Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. «Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға қойылатын сертификаттық талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 319 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 28, 343-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға қойылатын сертификаттық талаптарда:
4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Пайдаланушы қызмет түріне, пайдаланылатын әуе кемелерінің үлгісіне қарай, ұйымдық құрылымға кіретін қажетті құрылымдық бөлімшелер мен қызметтердің тізбесін әзірлейді және бекітеді:
1) ұшу қызметі;
2) ұшуға жарамдылықты қолдау қызметі;
3) жердегі қызмет көрсету қызметі;
4) ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспекция;
5) авиациялық қауіпсіздік қызметі;
6) бортсеріктер қызметі;
7) персоналды даярлау қызметі;
8) сапаны бақылау қызметі;
9) ұшуды басқару және ұйымдастыру қызметі;
10) еңбекті қорғау қызметі немесе еңбекті қорғаудың жай-күйі үшін жауапты адам.
5. Пайдаланушы өз күшімен немесе басқа ұйымдармен шарттардың негізінде мынадай жұмыс түрлерін жүргізуді қамтамасыз етеді:
1) авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу;
2) ұшу ақпаратын өңдеу және талдау;
3) ұшуды медициналық қамтамасыз ету және медициналық куәландырудан өту;
4) метеорологиялық қамтамасыз ету;
5) аэронавигациялық қамтамасыз ету;
6) авиация персоналының біліктілігін арттыруды және тренажерда даярлануын қамтамасыз ету;
7) авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
8) жерде қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;
9) жолаушылар мен жүктерге қызмет көрсету;
10) жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету;
11) борт тағамымен қамтамасыз ету;
12) ұшуды ұйымдастыруды және басқаруды қамтамасыз ету.»;
мынадай мазмұндағы 5-1, 5-2, 7-1 және 7-2-тармақтармен толықтырылсын:
«5-1. Орындалатын ұшудың көлемі мен күрделілігіне қарай пайдаланушы жалпы мақсаттағы және сертификатталған ең ауыр ұшып көтерілу салмағы бес мың жеті жүз килограмнан кем әуе кемелерін пайдаланатын авиацияға жататындарды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 18 қазандағы № 1070 қаулысымен бекітілген азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгілік нұсқаулыққа сәйкес ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізуді қамтамасыз етеді.
5-2. Пайдаланушы қызметтің мәлімделген көлемін орындау үшін қажетті, қолданыстағы ұшуға жарамдылық сертификаттары бар әуе кемелерінің жеткілікті санының болуын қамтамасыз етеді. Бір әуе кемесін екі және одан да көп пайдаланушының сертификатына бір мезгілде енгізуге жол берілмейді.»;
«7-1. Пайдаланушыда жұмыстардың болжамды көлемін жүзеге асыру үшін қажетті, білікті және даярланған ұшу персоналы, кабиналық және жердегі персоналы болады.
7-2. Пайдаланушы ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін пайдалану директивалары мен басқа да ақпаратты пайдаланушының мүдделі қызметтерінің бәріне дереу таратуды қамтамасыз етеді, сондай-ақ пайдалану құжаттамасы мен басқа да құжаттамаға өзгерістер мен толықтыруларды уақтылы енгізуді қамтамасыз етеді.»;
мынадай мазмұндағы 9-1 және 9-2-тармақтармен толықтырылсын:
«9-1. Пайдаланушы өздерінің әуе кемелері бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшқан кезде авариялық хабардар етуді қамтамасыз етеді.
9-2. Пайдаланушы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қаржы-экономикалық жағдай туралы ақпарат беруді қамтамасыз етеді.»;
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«10. Пайдаланушы штатта мыналарға жауапты басшылардың лауазымдарын көздейді:
1) ұшуда пайдалану;
2) ұшуға жарамдылықты қолдау;
3) авиация персоналын даярлау;
4) жерде қызмет көрсету;
5) авиациялық қауіпсіздік;
6) сапа менеджменті (бақылау) жүйесі;
7) ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесі.»;
мынадай мазмұндағы 10-1-тармақпен толықтырылсын:
«10-1. Егер пайдаланушының штат саны штаттық 20 қызметкерден кем болса, сапа жүйесінің басшысын қоспағанда, бір адам Қазақстан Республикасы заңнамасының еңбек және тынығу бөлігіндегі талаптарын сақтай отырып, тағайындалған басшының екі лауазымын атқара алады.»;
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«11. Пайдаланушы:
1) ұшуды жүргізу жөніндегі нұсқауды;
2) техникалық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі пайдаланушы нұсқауын;
3) ұшу қауіпсіздігі жөніндегі құжаттама жүйесінің сипаттамасын қоса алғанда, ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесі жөніндегі нұсқауды;
4) авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағдарламасын;
5) техникалық қызмет көрсету бағдарламасын;
6) техникалық қызмет көрсету персоналы үшін оқыту жөніндегі нұсқауды әзірлеуді және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органда бекітуді қамтамасыз етеді.»;
«Техникалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру» деген 7-тарауда:
атауы мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Техникалық қызмет көрсетуді және ұшу жарамдылығын қолдауды ұйымдастыру»;
мынадай мазмұндағы 22-1, 22-2 және 22-3-тармақтармен толықтырылсын:
«22-1. Пайдаланушы коммерциялық әуе тасымалын жүзеге асырмайтын жеңіл және аса жеңіл авиацияның әуе кемелеріне «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 54-бабына сәйкес берілген қолданыстағы куәліктері немесе шет мемлекет берген және Заңның 55-бабына сәйкес танылған куәліктері бар авиация персоналының техникалық қызмет көрсетуін және жөндеуін қамтамасыз етеді.
22-2. Пайдаланушы әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен техникалық қызмет көрсету бағдарламалары (регламенттері) бойынша қамтамасыз етеді.
Әуе кемелерінің және оның құрауыштарының ұшуға жарамдылық нормаларына сәйкес келуін пайдаланушы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 23 шілдедегі № 851 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерін техникалық пайдалану және оларды жөндеу қағидасының талаптарына сәйкес жүзеге асырады.
22-3. Пайдаланушы ұшуға жарамдылықты қолдау жөніндегі барлық есептік мәліметтердің және/немесе техникалық құжаттардың жүргізілуін және мұрағаттық сақталуын қамтамасыз етеді, олар мынаны қамтиды:
1) пайдаланушының борттық техникалық журналының ақпараты;
2) әуе кемесінің формуляры;
3) қозғалтқыштардың формулярлары немесе қозғалтқыштар модульдерінің паспорты (заттаңбалар);
4) әуе бұрандаларының формулярлары немесе паспорттары.»;
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«23. Тұрақты коммерциялық әуе тасымалдарын орындайтын пайдаланушы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 25 ақпандағы № 185 қаулысымен бекітілген Авиакомпанияларға тұрақты ішкі коммерциялық әуемен тасымалдауды орындауға рұқсат беру қағидаларында белгіленген біліктілік талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.»;
мынадай мазмұндағы 23-1, 23-2 және 36-1-тармақтармен толықтырылсын:
«23-1. Халықаралық тұрақты коммерциялық әуемен тасымалдауды орындайтын пайдаланушы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 19 қарашадағы № 1221 қаулысымен бекітілген Жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтілімдерін тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету үшін авиамаршрутқа арналған конкурс өткізу және авиамаршруттарға куәліктер беру қағидаларында белгіленген біліктілік талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
23-2. Тұрақты емес коммерциялық әуе тасымалдарын жүзеге асыру үшін пайдаланушыда сатып алу-сату, лизинг немесе экипажсыз жалға алу шартының негізінде алған кемінде бір әуе кемесі болады.»;
мынадай мазмұндағы 36-1-тармақпен толықтырылсын:
«36-1. Пайдаланушы Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (ИКАО) мүше басқа мемлекетте тіркелген, жалға алынған әуе кемелерін пайдалануды Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 83 немесе 83 bis баптарының шеңберінде осы әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын сақтау үшін жауапкершілікке қатысты Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органы мен басқа мемлекет арасындағы келісім немесе уағдаластық болған жағдайда қамтамасыз етеді.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов