Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2020 № 212 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
РҚАО-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі.
2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 145-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Кепіл нысанасын қабылдау, бағалау, сақтау, қайтару, өткізу, оған өндіріп алуды қолдану және кепілді мемлекет кірісіне айналдыру қағидалары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2020 № 212 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. Осы қаулы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1220 қаулысымен бекітілген |
Кепіл нысанасын қабылдау, бағалау, сақтау, қайтару, өткізу, оған өндіріп алуды қолдану және кепілді мемлекет кірісіне айналдыру қағидалары
Ескерту. Қағиданың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2020 № 212 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Кепіл нысанасын қабылдау, бағалау, сақтау, қайтару, өткізу, оған өндіріп алуды қолдану және кепілді мемлекет кірісіне айналдыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 145-бабына сәйкес әзірленді және кепіл нысанасын қабылдау, бағалау, сақтау, қайтару, өткізу, оған өндіріп алуды қолдану және кепілді мемлекет кірісіне айналдыру тәртібін айқындайды.
Ескерту. 1- тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2020 № 212 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) кепіл – күдіктінің, айыпталушының, сотталушының сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға немесе сотқа олардың шақыртуы бойынша келуi жөнiндегi мiндеттерiн орындауын қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ олардың жаңа қасақана қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауының алдын алу мақсатында күдіктінің, айыпталушының, сотталушының өзiнің не басқа тұлғаның сот депозитiне ақша не қылмыстық процесті жүргізетін органға құндылықтарды, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті енгізуінен тұратын бұлтартпау шарасы;
2) кепіл беруші – күдіктінің, айыпталушының, сотталушының сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, прокурорға немесе сотқа олардың шақыртуы бойынша келуi жөнiндегi мiндеттерiн орындауын қамтамасыз ету үшін кепіл енгізген күдікті, айыпталушы, сотталушы не басқа да әрекетке қабілетті жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға;
3) сот депозитi – келуi жөнiндегi мiндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету үшін аумақтық қазынашылық бөлімшесінде ашылатын ақшаны уақытша орналастыру шоты;
4) құндылықтар – бағалы заттар, антиквариат және ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар басқа да заттар.
Бағалы заттарға бағалы металдар (кез келген түрдегі және күйдегі алтын, күміс, платина және платина тобындағы металдар) және асыл тастар (кез келген түрдегі және күйдегі табиғи алмас, зүбәржат, лағыл, жақұт және басқа да асыл тастар) жатады.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.04.2020 № 212 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.3. Кепіл ретінде:
1) жылжымайтын мүлiктен – жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар және жермен тығыз байланысты өзге де мүлік, яғни мақсатына шамадан тыс нұқсан келтірмей көшіруге болмайтын объектілер;
2) жылжымалы мүліктен – ақша, құндылықтар, көлік құралдары және құжаттамалық эмиссиялық емес құнды қағаздар қабылдануы мүмкін.
2. Кепілді қабылдау тәртібі
4. Бұлтартпау шарасы ретінде кепілді таңдап алған қылмыстық процесті жүргізетін орган (бұдан әрі – орган) сот алдында осы шараны қолдануға санкция беру жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулы қабылданғанға дейін кепіл берушіні әрекетке қабілетті және әрекетке қабілеті шектеулі деп тану туралы мәліметтердің болмауы тұрғысынан Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің есептері бойынша тексереді.
Егер кепіл беруші заңды тұлға болған жағдайда, орган оны әділет органдарының есептері бойынша тіркелуі тұрғысынан тексереді.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.04.2018 № 191 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).5. Кепіл ретіндегі ақша сот депозитіне аумақтылығы бойынша енгізіледі, ол туралы жергілікті және басқа да соттарды ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі кепілдің енгізілгенін растайтын құжат береді.
5-1. Кепіл ретінде кепіл берушінің келісімімен ҚПК-нің 145-бабының 3-бөлігіне сәйкес құны қылмыстың тиісті санаты бойынша кепілдің ең жоғары мөлшерінен асатын өзге мүлік берілуі мүмкін.
Ескерту. Қағида 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 16.04.2020 № 212 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.5-2. Кепілдің құндылығын және ауыртпалықтардың жоқ екенін дәлелдеу кепіл берушіге жүктеледі.
Ескерту. Қағида 5-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 16.04.2020 № 212 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.6. Кепіл мүлкінің құнын айқындайтын құжаттарды Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органдар не заңды және жеке тұлғалар береді.
Құжаттамалық эмиссиялық емес құнды қағаздың құны кепіл енгізілген сәтте бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамаға сәйкес айқындалады.
7. Кепіл ретіндегі мүлік, егер онымен мәмілелер жасасуға тыйым салынбаған және оны ұсынған адам осы мүлікке меншік құқығын растайтын дәлелдемелер (құжаттар) ұсынған жағдайда ғана ресімделеді.
Бірлескен меншіктегі мүлік иеленушінің (иеленушілердің) нотариалды жазбаша келісімі болған кезде кепіл ретінде қабылданады.
8. Құжаттамалық эмиссиялық емес құнды қағаздарды кепілге беру кезінде кепіл беруші Заңды тұлғалардың мемлекеттік бірыңғай тізілімінде қамтылған құжаттамалық эмиссиялық емес құнды қағаздардың эмитенті тарату процесінде тұрмағаны және өз қызметін тоқтатпағаны туралы салық органдарынан мәліметтерді де ұсынады.
9. Кепілді қабылдау туралы хаттама екі данада жасалады. Бірінші данасы қылмыстық істің материалдарына қоса тігіледі, екіншісі кепіл берушіге қолын қойғызып беріледі. Егер кепіл берушілер бірнешеу болса, онда лауазымды адам растаған хаттаманың көшірмесі олардың әрқайсысына беріледі.
10. Кепіл нысанасы қабылданғаннан кейін соңғысы сақтауға беріледі.
3. Кепілді сақтау тәртібі
11. Енгізілген кепіл бойынша міндеттемелер мерзімі кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған сәттен бастап ол жойылғанға немесе өзгергенге дейін сотқа дейін тергеп-тексерудің, сотта қараудың, сондай-ақ сот үкімінің, қаулысының заңды күшіне енуінің барлық уақытына созылады.
12. Кепіл нысаналары мынадай тәртіппен:
1) ақша – сот депозитінде;
2) жылжымайтын мүлік – объектінің орналасқан жері бойынша;
3) антиквариат және тарихи, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар, ерекше сақтау жағдайларын талап ететін басқа да заттар – мұражайларда, қалған жағдайларда – органда;
4) автомашиналар, мотоциклдер және өзге де көлік құралдары (оның ішінде жүзетін және ұшатын аппараттар) – жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылатын және коммуналдық меншік болып табылатын арнайы күзетілетін үй-жайларда, алаңдарда немесе тұрақтарда;
5) құжаттамалық эмиссиялық емес бағалы қағаздар – оларды кепіл ретінде қабылдаған органда не екінші деңгейдегі банктерде;
6) бағалы заттар – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 желтоқсандағы № 1291 қаулысымен бекітілген Соттың, прокуратура, қылмыстық қудалау және сот сараптамасы органдарының қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелерді, алып қойылған құжаттарды, ұлттық және шетелдік валютадағы ақшаны, есірткіні, психотроптық заттарды алып қою, есепке алу, сақтау, беру және жою қағидаларында белгіленген заттай дәлелдемелерді сақтау үшін көзделген тәртіппен органда сақталады.
Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.04.2018 № 191 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).13. Кепіл мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді өзіне алатын жауапты адамның қатысуымен оны сақтауға тапсыру туралы тапсыру-қабылдау актісі жасалады.
14. Көлік құралын сақтауға беру кезінде кепіл беруші мен маманның міндетті қатысуымен оның техникалық жай-күйі туралы акті қосымша жасалады.
15. Кепіл нысанасын сақтау орнына дейін жеткізуді кепіл беруші жүзеге асырады.
4. Кепілді қайтару тәртібі
Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2020 № 212 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
16. Мынадай:
1) егер күдікті, айыпталушы өзіне жүктелген міндеттерді бұзбаса, бірақ күдіктіге, айыпталушыға қатысты неғұрлым қатаң бұлтартпау шарасы қолданылса;
2) күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты қылмыстық істі не қылмыстық қудалауды тоқтату туралы үкім немесе қаулы шығарылған;
3) күдікті, айыпталушы үшін кепіл енгізген адам күдіктінің, айыпталушының қылмыстық процесті жүргізуші органға келу жөніндегі міндеттерін одан әрі орындауын қамтамасыз етуге шамасы жоқ екені және күдікті, айыпталушы аталған міндеттерді бұзбағандығы туралы жазбаша өтініш берген;
4) бұлтартпау шарасын неғұрлым қатаң түріне өзгерген жағдайларда кепіл нысанасы кепіл берушіге дереу қайтарылады.
Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2020 № 212 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.17. Қағидалардың 16-тармағының 1), 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда кепілді қайтару ҚПК-нің 153-бабының 5-бөлігіне сәйкес кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын жою немесе өзгерту кезінде тергеу судьясының қаулысы негізінде жүзеге асырылады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында қылмыстық іс немесе қылмыстық қудалау тоқтатылған кезде кепілді қайтару прокурордың келісімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қаулысы бойынша жүзеге асырылады.
Қылмыстық іс сот талқылауы сатысында тоқтатылған жағдайда кепілді қайтару сот қаулысы бойынша жүзеге асырылады.
Сот депозитінен кепілді қайтару кепіл берушінің сот кеңсесі басшысының атына кепілді қайтару туралы өтініші негізінде жүзеге асырылады.
Өтінішке:
1) кепіл берушінің жеке басын растайтын құжаттың көшірмесі;
2) ағымдағы шоттың бар-жоғы туралы екінші деңгейдегі банктен анықтаманың түпнұсқасы;
3) сот үкімінің немесе бұлтартпау шарасының күшін жою немесе өзгерту туралы тергеу судьясы қаулысының не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның прокурормен келісілген бұлтартпау шарасының күшін жою туралы қаулысының көшірмесі қоса беріледі.
Кепілді қайтару туралы өтінішті сот үш жұмыс күні ішінде қарайды.
Кепілді қайтару (аудару) бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Сот бұлтартпау шарасын жойған айыптау үкімі шығарылған жағдайда, кепіл нысаны үкім заңды күшіне енгеннен кейін қайтарылады.
Бұл ретте сот депозитінен кепілді қайтару осы тармақта көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. Мүліктен тыйым салуды алып тастау және өзге мүлікті қайтару үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.04.2020 № 212 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.5. Кепіл нысанын өткізу, оған өндіріп алуды қолдану және кепілді мемлекет кірісіне айналдыру тәртібі
Ескерту. Қағида 5-тараумен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 16.04.2020 № 212 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
18. Егер күдікті, айыпталушы кепіл беруші болып табылса, сот азаматтық талап қою, процестік шығындар және өзге де мүліктік өндіріп алу қажеттігі болған кезде кепіл тағдыры туралы мәселені қарай отырып, прокурордың өтінішхаты бойынша кепіл нысанына не оның бір бөлігіне өндіріп алуды қолдану туралы шешім қабылдауға құқылы.
Күдікті, айыпталушы болып табылмайтын кепіл беруші енгізген кепіл нысанына өндіріп алуды қолдану оның келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін.
19. Күдікті, айыпталушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттерін дәлелді себептерсіз орындамаған жағдайда прокурор тергеу судьясына кепілді мемлекет кірісіне айналдыру туралы өтінішхат жібереді.
Сот прокурордың өтінішхатын қарау нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылдайды, оған кепіл беруші ҚПК-нің 107-бабында көзделген тәртіппен жоғары тұрған сотқа шағым жасауы мүмкін.
20. Кепіл мүлкін мемлекет кірісіне өткізу сот актісінің негізінде жүзеге асырылады. Кепіл мүлкін мемлекет кірісіне айналдыру туралы сот актісін орындауды атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамада белгіленген тәртіппен сот орындаушылары жүргізеді.