"Жалпыға ортақ пайдаланылатын халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау жөніндегі және облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, сондай-ақ күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобалардың басымдығы критерийлерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 16 қыркүйектегі № 971 қаулысына толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 16 мамырдағы № 496 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Жалпыға ортақ пайдаланылатын халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау жөніндегі және облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, сондай-ақ күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобалардың басымдығы критерийлерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 16 қыркүйектегі № 971 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 54, 761-құжат) мынадай толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген жалпыға ортақ пайдаланылатын халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау жөніндегі және облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, сондай-ақ күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобалардың басымдығы критерийлерінде:
      мынадай мазмұндағы 4, 5 және 6-тармақтармен толықтырылсын:
      «4. Осы критерийлердің 3-тармағына сәйкес облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, сондай-ақ күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобаларды республикалық бюджеттен қаржыландыру басымдығы, мынандай критерийлердің жалпы меншікті үлесімен айқындалады:
      1) жолдардың жалпы ұзындығы;
      2) жергілікті бюджет шығыстары мен республикалық бюджеттен қаржыландырудың арақатынасы;
      3) орындалу сапасы;
      4) облыс халқының 10 мың адамына шаққанда автомобиль жолдарымен қамтамасыз етілуі;
      5) автомобиль көлігінің жүк айналымы мен жолаушылар айналымының көрсеткіштері;
      6) жақсы және қанағаттанарлық жай-күйдегі жолдардың ұзақтығы;
      7) мемлекеттік бюджетке кірістердің меншікті үлесі.
      5. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, сондай-ақ күрделі және орташа жөндеудің әрбір жобасы бойынша республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемін және әрбір критерийдің жеке номиналдық мәндерін есептеудің әдістемесін автомобиль жолдары бойынша уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
      6. Республикалық бюджеттен облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, сондай-ақ күрделі және орташа жөндеу жөніндегі жобаларды қаржыландыру басымдылығының критерийі Қазақстан Республикасы Президентінің немесе осы критерийлердің 3-тармағының 1) тармақшасында көзделмеген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жеке тапсырмаларымен анықталған көліктік инфрақұрылымдардың жобаларын қаржыландыруға нысаналы ағымдағы трансферттерді жоспарлау кезінде қолданылмайды.».
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов