"Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін айқындау, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру және тоқтату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 желтоқсандағы № 1727 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 24 қыркүйектегі № 996 қаулысы

Қолданыстағы

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін айқындау, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру және тоқтату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 желтоқсандағы № 1727 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 6, 137-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      жоғарыда көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін айқындау, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру және тоқтату қағидаларында:
      2-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) тұрғын үй төлемдері - Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлеріне (бұдан әрі - қызметкерлер) арнаулы мемлекеттік органдардың тұрғын үй қорынан тұрғын үй берудің орнына республикалық бюджет қаражаты есебінен арнаулы ақшалай қамтамасыз ету түрінде төленетін, өңірлер және отбасы құрамы бойынша сараланған ақшалай қаражат көлемі. Тұрғын үй төлемдері ағымдағы және біржолғы төлемдерден тұрады;»;
      151617-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «15. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген және 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 10 және одан да көп жыл әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өтілі бар қызметкерлерге біржолғы тұрғын үй төлемінің мөлшері 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қызметкер қызмет өткеріп жүрген Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі бір шаршы метрді жалға алу құнының мөлшерін оның өзгеруін ескере отырып, әрбір отбасы мүшесіне он сегіз шаршы метр пайдалы алаң есебінен тұрғын үй алаңына және мұқтаж мәртебесінде тұрған айларының санына көбейту арқылы айқындалады.
      Бұл ретте біржолғы тұрғын үй төлемдерін алу үшін тұрғын үйге мұқтаж мәртебесінде болған кезеңі ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі және сыртқы барлау органының мекемелеріндегі қызметін қоса есептегендегі қызмет өткеріп жүрген кезеңде тұрғын үйге мұқтаж деп танылған күннен бастап, ал аталған күнді белгілеу мүмкіндігі болмаған жағдайда, ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі және сыртқы барлау органының мекемелерінде қызмет атқарған кезеңінде тұрғын үйге мұқтаж деп тану туралы алғашқы жазбаша өтінішін (баянатын) берген күнінен бастап белгіленеді.
      16. Қызметкерлерге Заңның 101-1-бабының 6-тармағында және 7-тармағының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша берілетін біржолғы тұрғын үй төлемдерінің мөлшері қызметкер жұмыстан босатылған күнгі жағдай бойынша қызметкер қызмет өткерген Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алу құнының мөлшерін оның өзгеруін ескере отырып, отбасының әрбір мүшесіне он сегіз шаршы метр пайдалы алаң есебінен тұрғын үй алаңына және мұқтаж мәртебесінде болған айларының санына көбейту арқылы, егер тұрғын үй төлемдері жүргізілген болса, қызметтен босатылған күніне төленген айырмашылықтарды шегере отырып жүргізіледі.
      Қызметкерлерге Заңның 101-1-бабы 7-тармағының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша берілетін біржолғы тұрғын үй төлемдерінің мөлшері қызметкер жұмыстан босатылған күнгі жағдай бойынша ол қызмет өткерген Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алу құнының мөлшерін ол жұмыстан босатылған күнгі отбасының әрбір мүшесіне он сегіз шаршы метр пайдалы алаң есебінен тұрғын үй алаңына және еңбек сіңірген күнтізбелік жиырма жылға теңелетін айлар санына көбейту арқылы, егер тұрғын үй төлемдері жүргізілген болса, қызметтен босатылған күніне төленген айырмашылықтарды шегере отырып жүргізіледі.
      Бұл ретте, аталған төлемдер біржолғы сипатқа ие болады және қызметкер жұмыстан босатылғанға дейін жүргізіледі.
      17. Қызмет өткеру кезінде қаза тапқан қызметкердің отбасына тұрғын үй төлемдері қаза тапқан адам қызмет еткен кезеңде бұрын жүзеге асырылған барлық тұрғын үй төлемдерін шегере отырып, қызметкер қаза тапқан күнгі жағдай бойынша мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми сайтында жарияланған қызметкер қызмет атқарған Қазақстан Республикасының тиісті өңіріндегі бір шаршы метр үшін тиісті қаржы жылына арналған уәкілетті орган белгілеген баға бойынша ол қайтыс болған сәтте отбасы құрамы тұрғын үйдің пайдалы алаңының нормасына сәйкес келетін сатып алу құнына тең көлемде біржолғы ақшалай өтемақы түрінде жүргізіледі.
      Елді мекен бойынша статистикалық деректер болмаған жағдайда бір шаршы метрдің бағасы аудан орталығының статистикалық деректері бойынша, ал аудан орталығында статистикалық деректер болмаған жағдайда - облыс орталығының статистикалық деректері бойынша белгіленеді.»;
      18-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «18. Егер арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің қаза табуы (қайтыс болуы):
      1) өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізген жағдайларды қоспағанда, өзіне-өзі қол жұмсау нәтижесінде;
      2) қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде;
      3) алкогольдік, нашақорлық, психотроптық, уытқұмарлық (оларға ұқсас заттардан) масаң күйге ұшырататын заттарды қолдану нәтижесінде;
      4) біржолғы өтемақы алу немесе қызметтен жалтару мақсатында өзіне-өзі қандай да бір дене жарақатын (денесіне зиян келтіру) немесе өзінің денсаулығына өзге де зиян келтіру нәтижесінде;
      5) қызметкердің қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын бұзатын әрекеттерінің нәтижесінде туындаған Қазақстан Республикасының  заңнамасында белгіленген тәртіппен дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейді.»;
      21-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) мекеме басшысының не болмаса ол белгілейтін лауазымды адамның атына оны тұрғын үйге мұқтаж деп тану және оған тұрғын үй төлемдерін тағайындау туралы жазбаша өтініш (баянат).
      Біржолғы тұрғын үй төлемдерін алу үшін қызметкер Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының мекемелерінде қызмет өткеру кезеңінде тұрғын үйге мұқтаж деп танылғанын растайтын құжаттарды қосымша ұсынады.
      Біржолғы тұрғын үй төлемдерін алу үшін Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының мекемелерінде қызмет өткеру кезеңінде тұрғын үйге мұқтаж деп танылғанын растайтын құжаттарды беру мүмкіндігі болмаған жағдайда, арнаулы мемлекеттік органдардың мекемелерінде қызмет өткеріп жүрген кезеңде оны тұрғын үйге мұқтаж деп тану туралы алғашқы жазбаша өтінішінің (баянатының) көшірмесі беріледі;»;
      34-тармақтың 2) тармақшасындағы «ауыстырған кезде жүргізіледі.» деген сөздер «ауыстырған;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
      «3) қызметкер мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алаңы Заңның 101-1-бабының 1-тармағында белгіленген пайдалы алаң нормасына сәйкес келмеген тұрғын үйді қайтарған кезде жүргізіледі.»;
      мынадай мазмұндағы 39-1-тармақпен толықтырылсын:
      «39-1. Ағымдағы тұрғын үй төлемдері қызмет өткеру орны бойынша ай сайын өткен ай үшін ағымдағы айда жүргізіледі. Желтоқсан айында ағымдағы ай үшін тұрғын үй төлемдері 25-і күнінен кешіктірілмей төленеді.
      Қызметке кіру және шығу айында ағымдағы тұрғын үй төлемдері нақты қызмет күндеріне пропорционал түрде жүргізіледі.»;
      43-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) қызметкерлер Заңның 101-4-бабының 1)3)4)5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алынатын тұрғын үйдің жалға алу төлемдері үшін жасалған шарт бойынша міндеттемені орындамаған жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері тұрғын үйге мұқтаж мәртебесінен айырылған күннен бастап;»;
      Қағидаларға 10-қосымшаның 4.3-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) тұрғын үйге мұқтаж мәртебесінен айырылған, сондай-ақ Заңның 101-4-бабының 1)3)4)5) немесе 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алынатын тұрғын үйдің жалға алу төлемдері үшін жасалған шарт бойынша міндеттемелерді орындаған кезде бұл туралы тұрғын үйге мұқтаж мәртебесінен айырылған және осы міндеттемелер орындалған күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мекемені хабардар етсін;».
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов