Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. «Электр немесе жылу желілеріне қосудың және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді қосудың ең таяу нүктелерін айқындау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 119 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 27-28, 368-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Электр немесе жылу желілеріне қосудың және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді қосудың ең таяу нүктелерін айқындау қағидаларында:
2-тармақта:
1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«1) жылу желілеріне қосудың ең таяу нүктесі - жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектіден жылумен жабдықтаудың жалпы желісінде жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін параметрлермен елді мекенді жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесіне құбыр ойығының ең таяу нүктесі;
2) электр желілеріне қосудың ең таяу нүктесі - энергия беруші ұйымның кернеу класы бойынша сәйкес келетін жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым энергетикалық қондырғысының электр желілерімен нақты қосылатын ең таяу жері;»;
мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану объектiсi - жаңартылатын энергия көздерiн пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған техникалық құрылғылар және олармен өзара байланысты жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектіні пайдалануға беру үшін технологиялық тұрғыдан қажетті және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектінің меншік иесінің теңгеріміндегі құрылыстар мен инфрақұрылым.»;
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Жаңадан салынған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілер, сондай-ақ пайдалануға берілу мерзіміне қарамастан, реконструкцияланған объектілер кернеу класы бойынша немесе жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін энергия беруші ұйымның электр немесе жылу желілерінің ең таяу нүктесіне қосылады.»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Энергия беруші ұйым инвестордан өтінім түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде электр желілеріне қосудың ықтимал ең таяу нүктелерін тиісті жобалау қызметіне лицензиясы бар мамандандырылған жобалау ұйымдары әзірлейтін «Электр станциясының қуат беру схемасында» қарау үшін инвесторға хат түрінде хабарлайды.»;
13-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Техникалық шарттарды электр беруші ұйым техникалық шарттарды алуға арналған өтінімді қарау мерзімі өткен соң үш жұмыс күн ішінде береді.»;
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«17. Энергия беруші ұйымдардың желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді қосу алынған техникалық шарттар негізінде объектіні пайдалануға бергеннен кейін жүргізіледі.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi С. Ахметов