Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көзi болып табылатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық және оқшау жүйелерiнен ауыз су беру жөнiндегi қызметтердiң құнын субсидиялау ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 5 сәуірдегі № 248 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 12, 113-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көзi болып табылатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық және оқшау жүйелерiнен ауыз су беру жөнiндегi қызметтердiң құнын субсидиялау ережесiнде:
3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Субсидиялар су ресурстарын коммерциялық мүдделерге пайдалануды қоспағанда, өз мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін су пайдаланушыларға ауыз су беру жөнiндегi сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық және оқшау жүйелерiне қызмет көрсететiн су берушiлердің шығындарын толық немесе iшiнара өтеуге (көрсетілген қызметтердiң құнын арзандатуға) арналады.
4. Әрбір облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) үшін субсидиялардың сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі (бұдан әрі – бюджеттік бағдарламаның әкімшісі) ұсынған, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының ұсыныстарына сәйкес қалыптастырылған сомалар негізінде бекітіледі.»;
6-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6-1. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі облыстардың және Астана, Алматы қалаларының әкімдері мен Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі арасындағы ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімнің, белгіленген тәртіппен бекітілген тиісті жылға арналған төлемдер бойынша тиісті бюджеттік бағдарламаны қаржыландырудың жеке жоспарының негізінде облыстардың және Астана, Алматы қалалары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген субсидиялау көлемдеріне сәйкес облыстық бюджеттерге және Астана, Алматы қалаларының бюджеттеріне ағымдағы нысаналы трансферттерді аударады.»;
мынадай мазмұндағы 6-2-тармақпен толықтырылсын:
«6-2. Сумен жабдықтаудың топтық, оқшау жүйелері бойынша облыстың, Астана және Алматы қалаларының бюджеттік бағдарлама әкімшісі тиісті жылға арналған төлемдер бойынша бюджеттік бағдарламаны қаржыландырудың жеке жоспарына сәйкес ауыз су беру жөнiнде нақты көрсетiлген қызметтерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген субсидиялау көлеміне сәйкес су берушілерге субсидиялар сомасын аударады.»;
7 тармақтың 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
«1) облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органның аумақтық органымен және аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерімен келісілген субсидияларды ескеріп, берілетін ауыз су көлемін, көрсетілетін қызметтерге ақыны және табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган ауыз су беру жөніндегі қызметтерге бекіткен тарифті көрсете отырып, тариф бойынша ауыз су беруге арналған шарт жасалатын су пайдаланушылардың тізбесін (бұдан әрі – су пайдаланушылардың тізбесі) ұсынады;
2) осы Ережеге қосымшаға сәйкес аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерімен келісілген және үш данада (су беруші, су пайдаланушы, облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы үшін) жасалған субсидияларды ескеріп, тарифтер бойынша ауыз су беру жөнінде қызметтер көрсету актілерімен қоса бере отырып, су пайдаланушылар бөлінісінде облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына ай сайын субсидиялауды ескере отырып, тарифтер бойынша ауыз су беру жөнінде нақты көрсетілген қызметтердің жиынтық тізілімін береді;»;
8-тармақтың алтыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күніне қарай, бірақ тиісті жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі бекіткен нысан бойынша бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне төленген субсидиялар көлемі туралы есеп пен субсидиялардың нысаналы пайдаланылғанын көрсететін басқа да есептерді береді.»;
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі нәтижелер туралы жасалған келісімдер негізінде төлемдер бойынша қаржыландырудың жеке жоспарына сәйкес төмен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттердің аударылмағаны үшін жауапты болады.»;
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«11. Қандай да бір облыс және Астана, Алматы қалалары бөлінген қаражатты толық игермеген жағдайда, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиісті жылға арналған республикалық бюджетке көзделген қаражат шегінде субсидияларды облыстар бойынша қайта бөлу туралы ұсыныс енгізеді.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов