"Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 757 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір щешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 5, 93-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларында:

      2-тармақта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) азаматтарды тіркеу кітабы - азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тіркелуін немесе тіркеуден шығарылуын растайтын құжат. Азаматтарды тіркеу кітабын ресімдеу және беру тәртібін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі белгілейді;";

      мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) мекенжай анықтамасы — жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша тіркелуін немесе тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылуын растайтын құжат.";

      3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Ішкі көшіп-қонушыларды тұрғылықты жері не уақытша тұратын жері бойынша тіркеуді уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері:

      Қазақстан Республикасының азаматтарын - жеке басын куәландыратын құжаттар бойынша Мемлекеттік корпорация арқылы;

      халықтың көші-қоны саласындағы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды - шетелдіктің тұруға ықтиярхаты не азаматтығы жоқ адамның куәлігі негізінде аумақтық көші-қон полициясы бөлімшелері арқылы жүзеге асырады.

      Ішкі көшіп-қонушыны тіркеу орны оның заңды мекенжайы болып табылады.

      4. Ішкі көшіп-қонушының тұрғылықты жерін тіркеу олардың белгіленген тәртіппен тұрғын үйді жеке меншікке сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға, оның ішінде жалға алу (жалдау) мен қосымша жалға алу шарты бойынша алғанын растайтын, сондай-ақ "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін құжаттардың негізінде жүзеге асырылады.

      Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу тұрғын үйлерде, пәтерлерде, саяжай құрылыстарында, бау-бақша серіктестіктерінде, кооперативтерде, жатақханаларда, қонақ үйлерде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, профилакторийлерде, емдеу мекемелерінде, интернат-үйлерінде, пансионаттарда, қарттар үйлерінде, қызметтік ғимараттар мен үй-жайларда жүзеге асырылады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Босқындарды қоспағанда, республикадан тыс жерлерден келген, тіркелуге жататын ішкі көшіп-қонушылар - Қазақстан Республикасының азаматтары жаңа тұрғылықты жеріне келген күннен бастап күнтізбелік 10 күннен асырмай, уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) жеке басын куәландыратын құжат (16 жасқа дейінгі балалар - туу туралы куәлік);

      2) салыстырып тексеру үшін тұрғын үйдің меншік иесінің жеке басын куәландыратын құжаты және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша тұрақты не уақытша тіркеуге оның жазбаша келісімі (қызметтік ғимараттар мен үй-жайларда тіркелген кезде - жұмыс орны бойынша тіркелуі туралы ұйым (мекеме) әкімшілігінің қолдаухаты).

      Тұрғын үй иесін тіркеу кезінде жазбаша келісім талап етілмейді;

      3) тіркеуге құқығын растау үшін меншік иесінің белгіленген тәртіппен тұрғын үйді жеке меншігіне сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға алғанын, оның ішінде жалға алу (жалдау), қосымша жалға алу шарты бойынша алғанын куәландыратын, сондай-ақ "Мекенжай тізілімі" ақпараттық жүйесінде өндірілген тіркеу мекенжай коды (бұдан әрі - ТМК) болмаған кезде оған "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін құжат.

      Белгіленген тәртіппен меншігіне тұрғын үй сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға алғаны туралы куәландыратын, сондай-ақ "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін құжаттар туралы мәліметті уәкілетті орган "Мекенжай тізілімі" және "Жылжымайтын мүлік тізілімі" ақпараттық жүйелерінен уәкілетті лауазымды адамдардың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжаттар нысанында алады;

      4) тіркелгені үшін мемлекеттік баждың (мемлекеттік баж төлеуден босатылған адамдар растайтын құжаттарды ұсынады) төленгені туралы түбіртек.

      Республикадан тыс жерлерден келген Қазақстан Республикасының азаматтары паспортын, бұрын тұрған елінен есептен шыққанын растайтын құжатты не бұрын тұрған елінің құзыретті органы берген азаматтығының жоқ екені туралы анықтама ұсынады.";

      9 және 10-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Мынадай ішкі көшіп-қонушылар тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылуға тиіс:

      1) республикадан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткендер;

      2) сот шешімімен тұрғын үйді пайдалану құқығынан айырылған деп танылғандар;

      3) тіркеуден шығарылатын адамның қатысуынсыз және оның жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрғын үй иесінің өтініші бойынша;

      4) қайтыс болған адамдар.

      10. Тіркелген және тіркеуден шығарылған ішкі көшіп-қонушыларды есепке алуды Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі белгілеген тәртіппен ішкі істер органдары жүзеге асырады.

      Ішкі көшіп-қонушыларды тұрғылықты жері бойынша тіркеу және тіркеуден шығару "Халықты құжаттандыру және тіркеу" тіркеу пункті" және "Шетелдіктерді құжаттандыру және тіркеу" тіркеу пункті" ақпараттық жүйелеріне мәліметтер енгізу арқылы жүзеге асырылады.

      Ішкі көшіп-қонушыларды жаңа тұрғылықты жері бойынша тіркеу кезінде ақпараттық жүйеде бұрынғы тұрғылықты жері бойынша тіркеуден алу бір уақытта жүзеге асырылады.

      Қайтыс болуына байланысты иелерінің жеке басын куәландыратын құжаттарын жарамсыздар санатына көшірген не азаматтық хал актілерін тіркеу органдарынан ақпарат келіп түскен күн көрсетілген ақпараттық жүйелерде қайтыс болғандарды тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығару күні болып табылады.

      Ішкі көшіп-қонушылардың тіркелген жерін растайтын құжат мекенжай анықтамасы болып табылады.

      Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының шекаралас аумағының тұрғындары Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өткен жағдайда ішкі көшіп-қонушының тіркеу мекенжайын растайтын құжат 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге 3-қосымшаға сәйкес азаматтарды тіркеу кітабы болып табылады.

      Азаматтардың тіркеу кітабын оған тіркеу туралы мөртаңба қоя отырып уәкілетті орган береді, беру алдында паспорттық елтаңбалы мөрмен және ішкі істер органдарының уәкілетті қызметкерінің қолымен куәландырады.";

      13-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Үш айдан астам мерзімге уақытша тұруға келген ішкі көшіп-қонушыларды ішкі істер органдары бұрынғы тіркелген жерінен есептен шығармай, бір жылға дейінгі мерзімге уақытша тұратын жері бойынша есепке алады. Қызметтік міндеттерін орындау тұрақты тұратын жерінен тыс (растайтын құжат болған жағдайда) ұзақ тұрумен (бір жылдан астам) байланысты адамдар бұрынғы тіркелген жерінен шығарылмай міндеттерін орындау үшін қажетті бүкіл мерзімге есепке алынады.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің Қарулы күштерінің әскери қызметшілерін тұрғылықты жері бойынша тіркеу әскери қызметшілердің паспорттары және жеке куәліктері бойынша жүзеге асырылады.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

Б.Сағынтаев