РҚАО-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз.
«Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» 2011 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 12-4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мұнай өнімдерін өндірушілердің өндірістік объектілерінің, мұнай өнімдері базаларының және жанармай құю станцияларының (жылжымалы үлгідегі жанармай құю станцияларынан басқа) резервуарларын есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандыру бойынша қағидалар және талаптар бекітілсін.
2. Осы қаулы мұнай өнімдерін өндiрушiлер, мұнай берушілер, мұнай өнімдері базасынан немесе резервуарлардан мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілер немесе мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізушілер үшін – 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап, жылжымалы үлгідегі жанармай құю станцияларынан бөлшек сауда арқылы өткізуді қоспағанда, мұнай өнiмдерiн жанармай құю станцияларынан бөлшек сауда арқылы өткізушілер үшін – 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 27 маусымдағы
№ 484 қаулысымен
бекітілген
Мұнай өнімдерін өндірушілердің өндірістік объектілерінің, мұнай өнімдері базаларының және жанармай құю станцияларының (жылжымалы үлгідегі жанармай құю станцияларынан басқа) резервуарларын есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандыру бойынша қағидалар және талаптар
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мұнай өнімдерін өндірушілердің өндірістік объектілерінің, мұнай өнімдері базаларының және жанармай құю станцияларының (жылжымалы үлгідегі жанармай құю станцияларынан басқа) резервуарларын есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандыру бойынша қағидалар және талаптар (бұдан әрі – Қағидалар) «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» 2011 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 12-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және мұнай өнімдерін өндірушілердің өндірістік объектілерінің, мұнай өнімдері базаларының және жанармай құю станцияларының (жылжымалы үлгідегі жанармай құю станцияларынан басқа) резервуарларын есепке алатын бақылау аспаптарымен (бұдан әрі – ЕБА) жарақтандыру бойынша тәртіпті және талаптарды белгілейді.
ЕБА мұнай өнімдерін өндірушілердің өндірістік объектілерінің, мұнай өнімдері базаларының және жанармай құю станцияларының (жылжымалы үлгідегі жанармай құю станцияларынан басқа) резервуарларында орнатылған, мұнай өнімдері өндірісінің және (немесе) айналымының көлемі туралы ақпаратты автоматтандырылған жүйе арқылы мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті органға нақты уақыт режимінде кейіннен беру мақсатында есепке алуды жүргізу үшін мұнай өнімдерінің сандық және сапалық сипаттамаларын өлшейтін, Қазақстан Республикасының өлшемдердің біртұтастығын қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес қолдануға жіберілген техникалық құрылғы болып табылады.
2. ЕБА-мен жарақтандыру бойынша қағидалар және талаптар
2. Резервуарларды ЕБА-мен жарақтандыруды мұнай өнімдерін өндірушілер, сондай-ақ мұнай өнімдері базаларына және (немесе) жанармай құю станцияларына меншік құқығында иелік ететін жеке және (немесе) заңды тұлғалар жүзеге асырады.
3. Мұнай өнімдерінің сандық және сапалық сипаттамаларын өлшейтін ЕБА-ға сыйымдылық шамасында және толық сыйымдылық шамасында мұнай өнімдерінің құйылуын қашықтан бақылауға арналған стационарлық деңгей өлшеуіштері, түрлі типтердегі шығыс өлшеуіштері мен қосалқы қондырғылар жатады.
4. Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік өлшем бірлігін қамтамасыз ету жүйесінің тізілімінде тіркелген және қолдануға жіберілген ЕБА жіберіледі.
5. Мұнай өнімдерін ЕБА-мен есепке алу массасы бойынша (тоннамен) жүзеге асырылады, өнімнің массасын өлшеу:
1) мұнай өнімдерін қабылдау (төгу) және құю кезінде мұнай өнімдерін ЕБА (келіп түскен, өткізілген және тиеп-жөнелтілген мұнай өнімдерінің массасын айқындайтын);
2) резервуардағы мұнай өнімдерін ЕБА (резервуарда сақтауда тұрған мұнай өнімдерінің (қалдықтардың) массасын айқындайтын).
Теміржол, автомобиль цистерналарынан мұнай өнімдерін қабылдап алу (төгу), құю түрлі типтердегі шығыс өлшеуіштері арқылы жүзеге асырылады. ЕБА сорғыдан резервуар паркіне тартылған технологиялық құбырларға орнатылады.
ЕБА мұнай өнімдерінің массасын өлшеуді, құбырлардағы өнімнің тығыздығы мен көлемін өлшеу негізінде автоматты түрде айқындайды. Мұнай өнімдерінің салмағын өлшеу дәлдігі ±0,25 % дәлдікке сәйкес болуға тиіс.
Резервуар паркінде (резервуарларда) сақтауда тұрған резервуар қорларын өлшеу әрбір резервуарда орнатылатын сыйымдылық шамасында және толық сыйымдылық шамасында мұнай өнімдерінің құйылуын қашықтан бақылауға арналған стационарлық деңгей өлшеуіштері арқылы жүзеге асырылады.
ЕБА резервуарлардағы мұнай өнімдерінің массасын өлшеуді сыйымдылық шамасындағы және толық сыйымдылық шамасындағы өнімнің тығыздығы мен көлемін өлшеу негізінде автоматты түрде айқындайды. Деңгейді өлшеу дәлдігі ±1 мм құрауға тиіс.
6. ЕБА деректерді беру құралдарымен (интернет желісі, телефон желісі арқылы), іркіліссіз қуат көзімен, бағдарламалық жасақтамамен қамтамасыз етіледі және мынадай талаптарға жауап береді:
1) айналадағы ауа температурасы (20±5)0С, салыстырмалы ылғалдылығы 30-дан 80 %-ға дейін, атмосфералық қысым 84 - 107 кПа болған кезде өлшенетін параметрлердің жол берілетін ағаттығы мыналарға сәйкес болуға тиіс:
Параметрлер |
Өлшеу дәлдігі |
Жалпы шығыс |
± 0,25% |
Көлемді шығыс |
± 0,15% |
Мұнай өнімінің деңгейі |
± 1,0 мм |
Қысым |
± 0,6% |
Температура |
± 0,20С |
Тығыздық |
± 0,03% |
2) ЕБА қызмет ету мерзімі техникалық паспортында көрсетілген қызмет ету мерзімінен аспайды;
3) жадының сыйымдылығы өспелі жиынтықты қамтамасыз етеді;
4) ЕБА жұмыс режимінде, сондай-ақ оны ауыстырған кезде ақаулар болған жағдайда бүкіл жинақталған ақпараттың сақталуын қамтамасыз етеді;
5) рұқсат етілмеген кіруден қауіпсіздік жүйесі (код, кілт, пломба, голографиялық жапсырма) болады;
6) істен шығулар мен сыртқы әсерлерден қорғалуы (кернеуді айырғыш, іркіліссіз қуат көзі), ал авариялық істен шығулар жағдайында – дербес жұмыс істеу ұзақтығы кемінде үш тәулік;
7) ЕБА-ның техникалық паспорты, пайдалану жөніндегі нұсқаулығы мен шыққан жері туралы құжаты болады.
7. Рұқсат етілмеген кіруді болдырмау үшін уәкілетті органның лауазымды тұлғалары ЕБА орнатылатын жерлерді пломбалайды, бұл туралы пломба қойылған жерлер, пломбалардың нөмірлері немесе мөрбедерлері көрсетілген акт жасалады.