міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушыдан пайдалы қазбаларды жеткізу пунктінде алудың уақтылығын және толықтығын қамтамасыз етеді.

      Егер мемлекет атынан алушы осындай салық кезеңі үшін тиісті пайдалы қазбалардың толық көлемде алынуын қамтамасыз ете алмаса, жер қойнауын пайдаланушы анықталған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік кіріс органдарын жер қойнауын пайдаланушы беруге тиісті осындай пайдалы қазбалар көлемін мемлекет атынан алушының қабылдауға қабілетсіздігі туралы жазбаша хабардар етеді.

      Мемлекеттік кіріс органдары осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген хабарламаны алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде мемлекет атынан алушыға пайдалы қазбаларды алудың толықтығын қамтамасыз етуге қабілетсіздігі туралы түсіндірмелерді беру туралы жазбаша сұрау салу жібереді.

      Мемлекет атынан алушы мемлекеттік кіріс органдарының сұрау салуын алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде растайтын құжаттарды қоса беріп, пайдалы қазбаларды алудың толықтығын қамтамасыз етуге қабілетсіздігі туралы түсіндірмелермен жазбаша жауап жібереді.

      Жер қойнауын пайдаланушы есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 5-күнінен кешіктірмейтін мерзімде пайдалы қазбаның әрбір түрі бойынша берілуге жататын көлемі, нақты берілген көлемі және шартты баға туралы ресми хатпен мемлекет атынан алушыны хабардар етеді.

      Бұл ретте міндеттемені заттай нысанда орындауға байланысты өсімпұл мен айыппұлдарды төлеу ақшалай нысанда жүргізіледі.

      7. Пайдалы қазбаларды сатып алушыны таңдауды мемлекет атынан алушы, Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасына сәйкес газды ұлттық операторға сату жағдайларын қоспағанда, конкурстық негізде жүзеге асырады.

      8. Өткізу мерзімі анағұрлым ұзақ уақытты талап ететін пайдалы қазбаларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерді орындауы есебіне заттай нысанда алынатын пайдалы қазбалар осындай пайдалы қазбалардың тәуліктік көлемін қабылдау-беруді растайтын құжатқа жеткізу пунктінде қол қойған күннен бастап 90 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде өткізіледі.

      9. Жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерді орындауы есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбаларды өткізу мемлекет атынан алушымен жасалған тиісті тапсырма шарты болған кезде мұнай және газ саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша ғана агент арқылы жүзеге асырылады.

      10. Пайдалы қазбаларды сату бағасы Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      11. Мемлекет атынан алушы және (немесе) агент жер қойнауын пайдаланушыдан міндеттемелерді орындау есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбаларды бейрезиденттерге және резиденттерге өткізуді Салық кодексінің 308-1-бабында көрсетілген тиісті өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда) және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарда салық төлемдерін есептеу үшін көзделген валютада жүзеге асырады.

      Жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерді орындауы есебіне заттай нысанда берілетін пайдалы қазбаларды өткізуге байланысты операциялар бойынша валюта айырбастаудың нарықтық бағамы Қазақстан Республикасы салық заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалады.

      12. Жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерді орындауы есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбалардың бірлігі үшін өткізу бағасының есебі әрбір өткізу бөлінісінде пайдалы қазбаның әрбір түрі бойынша Салық кодексінде айқындалған салық кезеңі үшін мына формула бойынша есептеледі:


      Ббірл.= (S1 + S2+…+ Sn)/(V1+V2+…Vn),

      мұндағы:

      S1, S2,…, Sn – тиісті өткізу пунктінде жекелеген пайдалы қазбаны өткізуден алынған түсім;

      V1, V2,…, Vn – тиісті өткізу пунктіндегі түсім түскен нақты өткізілген әрбір пайдалы қазбаның көлемі.

      13. Сатуға жататын пайдалы қазбалардың көлемі жер қойнауын пайдаланушыдан алынған пайдалы қазбалардың көлемінен жеткізу пунктінен өткізу пунктіне дейін оларды тасымалдау, сақтау және өткізу кезінде туындаған ысыраптарды шегере отырып айқындалады, атап айтқанда:

      1) табиғи кему нәтижесіндегі нормаланған шығындар;

      2) авариялық шығындар;

      3) форс-мажорлық мән-жайлардан туындаған шығындар;

      4) сәйкестендірілмейтін шығындар;

      5) көлік ұйымының талаптарына сәйкес құбыржолдарды толтыру үшін қажет мұнай көлемі (бұдан әрі – технологиялық мұнай).

      Технологиялық мұнайды сату ол нақты өткізілген салық кезеңінде көрсетілу тиіс.

      Пайдалы қазбалар көлемдерін өткізуге тиеп жөнелту кезінде тиісті көлік ұйымдары ұсынған құжаттар, ал агент арқылы өткізген жағдайда – агент куәландырған есептеу кестелері жоғарыда көрсетілген ысыраптардың және технологиялық мұнайдың көлемдерін растайтын құжаттар болып табылады.

      Есепті салық кезеңінде өткізуден түсім түскен, өткізуге жататын пайдалы қазбалардың көлемі пайдалы қазбалардың нақты өткізілген көлемі болып табылады.

      Сатылған пайдалы қазбалар үшін төлем фактісін растайтын құжаттар сатып алушыларға нақты өткізілген пайдалы қазбалардың көлемі туралы растаушы құжаттар болып табылады.

      Өлшем бірліктерін баррельден метрикалық тоннаға ауыстыру өткізу пунктіндегі есепке алу аспабының деректері негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте баррельге айналдыру коэффициенттері өткізу пунктінде қолданылатын стандартқа сәйкес стандартты өлшеу шарттарына келтірілген экспортталатын шикі мұнайдың нақты тығыздығы мен температурасын ескере отырып белгіленеді.

      14. Салық міндеттемесін заттай нысанда орындау бойынша ағымдағы төлемдердің есебін ұсыну күні пайдалы қазбаларды өткізуден түсім болмаған жағдайда, осындай өткізуден түскен көлем мен түсімді мемлекет атынан алушы күнтізбелік жыл үшін салық міндеттемесін заттай нысанда орындау туралы декларацияда көрсетеді.

      Өткізілген пайдалы қазбалардан келіп түскен ақша коммерциялық мақсаттарда пайдаланылуға жатпайды.

      15. Мемлекет атынан алушы Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде бюджетке Қазақстан Республикасының үлесі (роялти) бойынша міндеттемелерді төлеу есебіне мына формула бойынша айқындалған ақша сомасын аударады:


      ∑салық= S – ТР,

      мұндағы:

      ∑салық бюджетке төлеуге (аударуға) жататын, жер қойнауын пайдаланушының міндеттемені орындауы есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбаларды өткізуден түскен салық болып табылатын ақша сомасы;

      S – салық кезеңінде тиісті өткізу пунктіндегі пайдалы қазбаларды өткізуден алынған жалпы түсім;

      ТР – жер қойнауын пайдаланушының міндеттемені орындауы есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбаларды тасымалдау, сақтау және өткізу кезінде мемлекет атынан алушы немесе агент жұмсаған шығыстардың жалпы сомасы.

      16. Жер қойнауын пайдаланушының міндеттемені орындауы есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбаларды тасымалдау, сақтау және өткізу кезінде мемлекет атынан алушы немесе агент жұмсаған шығыстарға әрбір түр бойынша негізделген (төменде көрсетілген шығыстарды төлеу міндеттеріне куәлік ету) және құжаттамалық (бастапқы құжаттардың түпнұсқаларымен немесе куәландырылған көшірмелерімен) расталған шығыстар жатады:

      сауда брокерінің, терминал иесінің комиссиялық сыйақысы не олардың сауда-делдалдық функцияларды орындағаны үшін өтемақы;

      мұнай құбыры және темір жол жүйелері бойынша тасымалдау шығыстарына қоса осы шығыстар түрі бойынша аванстық төлемдер, сондай-ақ тарифтердегі өзгерістерді жабу шығыстары;

      пайдалы қазбаларды өткізу пунктіне дейін жүретін жолда экспортқа кедендік ресімдеу бойынша шығыстарды қоса алғанда, жүк құжаттарын ресімдеу бойынша көрсетілетін қызметтер;

      пайдалы қазбаларды резервуарларда және көлік компаниясының қоймаларында сақтау бойынша шығыстар;

      қабылдау, айдау, ауыстыру, ағызу, құю, сақтау, араластыру бойынша шығыстарды қоса алғанда, пайдалы қазбаларды тиеу-түсірумен байланысты шығыстар;

      қойма шығыстарын, экспедиторлық көрсетілетін қызметтердің құнын және жүк инспекторының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуді қоса алғанда, тасымалдау және (немесе) өткізу кезінде төленген үшінші тараптардың (көрсетілетін қызметтерді берушілердің) шығыстары;

      пайдалы қазбалардың сапасы бойынша көлік компаниялары (мұнай сапасы банкі) талап ететін шығыстар;

      пайдалы қазбаларды сақтандыру бойынша шығыстар;

      көліктік-экспедиторлық көрсетілетін қызметтер;

      банк қызметтерінің құны, ерте төлем үшін сатып алушының сыйақысы, ақша қаражаттарын айырбастау бойынша шығыстар, бағамдық айырмашылықтар, оның ішінде валютаны нарықтық бағам және бір күндегі валюта айырбастау мәмілесінің нақты бағамы бойынша басқа шетел валютасына айырбастау кезінде туындайтын айырмашылықтар, аккредитив бойынша шығыстар;

      түрік бұғаздарын өту, мемлекет атынан алушыға немесе агентке байланысты себептер бойынша тиеу портындағы айлақтар арасында тасымалдау бойынша шығыстар, сондай-ақ тиеу портындағы танкерлердің нормативтен тыс тұрып қалуы;

      салық агенті салықтарды ұстап қалу бойынша міндеттемелерді орындамаған кезде төленген салықтарды қоспағанда, пайдалы қазбаларды тасымалдау мен өткізуге байланысты және мемлекет атынан алушының немесе агенттің тікелей міндеттемесі болып табылатын салықтарды, экологиялық төлемдерді, кедендік төлемдерді, кедендік баждар мен алымдарды, бюджетке басқа да міндетті төлемдерді төлеу шығыстары;

      берілген шығыс түрлері бойынша аванстық төлемдерді қоса алғанда, пайдалы қазбаларды тасымалдау және өткізу мақсаттары үшін іріктеме мен жеткізулерді басқарумен және үйлестірумен байланысты сервистік келісімдер бойынша шығыстар;

      заңдық, нотариаттық көрсетілетін қызметтерге және сот-төрелік шығасыларға, сараптамалар бойынша көрсетілетін қызметтерге, пошталық-курьерлік көрсетілетін қызметтерге шығыстар;

      жартылай вагондарды жалға алу, жөндеу, тұраққа қою, вагондарды жұмылдыру және тарату, жартылай вагондарды қызмет көрсету пунктіне жеткізу, вагондарды тазарту және дайындау, жартылай вагондарды коррозияға қарсы жабынмен жабу, магистральдық теміржол желілеріне және инфрақұрылым объектілеріне қызмет көрсету, маршруттық жолдарда (қажетті қозғалысты қамтамасыз ету үшін) қызмет көрсету, жартылай вагондарда тасымалдау үшін ерекше жағдайларды алу, тасымалдауды ұйымдастыру үшін комиссиялар, белгіленген станциядағы маневр жасау жұмыстары, белгіленген станциядан түсіру терминалына вагондарды беру-жинау, терминалдың көрсетілетін қызметтері, жүктерді сүйемелдеу, түсіру кезінде вагондардан жабындарды алып тастау бойынша шығыстар.

      17. Шығыстар бірнеше салық кезеңдеріне жататын жағдайларда, мұндай шығыстар төлем жүргізілген салық кезеңінде қабылданады.

      18. Пайдалы қазбаларды агент арқылы сатқан кезде, егер көрсетілетін қызметті беруші шығыстарды растайтын құжаттарды Қазақстан Республикасының үлесін төлеу бойынша міндеттемелерді орындау есебіне берілген, мемлекет атынан алушының пайдалы қазбалар көлемдеріне жататын көрсетілетін қызметтердің құнын көрсетпестен агенттің атына беретін болса, мұндай шығыстарды агент өткізілген пайдалы қазбалар көлемдеріндегі тиісті үлестеріне тепе-тең бөледі. Аталған шығыстарды агент мемлекет атынан алушыға есептік кесте түрінде береді, бұл ретте есептік кестелер мен агент куәландырған құжаттардың көшірмелері растаушы құжаттар болып табылады.

3-тарау. Экспортқа рента салығы және пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша міндеттемені заттай нысанда орындау

      19. Жер қойнауын пайдаланушы мемлекет атынан алушыға экспортқа рента салығы мен пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салық міндеттемелерін орындау есебіне беретін пайдалы қазбаның көлемі бірлігінің бағасы мына формула бойынша айқындалады:

      Ц(саға) = Цортөлш. – ТРортөлш. – Speнm.

