"Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 11 маусымдағы № 639 қаулысы

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабына және «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 29, 388-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларында:
      5-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында және/немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше тәртіп белгіленбесе, Қазақстан Республикасының визалары болған кезде көшіп келушілер халықаралық және жолаушы қатынастары үшін ашық Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттері арқылы паспорттары немесе оларды алмастыратын құжаттары (бұдан әрі – паспорт) бойынша Қазақстан Республикасына келеді және Қазақстан Республикасынан кетеді.»;
      мынадай мазмұндағы 2-1-бөліммен толықтырылсын:
      «2-1. Жекелеген шетелдік мемлекеттер азаматтарының Қазақстан Республикасына келуінің және болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің тәртібі
      15-1. Егер Қазақстан Республикасында болу кезеңі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәттен бастап күнтізбелік он бес күннен аспаса, Америка Құрама Штаттары, Германия Федеративтік Республикасы, Француз Республикасы, Италия Республикасы, Нидерланды Корольдігі, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі, Малайзия, Корея Республикасы және Жапонияның азаматтары 2014 жылғы 15 шілде – 2015 жылғы 15 шілде аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасына визаcыз келеді және Қазақстан Республикасынан визасыз кетеді.
      15-2. Осы Қағидалардың 15-1-тармағында көрсетілген мемлекеттердің азаматтары Қазақстан Республикасының аумағында іскерлік мақсатта болуын күнтізбелік он бес күннен артық ұзарту туралы өтініш берген кезде, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары заңнамада белгіленген тәртіппен күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімге «іскерлік» санатындағы бірмәртелік визаларды беруді жүзеге асырады.
      15-3. Осы Қағидалардың 15-1-тармағында көрсетілген мемлекеттер азаматтарының инвестор мәртебесін дәлелдейтін инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның қолдаухаты болған кезде, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен күнтізбелік тоқсан күнге дейінгі мерзімге «инвесторлық» санатындағы бірмәртелік визаларды және үш жылға дейінгі мерзімге көпмәртелік визаларды беруді жүзеге асырады.».
      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларында көрсетілген мемлекеттерге дипломатиялық арналар арқылы хабарлама жолдасын.
      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасының «Сырбар» сыртқы барлау қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі бір ай мерзімде осы қаулыдан туындайтын тиісті шараларды қабылдасын.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі, ресми жариялауға тиіс және 2015 жылғы 15 шілдеге дейін қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов