Жұмыспен қамту 2020 жол картасын іске асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 22 қазандағы № 1136 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Жұмыспен қамту 2020 жол картасын іске асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған:
      1) Комиссия құрамы;
      2) Комиссия туралы ереже бекітілсін.
      3. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2013 жылғы 22 қазандағы
№ 1136 қаулысымен  
бекітілген     

Жұмыспен қамту 2020 жол картасын іске асыру мәселелері
жөніндегі ведомствоаралық комиссияның
құрамы

Ахметов
Серік Нығметұлы

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға

Орынбаев
Ербол Тұрмаханұлы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, төрағаның орынбасары

Әбсаттаров
Қайрат Бектайұлы

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, хатшы

Сағынтаев
Бақытжан Әбдірұлы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі

Исекешев
Әсет Өрентайұлы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрі

Дүйсенова
Тамара Босымбекқызы

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

Жәмішев
Болат Бидахметұлы

Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

Жұмағалиев
Асқар Қуанышұлы

Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі

Сәрінжіпов
Аслан Бәкенұлы

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі

Мамытбеков
Асылжан Сарыбайұлы

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі

Құл-Мұхаммед
Мұхтар Абрарұлы

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі

Досаев
Ерболат Асқарбекұлы

Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі

Қайырбекова
Салидат Зекенқызы

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі

Смайылов
Әлихан Асханұлы

Қазақстан Республикасы Статистика агентігінің төрағасы

Бижанов
Ақан Құсайынұлы

Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы (келісім бойынша)

Исімбаева
Гүлмира Истайбекқызы

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты (келісім бойынша)

Айтжанов
Дулат Нулиұлы

«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

Құсайынов
Әбілғазы Қалиақпарұлы

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

Мырзахметов
Абылай Исабекұлы

«Атамекен» одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы (келісім бойынша)

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2013 жылғы 22 қазандағы
№ 1136 қаулысымен  
бекітілген     

Жұмыспен қамту 2020 жол картасын іске асыру мәселелері
жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы
ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Жұмыспен қамту 2020 жол картасын іске асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      2. Комиссия қызметінің мақсаты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 19 маусымдағы № 636 қаулысымен (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілген Жұмыспен қамту 2020 жол картасын іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның міндеттері мен функциялары

      4. Комиссияның негізгі міндеті Бағдарламаны орындаудың негізгі параметрлерін қарау болып табылады.
      5. Комиссияның функциялары:
      1) қызметтік тұрғын үйлерді салу, құрылысын аяқтау және қоныстандыру жұмыс берушілердің қатысуымен жүзеге асырылатын өңірлерді айқындау жөніндегі ұсыныстарды қарау;
      2) республикалық меншіктегі әлеуметтік-мәдени объектілерді күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуге арналған республикалық бағдарламалар әкімшілерінің арасында қаражат бөлу жөніндегі ұсынымдар әзірлеу;
      3) Бағдарлама шеңберінде кешенді дамыту үшін айқындалған тірек ауылдық елді мекендердің тізбесі бойынша ұсыныстар мен республика бойынша және өңірлер бөлінісінде жұмыс орындарын құру жоспарларын қарау;
      4) 2014 жылдан бастап Бағдарлама бағыттары бойынша қаржыландыру лимиттерін келісу және қаражат бөлу жөніндегі ұсынымдар әзірлеу;
      5) жыл қорытындысы бойынша облыс әкімдерінің жұмыс орындарын құру, жұмыссыздық және кедейлік деңгейі жоспарларының іске асырылуы және Бағдарламаны іске асыру жөніндегі есептерін тыңдау болып табылады.

3. Комиссияның құқықтары

      6. Комиссияның белгіленген тәртіппен және өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша:
      1) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі заңнамасын жетілдіру бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізуге;
      2) Комиссия құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін мүдделі мемлекеттік органдардың мамандарын, консультанттарды тартуға;
      3) Комиссия құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан, ведомстволар мен ұйымдардан қажетті ақпарат сұратуға;
      4) Отырыстарда Комиссияның қарауына жататын мәселелер бойынша Комиссия мүшелерін, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың жауапты өкілдерін тыңдауға;
      5) Комиссияға жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

4. Комиссия қызметін ұйымдастыру

      7. Комиссия төрағасы, ол болмаған жағдайда Комиссия төрағасының орынбасары оның қызметіне басшылық жасайды, Комиссия отырыстарында төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды, шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.
      8. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болып табылады.
      9. Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындауды және оны өткізгеннен кейін хаттама ресімдеуді Комиссияның хатшысы жүзеге асырады. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.
      10. Комиссияның жұмыс отырыстарының материалдары төрағамен келісілгеннен кейін Комиссияның әрбір мүшесіне отырысқа дейін кемінде үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жеткізіледі.
      11. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысатын болса, заңды деп саналады.
      12. Комиссия шешімдері Комиссия мүшелерінің қарапайым көпшілік даусымен, сондай-ақ сұрау салу жолымен қабылданады және егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берген болса, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі. Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, ол білдірілген жағдайда жазбаша түрде жазылуы және хаттамаға қоса берілуі тиіс. Комиссия шешімдері хаттамамен ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады.

5. Комиссия қызметін тоқтату

      13. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі Комиссия қызметін тоқтатуға негіз болып табылады.

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң      
2013 жылғы 22 қазандағы
№ 1136 қаулысына   
қосымша       

Қазақстан Республикасы Yкіметiнiң күші жойылған кейбір
шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. «Жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау мәселелері жөнінде ведомствоаралық комиссия құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 19 наурыздағы № 357 қаулысы.
      2. «Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияны құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 29 сәуірдегі № 460 қаулысы.
      3. «Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияны құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 29 сәуірдегі № 460 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 ақпандағы № 263 қаулысы.
      4. «Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияны құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 29 сәуірдегі № 460 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 25 ақпандағы № 179 қаулысы.