Қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне қойылатын үлгілік талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1191 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 18 наурыздағы № 151 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 18.03.2021 № 151 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне қойылатын үлгілік талаптар бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1191 қаулысымен
бекітілген

Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне қойылатын
үлгілік талаптар
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне қойылатын үлгілік талаптар (бұдан әрі - Үлгілік талаптар) "Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 21-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібіне қойылатын үлгілік талаптарды белгілейді.

      2. Осы Үлгілік талаптарда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) қоғамдық тыңдау - мыналарды:

      бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту бағдарламаларының жобаларын, мемлекеттік жоба және үкіметтік бағдарламалардың жобаларын;

      азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын;

      қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қоса алғанда, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін;

      мемлекеттік органдардың қоғамдық мәні бар шешімдерін олардың қоғамдық мүдделерге сәйкестігінің мәселелері бойынша жария талқылау үшін жиналыс өткізу арқылы жүзеге асыратын қоғамдық бақылау рәсімі;

      2) уәкілетті орган — "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 5 және 6-тармақтарында айқындалған республикалық немесе жергілікті мемлекеттік басқару органы;

      3) қызмет бағыты бойынша комиссия (бұдан әрі - комиссия) - Қоғамдық кеңес мүшелері қатарынан Қоғамдық кеңес қалыптастыратын, оның ішінде қоғамдық тыңдауды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру әрекеттерін жүзеге асыратын алқалы орган;

      4) шақырылғандар - мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми, кәсіподақ және өзге де ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен қоғамдық тыңдауға қатысу үшін Қоғамдық кеңестің шешімі бойынша шақырылған басқа да мамандар.

2. Қоғамдық тыңдауды ұйымдастыру тәртібіне қойылатын үлгілік
талаптар

      3. Қоғамдық тыңдау Қоғамдық кеңес мүшелерінің бастамасы бойынша өткізіледі. Қоғамдық тыңдауды өткізу туралы шешім Қоғамдық кеңес отырысының хаттамасына енгізіледі.

      4. Қоғамдық тыңдауды Қоғамдық кеңес Заңның 1-бабының 5 және 6-тармақтарында айқындалған республикалық және жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен келісілген мерзімдерде жүргізеді.

      5. Қоғамдық тыңдауды өткізу туралы шешімде мыналар көрсетіледі:

      1) қоғамдық тыңдау тақырыбы;

      2) өткізілетін күні;

      3) қоғамдық тыңдауды дайындауды, өткізуді және сондай-ақ оның қорытындысы бойынша ұсынымдарды әзірлеуді жүзеге асыратын комиссия.

      6. Қоғамдық кеңестің қоғамдық тыңдауды өткізу туралы шешімі негізінде уәкілетті органның басшысы немесе ол уәкілеттік берген лауазымды адам шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей қоғамдық тыңдауды дайындау және өткізу жөніндегі комиссия қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жауапты құрылымдық бөлімшені айқындайды.

      7. Комиссия қоғамдық тыңдауды дайындауды және өткізуді мынадай тәртіппен жүзеге асырады:

      1) қоғамдық тыңдау тақырыбы бойынша ұсынылатын мәселелердің нақты тізбесін анықтайды;

      2) жұмыс жоспарын жасайды, комиссия мүшелері арасында міндеттерді бөліседі және қоғамдық тыңдауды дайындау мен өткізу міндеттерінің тізбесін айқындайды;

      3) өткізу белгіленген күнге дейін отыз күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында және уәкілетті органның интернет ресурсында қоғамдық тыңдау тақырыбы мен мәселелерінің тізбесін жариялауды қамтамасыз етеді.

      Қоғамдық тыңдауда нормативтік құқықтық акті жобасы қаралған кезде, оның толық мәтіні де тұрғындардың танысуы үшін, өткізілетін күннен күнтізбелік он күн бұрын жарияланады;

      4) шақырылғандардың тізбесін айқындайды және оларға талқылауға ұсынылатын мәселелер бойынша өздерінің ұсынымдары мен ұсыныстарын беру туралы өтінішті қоғамдық тыңдауға шығарылатын барлық құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, оларға ресми өтініш жібереді;

      5) қоғамдық тыңдауға қатысушыларға қоғамдық тыңдау тақырыбы бойынша ұсынымдарды дайындау үшін қажетті ақпаратты алуға жәрдемдеседі;

      6) қоғамдық тыңдауға ұсынылатын әрбір мәселе бойынша ұсынымдар мен ұсыныстардан тұратын қорытынды хаттама жобасын осы Үлгілік талаптарға қосымшаға сәйкес нысан бойынша дайындауды ұйымдастырады;

      7) тұрғындарды қоғамдық тыңдау өткізілетін күнге дейін он күннен кешіктірмей хабардар етеді. Жарияланатын ақпарат қоғамдық тыңдау тақырыбы және мәселелері, тыңдауды өткізу уақыты мен орны туралы мәліметтерді, комиссияның байланыс ақпараттарын қамтиды;

      8) Қоғамдық тыңдауға қатысушыларды тіркейді.

