Соттардың қылмыстық істер бойынша келісімдік тәртіпте іс жүргізу практикасы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі № 4 Нормативтік қаулысы.

Жаңартылған

      Соттардың қылмыстық істер бойынша келісімдік тәртіпте іс жүргізу практикасын талқылай келіп, сот практикасының бірлігін қамтамасыз ету және кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу және соттардың қылмыстық істер бойынша келісімдік тәртіпте іс жүргізу кезінде заңнаманы дұрыс қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім (бұдан әрі - кінәні мойындау туралы келісім) жасасудың негізгі мақсаты қылмыстарды жылдам және толық ашу, тергеп-тексеру және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 8-бабында көзделген өзге де қылмыстық процесс міндеттерін заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау, кінәсіздік презумпциясы және қылмыстық процестің басқа да негізгі бастапқы қағидаттарын қатаң ұстана отырып, жасалған келісімге сәйкес соттың сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеруі және істің қысқартылған тәртіппен сотта талқылауын жүзеге асыруы жолымен шұғыл орындауы болып табылатыны түсіндірілсін.

      2. Кінәні мойындау туралы келісім онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа не ауыр қылмыстарға немесе олардың жиынтығы бойынша ғана жасалуы мүмкін.

      ҚПК-нің 613-бабының екінші бөлігінің 1) тармағының талаптарына сәйкес, егер қылмыстардың жиынтығы орын алса, олардың ең болмағанда біреуі аса ауыр қылмыстар санатына жатса, не күдікті, айыпталушы, сотталушы жиынтыққа кіретін қылмыстың ең болмағанда біреуін жасаған деген күдікпен, айыптаумен келіспесе, онда кінәні мойындау туралы келісім жасасуға жол берілмейді.

      Егер мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу іс бойынша тараптар болып табылмайтын басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер ететін болса, онда кінәні мойындау туралы келісімді жасасуға болмайды.

      Сыбайлас қатысушылармен жасалған қылмыстар туралы қылмыстық іс бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім жеке сыбайлас қатысушымен жасалмайды. Мұндай келісімге қылмыстың барлық сыбайлас қатысушыларымен бір мезгілде жасалған жағдайда ғана жол беріледі.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      3. Кінәні мойындау туралы келісім күдіктінің, айыпталушының, сотталушының немесе оның қорғаушысының өтінішхаты бойынша не прокурордың бастамасы бойынша жасалуы мүмкін. Қорғаушының өтінішхаты бойынша немесе прокурордың бастамасы бойынша кінәні мойындау туралы келісім жасасу кезінде күдіктінің, айыпталушының осындай келісімді жасасуды қалайтынын ерікті түрде білдіруі сотқа дейінгі тергеу сатысында қылмыстық істе тиісінше анықталуға және тіркелуге тиіс.

      Қылмыстық-процестік заң кінәні мойындау туралы келісім жасасу жөніндегі өтінішхаттың белгілі бір нысанын белгілемейді, сондықтан ҚПК-нің 99-бабының екінші бөлігінің талаптарына сәйкес жазбаша өтінішхат қылмыстық іс материалдарына тіркелуге, ауызша өтінішхат – тергеу әрекеті немесе сот отырысы хаттамасына енгізілуге тиіс.

      4. Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының не оның қорғаушысының немесе прокурордың кінәні мойындау туралы келісім жасасу жөніндегі өтінішхаты сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында – адамның күдікті мәртебесін алған сәтінен бастап, бірінші және апелляциялық сатыдағы сотта – соттың кеңесу бөлмесіне кетуіне дейін берілуі мүмкін.

      5. Қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша кінәні мойындау туралы келісім жасасу заңда көзделмеген.

      Адам қылмыстық теріс қылық және кінәні мойындау туралы келісім жасалатын қылмыс жасаған кезде, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы олар бойынша істерді біріктірмеуі тиіс, өйткені қылмыстық теріс қылық туралы іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу хаттамалық нысанда, ал қылмыс туралы іс бойынша іс жүргізу процестік келісім шеңберінде ҚПК-нің 63-тарауында көзделген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      Адам қылмыстық теріс қылық және кінәні мойындау туралы келісімге қол жеткізілмеген және жасалмаған қылмыс жасаған кезде, олар бойынша қылмыстық істер ҚПК-нің 526-бабының төртінші бөлігіне сәйкес анықтау не алдын ала тергеу нысанында бірыңғай іс жүргізу үшін біріктірілуі мүмкін.

