Мақта талшығына баға белгілеу қағидаларын (әдістемесін) бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 сәуірдегі № 255 қаулысы

Қолданыстағы

      «Трансферттік баға белгілеу туралы» 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 10-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Мақта талшығына баға белгілеу қағидалары (әдістемесі) бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2016 жылғы 29 сәуірдегі
№ 255 қаулысымен   
бекітілген      

Мақта талшығына баға белгілеу қағидалары (әдістемесі)

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мақта талшығына баға белгілеу қағидалары (әдістемесі) (бұдан әрі – Қағидалар) «Трансферттік баға белгілеу туралы» 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және мақта талшығына арналған мәмілелердің (өткізудің) бағасын айқындау (есептеу) тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидалар оның 7-9-тармақтарында көрсетілген елдерге мақта талшығын жеткізуге қолданылады. Басқа жағдайларда салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді түзету «Трансферттік баға белгілеу туралы» 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын терминдер және анықтамалар:
      1) агент – мақта талшығын сатып алушыны іздеу жөніндегі делдалдық қызметтерді жүзеге асыратын трейдер агенті;
      2) ақпарат көзінен алынған баға – Қағидаларда айқындалған ақпарат көзінен алынған мақта талшығының бағасы;
      3) ақпарат көзінің қолданылу өңірі (бұдан әрі – АКҚӨ) – осы ақпарат көзінен алынған деректерге қарай мақта талшығына нарықтық баға белгіленетін географиялық аумақ;
      4) алдын ала төлем – жеткізілетін тауардың төлемі оны жеткізу сәтіне дейін жүргізілетін форвардтық келісімшарт талаптары;
      5) базалық порт – тиісті АКҚӨ үшін жүкті ауыстырып тиеудің немесе межелі базалық порт;
      6) базалық станция – тиісті АКҚӨ үшін жүкті ауыстырып тиеу, өткізу немесе межелі базалық теміржол станциясы;
      7) жол берілетін ауытқу – мәміле бағасының нарықтық бағадан жол берілетін ауытқуы;
      8) қысқа мерзімді келісімшарт – 50 пайыздан кем алдын ала төлемді алу шартымен мақта талшығын экспорттаушымен жасалған және (немесе) қолданылу мерзімі 3 айдан кем болатын келісімшарт;
      9) мәміле бағасы – келісімшартта және тауарға ілеспе құжаттарда айқындалған, ол бойынша мақта талшығын нақты өткізу жүргізілген мақта талшығының бағасы;
      10) нарықтық баға – дифференциалды ескере отырып түзетілген ақпарат көзінен алынған баға;
      11) сатып алушы – экспорттаушыдан мақта талшығын сатып алатын жеке немесе заңды тұлға (Қазақстан Республикасының бейрезиденті);
      12) трейдер – тауарларды сатып алу-сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде өз бетінше және (немесе) мәмілеге қатысушының тапсырмасы бойынша делдалдық функцияларды жүзеге асыратын тұлға;
      13) форвардтық келісімшарт – 50 пайыз және одан көп алдын ала төлемді алу шартымен мақта талшығын экспорттаушымен жасалған және қолданылу мерзімі кемінде 3 ай болатын келісімшарт;
      14) экспорттаушы – Қазақстаннан мақта талшығын экспорттайтын жеке немесе заңды тұлға (Қазақстан Республикасының резиденті);
      15) экспедитор – дифференциалдың көлiктік құрамдас бөлігіне кіретін, қандай да бір жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер түрінің құны туралы деректерді ұсынатын экспедиторлық компания.
      4. Осы Қағидаларда мақта талшығының нарықтық бағасын айқындау үшін мынадай ақпарат көздері пайдаланылады:
      1) «Цена Дайджест» журналы және «Ценовая информация» бюллетені («Цена Дайджест» журналына қосымша), («Цена-Информ» ЖШҚ, Ресей Федерациясы);
      2) «Cotton Outlook» журналы («Cotlook Limited» ақпарат агенттігі, Ұлыбритания);
      3) Thomson Reuters EIKON журналы («Thomson Reuters» ақпарат агенттігі, Ұлыбритания).

2. Ақпарат көздерінің қолданылу өңірлері

      5. АКҚӨ-ні айқындау экспорттаушының жүк кеден декларациясында және тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген жүк алушының деректері негізінде мақта талшығының әрбір жеткізілімі бойынша жеке жүргізіледі.
      6. Әрбір АКҚӨ-де мақта талшығының нарықтық бағасы аталған ақпарат көзінде жарияланатын бағаға қарай айқындалады.
      7. «Цена Дайджест» журналы мен «Ценовая информация» бюллетені көздері үшін ақпарат көзінің қолданылу өңірі мына елдер болып табылады: Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Молдова Республикасы, Украина және Латвия Республикасы.
      8. «Cotton Outlook» журналы көзі үшін ақпарат көзінің қолданылу өңірі Оңтүстік Шығыс Азия елдері болып табылады.
      9. Thomson Reuters EIKON журналы көзі үшін ақпарат көзінің қолданылу өңірі Еуропа елдері (басқа АКҚӨ-де көрсетілгендерді қоспағанда) болып табылады.

3. Ақпарат көздерінен алынған бағаларды қолдану

      10. Қазақстандық мақта талшығының нарықтық бағасын айқындау үшін осы Қағидаларда айқындалған бағалар пайдаланылады.
      11. Мақта талшығының құны ақпарат көзінде 1 тонна таза салмағы үшін Америка Құрама Штаттарының (бұдан әрі – АҚШ) долларымен емес, басқа шамалармен көрсетілген жағдайларда, ақпарат көзінен алынған баға 1 тонна үшін мақта талшығының құны АҚШ долларымен көрсетілетіндей етіп, қайта есептеледі.
      12. Ақпарат көзінен алынған бағаны мәміле бағасына сәйкестендіру үшін ақпарат көзінен алынған баға дифференциал арқылы түзетіледі. Әрбір ақпарат көзінің өз дифференциал құраушылары бар.
      13. Мәміле бағасы әрбір жеткізілім бойынша жеке айқындалады және тиісті АКҚӨ-де және жеткізу кезеңінде қолданылатын тиісті көзден алынған бағамен салыстырылады.

4. Мақта талшығының бағасын айқындау тәртібі

«Цена Дайджест» журналы мен
«Ценовая информация» бюллетені ақпарат көзінен мақта
талшығының бағаларын айқындау тәртібі

      14. Қазақстандық мақта талшығының нарықтық бағаларын айқындау үшін Ресей Федерациясына импортталатын мақта талшығына «Цена Дайджест» журналында және «Ценовая информация» бюллетенінде көрсетілген «Сыртқы сауда бағалары» пайдаланылады.
      15. «Цена Дайджест» журналында және «Ценовая информация» бюллетенінде жарияланған баға аталған басылымда көрсетілген кезеңге қолданылады.
      16. Қысқа мерзімді келісімшарттар бойынша мақта талшығының нарықтық бағасы мақта талшығын тиеп-жөнелту кезеңінде қолданыста болған ақпарат көзінен алынған бағаға байланысты айқындалады.
      17. Форвардтық келісімшарттар бойынша мақта талшығының нарықтық бағасы келісімшартты жасау сәтінде қолданыста болған ақпарат көзінен алынған бағаларға байланысты айқындалады. Көрсетілген баға аталған форвардтық келісімшарт бойынша бүкіл жеткізу мерзімі ішінде, бірақ келісімшарт бойынша бірінші жеткізу күнінен бастап алты айдан артық емес қолданыста болады. Форфардтық келісімшарт бойынша жеткізу мерзімі алты айдан асып кеткен жағдайда, келісілген уақыт шегінен асып кеткен жеткізулер бойынша бағалар мақта талшығына меншік құқығы өткен кезеңде қолданыста болған ақпарат көзінен алынған бағалар бойынша анықталады.
      18. Қазақстандық мақта талшығының нарықтық бағасын анықтау мақсатында «Таралмаған мақта талшығы» тақырыбында көрсетілген, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан (бұдан әрі – ТМД) Ресей Федерациясына әкелінетін мақта талшығының орташа өлшемді бағасы есептеледі.
      19. ТМД-дан әкелінетін мақта талшығының орташа өлшемді бағасы мына формула бойынша есептеледі: АКБ = (Қ1 + Қ2 +…)/(К1 + К2 +…), мұнда:
      АКБ – ақпарат көзінен алынған баға;
      Қ1, Қ2… – «Құны, АҚШ доллары» бағанында көрсетілген бағыттар бойынша ТМД елдерінен әкелінген мақта талшығының жиынтық құны;
      К1, К2… – «Көлемі» бағанында көрсетілген бағыттар бойынша ТМД елдерінен әкелінген мақта талшығының жиынтық көлемі.

«Cotton Outlook» журналы ақпарат көзінен мақта талшығының бағасын айқындау тәртібі

      20. Қазақстандық мақта талшығының нарықтық бағаларын айқындау үшін www.cotlook.com (АҚШ) сайтындағы бағалар пайдаланылады.
      21. «Cotton Outlook» журналы ақпарат көзінде жарияланған мақта талшығының бағасы жариялау күнінен басталатын және келесі жариялау алдындағы күні аяқталатын уақыт кезеңінде қолданылады.
      22. Мақта талшығының нарықтық бағасын анықтау үшін ағымдағы жылдың егін шығымы үшін көрсетілген бағалар пайдаланылады.
      23. Ақпарат көзінен алынған баға 0,987 коэффициентіне көбейтілген «А» индексі ретінде айқындалады.
      24. Ақпарат көзінен алынған баға 22,0463-ке тең «фунт үшін центтен» «тонна үшін долларға» аудару коэффициентіне көбейтіледі.
      25. Баға мақта талшығына меншік құқығының ауысу күніне айқындалады.

«Thomson Reuters EIKON» журналы ақпарат көзінен мақта талшығының бағаларын айқындау тәртібі

      26. Қазақстандық мақта талшығының нарықтық бағасын айқындау үшін http://baumwollboerse.de/en (Германия Федеративтік Республикасы) сайтындағы бағалар пайдаланылады.
      27. «Thomson Reuters EIKON» журналы ақпарат көзінде жарияланған мақта талшығының бағасы осы жариялау күнінен басталатын және келесі жариялау алдындағы күні аяқталатын уақыт кезеңінде қолданылады.
      28. «Thomson Reuters EIKON» бағалары бойынша қазақстандық мақта талшығының нарықтық бағасын есептеу үшін CIF-Бременнің (Германия Федеративтік Республикасы) жеткізуі шарттарымен жарияланатын COT BRE CIS SM (Mid Price Close) және COT BRE CIS M (Mid Price Close)-ден алынған орташа баға пайдаланылады. Көрсетілген бағалар болмаған жағдайда COT BRE SP SM (Mid Price Close) орташа бағасы пайдаланылады.
      29. Егер қандай да бір уақыт кезеңінде «Thomson Reuters EIKON» журналы жарияланымдарында ТМД елдерінен алынған мақтаның бағалары болмаса, онда нарықтық бағаны есептеу үшін соңғы баға пайдаланылатын болады.
      30. Ақпарат көзінен алынған баға 22,0463-ке тең «фунт үшін центтен» «тонна үшін долларға» аудару коэффициентіне көбейтіледі.
      31. Баға мақта талшығына меншік құқығының ауысу күніне айқындалады.

5. Дифференциалды ақпарат көздері бойынша айқындау тәртібі

Дифференциалды есептеудің жалпы шарттары

      32. Дифференциалдың құрамдас бөліктері құжат түрінде, оның ішінде тауарды жеткізумен және оны өткізумен байланысты шығыстарды баптар бойынша нақтылай отырып, келісімшарттармен, төлем құжаттарымен және (немесе) экспедитордың деректерін қоса алғанда ақпарат көздерімен расталады.
      33. Келісімшарт бойынша сатып алушы жеңілдетілген салық жүйесі бар мемлекетте тіркелген заңды тұлға болып табылатын мәмілелер бойынша дифференциал қолданылмайды.

Дифференциалды есептеу тәртібі

      34. Дифференциал барлық құрамдас бөліктерді қосу арқылы келесі формула бойынша есептеледі:
      Д = КШ + Ж + ТК + АК, мұнда:
      Д – дифференциал,
      КШ – көлік шығыстары,
      Ж – сапасы базалықтан ерекшеленетін мақта талшығына қолданылатын сапа жөніндегі жеңілдіктер,
      ТК – трейдердің комиссиясы,
      АК – агенттің комиссиясы.
      Ескертпе: егер қандай да бір ақпарат көзіне қатысты осы Қағидаларда дифференциалдың қандай да бір құрамдас бөлігін қолдану көзделмесе, онда «Д» есептеу кезінде мұндай құрамдас бөлік ескерілмейді.
      35. КШ шамасы (көліктік шығыстар) мақта талшығын оны жиып-қою орнынан ақпарат көзінде белгіленген жеткізу базисіне дейін тасымалдаумен байланысты шығыстарды қосу арқылы есептеледі.
      36. Мақта талшығын жеткізу шарттарына қарай КШ-ға мәміле шартымен және тиісті АКҚӨ үшін көрсетілген базалық станцияға немесе базалық портқа мақта талшығын жеткізу шарттарымен байланысты, құжат түрінде және/немесе ақпарат көздерімен негізделген және расталған сатып алушының шығыстары кіреді, оған:
      1) Кеден одағының шегінен тыс өткізілетін мақта талшығына кедендік баждарды, төлемдерді және алымдарды төлеу бойынша шығыстар;
      2) мақта талшығын фитосанитариялық ресімдеу бойынша шығыстар;
      3) тауарды базалық станцияға немесе базалық портқа дейін тасымалдау шығыстары (жүкті экспедициялау, бос вагондарды қайтару, тауарды ауыстырып тиеу, вагондарды басқа мекенжайға жіберу, станциялық алымдар бойынша шығыстарды қоса алғанда);
      4) сақтандыру жүзеге асырылған болса, тауарды сақтандыру бойынша шығыстар қосылады.
      37. Келісімшарт бойынша жеткізу базисіне қарай сатушының кейбір шығыстары дифференциалдың құрамдас бөлігі болып табылмауы мүмкін.
      38. Ж мәні (мақта талшығының сапасы бойынша жеңілдіктер) ақпарат көзі бағасынан мынадай формула бойынша есептеледі:
      Ж = АКБ * СЖ, мұнда:
      Ж – мақта талшығының сапасы бойынша жеңілдік,
      АКБ – ақпарат көзінен алынған баға,
      СЖ – сұрыптық жеңілдік, ол мынадай мәндерге ие: 1-сұрып үшін – жеңілдік жоқ, 2-сұрып үшін – 4 %; 3-сұрып үшін – 7 %; 4-сұрып үшін – 15 %; 5-сұрып үшін – 40 %.
      39. ТК мәні (трейдердің комиссиясы) ақпарат көзі бағасынан 2 % көлемінде қабылданады.
      40. АК мәні (агенттің комиссиясы) ақпарат көзі бағасынан 1 % мөлшерінде қабылданады.

«Цена Дайджест» журналы және «Ценовая информация» бюллетені АКҚӨ бойынша дифференциалды айқындау тәртібі

      41. Аталған ақпарат көзі бойынша дифференциал Қазақстан Республикасындағы тиеу станциясынан Озинки (Ресей Федерациясы) теміржол станциясына дейін есептелген көлік шығыстарынан тұрады.

«Cotton Outlook» журналы АКҚӨ бойынша дифференциалды айқындау тәртібі

      42. Аталған ақпарат көзі бойынша дифференциал:
      1) CF-межелі порт жеткізу шарттарымен тиеу станциясынан Читагонг (Бангладеш Халық Республикасы) базалық межелі портына дейін есептелген көліктік шығыстардан тұрады. Жеткізіп беру Владивосток (Ресей Федерациясы) ауыстырып тиеу базалық портына дейін жабық теміржол вагондарымен және әрі қарай Читагонг (Бангладеш Халық Республикасы) портына дейін теңіз көлігімен жүргізіледі;
      2) мақта талшығының сапасы бойынша жеңілдіктерден;
      3) трейдердің комиссиясынан;
      4) агенттің комиссиясынан тұрады.

«Thomson Reuters EIKON» журналы АКҚӨ бойынша дифференциалды айқындау тәртібі

      43. Аталған ақпарат көзі бойынша дифференциал:
      1) CIF-Бремен (Германия Федеративтік Республикасы) жеткізу шарттарымен тиеу станциясынан Бремен (Германия Федеративтік Республикасы) қаласы станцияларының біріне дейін есептелген көлік шығыстарынан тұрады. Тасымалдау маршруты: жабық теміржол вагондарымен (немесе басқа көлік түрлерімен) тиеу станциясынан Бремен қаласы станцияларының біріне дейін;
      2) мақта талшығының сапасы бойынша жеңілдіктерден;
      3) трейдердің комиссиясынан;
      4) агенттің комиссиясынан тұрады.

6. Мәміле бағасын айқындау кезінде жол берілетін ауытқуды қолдану тәртібі

      44. Мақта талшығын сатып алу-сату келісімшарттары үшін мәміле бағасының нарықтық бағадан 10 пайыздан асырылмай ауытқуына рұқсат беретін жол берілетін ауытқу қағидасы қолданылады.
      45. Жол берілетін ауытқу әрбір жеткізу бойынша бөлек есептеледі.
      46. Нарықтық бағалары «Цена Дайджест» журналы және «Ценовая информация» бюллетені ақпарат көзінен алынған бағадан есептелетін мақта талшығы жеткізілімдеріне рұқсат етілген ауытқу тәртібі қолданылмайды.

7. Мәміле (өткізу) бағасын нарықтық бағамен салыстыру тәртібі

      47. Қазақстандық мақта талшығының нарықтық бағасы былайша есептеледі:
      НБ = АКБ - Д, мұнда
      НБ – қазақстандық мақта талшығының нарықтық бағасы;
      АКБ – ақпарат көзінің қолданылу өңіріне сәйкес ақпарат көзінен алынған мақта талшығының бағасы;
      Д – дифференциал.
      Келісімшарт бойынша сатып алушы жеңілдікті салық салу қолданылатын мемлекетте тіркелген заңды тұлға болып табылатын мәмілелер бойынша дифференциал қолданылмайды.
      48. Мақта талшығының мәміле бағасы қазақстандық мақта талшығының нарықтық бағасынан 10 пайыздан артық ауытқымауға тиіс.
      Нарықтық баға мен жол берілген ауытқу арасындағы айырмашылық мәміле бағасынан төмен болған (МБ НБ – ЖА) жағдайларда, мәміле бағасына жол берілген деп танылады. Нарықтық баға мен жол берілген ауытқу арасындағы айырма мәміле бағасынан жоғары болған (МБ < НБ – ЖА) жағдайларда, мәміле бағасына жол берілмеген деп танылады, мұнда:
      МБ – сатып алушыға меншік құқығы өткен күндегі мақта талшығының мәміле бағасы;
      НБ – сатып алушыға меншік құқығы өткен күндегі мақта талшығының нарықтық бағасы;
      ЖА – 10%-ға тең жол берілетін ауытқу.
      Ескертпе: Нарықтық бағасы «Цена Дайджест» журналы және «Ценовая информация» бюллетені «ақпарат көзінен алынған бағалардан есептелетін мақта талшығы жеткізілімдеріне ЖА = 0.