Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) «Ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 маусымдағы № 884 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 61, 836-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау қағидаларында:
2-тармақ мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
«3) жер қойнауын пайдаланушы – жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған құқыққа ие жеке немесе заңды тұлға.»;
5, 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Егер тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын есептеу үшін пайдаланылатын тауарлық газдың бағалары жөніндегі деректер АҚШ долларымен берілген болса, стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын әзірлеу мен қалыптастыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органға ұсыныстар берілген сәтке Ұлттық банк белгілеген теңгенің АҚШ долларына ресми бағамы қолданылады.
6. Тауарлық газды көтерме саудада өткізудің алдағы жартыжылдыққа арналған шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін уәкілетті орган мынадай сомаларды негізге ала отырып әзірлейді:
1) мыналардың орташа өлшемді мәндерінің жиынтығы:
жоспарланған кезеңде облысқа, республикалық маңызы бар қалаға, астанаға жеткізу мақсатында жер қойнауын пайдаланушылардан ұлттық оператор сатып алуды жоспарлап отырған тауарлық газ бағасы;
жоспарланған кезеңге арналған қазақстандық тауарлық газға ортаазиялық және (немесе) ресейлік газды қарсы беру жөніндегі мәмілелердің шеңберінде сатып алу жоспарланып отырған тауарлық газ бағасы;
жоспарланған кезеңге импорттық жеткізулер жөніндегі мәмілелердің шеңберінде Қазақстан Республикасының шекарасында сатып алуға жоспарланатын тауарлық газ бағасы;
2) табиғи монополиялар салаларында және реттелетін нарықтарда реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекіткен тарифтердің негізінде айқындалатын, тауарлық газды магистральдық газ сатып алынатын жерден оны құбырлармен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың газ тарату жүйелеріне дейін тасымалдау және жерасты газ қоймаларында сақтау жөніндегі орташа өлшемді шығыстар;
3) стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын әзірлеу мен қалыптастыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісім бойынша уәкілетті орган айқындайтын және белгіленген тиісті кезең басталғанға дейін күнтізбелік бір жүз жиырма күнге дейінгі мерзімге белгіленетін әрбір облыс, республикалық қала, астана үшін жеке жоспарланған кезеңге арналған рентабельділік нормасы.».
7-тармақ алынып тасталсын;
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес әзірленген облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін тауарлық газдың жоспарланған кезеңге арналған шекті бағасының деңгейі жөніндегі ұсыныстарда тауарлық газдың шекті бағасының деңгейін ағымдағы деңгеймен салыстырғанда күнтізбелік бір жылдың ішінде он бес пайыздан астамға ұлғайтуды көздеуге болмайды.»;
15, 16-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«15. Осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес әзірленген сұйытылған мұнай газының жоспарланатын кезеңге арналған шекті бағасының деңгейі жөніндегі ұсыныстарда сұйытылған мұнай газының шекті бағасының деңгейін ағымдағы деңгеймен салыстырғанда күнтізбелік бір жылдың ішінде он бес пайыздан астамға ұлғайтуды көздеуге болмайды.
16. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті орган тиісті кезең басталғанға дейін күнтізбелік алпыс бес күннен кешіктірмей әзірлейді және әзірлеу кезінде пайдаланылған деректерді қоса бере отырып, стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын әзірлеу мен қалыптастыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органға келісуге енгізеді.
Тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті орган тиісті кезең басталғанға дейін күнтізбелік бір жүз жиырма күннен кешіктірмей әзірлейді және әзірлеу кезінде пайдаланылған деректерді қоса бере отырып, стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын әзірлеу мен қалыптастыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органға келісуге енгізеді.
Ұсыныстарды келісу мерзімі күнтізбелік отыз бес күннен аспауға тиіс.»;
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«23. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің бекітілген шекті бағалары сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын және реттелетін нарық субъектілері болып табылатын тұлғалар үшін белгіленетін бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау кезінде пайдаланылады.»;
мынадай мазмұндағы 24-тармақпен толықтырылсын:
«24. Тауарлық газды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын және реттелетін нарық субъектілері болып табылатын тұлғалар үшін тауарлық газды бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган тұтынушылардың топтары бойынша айқындауы мүмкін.»;
2) «Реттелетін нарықтардағы бағаны белгілеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 3 наурыздағы № 238 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 13, 93-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Реттелетін нарықтардағы бағаны белгілеу ережесінде:
мынадай мазмұндағы 7-2-тармақпен толықтырылсын:
«7-2. Тауарлық газға баға белгілеуге қатысты табиғи монополиялар саласындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітетін реттелетін нарық субъектілерінің тауарлық газға бағаларды есептеу әдістемесіне сәйкес тұтынушылардың топтары бойынша әртүрлі баға деңгейін белгілеуге жол беріледі.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов