"Қазақэнергиясараптама" акционерлік қоғамының кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 30 қарашадағы № 1294 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Қазақэнергиясараптама» акционерлік қоғамы «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты (Қазақэнергиясараптама)» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қоғам) болып қайта аталсын.
      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне Қоғам жарғысына тиісті өзгерістер мен толықтыруларды бекітуге ұсынуды:
      2) Әділет органдарында Қоғамның мемлекеттік қайта тіркелуін қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне Қоғамның мемлекеттік акциялар пакетін иелену және пайдалану құқығын берсін;
      2) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
      4. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2013 жылғы 30 қарашадағы
№ 1294 қаулысымен  
бекітілген      

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне
енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. «Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
      «Астана қаласы» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-162-жолмен толықтырылсын:
      «21-162. «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты (Қазақэнергиясараптама)» АҚ»;
      «Алматы қаласы» деген бөлімде:
      реттік нөмірі 123-62-жол алынып тасталсын.
      2. «Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
      иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 237-52-жолмен толықтырылсын:
      «237-52. «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты (Қазақэнергиясараптама)» акционерлік қоғамы»;
      «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау комитетіне» деген бөлім және реттік нөмірі 262-жол алынып тасталсын.
      3. «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 26 қарашадағы № 1237 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 47, 586-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі туралы ережеде:
      Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі» деген бөлімде:
      «Акционерлік қоғамдар» деген кіші бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 9-жолмен толықтырылсын:
      «9. «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты (Қазақэнергиясараптама)» акционерлік қоғамы»;
      «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті» деген бөлімде:
      «Акционерлік қоғамдар» деген кіші бөлім және «Қазақэнергиясараптама» акционерлік қоғамы» деген жол алынып тасталсын.
      4. «Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы № 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 19, 214-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген жалпымемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 20-9-жолмен толықтырылсын:
      «20-9. «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты (Қазақэнергиясараптама)» акционерлік қоғамы 100 %»;
      көрсетілген қаулымен бекітілген мемлекеттік акциялар пакеті (қатысу үлестері) бәсекелестік ортаға беруге жататын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі» деген бөлімде:
      реттік нөмірі 11-3-жол алынып тасталсын.
      5.«Ұлттық даму институттарының және индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға уәкілетті, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде мемлекетке тиесілі өзге де заңды тұлғалардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 11 мамырдағы № 605 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 49, 669-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген ұлттық даму институттарының және индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға уәкілетті, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей не жанама түрде мемлекетке тиесілі өзге де заңды тұлғалардың тізбесінде:
      6-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты (Қазақэнергиясараптама)» акционерлік қоғамы».
      6. «Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2013 жылғы 5 ақпандағы № 86 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 14, 253-құжат):
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты (Қазақэнергиясараптама)» акционерлік қоғамы Мемлекеттік энергетикалық тізілім операторы болып айқындалсын.».