Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) "Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 29 шілдедегі № 843 (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 25, 265-құжат) қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алуды жүзеге асыру қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
2) Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.10.2020 № 714 қаулысымен.Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 28.10.2020 № 714 қаулысымен.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К.Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 7 қыркүйектегі № 523 қаулысына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 29 шілдедегі № 843 қаулысымен бекітілген |
Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдiк мерзімді баспа басылымдарын есепке алуды жүзеге асыру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдiк мерзімді баспа басылымдарын есепке алуды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңiстiгiнің жай-күйiн дұрыс әрi уақтылы талдау мақсатында Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдiк мерзімді баспа басылымдарын есепке алуды жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейдi.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкiлеттi орган – бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган);
2) шетелдiк мерзімді баспа басылымы – Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде басылатын және тұрақты атауы, ағымдағы нөмiрi бар, кемiнде үш айда бiр рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшасы;
3) таратушы – шетелдiк мерзімді баспа басылымдарын меншiк иесiмен, шығарушысымен шарт бойынша немесе өзге де заңды негiздерде Қазақстан Республикасының аумағында таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға (филиал немесе өкiлдiк).
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының аумағы) таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке алуды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
4. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдiк мерзімді баспа басылымдарын есепке алудың бiрыңғай тiзiлiмiн жүргiзедi.
2. Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдiк мерзімді баспа басылымдарын есепке алуды жүзеге асыру тәртiбi
5. Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдiк мерзімді баспа басылымдарын есепке алу үшiн таратушы уәкiлеттi органға таратушының атауын, шетелдік мерзімді баспа басылымдарының атауларын, таратылу аумағын, оның таратылатын тілін, негізгі тақырыптық бағыттығын, мерзімділігін, таратылатын даналарының болжамды санын көрсете отырып өтініш береді.
6. Өтiнiш уәкiлеттi органда тiркелген күнінен бастап он жұмыс күні iшiнде қаралады.
7. Ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың талаптарына сәйкес болған жағдайда уәкiлеттi орган есепке қою журналына есепке қою күнін, құжаттың нөмірін, таратушының атауын енгізу арқылы Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке қояды.
8. Өтінішті қарау қорытындылары бойынша таратушыға Қазақстан Республикасында таратылатын шетелдік мерзімді баспа басылымдарын есепке қою немесе "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы"
2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 19-1-бабының 2-тармағында көзделгендей бас тарту туралы құжат беріледі.
9. Құжатты жоғалтып немесе бүлдіріп алған жағдайда таратушыға еркін нысандағы жазбаша өтініші бойынша оң жақтағы жоғарғы бұрышында "Телнұсқа" деген жазуы бар жаңа нөмір берілген құжаттың телнұсқасы беріледі. Өтініш уәкілетті органда тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні iшiнде қаралады.