Инвестициялық субсидия беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 1175 қаулысы

Қолданыстағы

      «Инвестициялар туралы» 2003 жылғы 8 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 18-5-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Инвестициялық субсидия беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) бекітілсін.
      2. Осы қаулы 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 1314 және 17 тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2014 жылғы 4 қарашадағы
№ 1175 қаулысымен 
бекітілген    

Инвестициялық субсидия беру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Инвестициялық субсидия беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Инвестициялар туралы» 2003 жылғы 8 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 18-5-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және инвестициялық субсидия беру тәртібі мен шарттарын айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар:
      1) инвестициялық субсидия - инвестициялық басым жобаны орындау үшін инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына өтеусіз және қайтарылмайтын негізде инвестициялық преференция түрінде берілетін бюджеттік субсидия түрі;
      2) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған заңды тұлға, оның ішінде шетелдік қатысумен құрылған заңды тұлға;
      3) инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, инвестициялық келісімшарттар жасасу және олардың орындалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік орган;
      4) инвестор - Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырушы заңды тұлға;
      5) инвестициялық басым жоба - тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен белгілі бір қызметтің басым түрлері бойынша жаңадан құрылған заңды тұлға іске асыратын және республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференциялар беруге өтінім (бұдан әрі - өтінім) берілген күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің екі миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асыруды көздейтін инвестициялық жоба;
      6) инвестициялық келісімшарт - инвестицияларды жүзеге асыруды және инвестициялық преференциялар беруді көздейтін инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт.
      3. Қазақстан Республикасының жаңадан құрылған заңды тұлғасына инвестициялық субсидия инвестициялық басым жоба бойынша:
      1) мыналарды:
      Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілерін;
      Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасына сәйкес дербес білім беру ұйымдарын;
      Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және өтінім берілген күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің екі миллион еселенген мөлшерінен кем емес мөлшердегі инвестицияларды жүзеге асыратын, өтінім берілген күнге әрекет ететін Қазақстан Республикасының жаңадан құрылған заңды тұлғасы алушы болып табылса;
      2) инвестициялық басым жоба үшін өтінім берген Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) мемлекет және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісі болып табылмаса;
      3) инвестициялық басым жобаны іске асыру үшін қаржыландыру көздері не кепілдіктері ретінде бюджет қаражаты тартылмаса;
      4) инвестициялық қызмет концессия шарты шеңберінен тыс жүзеге асырылса;
      5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің инвестициялық субсидия беру туралы шешімі болса, беріледі.
      4. Инвестициялық басым жоба үшін инвестициялық субсидияларды қолдану мақсаттары үшін мынадай шарттарға сай келетін заңды тұлға:
      1) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеудің жүзеге асырылғанына өтінім берілген күнге дейін күнтізбелік он екі айдан аспаса;
      2) заңды тұлға инвестициялық басым жобаларды іске асыру үшін айқындалған басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізілген қызмет түрлерін жүзеге асырса;
      3) инвестициялық басым жобаны іске асыру бір инвестициялық келісімшарт шеңберінде ғана жүзеге асырылса, Қазақстан Республикасының жаңадан құрылған заңды тұлғасы болып табылады.

2. Инвестициялық субсидия беру тәртібі

      5. Инвестициялық субсидия алу үшін Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша өтінімді уәкілетті органға жібереді.
      Инвестициялық субсидияны көздейтін өтінім мынадай құжаттар:
      1) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
      2) басшысының қолымен және заңды тұлғаның мөрімен расталған заңды тұлға жарғысының көшірмесі;
      3) инвестициялық жобаның уәкілетті орган белгілейтін талаптарға сәйкес жасалған бизнес-жоспары;
      4) инвестициялық жобаны іске асыру кезінде пайдаланылатын құрылыс-монтаждау жұмыстарының сметалық құнын және тіркелген активтерді, шикізатты және (немесе) материалдарды сатып алуға шығындарды негіздейтін, тізбесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін құжаттардың басшының қолымен және заңды тұлғаның мөрімен куәландырылған көшірмелері;
      5) салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ екендігі туралы тіркеу орны бойынша салық органының анықтамалары;
      6) басшының қолымен, заңды тұлғаның мөрімен куәландырылған және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сараптама қорытындысы бар жобалау алдындағы құжаттама болған жағдайда қабылданады.
      6. Өтінім беру сәтінде құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда, уәкілетті орган 2 (екі) жұмыс күні ішінде инвесторға жазбаша дәлелді жауап жібереді.
      7. Уәкілетті орган өтінім берілген сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде:
      1) Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының осы Қағидалардың 3-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген инвестициялық субсидия беру талаптарына сәйкестігін тексереді;
      2) инвестициялық жоба бойынша құжаттарды талдауды жүргізеді.
      8. Өтінімді қарағаннан кейін уәкілетті орган 3 (үш) жұмыс күні ішінде инвесторға жазбаша дәлелді жауап жібереді.
      9. Осы Қағидалардың 3-тармағының талаптарына сәйкес келген жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық субсидия беру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
      10. Инвестициялық субсидия беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі қолданысқа енгізілген күнінен бастап уәкілетті орган өтінімді тіркеу журналында тіркейді және өтінім тіркелген сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде өтінім берушіге жазбаша нысанда жауап жібереді.
      11. Уәкілетті орган инвестициялық субсидия беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі ресми жарияланған күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде модельдік келісімшарт ережелерін ескере отырып, инвестициялық келісімшартты қол қоюға дайындайды.
      12. Уәкілетті орган инвестициялық келісімшартты қол қойылған күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде тіркейді және ол тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.
      Уәкілетті органның тіркеген күні инвестициялық келісімшартты жасасу күні болып табылады.
      13. Инвестициялық субсидия қосылған құн салығы мен акциздер есепке алынбай, растайтын құжаттар негізінде құрылыс-монтаж жұмыстарына және жабдық сатып алуға арналған, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар жобалау алдындағы құжаттамада көзделген шығындардың құнынан аспайтын іс жүзіндегі шығындардың 30 (отыз) пайызға дейінгісін өтеу арқылы беріледі.
      Инвестициялық субсидия берудің шекті мөлшері Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет шеңберінде Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму, бюджеттік жоспарлау және ұлттық экономика жөніндегі уәкілетті органдарының бірлескен бұйрығымен белгіленеді.
      14. Инвестор өндірісті іске қосу бойынша міндеттемелерді орындаған жағдайда, инвестициялық келісімшартта белгіленген инвестициялық субсидияны толық көлемде төлеу өндіріс пайдалануға берілгеннен кейін жылдың қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.
      15. Инвестициялық субсидияны төлеу кестесі мен жылдық көлемі инвестициялық субсидияны инвестициялардың көлемі мен инвестициялық басым жобаның рентабельділігіне қарай кезеңге, өндіріс пайдалануға берілгеннен кейін және инвестициялық келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғанға дейін кемінде үш жылға тең үлестермен бөлу арқылы инвестициялық келісімшарт шеңберінде белгіленеді.
      16. Инвестор жұмыс бағдарламасын іске асыруды аяқтағаннан кейін уәкілетті органға аудиторлық есеп береді, онда мыналар қамтылуға тиіс:
      1) инвестициялық келісімшарттың жұмыс бағдарламасына сәйкес инвестициялық міндеттемелердің орындалуы туралы ақпарат;
      2) жұмыс бағдарламасына сәйкес сатып алынған тіркелген активтер бойынша таратып жазу;
      3) жұмыс бағдарламасының орындалғанын растайтын құжаттардың жиынтық тізілімі;
      4) инвестициялық келісімшарт талаптарының орындалуы туралы мәліметтер.
      17. Инвестор инвестициялық келісімшартта белгіленген өндірісті іске қосу бойынша жылдық көрсеткіштің жоспарлы көлемін асырған жағдайда, инвесторға инвестициялық келісімшартта белгіленген сома көлемінде субсидия көлемі төленеді.

      Нақты инвестициялық субсидия төлемін есептеу формуласы (F):

      F = Өтеу жоспарланатын сома*   Нақты өнім шығару көлемі,%-бен
                                    Жоспарлы өнім шығару көлемі,%-бен

      Нақты өнім шығару көлемі бойынша инвестор уәкілетті органға өнімдерді сатуды растайтын құжаттарды және (немесе) Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі уәкілетті органы бекіткен нысан бойынша жылдық деректерді ұсынады.
      Инвестор өндірісті іске қосу бойынша жұмыс бағдарламасында белгіленген жылдық көрсеткішті орындамаған жағдайда, инвесторға осы көрсеткішті орындау пайызына тепе-тең келетін субсидия көлемі төленеді.
      Өндірісті іске қосу бойынша жылдық көрсеткіш орындалмаған жағдайда, төленбеген субсидиялар сомасы, (R) келесі жылдары инвестициялық субсидияны төлеу кестесі мен жылдық көлемдері аяқталғаннан кейінгі жылдары жыл сайынғы негізде мынадай формулаға сәйкес төленеді:

            Нақты өнім шығару көлемі *  (Өтеу жоспарланатын сома
      R=      (заттай көріністе)          - Нақты өтеу сомасы)
            (Жоспарлы өнім шығару көлемі - Нақты өнім шығару көлемі)
                        (заттай көріністе)

      18. Уәкілетті орган төленетін инвестициялық субсидия сомасы бойынша шешім қабылданғаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде инвесторға жазбаша хабарлама жібереді.
      19. Уәкілетті орган инвестициялық субсидия төлеуді Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде жүзеге асырады.