Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 шілдедегі № 768 қаулысы

Қолданыстағы

      «2014 – 2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2013 жылғы 3 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына, «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы № 220 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігіне 2014 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға байланысты жұмыстар жүргізуге Ақмола облысының әкімдігіне аудару үшін 938767990 (тоғыз жүз отыз сегіз миллион жеті жүз алпыс жеті мың тоғыз жүз тоқсан) теңге, оның ішінде:
      1) нысаналы даму трансферттері түрінде Атбасар қаласында тұрғын үйлер мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу үшін 809298320 (сегіз жүз тоғыз миллион екі жүз тоқсан сегіз мың үш жүз жиырма) теңге;
      2) ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде Атбасар ауданының Атбасар қаласында және Борисовка, Покровка, Садовое ауылдарында ағымдағы жөндеу жұмыстарын талап ететін үйлерді қалпына келтіру үшін 129469670 (бір жүз жиырма тоғыз миллион төрт жүз алпыс тоғыз мың алты жүз жетпіс) теңге сомасында қаражат бөлінсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов