Қазақстан Республикасының авиациялық персоналын даярлау жүйесін жетілдіру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 7 сәуірдегі № 184 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясының авиациялық персоналын даярлау жүйесін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Авиациялық оқу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – серіктестік) жарғылық капиталына мемлекеттің жүз пайыздық қатысу үлесін иелену және пайдалану құқығы заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне берілсін.
      2. Серіктестік қызметінің негізгі мәні мемлекеттік авиацияның авиациялық персоналын кәсіптік деңгейде даярлау, қайта даярлау және ұстау бойынша білім беру саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру, сондай-ақ азаматтар мен әскери міндеттілерді әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша бастапқы оқыту болып айқындалсын.
      3. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
      4. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2016 жылғы 7 сәуірдегі
№ 184 қаулысымен  
бекітілген    

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. «Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне» деген бөлімде:
      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 280-3-жолмен толықтырылсын:
      «280-3. «Авиациялық оқу орталығы» ЖШС»;
      «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне» деген бөлімде реттік нөмірі 359-23-жол алып тасталсын.
      2. «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 16 тамыздағы № 1074 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 29, 376-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі туралы ережеде:
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және оның ведомствосының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
      құпия.
      3. «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 995 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 57, 546-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі туралы ережеде:
      Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
      «8. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті» деген бөлімде:
      «Жауапкершілігі шектеулі серіктестік» деген кіші бөлім және «Авиациялық оқу орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі» деген жол алып тасталсын;
      көрсетілген қаулыға 4-қосымшада:
      «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитетіне» деген бөлімде:
      «Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер» деген кіші бөлім және реттік нөмірі 1-жол алып тасталсын.