      мұндағы:

      Ц(саға) – сағада есептелетін пайдалы қазбалардың көлемі бірлігінің есептік бағасы;

      Цортөлш. – пайдалы қазбалар көлемінің бірлігін өткізудің орташа өлшемді бағасы, ол мына формула бойынша айқындалады:

      Цортөлш. = Sсату / Vжалпы

      мұндағы:

      Sсату – салық кезеңіндегі барлық бағыттар бойынша пайдалы қазбалардың соған қатысты пайдалы қазбаны беру жүргізілетін осы түрін өткізуден түскен жалпы кіріс;

      ТРортөлш. – пайдалы қазбалар көлемінің бірлігін тасымалдау жөніндегі орташа өлшемді шығыстар, олар мына формула бойынша айқындалады:

      ТРортөлш.= ТР/V жалпы;

      мұндағы:

      ТР – салық кезеңінде өткізілген пайдалы қазбалардың соған қатысты пайдалы қазбаны беру жүргізілетін осы түрін тасымалдау жөніндегі шығыстардың жалпы сомасы;

      Speнт. – пайдалы қазбалар көлемінің бірлігіне арналған экспортқа рента салығының сомасы, ол мына формула бойынша айқындалады:

      Speнm. – S/Vжалпы;

      мұндағы:

      S – салық кезеңіндегі Салық кодексінің 302-бабына сәйкес есептелген, соған қатысты пайдалы қазбаларды беру жүргізілетін экспортқа рента салығының ақшалай мәндегі сомасы;

      Vжалпы – салық кезеңінде өткізілген пайдалы қазбалардың соған қатысты пайдалы қазбаны беру жүргізілетін осы түрінің нақты көлемі.

      20. Экспортқа рента салығы және пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша салық міндеттемелерін орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушы мемлекет атынан алушыға беретін пайдалы қазбаларды сату осы Қағидалардың 7-13-тармақтарында көзделген тәртіппен, салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығы, экспортқа рента салығы түрінде Қазақстан Республикасына заттай нысанда берілетін пайдалы қазбалар көлемдерін жеткізу пунктін, шарттарын және мерзімдерін көздейтін, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жасалатын келісімшартқа қосымша келісімнің ережелерін ескере отырып жүзеге асырылады.

      21. Экспортқа рента салығын төлеу есебіне берілетін пайдалы қазбалардың көлемін айқындау Салық кодексінің 302-бабына сәйкес есептелген ақшалай мәндегі салық сомасын және пайдалы қазбалар көлемі бірлігінің есептік бағасын негізге ала отырып, мына формула бойынша жүргізіледі:

      V рент. = Speнm. / Ц(саға)

      мұндағы:

      Vрент. – экспортқа рента салығын төлеу есебіне мемлекет атынан алушыға салық төлеуші заттай нысанда беруі тиіс пайдалы қазбалардың көлемі;

      Sрент. – Салық кодексінің 302-бабына сәйкес салық кезеңі ішінде есептелген, соған қатысты пайдалы қазбаларды беру жүргізілетін ақшалай мәндегі экспортқа рента салығының сомасы;

      Ц(саға) – сағада есептелетін пайдалы қазбалар көлемі бірлігінің есептік бағасы.

      22. Пайдалы қазбаларды өндіру салығын төлеу есебіне берілетін пайдалы қазбалардың көлемін айқындау Салық кодексінің 335-бабына сәйкес есептелген ақшалай мәндегі салық сомасын және пайдалы қазбалар көлемі бірлігінің есептік бағасын негізге ала отырып, мына формула бойынша жүргізіледі:

      Vпқөс = Sпқөс /Ц(саға)

      мұндағы:

      Vпқөс – салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығын төлеу есебіне алушыға заттай нысанда беруі тиіс пайдалы қазбалардың көлемі;

      Sпқөс – Салық кодексінің 335-бабына сәйкес салық кезеңі үшін есептелген, соған қатысты пайдалы қазбаларды беру жүргізілетін пайдалы қазбаларды өндіру салығының ақшалай мәндегі сомасы;

      Ц(саға) – сағада есептелетін пайдалы қазбалар көлемі бірлігінің есептік бағасы.