      6. Егер сотқа кінәні мойындау келісімі жасалған аса ауыр қылмыстар санатына жатпайтын қылмыстар мен қылмыстық теріс қылық істері біріктірілген іс келіп түссе, онда сот ҚПК-нің талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу мүмкіндігін бере отырып, істі алдын ала тыңдаудан прокурорға кері қайтарады.

      7. Егер сотқа ең болмаса біреуі аса ауыр қылмысқа жататын екі немесе одан да көп қылмыс жасаған адамға қатысты кінәні мойындау туралы жасалған келісімі бар қылмыстық іс келіп түссе, онда сот істі келісімдік іс жүргізу тәртібінде қарауға негіздің болмауына байланысты алдын ала тыңдаудан прокурорға қайтарады.

      8. Егер қылмыстық іс бойынша сот талқылауы барысында сотталушыдан немесе қылмысқа сыбайлас қатысушы болып табылатын барлық сотталушылардан кінәні мойындау туралы келісім жасасу туралы өтінішхат келіп түссе, онда сот ҚПК-нің 628-бабына сәйкес сот талқылауын үзеді және тараптарға оны жасасу үшін ақылға сыйымды мерзім береді.

      Кінәні мойындау туралы процестік келісім жасалған жағдайда судья ҚПК-нің 64-тарауының қағидалары бойынша келісу іс жүргізуінде істі қарауды жалғастыру туралы қаулы қабылдайды.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9. Егер аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы айыптаудан ішінара бас тарту жолымен айыптауды неғұрлым жеңіл қылмысқа өзгертсе әрі жәбірленуші бұрынғы айыпты талап етпесе, онда сот істің бөлігін тоқтатып, ал тараптарға жаңа айыптау бойынша олардың кінәні мойындау туралы келісім жасасу құқықтары барын түсіндіруі тиіс.

      10. Қылмыстық процесті жүргізуші орган кінәні мойындау туралы келісім жасасу жөніндегі өтінішхатты прокурорға жібергенге дейін жәбірленушіге ҚПК-нің 71-бабы алтыншы бөлігінің 22) тармағының талаптарына сәйкес тараптардың келісім жасасу ниеті туралы, оның шарттары мен салдарлары туралы білуге, қылмыспен келтірілген залалды өтеу бойынша өз шарттарын ұсынуға не оны жасасуға қарсылық білдіруге құқығы бар екенін түсіндіруге міндетті. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында аталған әрекетті жүргізу туралы ҚПК-нің 199-бабының талаптарын сақтай отырып, хаттама жасалады, ал сот талқылауында – сот отырысының хаттамасына енгізіледі.

      Қылмыстық процесте кінәні мойындау туралы келісім жасасу сатысында жәбірленушінің құқықтарын тиісінше қамтамасыз ету және жәбірленушінің келісімді жасасуға келісімін алу мақсатында прокурор жәбірленушіге оның кінәні мойындау туралы келісім жасасуға келісуінің ҚПК-нің 614-бабында көзделген құқықтық салдары туралы қосымша түсіндіруі тиіс. Осы әрекетті жүргізу туралы прокурор ҚПК-нің 199-бабының талаптарын сақтай отырып, хаттама жасайды.

      Қылмыстық іс бойынша жәбірленуші (жеке немесе заңды тұлға) жоқ болған жағдайды қоспағанда, жәбірленушінің кінәні мойындау туралы келісім жасасуға келісуі оны жасасудың міндетті шарты болып табылады, сондықтан жәбірленушінің мұндай келісімі қылмыстық іс материалдарына жазбаша нысанда жәбірленушіге оның құқықтарын және кінәні мойындау туралы келісім жасасуға келісім беруінің салдарларын түсіндіру хаттамасымен қоса тігілуге тиіс.

      11. ҚПК-нің 614-бабының екінші бөлігіне және 63-тарауының басқа нормаларына сәйкес күдікті, айыпталушы, сотталушы ғана кінәні мойындаудан бас тартуға құқылы. Жәбірленушінің келісім жасасуға берген өзінің келісімінен бас тарту құқығы заңда көзделмеген. Одан басқа, ҚПК-нің 614-бабының бірінші бөлігінің 3) тармағына сәйкес кінәні мойындау туралы келісім жасасуға келісімін берген жәбірленуші залалды өтеу мөлшері туралы талапты одан әрі өзгерту құқығынан айырылады. Алайда, ҚПК-нің 614-бабының үшінші бөлігіне сәйкес кінәні мойындау туралы келісім жәбірленушіні және азаматтық талапкерді осы қылмыстық іс бойынша немесе азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде азаматтық талап қою құқығынан айырмайды.

      ҚПК-нің 614-бабының үшінші бөлігінің нормасы жәбірленушінің келісімімен кінәні мойындау туралы келісім жасалғаннан кейін қылмыспен келтірілген зиянды өтеу мәселесі бойынша олардың ұстанымы келісім жасалғаннан кейін туындаған мән-жайларға байланысты (мысалы, емделуге жұмсалатын шығындар, дәрі-дәрмек сатып алу және тағы басқа) өзгерген жағдайларда, жәбірленушінің және азаматтық талапкердің талап қою құқығын бекітеді. Бұл ретте, жаңа мән-жайлар болмаған кезде жәбірленуші мен азаматтық талапкер өзінің келісімімен кінәні мойындау туралы келісімде көрсетілген зиян сомасын ұлғайту туралы мәселе қоюға құқылы емес.

      12. Егер қылмыстық іс бойынша жәбірленуші болып заңды тұлға танылса, онда кінәні мойындау туралы келісім жасасуға келісімді заңды тұлғаның осындай өкілеттілік берген өкілі береді.

      Кінәні мойындау туралы келісім қылмыстық іс бойынша жәбірленуші – жеке немесе заңды тұлға жоқ болған кезде де жасалуы мүмкін (мысалы, есірткі заттарының заңсыз айналымы және тағы басқа істер бойынша).

      13. Кінәні мойындау туралы келісімде соттың сотталушыға жазаның белгілі бір түрі мен мөлшерін тағайындауға тиіс шарт болмауы керек, онда ҚПК-нің 616-бабының бірінші бөлігінің 8) тармағына сәйкес прокурордың сот алдында өтініш білдіретін жазаның түрі мен мөлшері көрсетілуі тиіс.

      14. Кінәні мойындау туралы келісімді жасаған кезде прокурор оған күдіктінің, айыпталушының өз кінәсін мойындауы шарт деп тануға құқылы емес. Кінәні мойындау туралы келісімде ҚПК-нің 613-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес күдікті, айыпталушы келтірілген күдікке, айыптауға және жасалған қылмыс туралы істегі бар дәлелдемелерге, өзі келтірген зиянның сипаты мен мөлшеріне дауласпағанын көрсету жеткілікті болып табылады.

      15. Егер өзінің құқығын сотта пайдаланған сотталушы кінәні мойындау туралы келісім жасасудан бас тартса, онда сот қылмыстық істі ҚПК-нің 626-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеуді жалпы тәртіппен жүргізу үшін прокурорға кері қайтарады. Келісімдік іс жүргізуде сотталушының кінәлі еместігі және кінәні мойындау туралы келісімді мәжбүрлеп жасағаны туралы өтініші де сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу үшін прокурорға кері қайтаруға әкеп соғады.

      16. Кінәні мойындау туралы келісімде маскүнемдіктен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емделуді қажет етеді деп танылған сотталғанға медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеуді тағайындау туралы шарт болмаған кезде, осы мәжбүрлеу шарасын сот өз бастамасы бойынша тағайындай алмайды. Мұндай жағдайда сот ҚПК-нің 623-бабы бірінші бөлігінің 3) тармағының немесе 626-бабының бірінші бөлігінің 2) тармағының негізінде жаңа келісім жасасу үшін қылмыстық істі прокурорға кері қайтаруға құқылы.

      17. Сотталушының кінәні мойындау туралы келісімді жасасудан бас тартуына сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін жол беріледі. Келісімдік іс жүргізу қорытындысы бойынша айыптау үкімі шыққаннан кейін сотталғанның кінәні мойындау туралы келісімді жасасудан бас тартуға құқығы жоқ, бірақ ҚПК-нің 48-тарауында көзделген тәртіппен үкімге шағым жасай алады. Бұл ретте, соттың кеңесу бөлмесіне кеткеннен кейін сотталушының кінәні мойындау туралы келісімді жасасудан бас тартуы сот үкімінің күшін жоюға негіз болып табылмайды. Келісімдік іс жүргізуде істі қарау қорытындысы бойынша шығарылған сот үкімінің күшін апелляциялық сатыдағы сот тек ҚПК-нің 433-бабында көзделген негіздер бойынша, оның ішінде кінәні мойындау туралы келісімді жасасу немесе келісімдік іс жүргізу тәртібінде қылмыстық істі қарау барысында қылмыстық процестік заңның едәуір бұзылуына жол берілген кезде ғана жоя және өзгерте алады.

      18. Күдікті, айыпталушы, сотталушы немесе прокурор кінәні мойындау туралы келісімді жасасу жөніндегі өтінішті мәлімдеген және оны жасаған жағдайда қорғаушының қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысуы ҚПК-нің 67-бабының бірінші бөлігінің 11) тармағының талаптарына сәйкес міндетті болып табылады. Кәмелетке толмаған күдікті, айыпталушы, сотталушы прокурормен кінәні мойындау туралы келісім жасаған кезде ҚПК-нің 537-бабының үшінші бөлігінің және 542-бабының үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес осы процестік әрекетке олардың қорғаушысымен қатар міндетті түрде ҚПК-нің 7-бабының 13) тармағында көрсетілген адамдар қатарынан заңды өкілі де қатысады.

      19. Судья кінәні мойындау туралы келісімі бар қылмыстық іс бойынша сот талқылауын тағайындау туралы тиісті қаулы шығарады. Бұл ретте, соттың қылмыстық істерді келісімдік іс жүргізу тәртібінде қарауы ҚПК-нің 625-бабында көзделген қағидалар бойынша сот тергеуін, сот жарыссөзін жүргізбестен және сотталушыға соңғы сөз берместен жүзеге асырылады.

      20. Сот келісімдік іс жүргізуді кінәні мойындау туралы жасалған келісім шегінде жүргізеді. Сот келісімдік іс жүргізуде, егер сотталушының жағдайын нашарлатпаса және оның қорғану құқығын бұзбаса, кінәні мойындау туралы келісімде көзделмеген шешімді қабылдауға құқылы.

      21. Қылмыстық іс келісімдік іс жүргізу тәртібінде ҚПК-нің 625-бабының алтыншы бөлігіне және 382-бабының екінші бөлігіне сәйкес он тәулікке дейінгі мерзімде қаралуға тиіс, ерекше жағдайларда осы мерзім судьяның уәжді қаулысымен жиырма тәулікке дейін ұзартылуы мүмкін.

      22. Басты сот талқылауы барысында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат келіп түскен жағдайда, судья ҚПК-нің 628-бабының бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес сот талқылауында үзіліс алып, тараптарға келісім жасасуы үшін ақылға қонымды мерзім береді. Бұл ретте, қылмыстық іс прокурорға жіберілмейді, сотта қалады. Қылмыстық процесті жүргізетін орган, процестік келісім жасасу туралы мәселені шешу үшін келіп түскен өтінішхатты қылмыстық іс материалдарымен бірге прокурорға жіберетіні туралы ҚПК-нің 615-бабының екінші бөлігінің ережелері сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында ғана қолданылады.

      Егер сот басты сот талқылауы барысында жасалған процестік келісіммен келіспеген жағдайда, сот тараптарға жаңа процестік келісім жасауға уақыт береді. Тараптар процестік келісім шарттары бойынша келісімге келе алмаған жағдайда немесе сот жаңа процестік келісіммен келіспеген жағдайда, соттың қылмыстық істі қарауы жалпы тәртіппен жалғасады. Бұл жағдайда жаңа айыптау актісін жасау талап етілмейді.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      23. Сот келісімдік іс жүргізудің нәтижелері бойынша сотталушыға прокурордың өтінішхатпен кінәні мойындау туралы келісімге сәйкес соттың алдында сұраған жазаның түрі мен мөлшерінен неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға да, процестік келісімде көрсетілген жазаның түрімен және мөлшерімен келіспеуге байланысты жаңа келісім жасасуға мүмкіндік беріп, істі прокурорға кері қайтаруға да құқылы.

      24. Сот кінәні мойындау туралы келісімде көзделген жазадан неғұрлым қатаң жаза тағайындауға құқылы емес. Егер сот кінәні мойындау туралы келісімде көзделген жазаның түрімен және мөлшерімен оны жеңіл деп есептей отырып келіспесе, онда қылмыстық іс ҚПК-нің 623-бабының бірінші бөлігінің 3) тармағына және 626-бабының бірінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес жаңа келісім жасасуға мүмкіндік бере отырып, прокурорға кері қайтарады.

      25. Істі келісімдік іс жүргізу тәртібінде қарау кезінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 67-бабын қолдануға жол берілмейді, өйткені бұл норма ынтымақтастық туралы процестік келісім жасаған тұлғаға және ол келісімнің барлық талаптарын орындаған жағдайда ғана қолданылады.

      26. Келісімдік іс жүргізуде ҚК-нің 68-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайлар анықталған кезде, сот ҚПК-нің 35-бабының бірінші бөлігінің 12) тармақшасына және ҚПК-нің 626-бабының бірінші бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес татуласуға байланысты қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарады.

      Келісімдік іс жүргізуде кінәні мойындау туралы келісімді қарау қорытындысы бойынша соттың ҚПК-нің 36-бабында және ҚК-нің 68-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген негіздер бойынша істі тоқтату туралы қаулы шығаруына жол берілмейді. Бұл жағдайда сот қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, айыптау үкiмiн шығаруға немесе қылмыстық істі прокурорға қайтаруға құқылы.

      27. Келісімдік іс жүргізуде кінәні мойындау туралы келісімді қараудың қорытындылары бойынша ақтау үкімін шығару көзделмеген. ҚПК-нің 35-бабында көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде және олар зерттеуді қажет етпесе, сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарады.

      28. ҚПК-нің 626-бабының бірінші бөлігінің 5) тармағына сәйкес айыптау үкімінде азаматтық талап және кінәні мойындау туралы келісімге сәйкес басқа да жазалар бойынша сот шешімі болуға тиіс. Заңның көрсетілген талаптарын қамтамасыз ету мақсатында кінәні мойындау туралы келісімде іс бойынша процестік шығындар болған кезде, оларды сотталғаннан өндіріп алу не оларды мемлекет есебіне жатқызу туралы көрсетілуге тиіс.

      29. ҚПК-нің 87-бабының мағынасы бойынша істі прокурорға келісімдік іс жүргізу тәртібінде қарауға негіздердің болмауына байланысты кері қайтарған судья, бұл іс кінәні мойындау туралы жаңа келісіммен бірге сотқа қайтадан келіп түскен кезде осы негіз бойынша ғана қарсылық білдірмеуі тиіс және ол бұл істі келісімдік іс жүргізу тәртібінде қарауға құқылы.

      30. Келісімдік іс жүргізу тәртібінде кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісіммен бірге сотқа келіп түскен қылмыстық істер, сондай-ақ басты сот талқылауы барысында не істі апелляциялық іс жүргізуде қарау кезінде кінәні мойындау туралы келісім жасалған қылмыстық істер қаралады.

      Ынтымақтастық туралы келісім жасаған және оның шарттарын орындаған сотталған адамға қатысты іс прокурордың өтінішхатымен бірге келісімдік іс жүргізу тәртібінде қаралуға тиіс емес, ол ҚПК-нің 476, 477 және 478-баптарына сәйкес үкімді орындау тәртібімен қаралуға жатады.

      31. Апелляциялық сатыдағы сотта сотталғанға қатысты кінәні мойындау туралы процестік келісім жасалуы мүмкін емес, өйткені ҚПК-нің 615-бабына сәйкес осындай келісім жасасу туралы өтінішхатты беруге қорғаушы мен прокурордан басқа күдікті, айыпталушы және сотталушы ғана құқылы. Одан басқа, ҚПК-нің 65-бабының жетінші бөлігінің 5) тармағына сәйкес сотталған ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатты беруге ғана құқылы. Осыған байланысты, ҚПК-нің 429-бабының бесінші бөлігінің талаптарын ескере отырып, апелляциялық сатыдағы сот отырысында кінәні мойындау туралы келісім бірінші сатыдағы сот үкімі заңда көзделген негіздемелер бойынша жойылған соң және апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот үшін көзделген қағидалар бойынша қылмыстық істі қарауға ауысқаннан кейін ғана жасалуы мүмкін. Бұл ретте, кінәні мойындау туралы келісім жасалған жағдайда, апелляциялық сатыдағы сот қылмыстық істі келісімдік іс жүргізу тәртібінде қарау туралы қаулы шығарып, істі ҚПК-нің 64-тарауының қағидалары бойынша қарайды және ҚПК-нің 626-бабында көзделген шешімдердің бірін шығарады.

      32. Кассациялық сатыдағы сотта, яғни сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін қылмыстық іс бойынша кінәні мойындау туралы келісім жасасуға жол берілмейді.

      33. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 1-тармағына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы

Қ.МӘМИ

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы

Қ.ШАУХАРОВ