Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия қызметінің тәртібі туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1175 қаулысы

Қолданыстағы

      «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия қызметінің тәртібі туралы ереже бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2015 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1175 қаулысымен 
бекітілген    

Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия қызметінің тәртібі туралы ереже

      Осы Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия қызметінің тәртібі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 19-бабына сәйкес әзірленді.

1. Жалпы ережелер

      1. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) ақпаратқа қол жеткізу саласындағы қоғамдық мүдделерді ескеру және қорғау, сондай-ақ ақпарат пайдаланушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында құрылады.
      2. Комиссия Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің (бұдан әрi – Министрлік) жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.
      3. Комиссияның қызметі оның құзыретіне кіретін мәселелерді талқылау және шешу кезінде айқындылық пен ашықтық негізінде жүзеге асырылады.
      4. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актілерін, өзге де нормативтiк құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның мiндеттерi

      5. Комиссияның негізгі мiндеттерi мыналар:
      1) ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша ұсыныстарды әзірлеу;
      2) ұсыныстарды қарау және қол жетімділігі шектелген ақпаратқа жатпайтын ақпаратқа қол жеткізуге байланысты қоғамдық қатынастардағы Қазақстан Республикасының заңнамасын іске асыру тәжірибесін қорыту;
      3) қол жетімділігі шектелген ақпаратқа жатпайтын ақпаратқа қол жеткізуге байланысты қоғамдық қатынастардағы Қазақстан Республикасының заңнамасын іске асыру тәжірибесін талдау нәтижелері бойынша ұсынымдарды әзірлеу болып табылады.

3. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      6. Комиссияның құрамы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің бұйрығымен бекiтiледi.
      Комиссияның төрағасы Комиссия жұмысына басшылықты жүзеге асырады, Комиссияның кезекті отырысының күн тәртібін бекітеді, қажет болған жағдайда оның отырысын шақырады, Комиссия отырыстарының хаттамаларына қол қояды.
      7. Комиссияның төрағасы немесе оның орынбасары төрағалық етушi болып табылады. Комиссияның отырысы, оның мүшелерiнiң кем дегенде үштен екi бөлiгi қатысқан жағдайда, өттi деп есептеледі.
      8. Комиссияның мүшелерi:
      1) Комиссия отырысының күн тәртiбiне ұсыныстар енгiзуге;
      2) отырыста сөз сөйлеуге және енгiзiлген ұсыныстар бойынша дауыс берудiң өткiзiлуiне бастамашылық етуге;
      3) Комиссия жұмысының материалдарымен танысуға және олардың көшiрмелерiн алуға құқылы.
      9. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті болып табылады.
      Комиссияның жұмыс органы заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) Комиссияның жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді;
      2) Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттар мен  материалдарды дайындауды;
      3) ақпарат иеленушілерден Комиссияның қызметіне жататын мәселелер жөнінде ақпарат сұратуды;
      4) Министрлікке Комиссияның қызметiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуді;
      5) қажет болған жағдайда, өз жұмысына мемлекеттiк органдардың қызметкерлерін тартуды жүзеге асырады.
      10. Комиссияның құрамы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының қатарынан, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ өзге де ұйымдардың өкілдерінен құрылады.
      Комиссияның сандық және дербес құрамы Комиссия төрағасының ұсынысы бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ өзге де мекемелердің келісімі бойынша айқындалады.
      11. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі, бірақ жартыжылдықта бір реттен жиі өткізілмейді.
      12. Комиссия отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша Комиссия хатшысы Комиссия төрағасының немесе төраға орынбасарының және Комиссия хатшысының қолы қойылатын хаттама жасайды.
      13. Комиссияның шешімдері ұсынымдық сипатта болады.
      14. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссияға төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      15. Комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.