2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 110-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңындағы аймағының шекаралары белгіленсін.
2. Қоса беріліп отырған Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңы аймағына енгізілген жерлерді пайдалану қағидалары мен режимі бекітілсін.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1404 қаулысына
қосымша
Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңы аймағының шекаралары
Солтүстік шекарасы:
Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңы аймағын қоса алғанда, Жамбыл ауданының Ақбастау, Аса, Көлқайнар, Жамбыл ауылдық округтері жерлерінің аумағы арқылы өтеді және одан әрі шығыс бағытымен Байзақ ауданының Бурыл және Көктал ауылдық округтерін бөліп тұрған шекара бойымен өтеді, Байзақ ауданының Мырзатай ауылдық округі жерлерін және «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолын кесіп өтеді, одан әрі Байзақ ауданы Үлгілі ауылдық округінің аумағымен өтеді.
Шығыс шекарасы:
Байзақ ауданының Сарыкемер, Ботамойнақ және Қостөбе ауылдық округтері аумағын кесіп өтіп, одан әрі Жамбыл ауданының Полатқосшы, Қызылқайнар ауылдық округтері аумағы арқылы өтеді.
Оңтүстік шекарасы:
Мемлекеттік шекараның Қырғыз Республикасымен шектес белдеуімен өтеді.
Батыс шекарасы:
Айша бибі ауылдық округімен Қырғыз Республикасының шекарасының қиылысқан жерінен басталып, солтүстік бағытқа қарай жоғары көтеріліп, Гродеково ауылдық округінің аумағы арқылы, одан әрі Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңы аймағына кіретін Жамбыл ауданының Айша бибі және Полатқосшы ауылдық округтері аумақтары арқылы өтеді.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 30 желтоқсандағы
1404 қаулысымен
бекітілген
Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңы аймағына енгізілген
жерлерді пайдалану қағидалары мен режимі
1. Осы Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңы аймағына енгізілген жерлерді пайдалану қағидалары мен режимі (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 110-бабына сәйкес әзірленді.
2. Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңы аймағына енгізілген елді мекендердің жерлері осы кенттердің, ауылдардың және басқа мекендердің (бұдан әрі - елді мекендер) бас жоспарлары, олардың аумақтарын жер-шаруашылық орналастыруда және жерді аймақтарға бөлу схемалары негізінде пайдаланылады.
3. Қала маңы аймағына енгізілген елді мекендердің жер-шаруашылық орналастыру жобаларының, жоспарлау және салу жобаларының Жамбыл облысы Тараз қаласының бас жоспарына сәйкестігін айқындау үшін тиісті ауылдық округтің әкімі оларды Жамбыл облысы Тараз қаласының жергілікті атқарушы органына келісуге ұсынады.
Жамбыл облысы Тараз қаласының жергілікті атқарушы органы бір ай мерзімде жобаны тиісті сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау органдарының, санитариялық-эпидемиологиялық және басқа да қызметтердің қарауын қамтамасыз етеді және олардың қорытындылары негізінде ұсынылған жобаларды келісу туралы шешім қабылдайды.
Жобалар бас жоспарға сәйкес келмеген жағдайда, Жамбыл облысы Тараз қаласының жергілікті атқарушы органы аумақтары қала маңы аймағына енгізілген тиісті аудандардың жергілікті атқарушы органдарына оларды бас жоспарға сәйкес келтіру үшін жобаларды түзету туралы өтінішхат береді.
4. Қала маңы аймағы елді мекендерінің түзетілген жобалары аудандық (қалалық) өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімімен белгіленеді және өзгертіледі.
5. Жамбыл облысы Тараз қаласының қала маңы аймағына енгізілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер ауыл шаруашылығы мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдаланылады. Қала маңындағы ауыл шаруашылығы өндірісін қарқынды дамыту аймағына енгізілген жерлерді ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшін алып қою, сондай-ақ ерекше жағдайларда, қала маңы аумағына енгізілген ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден басқа түрге ауыстыру Қазақстан Республикасының жер заңнамасында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
6. Ормандар, орман парктері және басқа да жасыл екпелер алып жатқан жасыл аймақтардың жері қорғау мен санитариялық-гигиеналық функциялар атқарады және орман қоры жеріне жатады. Жасыл аймақтар жері мәдени-сауықтыру, рекреациялық және туристік мақсаттарға пайдаланылады. Бұл жерлерде жасыл аймақтардың қорғау, санитариялық-гигиеналық функцияларына және халықтың демалысын ұйымдастыру мақсаттарына сай келмейтін құрылыстар мен ғимараттар салуға жол берілмейді.
7. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағына енгізілген жерлер Жамбыл облысы Тараз қаласын дамытуға, инженерлік және көліктік инфрақұрылымдардың қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті құрылыстарды орналастыруға және салуға арналған резервтік аумақтар болып табылады. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында құрылыс салу Жамбыл облысы Тараз қаласының сәулет және қала құрылысы органдарымен келісілген, көрсетілген аймақта орналасқан елді мекендердің бас жоспарына сәйкес іске асырылады.
8. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында орналастыру көзделген, қаланың сәулетіне және экологиясына әсер ететін, оларға елді мекендердің шегінен тыс жерден жер учаскелері көзделген объектілер бойынша, Жамбыл облысы Тараз қаласының жергілікті атқарушы органы және аумақтары қала маңы аймағына енгізілген аудандардың жергілікті атқарушы органдары осы объектілерді орналастыру үшін жер учаскелерін таңдау жөніндегі арнайы комиссия құрады.
9. Көрсетілген комиссияның құрамына Жамбыл облысы Тараз қаласының және аумақтары қала маңы аймағына енгізілген аудандардың жергілікті атқарушы органдарының және тиісті сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары жөніндегі, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау органдарының, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
10. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерін меншікке немесе жер пайдалануға беруді немесе олардың нысаналы мақсатын өзгертуді жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жүзеге асырады.