Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 14 ақпандағы № 65 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
  Үкiметiнiң
  2017 жылғы 14 ақпандағы
  № 65 қаулысымен
  бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне
енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар


      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Астана қаласы" деген бөлімде реттік нөмірі 21-151-жол алып тасталсын.

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне" деген бөлімде реттік нөмірі 205-32-жол алып тасталсын.

      3. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң кейбір мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 14, 168-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ережеде:

      16-тармақта:

      мынадай мазмұндағы 4-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-1) ауылдық жерлерде және шағын қалаларда:

      кредит беру және микрокредит беру;

      микроқаржы ұйымдары және кредиттік серіктестіктер беретін микрокредиттер бойынша кепілдік беру;

      микроқаржы ұйымдарының операциялық шығындарын субсидиялау, сондай-ақ микрокредит беру жүйесінің дамуын мониторингтеу жолымен жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қаржылық қолдауды ұйымдастыруды жүзеге асырады;";

      78) және 100) тармақшалар алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 159-1), 159-2) және 159-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "159-1) Шағын қалаларда және ауылдық елді мекендерде кредит беру және микрокредит беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      159-2) Ауылдық жерлерде және шағын қалаларда микроқаржы ұйымдары және кредиттік серіктестіктер беретін микрокредиттер бойынша кепілдік беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      159-3) Микроқаржы ұйымдарының операциялық шығыстарын субсидиялау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      207) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "207) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ішінара тексеру жүргізу кезінде тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына қатысты актілерді әзірлейді және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді;";

      мынадай мазмұндағы 207-1), 207-2), 207-3), 207-4), 207-5), 207-6), 207-7), 207-8), 207-9), 207-10), 207-11), 207-12), 207-13) және 207-14) тармақшалармен толықтырылсын:

      "207-1) өз құзыреті шегінде кәсiпкерлік субъектілерінің мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердің жобаларына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының жобаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарға сараптама жүргізуге қатысуға үміткер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеуді жүзеге асырады;

      207-2) 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өз құзыреті шегінде жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестің құрамын бекітеді;

      207-3) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 82-бабының 3-тармағында көзделген әзірленіп жатқан құжаттар жобаларына қатысты реттеушілік әсерге талдау жүргізеді;

      207-4) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы есептерді ұсынады;

      207-5) реттелетін салада мемлекеттік бақылау және қадағалау тиімділігінің мониторингін жүзеге асырады;

      207-6) ашық бюджеттер интернет-порталында бюджеттік есептілікті, шоғырландырылған қаржылық есептілікті, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін орналастыруды, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалардың жобаларын және бюджеттік бағдарламаларды іске асыру туралы есептерді жария талқылау жүргізуді жүзеге асырады;

      207-7) ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында заң жобалары тұжырымдамаларының және нормативтік құқықтық актілердің жобаларын оларға түсіндірме жазбаларымен және салыстырма кестелерімен бірге (заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайларда) оларды мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жібергенге дейін жария талқылау үшін орналастыруды жүзеге асырады;

      207-8) ақпарат берудің сапасы мен уақтылылығына ішкі бақылау жүргізеді;

      207-9) реттелетін салада біліктілік талаптары мен оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін бекіту туралы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келіседі және оларды бекітеді;

      207-10) Қоғамдық кеңес құрады және оның құрамын бекітеді;

      207-11) қоғамдық кеңестердің ұсынымдарын қарайды, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шешімдерді қабылдайды және уәжді жауаптар береді;

      207-12) Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының құрамын бекітеді;

      207-13) екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілетті органдарды, екінші санаттағы рұқсаттар беруді келісуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау туралы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді және рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органмен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келіседі;

      207-14) Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асырады;";

      17-тармақ:

      мынадай мазмұндағы 16-1), 165-1) және 411-35) тармақшалармен толықтырылсын:

      "16-1) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің агрохимиялық жай-күйі туралы деректердің ақпараттық банкін құру және жүргізу қағидаларын бекiтедi;";

      "165-1) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасын қалыптастыру мен жүргізу және одан үзінді беру қағидаларын бекітеді;";

      "411-35) жерге орналастыру, мемлекеттiк жер кадастры және жер мониторингі жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлер мен нормативтік құжаттарды, әдістемелерді әзірлейді және бекiтеді;";

      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:

      "Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер" деген 3-бөлімде:

      1-тармақ алып тасталсын.