      8. Қоғамдық тыңдау басталмастан бұрын сөйлеуге тіркелген шақырылғандар мен азаматтар сөйлеу құқығына ие болатын қоғамдық тыңдауға қатысушылар болып табылады.

      Республикалық деңгейде өткізілетін қоғамдық тыңдауға ол басталар алдында тіркелген азаматтар қатыса алады.

      Жергілікті деңгейде өтетін қоғамдық тыңдауға ол басталар алдында тіркелген тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындары қатыса алады.

3. Қоғамдық тыңдауды өткізу тәртібіне қойылатын үлгілік
талаптар

      9. Қоғамдық тыңдау басталар алдында комиссия қатысушыларды тіркейді.

      10. Қоғамдық кеңес төрағасы (немесе оны алмастыратын тұлға) (бұдан әрі - төраға) қоғамдық тыңдауды ашады, оны өткізу тақырыбын, күн тәртібін, қатысушылардың сөйлеу регламентін жариялайды.

      11. Қоғамдық тыңдауды өткізу барысында хаттама жүргізіледі, онда қоғамдық тыңдауды өткізу күні мен орны, қатысушылар саны, қоғамдық тыңдау төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), күн тәртібі, сөйлеген сөздердің мазмұны көрсетіледі.

      12. Қоғамдық тыңдауға шақырылғандар мен басқа да қатысушылардың сөйлеу уақыты сөйлеушілердің саны мен отырысты өткізуге бөлінген уақытқа қарай айқындалады.

      13. Шақырылған адам сөйлеп болғаннан кейін төраға қоғамдық тыңдауға қатысушыларға нақтылаушы сұрақтар қою құқығын береді және сұрақтарға жауап беру үшін қосымша уақыт береді. Сұрақтарға жауап беру уақыты шақырылған адамның сөзіне бөлінген негізгі уақыттан аспауы тиіс.

      14. Шақырылғандардың өздерінің ұсынымдарын алып тастауына және /немесе қоғамдық тыңдаудың басқа шақырылғандарының ұсынған ұсынымдарына қосылуына жол беріледі.

      15. Шақырылғандар қоғамдық тыңдау күн тәртібінің барлық мәселелері бойынша сөздерін аяқтағаннан кейін төраға қоғамдық тыңдау қатысушыларына, оларды тіркеу кезінде айқындалған кезек тәртібіне қарай сөйлеу үшін сөз береді.

      16. Барлық сөйлеушілер сөздерін аяқтағаннан кейін төраға қоғамдық тыңдаудың қорытындысын жасайды.

      17. Қоғамдық тыңдау нәтижелері бойынша қорытынды хаттама қабылданады, оған қоғамдық тыңдау төрағасы мен хатшысы қол қояды.

      Қоғамдық тыңдаудың қорытынды хаттамасы, егер оған Қоғамдық кеңестің қатысып отырған мүшелерінің жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

      18. Қоғамдық тыңдаудың қорытынды хаттамасында:

      1) бақыланатын мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы туралы ақпарат;

      2) қоғамдық тыңдау барысында анықталған, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін немесе оларды шектейтін ережелерді жою жөніндегі ұсынымдар;

      3) нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар қамтылады.

      19. Комиссия қоғамдық тыңдаулардың қорытынды хаттамасы қабылданған күннен бастап бес күннен кешіктірмей уәкілетті орган интернет ресурсында және (немесе) мерзімді баспа басылымдарда оның жариялануын қамтамасыз етеді.

      20. Қорытынды хаттама негізінде қабылданған ұсынымдарды Қоғамдық кеңес төрағасы он күн мерзімде:

      1) мемлекеттік органдарға, қоғамдық бақылау субъектілеріне;

      2) зерделеу және шаралар қолдану үшін мемлекеттік органдардың қызметін бақылауды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарға;

      3) бұқаралық ақпарат құралдарына жібереді.

      21. Тиісті мемлекеттік орган бірінші басшысының не оны алмастыратын адамның қолы қойылатын дәлелді жауапты осы ұсыным түскен кезеңнен бастап Заңның 5-бабының 1-тармағының 5) және 6) тармақшалары бойынша - қоғамдық кеңестен ұсыным келіп түскен сәттен бастап бір ай ішінде, ал Заңның 5-бабының 1-тармағының 1) тармақшасы бойынша он жұмыс күні ішінде береді.

  Қоғамдық тыңдауды
ұйымдастыру және өткізу
тәртібіне қойылатын
үлгілік талаптарға
қосымша

Қоғамдық тыңдаудың қорытынды хаттамасы

      Қоғамдық тыңдау_______________________________

      201__жылғы "__" №______шешімімен тағайындалды

      Қоғамдық тыңдау тақырыбы:

      _____________________________________________________________________

      Өтетін күні және орны:

      _____________________________________________________________________

Р/с

Талқылауға ұсынылған мәселелер

Бақыланатын мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы туралы ақпарат

Қоғамдық тыңдау барысында анықталған, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін немесе оларды шектейтін ережелерді жою жөніндегі ұсынымдар

Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар

Ескертпелер














      Қоғамдық тыңдау

      төрағасы

      Қоғамдық тыңдау

      хатшы