«Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны одан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнын (бұдан әрі - кәсіпорын) бөліп шығару арқылы қайта ұйымдастырылсын.
2. Мыналар:
1) кәсіпорынға қатысты тиісті саланың уәкілетті органы болып Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі;
2) кәсіпорын қызметінің негізгі мәні денсаулық сақтау саласындағы қызмет болып белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) кәсіпорын жарғысының Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне бекітуге ұсынылуын;
2) кәсіпорынның әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
1) «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1117 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 41, 529-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
«Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындар» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-жолмен толықтырылсын:
«21. «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы»;
2) «Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы № 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 19, 214-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген жалпымемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 257-1-14-жолмен толықтырылсын:
«257-1-14. «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны».
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі C. Ахметов