Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 8 маусымдағы № 538 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 37, 318-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Даңқ Кітабын қажеттілігіне қарай кейіннен дайындауды және оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына беруді қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Даңқ Кітабын жүргізуге және сақтауға жауапты болып белгіленсін.»;
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын жүргізу және сақтау ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2015 жылғы 19 ақпандағы
№ 76 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 3 маусымдағы
№ 538 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын жүргізу және сақтау ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын жүргізу және сақтау ережесі (бұдан әрі – Ереже) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын (бұдан әрі – Даңқ Кітабы) жүргізу және сақтау тәртібін белгілейді.
2. Даңқ Кітабын жүргізуді және сақтауды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы) жүзеге асырады.
3. Даңқ Кітабының жүргізілуі мен сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын жүргізу және сақтау тәртібі
4. Даңқ Кітабын жүргізу ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісіне, «Отан» орденіне не «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденіне ие болған адамдарды марапаттау туралы жазбаларды Даңқ кітабына енгізуді қамтиды. Жазба мемлекеттік тілде жүргізіледі.
5. Жоғары дәрежелі ерекшелік белгілеріне, «Отан» орденіне немесе «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденіне ие болған адамдар туралы ақпаратты (бұдан әрі – ақпарат) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі (келісім бойынша) жоғарыда көрсетілген мемлекеттік наградаларды беру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне жібереді.
6. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ағымдағы жылы алынған ақпаратты келесі жылдың 1 наурызына дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайына жібереді.
7. Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы келесі жылдың 1 мамырына дейін Даңқ Кітабына осы Ереженің 5-тармағында көзделген ақпаратты қамтитын марапатталған тұлғалар туралы жазба енгізеді.
Даңқ Кітабына жазбаларды енгізу жылына бір рет жүргізіледі.
8. Даңқ Кітабы Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайының мұражай қорына енгізіледі.
9. Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабы Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайында жеке қойылған тұғырға орналастырылады.
10. Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын жоюға жол берілмейді.