Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің басқаруына берілетін аудандық коммуналдық мүліктің үлгі тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы № 148 қаулысы

Қолданыстағы

      «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 15-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне басқаруға берілетін аудандық коммуналдық мүліктің үлгі тізбесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2014 жылғы 24 ақпандағы
№ 148 қаулысымен  
бекітілген     

Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің
басқаруына берілетін аудандық коммуналдық мүліктің
үлгі тізбесі

      1. Аудандық коммуналдық заңды тұлғалар (балабақша, мектеп, мәдениет үйі, кітапхана).
      2. Аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітілген мүлік (ғимарат, қызметтік автокөлік).
      3. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мүлкі, оның ішінде аудандық коммуналдық меншікке айналдырылған (түскен) мүлік:
      1) иесі жоқ жылжымайтын заттар;
      2) тасталған заттар;
      3) мұраға қалдыру құқығы бойынша өткен мүлік;
      4) иесіз қалған мүлік;
      5) олжа;
      6) қараусыз қалған жануарлар;
      7) өз бетінше салынған құрылыс.
      4. Жалпы пайдаланудағы объектілер және аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мүлік (автомобиль жолы, елді мекеннің көшесі, саябақ, сквер, бос уақытты өткізу орны, ескерткіш).