Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жекелеген мәселелері

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 20 желтоқсандағы № 1366 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қарағай» республикалық оңалту орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны оған Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық оңалту орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын қосу арқылы қайта ұйымдастырылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қарағай» республикалық оңалту орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Бурабай» республикалық оңалту орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта аталсын.
      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
      4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:
      1) «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінiң мәселелерi» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1117 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 41, 529-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережеде:
      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағындағы ұйымдар мен оның ведомстволарының тізбесінде:
      «Қазыналық кәсіпорындар» деген 2-бөлімде:
      реттік нөмірі 18-жол алынып тасталсын;
      реттік нөмірі 19-жол мынадай редакцияда жазылсын:
      «19. «Бурабай» республикалық оңалту орталығы».»;
      2) «Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы № 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 19, 214-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Жалпы мемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі» деген бөлімде:
      реттік нөмірі 257-1-7-жол алынып тасталсын;
      реттік нөмірі 257-1-8-жол мынадай редакцияда жазылсын:
      «257-1-8. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Бурабай» республикалық оңалту орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;».
      5. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгізіледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов